241
Жаңатастағы өрт: Сотқа дейінгі тергеу басталды
Жаңатастағы өрт: Сотқа дейінгі тергеу басталды
Жаңатастағы көпқабатты үйде болған өрт оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз брифингінде Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақыт Ратаев хабарлады.
«Өрт фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-сараптама орталығы мамандарының алдын ала мәліметіне сенсек, өлім улы газдан уланудан болған. Ал өрт ашық от көзі тұтанғыш материалдың, яғни төсек-орын жабынының бетіне тигенінен шыққан. Өрттің қорытынды себептері барлық қажетті сараптама нәтижесі бойынша жарияланады», - дейді Бақыт Ратаев.
Арнайы комиссияның төрағасы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің айтуынша, отбасы толыққанды. Отағасы медициналық мекемеде жұмыс істейді, анасы декреттік демалыста (мектепте мұғалім). Сондай-ақ, ол әлеуметтік желілерде тараған «өрттен зардап шеккен 60 жастағы әйел» туралы қауесетті жоққа шығарды. «Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Басқа зардап шеккендер жоқ», - деп атап өтті Ұ. Жазылбек. Еске сала кетейік, кеше Жаңатас қаласында көпқабатты үйден өрт шығып, 5 бала көз жұмған болатын.