398
Мейірімділікке жету Тәуелсіздік жолындағы күрестен кем болмайды (ВИДЕО)
Мейірімділікке жету Тәуелсіздік жолындағы күрестен кем болмайды (ВИДЕО)
Үзбен Құрманбайұлы – қаламгер. Қазақстан Ардагерлер кеңесінің мүшесі. Моңғолияның байланыс саласының еңбек сіңірген қайраткері. «Еңбек Қызыл Ту», «Алтын жұлдыз», «Парасат», «Отан» ордендері және әр жылдары мемлекеттік мерекелік медальдармен марапатталған.
2005 жылы зейнетке шыққан соң, тарихи Отаны атажұртқа қоныс аударған. Елге келгеннен кейін оқырмандарын мемлекетшілдікке үндейтін бірқатар еңбек жазды. Кеше ғана «Мейірімді қоғам, мемлекеттің қажеттілігі, оның пайдасы» деген тағы бір кітабын шығарған Үзбен Құрманбайұлымен жалпы мейірімділік феномені жайында аз-кем әңгімелескен едік.
https://www.youtube.com/watch?v=sUAQqe5S9lc&ab_channel=TurkistanInternationalPoliticalWeekly
– Әуелі өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз?
– Мен 1949 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы Алтай сұмынында дүниеге келдім. Мамандығым инженер-экономист, техника ғылымының магистрімін. Моңғолияның техника университеті және партияның жоғарғы мектебін тәмамдадым. 1969 жылдан Ұланбатыр қаласында слесарь, механик, кадр бөлімі бастығы, 1973 жылы Баян-Өлгей аймағында Коммуналдық және тұрмыс қажетін өтеу басқармасының орынбасары, 1980 жылы Қалалық партком хатшысы, 1982 жылы аймақтық Коммуналдық және тұрмыс қажетін өтеу басқармасының басшысы қызметін атқардым. Одан 1988 жылдан бастап аймақтық Байланыс басқармасының басшысы қызметінде болып, зейнетке шықтым.
Осынау еңбек жолында, әсіресе қазір мақтанып айтар бір жайт алғаш рет Моңғол еліне 1998 жылдары сандық технология жүйесіне көшуге бастама көтердім. Мұны мен, әрине ауадан алған жоқпын. Байланыс саласын басқарып тұрған кезімде Германия мен Жапонияға арнайы барып, сол елдердің тәжірибесін зерттедім. Елге барған соң әлемдегі соңғы озық технология жайында баяндама жасадым. Алғашында менің бұл айтқаныма көбі сенбей, күлгендер де табылды. Бірақ технология дамуы, заман ағымы ақыр түбі соған алып келді. Осы еңбегім үшін 2005 жылы Моңғолия президенті жарлығымен Моңғолия мемлекетінің байланыс саласына еңбек сіңірген қайраткер атағын берді.
– Қазақстан мен Баян-Өлгей аймағы арасында байланыс орнатуға үлкен үлес қосқаныңызды білеміз, осы жайында айта кетсеңіз...
– Баян-Өлгей аймағындағы қазақтарды атажұрт – Қазақстанға жақындату мақсатында тұңғыш рет екі ел арасында телефон және телеграф байланысын орнаттық. Қазақстан мен Моңғолия шекара сызығы арасында 60 шақырымдай ғана қашықтық бар. Бұрын аталарымыз қазіргі Ресей жеріндегі Рахман арасаны арқылы барып-келіп тұрған еді. Екі ел бір-біріне тиіп тұрмаған соң телефон байланысын Ресейдің Алтай өлкесі арқылы жалғадық. Ал сонымен қатар «Қазақстан» ұлттық телеарнасын Баян-Өлгей аймағының территориясына тараттық. Одан кейін «Хабар», «Ел арна» екілді Қазақстан телеарналары Баян-Өлгей аймағындағы қазақтардың көзайымына айналды. Одан бөлек, Алматы–Баян-Өлгей аралығына алғаш ұшақ ұшыруға және Баян-Өлгей аймағынан әр жылдары 100 баланы шетелде тегін оқытуға атсалыстым. Осындай тарихи оқиғалар мен басшылық қызмет атқарған жылдарда болғанын қазір мақтанышпен еске аламын.
– Елге оралған соң ұлттық идеологияға және мемлекетшілдікке үндейтін бірқатар еңбек жаздыңыз.
– Атажұртқа келгеннен кейін Елбасының қазақ тілін дамытуға байланысты саясатын қолдау мақсатында «Қазақ тілін дамытуға жәрдем беру» қоғамдық қорын құрдық. Қазақ елінің өркеніне септігін тигізуге, қадірлі, үлгілі, береке-бірлікте болуға шақыратын «Тарихи Атажұрт» қоғамдық бірлестігін құрып, қандастар мәселесіне де өз үлесімді қостым. «Тарихи Атажұрт» қоғамдық бірлестігінің құрылтайын өткен жылдың қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізіп, қоғам қайраткерлері және зиялы қауым өкілдерін қатыстырып, біраз мәселені талқыладық. Талқылып қана қоймай, «Қазақ диаспорасы» туралы заң жобасын жазып Парламентке ұсындық.
2004 жылы «Оралған бақыт, Орындалған арман», 2013 жылы «Мәңгілік Ел», 2016 жылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздік – тағдыр сыйы», 2018 жылы «Ақиқат, Елдік пен Ерлік» деген кітаптар жаздым.
– Ал жаңадан жарық көрген «Мейірімді қоғам, мемлекеттің қажеттілігі, оның пайдасы» атты еңбегіңіз несімен ерекшеленеді?
– Қоғамдағы қатыгездіктен алып шығатын жалғыз ғана жол – мейірімді қоғам құру. Бұл кітап мейірімді қоғам құруға, мейірімділікті насихаттау арқылы қазақ елі алға қарай қарыштап дамуына үндейді. Мейірімділікке жетудің жолы Тәуелсіздікке жету жолындағы күрестен кем болмайды. Тәуелсіздігіміздің жалғасы ретінде халықты бақыт пен байлыққа бөлеп, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманға жету – «су басынан тұнады» дегендей, ел бастаған лауазымды басшылардың қолында тұр. Бұл мақсатқа жетудің жалғыз ғана жолы – ел Президенті және халқымыз бірге, біртұтас болуы арқылы жүзеге асады. Мейірімділік заңдылығын адамзат баласы бүгінге дейін толық танып, жаратылыстың нақты қайнар бұлағы екеніне көз жеткізе алмай келеді, жеткізгісі келгенімен оған мүмкіндік болмады. Қоғам қазіргі ахуалды әріден аңдап, алаңдап отыр. Көрші елдерде жиі болып жатқан бейберекетсіздік біздің қоғамға әсер етіп, қазір сөз тыңдайтын адам азайып барады. Оның салдарынан анархизм белгілері байқалып отыр. Мұның түбі немен тынары да белгісіз. Сол үшін тәуелсіздікті сақтап қалу үшін ертерек қарекетке көшуіміз керек.
– Сөйтіп, қоғам қандай қарекет етуі керек?
– Ең бірінші халықты келісімге шақыру қажет. Одан кейін арасы алшақтап бара жатқан халық пен биліктің байланысын нығайту. Ол үшін адамдардың әл-ауқатын көтеру – «атасында көрмегенді ботасында көретіндей» қолдау жасау керек. Оған еліміздің әлеуеті жетеді, тек мейірімділік жетіспей отыр.
– Бұл ұсынысыңызды мемлекет қолдай ма?
– Әрине, қолдайды. Бұл менің ғана идеям емес. Кезінде Елбасының өзі бастап Конституцияға азаматтық қоғам құруды енгізді. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетшіл болуға байланысты қаншама бастама көтеріп жүр. Осындай халыққа жайлы, жағымды ұсыныстарды жүзеге асыру жолдарын мемлекеттік органдар әлдеқашан істеуге тиіс еді. Бірақ бас шұлғығанымен, іскерлік таныта алмай отыр.
– Жаңа жазылған еңбегіңізде қазіргі қоғамның беталысына қандай баға берілді?
– Кеңестік қоғамның да жақсы жақтары болды. Ол кезде басты идеология, үгіт-насихат жұмысы пәрменді жүрді. Тәрбие жақсы болды. Адамдар адамгершіліктен шыққан жоқ. Біз Тәуелсіздік алған соң соған мастанып, тәлім-тәрбие, ұлттық идеологияның тізгінін босатып жібердік. Сонының салдарынан еркіндікке үйренген халыққа қандай ізгі үгіт-насихат айтсаң да қабылдамайтын күйге жетті. Тек сенсация туғызған, пәле-жаланы қаптатқан әңгіме, өсек-аяң естісек есіміз ауып, соны тыңдайтын, соған еліктейтін болдық. Қандай өкінішті.
– Әлемнің дамыған елдері ұстанып отырған демократия құндылығына бұл ойыңыз қайшы келмей ме?
– Кешегі социализм, коммунизм, бүгінгі капитализм заңдылығының бәрі қолдан жасалған. Алпауыт елдер ұсақ елдерді өздерінен асырмау үшін әдейі жасаған геосаяси жүйе. Ұсақ мемлекеттердің халқын бір-бірімен алыстырып-жұлыстырып, ішінен ірітіп, күш-қуатын әлсірету үшін қасақана жасалған үрдіс. Мұндай заңдылықтың алда талайы шығады. Алдау-арбау, арсыздыққа бастау, лыпасыз тыржалаңаштау арқылы адамдарды хайуанмен бірдей ету сияқты зұлымдық түрлері заманақырға дейін жалғаса бермек. Сондықтан қазақ халқы өзгеге қарап, өзгенің айтқанымен емес, өз ақылымен, өз ойламымен жүретін мейірімділік жолын таңдаса ұтылмайды.
– Сіз қазақты Құдай ерекше мейірімді етіп жаратқан депсіз. Адам деген бірдей жаратылыс емес пе?
– Мен әлемнің біраз елінде болдым. Көптеген ұлттың мейірбан пейілін көрдім. Әсіресе, жапон халқының мейірімділігі ерекше. Көшеде кездескен адамды жат демей, танымаса да күліп қарсы алады. Бейбітшіліксүйгіштігімен, халқының бақуатты, ынтымақты тірлігімен әлем елдеріне үлгі болып отырған Дания, Швеция, Швейцария сияқты елдерді алайық. Олар әлемге асып-тасыған экономикасымен, ғылым техниканың жетістігімен ғана емес, адамдарының береке-бірлігімен, мейірімділігімен де үлгі болып отыр.
Бір-біріне жоқ деп көрмеген, көшкен ағайынның алдынан айранын ала жүгірген, қонақ келсе, қойын сойып күткен, той-тілеуіне түбі бір туған-туысты түгел шақырған, бір шәйнек шайын көршісімен бөлісіп ішуді берекенің басы санаған ақ көңіл қазағымның асыл қасиеті бұл күндері көмескі тартқаны рас. Осы қасиеттерімізді қайта тірілтіп, «кеткенін келтіріп, кемтігін толтырып», мейірімді қоғам құруға шақырамын!
Сюжетті жасаған: Нұржан Тұрғымбай