ЖОО-ларының ректорлары пікірталас арқылы таңдалады

ЖОО-ларының ректорлары пікірталас арқылы таңдалады

ЖОО-ларының ректорлары пікірталас арқылы таңдалады
ашық дереккөзі
241
Қазақстанда жоғары оқу орындарының ректоры лауазымына әлеуетті үміткерлер арасында пікірталастар ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Ахмет-Заки мәлім етті. «Кандидаттар қалай болғанда да өзінің даму бағдарламасын тыңғылықты дайындауда барынша шығармашылыққа бейім болуы тиіс. Тіпті біз әлеуетті үміткерлер арасында пікірталастар ұйымдастыру нұсқасын да болжап отырмыз. Онда үшеуі ақтық сынға қалады», - деді ол тілшілердің сауалына орай. Оның түсіндіруінше, қазіргі уақытта сәйкесінше нормативтік-құқықтық акті  ҚР ҰЭМ-нің 70-ші бұйрығы қабылданды. Ол республикалық мемлекеттік кәсіпорындарда (жоғары оқу орындарында) ректорлардың сайланбалылығын регламенттейді. «Аталған құжатқа сәйкес, бізде республикалық комиссия құрылып, оның жұмысы келесі түрде түзіледі. Бос лауазымға конкурс БАҚ-та, сонымен қатар ҚР БҒМ сайтында орналастырылады. Мұнан ары, үміткерлер өз құжаттарын ҚР БҒМ-ға тапсырады. Біз барлық үміткерлерге өздерінің даму бағдарламаларын жергілікті БАҚ-та жариялауға, сонымен бірге оларды ақпараттық стендтерге орналастыруға кеңес береміз», - деді Д.Ахмет-Заки. Келесі кезеңде ҚР БҒМ барлық құжаттарды байқаушылар кеңесіне табыс етеді. Даму бағдарламасын қараған кеңес жасырын дауыс беру жолы арқылы барынша лайықты үш әлеуетті үміткерді таңдау туралы шешім қабылдайды. Ал үміткерлердің қайсысы басым екендігін ҚР Премьер-Министрі басшылық жасайтын республикалық комиссия шешетін болады.

Серіктес жаңалықтары