294
Аскер ПИРИЕВ: Бірліктің арқасында талай жеңіске жетеміз
Аскер ПИРИЕВ: Бірліктің арқасында талай жеңіске жетеміз
– Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтқан болатын. Ал 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. Әлемде теңдесі жоқ мұндай ұйым өзінің миссиясын жауапкершілікпен атқарып отыр. 90-жылдарға шолу жасайтын болсақ, әлемнің беделді саясаттанушылары Қазақстанның ішкі этносаралық қарым-қатынасында қиындықтар туады деп жорамал жасады. Сол жылдары Югославия мен Чехословакия мемлекеттері ыдырап, чехтар мен словактар бөлініп жатқан болатын. Дәл уақытында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы жоғарыда аталған тұжырымды толықтай жоққа шығарды. Тәуелсіздік алғаннан кейін көпұлтты азаматтық қоғам құру және ел бірлігін сақтау үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы өте қажет болды. Бүгінде бүкілқазақстандық бірліктің бірегей үлгісін қалыптастыруда, мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруда, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарады.
2016 жылдан бастап дәл осы 1 наурыз Алғыс айту күні ретінде белгіленді. Бұл күн мейірімнің, достықтың, сүйіспеншіліктің жарқын мерекесі. Сондай-ақ елімізді мекен ететін барлық ұлттар мен ұлыстардың бір-біріне, оларды туғанындай бауырына басқан қазақтарға алғыс айтатын күні. Тағдыр талайын бастан кешірген өзге ұлт өкілдерін бауырына басып, өз шаңырағының астына біріктірген, қанатымен су сепкен, қамқорлығына алған қазақ халқына алғыс айтсақ, әділетті болады.
Тағдырдың тәлкегімен сол кездегі шолақ саясаттың кесірінен Кавказ аймағынан түрлі этнос өкілдері Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға жер аударылды, депортация жасалды. Сол жылдары қазақ халқы өзінің қиын жағдайда болғанына қарамастан, шеттен келген өзге ұлт өкілдеріне құшақ жайып, қонақжайлылық танытты. Бір үзім нанын бөліп жеді. Үйінің бір бұрышынан орын берді. Бұл рас, бұл ақиқат, бұл тарих. Мұны ұмыту опасыздық болады.
Елбасы ұсынып, халқымыз қолдаған Алғыс айту мерекесінің арқасында жас ұрпақ бүгінгі Қазақстанның қалай құрылғанын, қандай қиындықтарды бастан кешкенін, Тәуелсіздіктің бір күнде келмегенін, елорданың бүгінгі дәрежеге қалай жеткенін міндетті түрде білуі керек. Сонымен қатар жер аударылып келген өзге ұлт өкілдері арасында Қазақстанның индустрия, инженерия, медицина, білім беру және мәдениет саласының дамуына үлес қосқандар да көп болды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтылмаған. Қазақ халқы қашанда бірліктің маңызын білген, оны бағалаған. Тарихқа шегініс жасап, соңғы 100 жылды алып қарайықшы. Ашаршылық нәубеті, Екінші дүниежүзілік соғыс пен одан кейінгі қайта құру кезеңі де қиындыққа толы болды. Халқымыз ел басына түскен бүкіл қиындықты бірліктің, татулықтың арқасында жеңіп шықты. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару деген осындайда айтылса керек.
Арыста болған жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны, былтыр пандемия кезінде қиындыққа тап болған халықты алып шыққан тағы да оның ауызбіршілігі болды.
Алғыс айту күніне орай еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деймін. Ортақ Отанымыздың үлкен жетістіктерге жетуі үшін бәріміз бірігіп өз үлесімізді қоссақ, Қазақстанның екінші аты Гүлстан болады. Оған сенімім мол.
Аскер ПИРИЕВ,
ҚХА мүшесі, «Ахыска» түрік мәдени орталығының жетекшісі,
қоғам қайраткері