433
Жол ережесін бұзу бойынша айыппұл төмендетіледі
Жол ережесін бұзу бойынша айыппұл төмендетіледі
ҚР Әділет министрлігінде «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті.
Шара аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Әділет министрлігі Заңнама департаментінің директоры Ерлан Бұзырбаевтың айтуынша, алғаш рет құқық бұзғаны және оның деңгейі ауыр болмаған жағдайда қолданылатын шара ретінде ескертуді тәжірибеге енгізу қарастырылуда. Қазірдің өзінде шамамен заң бұзушылықтардың 30 пайызы бойынша ескерту қолдану тәжірибесін кеңейту бойынша уағдастыққа қол жеткізілген.
«Сонымен қатар әкімшілік құқықбұзушылық қарайтын соттар мен органдар үшін жеңілдетуге негіз болған жағдайда айыппұлдардың көлемін 30 пайызға дейін төмендету шарасын қабылдауға мүмкіндік беру мәселесі қаралуда», - деді ол.
Департамент басшысының сөзіне қарағанда, бұл заң жобасы үкіметтік емес ұйымдар, бизнес өкілдері тарабынан қызу талқылануда. Ашық жұмыс істейтін жұмыс тобы да бар.
«Мемлекеттік органдармен де талқыланатын мәселелер бар. Олардың басым бөлігі айыппұлдарды төмендетуге қатысты. Бұл ретте төмендетілетін айыппұлдардың көпшілігі ІІМ органдары желісіндегі жол полициясына қатысы бар екендігін айтқым келеді. Бұл барынша талқыланып жатқан әрі адамдардың қызығушылығын тудырған кодекстегі мәселелердің бірі. Бүгінгі күні айыппұлдарды төмендету болжанып отырған баптардың саны шамамен 150-ге жетіп отыр», - деді Е.Бұзырбаев.