715
4 наурыз: атаулы күндер, есте қалар оқиғалар
4 наурыз: атаулы күндер, есте қалар оқиғалар
4 наурыз Тәуелсіз Қазақстан тарихында қандай оқиғалармен есте қалды? Еске түсіріп көрейік...
1993 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» ҚР Заңы күшіне енді.
1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен және ҚР Үкіметі қаулысымен Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі базасында «Қазақойл» Ұлттық мұнай-газ компаниясы құрылды. Мұнай-газ кешенін басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында 2002 жылғы ақпанның 20-ында «Қазақойл» Ұлттық мұнай компаниясы мен «Мұнай және газ көлігі» Ұлттық компаниясы қосылып, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы құрылды.
1998 жылы Тараздағы үш жоғары оқу орны біріктіріліп, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті құрылды.
1999 жылы Алматы көшелерінің біріне Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі беріліп, ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.
2000 жылы Қостанайда Киров атындағы көшеге қазақтың көрнекті ақыны Ғафу Қайырбековтің есімі берілді.
2005 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Темірбек Қожакеев атындағы аудиторияның ашылу рәсімі өтті.
Темірбек Қожакеев (1926-2003) - белгілі ғалым, сатирик, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақ мемлекеттік университетінде 45 жыл бойы ұстаздық етіп, 6 мың журналист маман даярлаған. Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы қоғамдық негізде жұмыс істейтін сықақшылардың «Найзагер» қауымдастығын басқарған.
2010 жылы Қазақстанда Корея мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылды. Орталық жаңа заманғы сандық және IT технологиялардың соңғы үлгілерімен жабдықталған. Сонымен қатар онда кітапхана, көрме және концерттік залдар, демалыс бөлмелері, танымал корейлік ақпараттық-технологиялық жүйелерін шығарушы электрондық компаниялардың өнімдерімен танысуға мүмкіндік беретін аудиториялар бар.
2010 жылы Қазақ Ұлттық өнер институты залының сахнасында дүниежүзілік танымал финдік опера әншісі Рийка Хакола өнер көрсетті. Рийка Хакола Фин ұлттық операсындағы жетекші сопранолардың бірі. Оны Вердидің «Травиата» операсындағы Виолетта рөлі танымал етті.
2013 жылы «Nur Otan» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, жастарды еңбекке орналастыру бойынша www.enbek.kz бірыңғай порталын жасады.
2014 жылы ҚР Ұлттық банкінің «Қазақстанның игілігі» сериясынан «Байқоңыр» күміс монетасы 2012 жылғы соғылған үздік монета ретінде Виченца (Италия) қаласында өткен «Vicenza Numismatica-2014» монета өнімдері халықаралық байқауының нәтижесі бойынша екінші жүлдені иеленді. Бұл монетада ғарыш пен «Байқоңыр» ғарыш айлағын зерттеудегі маңызды жетістіктер бейнеленген.
2014 жылы «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Жолдауы алғаш рет ишарамен сөйлеу тілінде берілді. Қазақстанның құлағы нашар еститін азаматтарына Президент Жолдауының негізгі бағыттарын жеткізу үшін мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы әзірленіп, Strategy2050.kz. сайтына орналастырылды. Видео хронометражы - 1 сағат 9 минут.
2015 жылы «ТҮРІКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінде «Алматы - ислам мәдениетінің астанасы-2015» бағдарламасының аясында «ТҮРІКСОЙ» кафедрасының ашылу рәсімі өтті. Шара ҚХА құрылғанына 20 жыл толуына орайластырылды.
2016 жылы Атырауда ақын Фариза Оңғарсыноваға ескерткіш қойылды. Қоладан құйылған 4,2 метрлік мүсін қала орталығына орнатылды. Мүсінші - Мұрат Мансұров. Композиция сәулетшісі - Серік Рустамбеков.
2016 жылы ҚР Ұлттық банкі айналымға 100 теңгелік «Магиялық символдар» сериясымен «proof» кәдесыйлық күміс монетасын шығарды.
2019 жылы Алтай республикасының астанасы Таулы Алтай қаласында Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің орталығы ашылды. Мақсаты - Қазақстан халқының тарихы мен мәдениеті, оның салт-дәстүрлері, экономикадағы, саясаттағы, әлеуметтік саладағы жетістіктері, классикалық және қазіргі заманғы проза мен поэзияның әдеби байлығы туралы білімді тарату. Әлемнің 29 кітапханасында қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталықтары жұмыс істейді.
2020 жылы Литваның ұлттық қауымдар үйінде философ және ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби атындағы орталық ашылды. Литваның Ұлттық қауымдар үйіндегі «Нұрсәуле» қазақтар қоғамы алаңында ашылған әл-Фараби атындағы орталыққа келушілер ұлы ғалымның еңбектерімен танысып қана қоймай, сонымен бірге қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін де жақынырақ біле алады. Орталықтың қызметі, ең алдымен, Қазақстан мен Литва арасындағы мәдени және ғылыми диалогты дамытуға бағытталатын болады.