50256
UEFA-да жұмыс істейтін қазақ: Президент хатыма бірден жауап берді (видео)
UEFA-да жұмыс істейтін қазақ: Президент хатыма бірден жауап берді (видео)
Семей қаласының тумасы Дәулет Уранхаев – Швейцарияның Ньон қаласында орналасқан Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (UEFA) бас кеңсесінде жұмыс істейтін тұңғыш әрі жалғыз қазақ. Қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын тыңдаған ол бұқаралық спортқа қатысты өз ұсыныстары мен өтініштерін жазып, Президентке хат жолдаған. Елден жырақ жүрсе де, Қазақстан спортының болашағына алаңдап жүрген отандасымызға хабарласып, сұхбаттасқан едік.
https://www.youtube.com/watch?v=7untKz1fxF4&feature=youtu.be
– Дәулет, UEFA-ның бас кеңсесінде қызмет етіп жүргеніңе бір жылдан астам уақыт болыпты. Жалпы, футбол индустриясына бет бұруға сені не итермеледі?
– Негізі, футболды дамытуға деген қызығушылығым бала кезден басталған. Әуелі өзім жайлы айтсам, Семей қаласының тумасымын. Алты жасымда отбасымызбен елордаға көшіп келдік. 6-сыныпқа дейін астанадағы №1 мектеп-лицейде оқып, сосын қазақ-түрік лицейінде білім алдым. Каникул кезінде Семейге жиі баратынмын. Жаз бойы есік алдында орналасқан алаңқайда достарыммен бірге доп тебетінбіз. Ауыз толтырып айтатындай жақсы алаң да емес, дегенмен газон төселмеген жерде доп тепкенімізге, арматурадан жасалған қақпаға гол соққанымызға мәз болатын едік. Бәсеке тартысты бола түскен сайын, қатарымызға басқа ауданның балалары келіп қосылатын. Қаланың әр аумағында футбол ойындары жиі өткізілетін. Түрлі турнирлер ұйымдастыратынбыз. Спорттық іс-шараларға үнемі атсалысатынмын.
– Ресми мәліметке сүйенсек, Швейцарияда 35-ке жуық халықаралық ұйымның бас кеңсесі орналасқан. Соның ішінде Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) мен Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (UEFA) бас кеңселері бар. Өзің бала кезден футболға әуес болған соң, сол қауымдастықтардың тыныс-тіршілігімен танысу үшін Швейцарияға әдейі оқуға түстің бе?
– Дәл солай. Бірақ мен Швейцарияда халықаралық қонақүй ісіндегі басқару қызметі бойынша білім алдым. Неге осы сала бойынша оқығың келді деп сұрасаңыз, мектеп кезінен бері саяхаттағанды, табиғаты көркем жерлерді зерттегенді жақсы көремін. Жалпы, туризм дегеннің не екенін зерттеп көргім келді. Еліміздің туристік әлеуетінің жоғары екені баршаға мәлім. Ландшафттық аймақтар, әсіресе біздің жақтағы Қатонқарағай мен Алакөл табиғи қорықтары көздің жауын алады. Сондықтан туризм саласы бойынша мықты мамандар даярлайтын, әлем бойынша жетекші университеттердің бірі – Монтрё қаласындағы Глион жоғары білім беру институтына (Glion Institute of Higher Education) оқуға тапсырамын деп шештім. Дейтұрғанмен, футболды ешуақытта есімнен шығарған емеспін. Оқуыммен қатар, футбол индустриясын да зерттеп жүрдім. Жоғарыда айтып өткенімдей, Швейцарияға оқуға тапсыруға итермелеген тағы бір себеп – Еуропаның қақ ортасында футбол қауымдастықтарының басын қосатын негізгі кеңселер мен халықаралық федерациялардың штаб-пәтері орналасқан қалада оқығым келді. Айта кетерлік жайт, әлем университеттерінің факультеттер тізімін алып қарасаңыз, футбол индустриясында жұмыс істеуге жауапты маман даярлайтын бағдарламалардың аз екенін байқайсыз. Басқа оқуға тапсырсам да, футбол ойнау әрқашан хоббиім болғандықтан, қайда барсам да, аталған спортқа қатысты бірдеңе ойластыру, ұйымдастыру идеясы әркез менмұндалап тұратын. Негізі, оқу бітірген кезде мамандығым бойынша әлемдегі ірі қонақүйлердің біріне жұмысқа тұру мүмкіндігі болды, алайда ойдағыны іске асыруға берілген тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп алмауға тырыстым. Тағы бір тоқталар жайт, қонақүйлерді басқару қызметі бойынша алған білімім футбол индустриясындағы жұмысыммен ұштасып жатыр. Сол себепті хоббиім мен алған білімімді бір арнаға тоғыстырып жүргеніме қуаныштымын.
– UEFA-ның бас кеңсесінде саған жүктелген міндет қандай?
– Мен онда маңызды іс-шаралар кезінде мақсатты топтарды орналастыруға жауапты командада жұмыс істеймін.
– Кілең мықты клубтардың басын біріктіретін UEFA секілді қауымдастыққа жұмысқа тұру үшін жан-жақты дайындық қажет екені белгілі. Оқу бітіре сала бірден жұмысқа тұрғаныңды ескерсек, университет бітірмей тұрып біраз уақыт тыңғылықты дайындалған секілдісің ғой?
– Жалпы, ірі қауымдастықтарға жұмысқа тұру бір күн немесе бір айдың ішінде жүзеге асырылмайтыны баршаға мәлім. Алғашында қабылдамайды, екіншісінде тағы жолың болмауы мүмкін, үшіншісінде тағы бір тосқауыл тұруы ықимал. Бірақ мақсатың айқын болса, міндетті түрде жетіле түсетінің, діттегеніңе қол жеткізетінің белгілі. Жалпы, мен болашақта маған берілетін мүмкіндікті пайдаланып қалуға дайын жүретінмін. Швейцарияда оқыған төрт жылдың ішінде сабақ оқудан бөлек, қосымша пайдалы істермен айналысуға тырыстым. Неғұрлым көп тіл білсем, соғұрлым мүмкіндігім мол екенін жақсы түсіндім. Сөйтіп, осы уақыт аралығында ағылшын тілінен бөлек, испан, итальян және француз тілдерін меңгеріп, өз-өзімді дамытуға тырыстым. Өйткені күндердің күнінде сұхбатқа шақырылсам немесе өз-өзімді көрсету мүмкіндігі туындаса, сақадай-сай жүру қажет екенін білдім. Тіпті, түнде ұйқымнан оятып, бірдеңе сұраса, мүдірмей, бар білгенімді айта алатындай деңгейде болуым керек деп түсіндім. Бір қарағанда ойға алғаныңды іске асыру мүмкін емес болып көрінуі мүмкін, алайда арманы асқақ, мақсаты айқын адамға мүмкін емес нәрсе жоқ. UEFA-ға сұхбатқа шақырылғанда еш саспадым, себебі жоғарыда айтқандай барлығына дайын жүрдім. Сөйтіп, бірнеше процестен өткен соң, жұмысқа қабылдандым. Осы ретте бір мәселені атап өткім келеді. Елімізде өте талантты жастар жетерлік. Ең бастысы – өз-өздеріне шектеу, тосқауыл қоймаса екен деймін. Мектепте оқып жүргенімде үлгі тұтатын тұлғалардың өмірбаянын оқып отырып, «Олардың жеткен биігіне қол жеткізу мүмкін емес шығар, бірақ кем дегенде тырысып көру керек» деп ойланатынмын. Сөйтіп, есейе келе ыждаһаттылық пен табандылық таныту арқылы ойлағаныңды іске асыру мүмкіндігіңнің молаятынына көзім жетті. Жалпы, адамның мүмкіндігі шексіз ғой. Көп жағдайда біз «Неліктен мұны істеуім керек, бәрібір маған бұйырмайды», «Неге хат жазуым керек, бәрібір жауап бермейді» деп көп тартыншақтаймыз. Сәтсіздіктерден сабақ алып, әрдайым өз-өзімізді дамытудан жалықпасақ, бір күні бағымыз жанып, айымыз оңынан туатыны белгілі. Сол себепті қандай мамандық таңдарын білмей шарқ ұрып жүрген іні-қарындастарыма айтарым – алдымен сізге не ұнайтынын түсініп алыңыз. Біреудің айтқанына еріп кетпей, стереотипке «жүгінбей», жүрек қалауыңызға ерік беріңіз. Сосын тіл үйреніңіз. Өзіңізге ұнайтын іспен айналысып, кем дегенде 2-3 тілді жетік меңгерсеңіз, жоғары оқу орнын бітіргенде бірден жұмысқа тұру мүмкіндігі мол болады.
– Facebook-тағы жеке парақшаңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақорданың ресми сайтындағы виртуалды қабылдау бөлмесі арқылы хат жолдағаныңды, арада бірнеше уақыт өткен соң, жауап келгенде таңғалғаныңды жаздың. Президентке хат жазу идеясы қайдан туындады?
– Шетелде тұрып жатсам да, елге қатысты жаңалықтарды қалт жібермеймін. Әсіресе, Президенттің сөйлеген сөздерін, Жолдауларын тыңдап жүруге тырысамын. Қыркүйек айында Президенттің халыққа арнаған Жолдауында көптеген өзекті тақырып қозғалды, соның ішінде спортқа баса назар аударды. Ал бұған дейін жаз айында Ақорданың сайтында азаматтардың ұсыныстары мен өтініштерін онлайн режимде қабылдау басталғаны туралы хабарланған болатын. Президенттің Жолдауда айтқан сөздері мені жігерлендірді, себебі ол өзіме етене таныс сала туралы өз ойын ашық жеткізді. Жас болсам да, Қазақстан спортының болашағына алаңдаймын. Сөйтіп, Жолдауды тыңдаған соң, Мемлекет басшысына хат жазуды жөн санадым. Бұл хатта оның ұстанған саясатын қолдайтынымды айтып қана қоймай, бұқаралық спортты дамытудың әлемдік тәжірибесіне сүйеніп, бірнеше идеямды жазып жібердім. Бір ай өтер-өтпес уақытта Қазақстан Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінен жауап келді. Сосын агенттіктің жазып жіберген жауабын әлеуметтік желідегі парақшама жарияладым. Неге жарияладың десеңіз, билік пен азаматтар арасында кері байланыс бар екенін көрсеткім келді. Бәлкім, ауқымды бірдеңе ұсынатындай тәжірибем аз, біліктілігім жетіспейтін шығар. Бірақ, Қазақстан спортының дамуына үлес қосқысы келетін азамат ретінде өз ойымды жеткіздім. Ал дүниежүзі бойынша өз саласында тәжірибесі мол, білімі мен біліктілігі келіскен, мықты идеялар ұсына алатын қазақстандықтар жетерлік. Ел болашағына бейжай қарамайтын сол кісілерге сыртта жүріп-ақ, Президентке хат жазсаңыз, жауап беретінін көрсеткім келді. Мен – қарапайым азаматпын, егер маған жауап қатса, сіздердің де ұсыныстарыңыз бен өтініштеріңізді назардан тыс қалдырмайды деп айтқым келді. Бізге Президентке хат жазып, одан жауап алу мүмкін емес секілді көрінеді ғой, ал шындап келгенде көпшілік бұған сенбей, байланыс жасауға тырыспайды.
– Сол Жолдауда Президент бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлу керек екенін атап өтті. Президент Жолдауын негізге ала отырып, бұқаралық спортты дамытуға жауапты мамандардан не күтесің?
– Ең бастысы, Қазақстанда балаларға футбол ойнауға мүмкіндік беретін алаңқайлар мен орталықтар көбейсе деймін. Сосын футболды салауатты өмір салтын ұстануға септігін тигізетін спорттың бірі ретінде қарастыруға мән берсе деген тілегім бар. Еліміздегі үлкен стадиондарда тек кәсіби ойыншылар доп тебе алады, ал әртүрлі жастағы адамдар алаңға келіп, емін-еркін ойнай алатындай стадиондар аз. Сондықтан бұқаралық спортты шындап дамытса, рухы биік, спортсүйер азаматтар қатары көбейеді деп сенемін. Мемлекет басшысының өзі осы тақырыпқа баса мән бергендіктен, спорт саласындағы жауапты мамандар алдағы уақытта Президенттің оларға берген тапсырмалары бойынша жоспар құрып, ауқымды шаруалар атқарады деп ойлаймын. Әлбетте, бұқаралық спортты дамыту – біраз уақытты қажет ететін процесс. Сол себепті әліптің артын бағайық.
– UEFA десе, еуропалық клубтар еске түседі. Осы ретте қай клубтың жанкүйері екеніңді сұрамасам, ағаттық болар?
– Алматылық «Қайрат» клубының жанкүйерімін. Елордада өссем де, маған алматылық клубтың «аяқ алысы» ұнайды. Жеке академиясы, өзіндік дәстүрі бар клубтың қазіргі кездегі дамуын сыртынан бақылап, көңілің марқаяды.
– Instagram желісіндегі парақшаңда Альпі тауына тура қарсы бетте қазақтың шапанын киіп түскен суретіңді байқадым. Сондай-ақ, сол шапанды өзге ұлт өкілдеріне кигізіп, Абайдың 175 жылдығы аясында ұйымдастырылған челленджге қолдау білдірдің...
– 2016 жылы Қазақстаннан Монтрёге оқуға он шақты студент келдік. Арасында жалғыз ер бала болдым. Әрқайсымыз әртүрлі сыныпта оқыдық, ал бірге оқитын өзге ұлт өкілдеріне Қазақстаннан келгенімізді айтқанда, біздің мемлекет туралы ешкім ештеңе білмейтін болып шықты. Тіпті, Қазақстанның қай жерде орналасқанын білмейтіндер де болды. Сол себепті олар біз арқылы Қазақстанды, қазақ халқының бет-бейнесін таныды. Университетте жыл сайын әлем елдерінің жәрмеңкесі өткізілетін. Сөйтіп, сол мүмкіндікті пайдаланып Қазақстанды кеңінен таныстырайық деп шештік. Елден қазақтың шапанын алып келгенмін. Қыздар да сәукеле, камзол әкеліпті. Сосын Швейцариядағы Қазақстанның елшілігіне барып, біздің ел туралы қысқаша мәлімет жазылған брошюралар мен Туды алып келдім. Қыздар бауырсақ пен ет әзірледі, елден ірімшік пен Қазақстанда жасалған шоколадтар алдырттық. Айтпақшы, шетелдіктер «Қазақстан» шоколадының дәмін ұнатты. Әлем бойынша ең сапалы шоколад әзірлейтін Швейцария елінің тұрғындары біздің өнімді жақсы бағалады. Сосын қыздар әзірлеген бауырсақтың да дәмі тіл үйіріп, ақырында шетелдіктер қайта келіп, дәмін татты. Ұлттық тағамдарды әзірлеуден бөлек, көкпар ойынын сахналадық. Сөйтіп, халықаралық «EXPO» көрмесі секілді ұйымдастырылған жәрмеңкеде елімізді абыроймен таныстырып, бірнеше рет жүлделі орын алдық. Ал, шетелдік достарыммен бірге түсірген ролик туралы сұрасаңыз, Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған челленджге осылайша қолдау көрсеткім келді. Бас ақынның «Күз» өлеңінің әр шумағын шетелдік курстастарыма аударып беріп, өз тілдерінде оқуға өтініш білдірдім. Қытайдан келген досым Абайдың шығармашылығымен бұрыннан таныс екенін, мектепте оқып жүргенде Абай туралы сабақ өткенін айтып, сол челленджге қатысуға шақырғанда қуанғанын айтты.
– Жаңа бір сөзіңде «Қазақстан спортының дамуына үлес қосқысы келетін азамат ретінде өз ойымды жеткіздім» дедің. Президентке хат жазғаныңды және Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын мұқият оқып шыққаныңды бағамдап, уақыты келгенде Қазақстанға оралып, жинаған мол тәжірибеңді отандық спорт индустриясын дамытуға қосқың келетініңді байқадым...
– Швейцарияда халықтың өмір сүру деңгейі жоғары екенін білесіздер. Дамыған ел екені бірден көзге түседі. Осының барлығын көрген «бізде неге осылай емес?» деген ой келеді. Десек те, бізге сай келе бермейтін тұстары да баршылық. Сол себепті біздің елде дәл осылай істеу керек деп айтқан да дұрыс емес. Дегенмен қызықты технологияны, адам тұрмысын жеңілдететін ережелерді байқағанда, бізде де осындай болғанын қалаймын. Көптеген отандасымның шетелден Қазақстанға оралғанда бірқатар айырмашылықты байқап, бірнеше дүниені бірте-бірте өзгертіп жатқанын білемін. Сол себепті біз де үрдістен қалыс қалмай, дамыған елдер қатарын толықтырамыз деп сенемін. Алдағы уақытта футбол индустриясында білімім мен біліктілігімді арттырып алған соң, елге ораламын. Қазақстанға мықты маман болып оралу үшін қазірден бастап өзімді жан-жақты жетілдіруге тырысып жатырмын. Елге пайда тигізетін істер атқарғым келеді.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ