Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы басталды

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы басталды

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы басталды
ашық дереккөзі
50600
Бүгін жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын республика көлемінде ресми түрде мерекелеу басталды. ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев елордадағы Жамбыл ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының жаңа ғимаратында өткен мерейтойлық жылдың салтанатты ашылуына ресми тұлғалармен, мәдениет және ғылым қайраткерлерімен, Алматы және Жамбыл облыстарынан келген делегация өкілдерімен бірге қатысты.  width= Мерекелік кештің қонақтары жаңа театр фойесінде ұйымдастырылған Жамбыл Жабаев мұражайының экспозициясымен танысты. Салтанатты іс-шара Жамбылдың 175 жылдығына арналған мерекелік концертпен жалғасты. Жамбылдың өмірі мен өнері туралы баяндама жасаған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жиынды ашты. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры симфониялық оркестрінің әртістері көрермен назарына «Жыр алыбы – Жамбыл» атты театрландырылған қойылым ұсынды. Ұлы ақынның баға жетпес мұрасын, өзіндік ерекшелігі мен дарынын ашып көрсететін әдеби-музыкалық композицияда оның айтыстары мен әйгілі «Кең байтақ Қазақстаным», «Ақындарға арнау», «Күләшқа», «Ленинградтық өренім!» және т.б. шығармалары орындалды. Сонымен қатар, мерекелік бағдарламада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрі, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі, «Жастар» театры және «Астана Балет» театрының әртістері, сондай-ақ, «Қорқыт» этно-ансамблі, «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы және «Акак» комузшылар ансамблінің (Қырғызстан) жеке орындаушылары өнер көрсетті.  width= Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
 width=– Әуреге салған пандемия жағдайында Абайдың 175 жылдығын лайықты түрде атап өттік. Міне, тағы бір ұлы тойдың кезегі келіп тұр. Биыл ұлтымыздың ұлы жыршысы Жамбылдың 175 жылдығын атап өткелі отырмыз. Қазақтың рухани қос алыбы Абай мен Жамбылдың әрбір мерейтойы мемлекетіміздің мәртебелі белестерінің межесіндей. Біз уақыт аламанының әр айналымында өрісті істерімізді ақыл таразасына салып келеміз. Қос тұлғаның торқалы тойында ұлтымыздың жоғары жетістіктеріне баға беріп, рухани өрлеудегі түбірлі істерімізді түгендеу дәстүрге айналды. Тәуелсіздікті жаңа алып, ел еңсесін енді көтеріп жатқанда Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлы даланың ұлы тұлғаларының мерейтойларын ел болып атап өту жөнінде шешім қабылдады. Мұны жұртшылық әруақты сыйлап, құндылықтарды құрметтеп, өткенін көреген деп білетін ұлы халықтың ұлағатты ұйғарымы ретінде қабылдады. Араға ширек ғасыр салып, XIX ғасырдың ортасында өмірге келген екі ұлы ақыннынң 175 жылдықтары рет-ретімен жоғары деңгейде  мерекеленуде. Ұлтымыздың осындай ұлы тұлғаларынсыз ғасыр сырын, ғасыр мұңын түсіну бізге әлдеқайда қиын соғар еді. Жамбылдың 175 жылдығына орай, биыл республика бойынша 500-ге жуық әлеуметтік, имидждік, ғылыми, танымдық іс-шаралар жоспарланған. Бұдан бөлек, ақын туралы фильмдер түсріліп, өлеңдерінің жаңа жинақтары шығарылады және кітап көрмелерін ұйымдастыру, мерейтойлық монета, пошта маркасын әзірлеу және тағы басқа іс-шараларды өткізу көзделіп отыр.
Салтанат Жамбылова, Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі, ақынның немересі:
 width=– Жамбыл атамыздың 175 жылдығына арналған іс-шараны облыс көлемінде тойлауды қаңтар айынан бастап кеттік. Ал республика көлеміндегі алғашқы іс-шара бүгін ұйымдастырылып отыр. Біле білсеңіз, атаның өзі тұрған үйі бір жылдан кейін музейге айналды. Атамыздың туғанына биыл 175 жыл толса, музейіміздің ашылғанына биыл 75 жыл болды. Бүгінгі іс-шараға атаның киген киімдерін, қолданған заттарын, алған сыйлықтарын жұртшылық білсін, көрсін деген мақсатпен осында алып келдік. Жалпы, біздің музейдегі бағалы заттардан көрме ұйымдастыру ісі тек бас қаламен шектелмейді. Бізді Көкшетау, Атырау, Қызылорда облыстарындағы музей меңгерушілері шақырып жатыр. Сонымен қатар, республика бойынша Жамбыл атындағы мектептерде онлайн режимде байланыс орнатудамыз.
Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор:
 width=–Былтыр бір жыл бойы Абай атамыздың 175 жылдығын тойладық. Осылайша, ұлы ақынды білетін әлем жұртшылығы оны бұрынғыдан бетер тани түсті. Ал енді биыл Жамбыл атамыздың 175 жылдығын тойлатқалы отырмыз. Ғабит Мүсірепов ағамыз Жамбылдың 125 жылдығына арнап «Феномен Феникс» атты мақала жазған. Сол мақалада ол «Жамбыл дүниеге екі рет келген адам, бір рет тоғыз ай, тоғыз күн толғатып, ана құрсағынан туды, сосын жасы жетпістен асқанда заман құрсағынан тағы бір туды» деп тауып айтқаны бар. Жалпы, кезінде Жамбылдың революцияға дейінгі өмірі туралы материал аз болды. Мен Жамбылдың өмірі туралы докторлық диссертация қорғадым. Негізі, ол кісі төңкеріс алдындағы өмірді ашық сипаттаған. Ұзынағаш, Қаратас, Қалқабайдай қайран жас. Бекеттен нан қоймайды, Жалаң аяқ, жалаң бас.   Қайтіп жаның ашымас, Неткен заман қатыбас. Еткен еңбек, төккен тер Қалай түкке татымас?!, – деп өз заманының сипатын керемет жеткізген. «Жамбылдың балалық шағы» деген көркем фильмге сценарий жаздым. Ол кісі туралы бірнеше кітап жазып шығардым. Көпшілік биылғы мерейтой аясында Жамбыл туралы көп мәліметке қанық болады деп ойлаймын.
 Сауытбек Әбдірахман, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
 width=–Бүгінгі мерейтой– елдегі бір жақсылықтың белгісі. Себебі былтыр Абайдың 175 жылдығын тойлау кезінде мұндай кеш өткізуге, көп адам жинауға мүмкіндік болмады. Ал қазір елдің барлық өңірі қауіпті қызыл аймақтан шығып, көктемнің самалы ескелі тұрған жақсы шақта ұлы Жамбылдың тойы басталғалы жатыр. «Ұлы Жамбыл» деген сөз баяғы штамптардың, стандарттардың қайталануы емес. Жамбыл заман ауысқан кезде уақыт сынына қайтадан түсті. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Жамбыл мұрасына сыни көзқарас күшейді, өзі сүрген заманды көтере мақтап, саясаттың сойылын соққан ақын деген пікірлер көп айтылды. Бірақ уақыт өте келе, көпшіліктің Жамбылдың шын мәнінде эпик-ақын, бүкіл бір заманның сөзін жеткізген, сол дәуірдің шындығын ашқан сөз зергері екеніне көзі жетті. Жамбылдың өз заманының көсемдеріне арнаған жырларының көркемдігі қайран қалдырады. Оның сыртында ақынның айтыстары, қисса-дастандары да ерекше. 1996 жылы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарып жүргенімде Санкт-Петербургте ұйымдастырылған Жамбыл туралы кешке қатыстым. Сол кештің соңында Ресей Мемлекеттік Думасының бір депутаты «Бала күнімда анам мені Жамбылдың «Колыбельная» әнімен ұйықтататын» деді. Қазақ ақынының өлеңі өзге елдің бесік жырына айналуы деген ғажап нәрсе! Осылайша, Жамбылды қай жағынан қарасақ та, керемет тұлға екенін байқаймыз. Ең қиын жылдарда халықтың сөзін сөйлеп, қазақтың даңқын асқақтатқан ұлы бабамызды қалай құрметтесек те жарасады.
Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы:
 width=–«Ұлы даланың Гомері» атанған Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын қай ғасырға насихаттасаң да, өлмейді, сөнбейді деп білемін. Өйткені Жамбыл – екі ғасырдың арасындағы алтын көпір. Жамбыл Кеңес дәуірінің біраз жақсылығын көрді. Көп адам оның Сталинді жырлауын, саясатқа араласуын алға тартып, шығармашылығын мансұқтағысы келеді. Бірақ, олар қателеседі. Жамбылдың эпикалық шығармаларын алып қарасаңыз, оның таңды таңға ұрып жырлайтын жырлары қазақ даласындағы синкреттік өнер – жыраулық дәстүрдің ең үлкен ірі тұлғасы екенін байқайсыз. Жамбыл сондай тұлға ретінде қаралуы керек және осы тұрғыда насихатталуы қажет. Жамбылдың ізбасары Кенен Әзірбаев «Жамбыл жыры» дастанында ақынның тұлғасын толық ашып берген. Мысалы, Романовтар әулетінің 300 жылдық тойына шақырылмаған Жамбыл қазақ-қырғыз ақындарының думандатып отырған жеріне кіріп келіп, былай деп айтқаны бар: Атам батыр Қарасай, Ағам ақын Сүйінбай, Петроград, Алматы, Бір жылдық жол арасы-ай. Патшаның қуын қарашы-ай! Өзі келмей істеткен Айдалаға тамаша-ай. Қазақ пенен қырғыздың Табақ-табақ еті мен Тойғызып жатыр сабасы-ай. Өңшең ұлық өгіздей, Біз бұзау мен танасы-ай. Сол кезде ұлықтарға жақын болған ақын-жыршыларды осылайша сынап, «Жұртқа керек өлеңді, ауылға барып айталық» деп ақындардың барлығын тұрғызып алып кеткен. Түсініп тұрғаныңыздай, Жамбылдың өз заманында ақындық миссиясы болған. Сол себепті Жамбылды ағаш атқа мінгізгенді қойып, бұрын қалай керемет ұлықталса, қазір де солай құрметтеу керек.
Фото авторы: Айтжан Мырзанов

Серіктес жаңалықтары