238
Жаппай вакцина егу басталды
Жаппай вакцина егу басталды
Жамбыл облысында халыққа жаппай вакцина егу басталды, деп хабарлайды облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бүгін Таразға ресейлік «Спутник - V» вакцинасының алғашқы 1000 дозасы жеткізілді. Ең алдымен, вакцина жұқтырған адамдармен тікелей байланыста болатын медицина қызметкерлеріне егілетін болады. Олардың қатарында инфекционист дәрігерлер, реаниматологтар, қабылдау бөлімі мен жедел жәрдем, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары бар. Бүгін таңертең Тараздағы №4 қалалық емханаға алғашқы 50 доза келіп түсті. Вакцина егу тек ерікті түрде жүргізілетінін атап өткен жөн. Вакцинаны алғашқылардың бірі болып облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев қабылдады. - Процедура ауырсынусыз өтті, өзімді жақсы сезінемін. Біз ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін вакцинациялаудан бас тартпауымыз керек. Экономиканың дамуы және тұрғындардың қалыпты тіршілікке тезірек оралуы үшін жолдағы кедергілерді еңсеру керекпіз, - деді Берік Нығмашев. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, облыс бойынша вакцинация қажетті тоңазытқыш құралдарымен жабдықталған 20 егу бөлмесінде жүргізілетін болады. Нақтырақ айтсақ, Тараз қаласындағы тоғыз емханада, Шу қаласы және 10 ауданның емдеу мекемелерінде жүзеге аспақ. Ол үшін 140-тан астам маман арнайы оқудан өткен. Вакцинация процесі денсаулық сақтау басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің қатаң бақылауында болады. - Мен өз еркіммен келдім, өзімді және туыстарымды коронавирустық инфекциядан қорғағым келеді. Ауру өте қауіпті, оған күнделікті көзім жетуде. Сондықтан баршаңызды осы вакцинациялауға жауапкершілікпен қарауға шақырамын,-дейді өткен жылдың мамыр айынан бастап "қызыл аймақта" жұмыс істеп келе жатқан облыстық көпбейінді балалар ауруханасының реаниматолог дәрігері Олжас Кенжебаев. - Вакцина қабылдау қажет. Мен алғашқылардың бірі болып келіп отырмын, басқалар бізден үлгі алады деп үміттенемін, - дейді Жамбыл облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығының аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі Мәриямкүл Құлатаева. Штаттан тыс бас эпидемиолог Гули Мырзабекованың айтуынша, ақпан айында вакцинаны бес мың адам қабылдайды. Жалпы, бірінші жартыжылдықта 100 мың жамбылдыққа егу жоспарланған. Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі аяқталғаннан кейін отандық QazCovid-in препаратымен вакцинациялау басталады. Жалпы, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін 18-64 жас аралығындағы облыс халқының 52 пайызын вакцинациялау жоспарлануда.