Қазақ көші қолдаусыз болған емес

Қазақ көші қолдаусыз болған емес

Қазақ көші қолдаусыз болған емес
ашық дереккөзі
373
Қазақ көші атажұртқа сап түзегелі қилы жағдайды бастан кешті. Әйткенмен қандастардың салқар көші байырқалаған жоқ, байсалды болды. Оған себеп дүниенің төрт бұрышынан ағылған көштің алдынан шығып, жез бұйдасын ұстаған атажұрттағы ағайынның «қандасым» деген ақжарма пейілі, алғаусыз мейірі болатын. Қазір әлемде объективті көші-қон процесі жағдайында «диас­пора», «ше­телдегі отандастар», «ерікті қо­ныс аудару» сияқ­ты ұғым­дар бар. Әлем­­нің көптеген елі шет­ел­дердегі этно­бірегейлік қоғам­дас­тықты қол­дау саясатын дамыту ар­қы­лы ақпа­рат­тық және мәдени ық­пал етудің ке­­шенді құралы ретінде өз мүд­де­ле­рін іске асыру барысында бар мүм­кін­діктерін пайдалануда. Қазақстан шетелдегі отандастарды, этникалық қазақ­тарды жан-жақты қолдау қажет екенін жақ­сы біледі. Мұны шетелде тұратын қандастар да түсінеді. Германия, Израиль, Ресей сияқты Қазақстан да өз қандастарын тарихи Ота­ны­на шақырып отырған санаулы елдің бірі. Тарихи шешімдер және заңдар Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­­ды­ғы­мен қатар қандас­тар­дың атажұртқа кө­шіп келе баста­ға­нына да 30 жыл толды. Қа­зақ кө­шін жүйелі жүргізуге бірқатар тари­хи құжаттар мен оң шешімдердің ық­пал ет­кені белгілі. Тұңғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен 1991 жылғы 18 қара­ша­да «Басқа республикалардан және шет­­елдерден селолық жерлерде жұ­мыс істеу­ге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қа­зақ КСР-інде қо­ныс­тандыру тәртібі мен шарт­тары ту­ралы» Қазақ КСР Министрлер Кеңе­сінің №711 қаулысы қабыл­дан­ды. Ал 1992 жылғы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралы­ғын­да дүниежүзі қа­зақ­тарының тұңғыш Құ­рылтайы өтіп, Құрылтай аясында Дү­ние­жүзі қа­зақ­тары қауымдастығы құрылды. 1997 жылғы 13 желтоқсанда тұңғыш рет қа­зақ тілінде «Халықтың көшi-қоны туралы» заңы қабылданды. Сон­дай-ақ, 2020 жылғы 13 мамырда Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Қазақстан Республикасының кей­бір заң­намалық актілеріне көші-қон про­цес­терін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» Қазақстан Рес­­пуб­ликасының заңына қол қойып, «Орал­ман» атауы «Қандас» деп өзгер­ту шешімі де қоғамның қолдауына ие болды. Отанға оралған қандастардың бір реттік квота алуы 1993 жылы бірінші рет жылдық кво­та бе­кітілген болатын. Осыған сәй­кес 10 000 (шамамен 40 000 адам) от­ба­сының көшіп келуіне мүмкіндік туды. Квота көлемі 2005 жы­лы 15 000 отбасына дейін артты. Онсыз да ата­жұртын аңсап отырған алыстағы ағайын­ға квотаның берілуі көштің бел­сен­ділігін арттыра түсті. Тарихи Отанға оралу патриоттық сезім мен ұр­пақ қамы үшін деге­німізбен, адам өмірінде материалдық құн­дылық өз қа­жеттілігін жойған емес. Квота ше­т­­елден көшіп келетін қандастар үшін ең басты стимул болды. Квота көле­мін әр жыл сайын арттырып, шар­тарап­қа шашыраған қа­зақты бір шаңы­раққа ұйыстыру саясаты Тұң­ғыш Президент Н.Назарбаевтың стра­тегиялық маңызды жоспары бол­ды. Жан-жақты зерттеліп, әлемдегі ре­пат­риацияны ынталандырудың озық үлгілерінің не­гізінде бірегей жо­балар іске асты. Оған куә әр жылдардағы Президент Жарлықтарын атап өтуге болады. Айталық, 2004 жылғы 27 желтоқсандағы «2005-2007 жылдарға арн­алған оралмандардың көші-қон квотасы» туралы, 2004 жылғы 31 қараша­дағы «2004 жылдарға арналған оралмандар­дың көші-қон квотасы» туралы, 2003 жылғы 10 ақ­пандағы «2003 жылдарға арналған орал­­мандардың көші-қон квотасы» туралы қа­был­данған Жарлықтары көші-қон саяса­тына оң ықпалын тигізді. 1996 жылдан бас­тап, қандастар саны бекітілген квотадан асып түс­ті. Ал 2001 жылы тарихи Отанына қай­­тып келгендер саны бекітілген квотадан 15 есе көп болды. 2002 жылы квотаны 2 000 от­басына көбейтілгеніне қарамастан, көшіп ке­лушілер саны 4 есе көбейді. 2004 жылы кво­та 10 000 отбасына көбейсе де, тарихи Ота­­нына оралушылар саны квотадан 86 пайыз­ға өсті. Алғашқы жылдары Үкімет өңірлік кво­таға 7 облысты белгіледі. Кейін қан­дас­тарды қа­был­дауға Ақмола, Павлодар, Қостанай, Сол­түстік Қазақстан және Шығыс Қа­зақстан облыстары белгіленді. Қандастардың білім алуы және жеңілдіктер мен мүмкіндіктер 1991 жылдан бері Қазақстанда жыл сайын жоғары оқу орындарына студент қа­былдаған кезде шетелден келген ұлты қазақ жас­тарға да квота бөлініп келеді. Тіпті, тәуел­сіздіктен де бұрын 70-80-жылдары шетел қа­зақтары Қазақстанда білім алуына мүм­кіндік жасалды. Білім іздеген қазақ баласына қай кезде де қазақ топырағынан білім нәрін алуға жол ашылды. Көшіп келген қандастарымыздың ара­сында жоғары білімді 53 843 адам, орта білімді 122 058 адам болса, олардың әр­қай­сысы шетелде жиған ілім-білімі мен тә­жірибесін Қазақстанның өркендеу жолына арнады. Тәуелсіздіктен бұрын білім шартымен келген этникалық қазақ жастары 1991 жылдан бастап ЖОО-ның қабылдау бөлімінде даярлық курсын оқи бастады. Жыл сайын қандастарға арнайы білім гранты үшін 2 пайыз квота бөлінді. Бұл квота 2011 жылдан бастап 4 пайызға артты. Көші-қон саясатындағы бұл ең тиімді стратегиялық жобаның бірі болды. Осынау игі бастама екі үлкен нәтиже берді. Ең бірінші, шетелде тұратын қазақтар тілін сақтап қалуы және жоғары білім алуы. Диплом алып, жұмыспен қамтылуы. Екінші пайдасы, шетелдегі қазақтарды елге тартуға ең тиімді жолдың бірі осы болды. Әуелі жастар келіп, диплом алып, жұмысқа тұрған соң, ата-анасын ата­жұртқа әкелгендер көп. Жастары осы жақ­тан оқып, тілін, менталитетін үйренген соң, өз үйлерін көшіріп әкелгенде, құжат алу кезінде кедергілерді оңай игерді. Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылы шығарған №554 бұйрығы 2014 жылдың қазан айында елімізде толық жүзеге асты. Еліміздің 20-дан астам жоғары оқу орын­дарында даярлық бөлімі ашылды. Бұл бөлімнің мақсаты – Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлерді жал­пы білім беруге дайындау және деңгейін арт­тыру. Сонымен қатар Қазақстанда өмір сүру­ге бейімдеу. Осы уақытқа дейін мемле­кеттік грант негізінде Қытай, Моңғолия, Өз­­­бекстан, Ресей, Иран, Түркіменстан, Ауған­стан, Қырғыз Республикасы және Еуропаның біраз елдерінен қазақ жастары келіп, білім алды. Қандастардың баспаналы болуы Елбасы Н.Назарбаевтың тап­сыр­ма­сы­мен құрылған «Нұрлы көш» бағдарла­масы аясында көптеген өңірде арнайы ауыл­дар бой көтерді. Атап айтқанда, Шығыс Қа­зақ­стан облысында 700, Солтүстік Қазақстан облысында 400, Ақтөбе облысы Хромтау қа­ласында 230 отбасына арнап тұрғын үй са­лынса, Шымкент қаласы маңындағы «Асар» ауылында 27 мың қандасымыз тұрақ­таған. Одан бөлек қандастарды қабылдауға ар­налған Үкімет белгілеген бес облысқа ба­рып, квота немесе баспана алуға болады. Қазақстан Тұрғын үй заңында Халықтың әлеу­меттiк жағынан осал топтарының жетіншісі «оралмандар» деп анық жазылған. Бұл заңды қандастарымыздың көбі түсін­бей­ді. Себебі тұрғын үйге кезекке тұру үшін «орал­ман куәлігіңді» алып барса ғана қабыл­дай­ды деп түсінеміз көбіміз. «Оралман мәр­тебесімен» тұрғын үйге кезекке тұра алмай­тын жағдай бар, себебі кезекке тұру үшін тұрақты тіркеу талап етіледі. Ал тұрақты тір­кеуге тұрып, ықтиярхат яки азаматтық алған соң тұрғын үйге кезекке тұра алмай қалады. (Құжат қабылдайтындар да мұны ескермей жатады.) Азаматтық алғанға дейін мемлекеттен жер, үй, квота алмаған болса, азаматтық алғаннан кейін де қандастар тұр­ғын үйге құжат тапсыра алады. Себебі заң жү­зінде қандастар азаматтық алғаннан кейін де репатриант ретінде есептеледі. Қандастарды құжаттандыру жеңілдетілді 2019 жылы наурыз айында көптеген қан­дастардың «оралман куәлігінің» уақытын ұзарту туралы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бір бастамасымен жылдық мораторий жарияланды. Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігінің жария­лаған мәліметі бойынша, акция шеңберінде елімізде 5 789 этникалық қазақ «оралман мәртебесі» куәлігінің мерзімі ұзартылып, 4 909-ы Қа­зақ­стан азаматтығын алған. Егер бұл акция жа­рия­ланбаса қаншама қандастар­дың аза­мат­тық алу мәселесі және азамат­тардың әлеу­мет­тік жағдайы қиындай түсері сөзсіз еді. Биыл Қазақстанның Ақпарат және қо­ғамдық даму министрі Аида Балаева елге оралған қандастарымызға құжат рәсім­деу анағұрлым жеңілдетіліп жатқанын мә­лімдеді. Министрдің айтуынша, елге оралған қандастарымызға құжат рәсімдеу анағұрлым жеңілдеп, «бір терезе» қағидасы енгізіліп отыр. Осының нәтижесінде қазір қандастар 5-6 мемлекеттік мекемені аралап табан тоз­дырмай, барлық шаруасын бір жерден ше­ше­тін болады. Оларға қажетті құжаттардың са­ны да екі есеге ықшамдалып, рәсімдеу уа­қы­­ты 6 айдан 3 айға қысқарған. Бұрын аза­мат­тық алу үшін қандастардан талап етілетін құ­­жаттар тізімі 46-дан 20-ға дейін қысқар­тылды. Қандастарды қоғамдық ұйымдардың қолдауы 2019 жылғы 11 желтоқсанда «Nur Otan» пар­тиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев және Дүниежүзі қа­зақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков әлемдегі қазақтарды тарихи Отаны төңі­регіне ұйыстыруға қолдау көрсету, ата­жұрт­тан тыс жерде, басқа елде туып-өсіп, елге оралған қандастарымызға көмек қолын созу мақсатында үшжақты меморандумға қол қойған болатын. «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дү­ние­жүзі қазақтарының кезекті құрылтай­ларының бірінде: «Шетелдегі қазақтардың елге жиі келіп, туған жерімен байланысын нығайтып отырғаны дұрыс. Қай елде тұр­саңыз­дар да, әрдайым Қазақстанды жүрек­теріңіздің төрінде ұстаңыздар. Қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан», – деген еді. Осы орайда, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек шетелдердегі және Қазақстанға келген этникалық қазақтарды қолдауға бағыт­талған еліміздің стратегиялық жос­пар­ларын жүзеге асыру жұмыстарына атса­лысуға партияның әрқашан әзір екенін және елі­міз тәуелсіздік алғалы бері тарихи Ота­нына бір миллионнан астам қазақ қайтып орал­ғанын, соның арқасында ұлтымыздың демографиялық жағдайы қандастарымыздың үлесі есебінен жақсарғаны туралы айтқан еді. Қандастарға көрсетілетін қолдаудың са­па­сын арттыру мақсатында «Nur Otan» пар­тиясы, «Отандастар қоры» және Дүние­жүзі қазақтарының қауымдастығы арасында жасалған үшжақты ынтымақтастық туралы меморандум аясында ақпараттық жүйелерді, алгоритмдерді, бизнеспроцестерді ин­тег­рациялау, өтініштерді қарау және мони­торингілеу, сонымен қатар партияның аймақ­тық филиалдарының базасында қо­ғам­дық қабылдау бөлмелерінде қандас­тармен жұмыс істеу бойынша партияның қыз­меткерлерін оқыту семинарлары өткі­зіл­ді. Соның негізінде партияның қоғамдық қа­былдау бөлімдерінде қандастардың түйткілді мәселесін шешуге атсалысуды қолға алды.

Серіктес жаңалықтары