50810
Алма ҚҰНАНБАЕВА, Стэнфорд университетінің профессоры: Америкалықтар қазақтың киіз үйіне келіп, күйін тыңдауға құмар
Алма ҚҰНАНБАЕВА, Стэнфорд университетінің профессоры: Америкалықтар қазақтың киіз үйіне келіп, күйін тыңдауға құмар
АҚШ-тағы әлемге әйгілі Стэнфорд университетінің профессоры Алма Құнанбаева көп жыл бойы америкалық студенттерге қазақ мәдениеті туралы лекция оқыған. Сонымен қатар ол Беркли қаласында Орта Азия елдерінің мәдениеті мен тарихын насихаттауға арналған Silk Road House орталығын құруға себепші болған. Қазір аталған орталықтың президенті болып жұмыс істейтін Алма Бектұрсынқызымен хабарласып, сұхбаттасқан едік.
Біздің анықтама: Алма Бектұрсынқызы Құнанбаева Туған жылы: 1949 Оқу орны: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы, Санкт-Петербург Театр, музыка және кинематография институты Марапаты: Өз мәдениетін өзге елде насихаттағаны үшін берілетін «Ellis Island Medal of Honor» медалі Қызметі: Стэнфорд университетінің профессоры, Silk Road House орталығының президенті– Қазір сізді антрополог, тарихшы деп атап жүргенімен, еңбек жолыңызды музыкатанушы ғалым ретінде бастағаныңызды көпшілік біле бермейді. Бүгінде Америкада өзіңіз басқарып отырған Орта Азия елдерінің мәдениетін бір арнаға тоғыстыратын орталық – Silk Road House-ді ашу идеясын кім ұсынды? – Мәскеу консерваториясында оқып жүргенімде, ондағы таныстарым мені көпшілікке қазақ қызы деп таныстырып, мақтай жөнелетін. Ал бірақ қалада өсіп-өнген, орыс мектебінде оқыған менен өзге ұлттар «Қазақтар қандай ұлт? Олар қайдан таралады? Ұлттық музыкасы қандай?» деп сұрай қалса, ештеңе білмейтін едім. Сөйтіп, оқу бітіріп, Алматыға оралған соң, ұлттық музыканы зерттеуге бел будым. Қазақ музыка өнерінің тарихымен таныстырған ұстазым этномузыколог Әсия Есімова фольклорлық экспедицияларға бірге алып жүрді. Ақырында жыраулық дәстүрге қызығушылығым ауып, Қызылордада екі жылдай жұмыс істедім. Кейін Санкт-Петербургтегі Театр, музыка және кинематография институтының фольклор бөліміне аспирантураға түстім. Оқуды аяқтаған бойда Санкт-Петербург этнография музейінде Орта Азия, Қазақстан және Кавказ елдері бөлімшесінің меңгерушісі болдым. Сосын Санкт-Петербург педагогикалық университетінде жаңадан ашылған этнография кафедрасында жұмыс істедім. Одан кейін қайта құру кезеңі басталып, елдегі саяси жағдай қатты тұрақсызданып кетті. Сол уақытта Американың Мэдисон қаласында орналасқан Висконсин-Мэдисон университетінде Орта Азия елдерінің мәдениетін, әдебиетін зерттейтін бөлімді басқаратын Юлай Шамильоглу жұмысқа шақырды. Ол кезде америкалық студенттер Қазақстанды Пәкістан, Ауғанстан сияқты мемлекет деп түсінетін. Сөйтіп, оларға Қазақстанды, қазақ мәдениетін жеке бөліп қарастыру керек екенін жеткізу үшін бар күшімді салдым. Кейіннен Беркли университеті, сосын Стэнфорд университетінің оқытушылары лекция оқуға шақырды. Сөйтіп, екі бірдей беделді университетте дәріс беріп, көзге түскен соң, көпшілік маған Орта Азия елдерінің мәдениетін бір орталыққа тоғыстыру керек деп ұсыныс айта бастады. Нәтижесінде, екі университет профессорларының көмегімен 2009 жылы Silk Road House үйін аштық. Бүгінде мен сол орталықтың президенті қызметін атқарамын. – Silk Road House туралы алғаш естігенде шағын мәдени орталық шығар деп ойласам, кәдімгідей үлкен ұйым екен. Ресми сайтына кіріп қарағанда, ай сайын түрлі іс-шаралар ұйымдастырғанын көріп, жұмысыңыз халық ассамблеясы атқаратын қызметтен еш кем емес екенін байқадым. Ұжымда неше адам еңбек етеді? – Жалпы, бізде бес директор бар. Сонымен қатар қасымда маған үнемі көмектесіп жүретін үш қазақ қызы бар, одан бөлек бір америкалық қыз жұмыс істейді. Байқағаныңыздай, атқарған жұмысымыз орасан. Негізі, орталық туралы естіп-білген көптеген ұлт өкілдері өздері бізді іздеп келеді. Оларға лекция өткіземіз, концерт ұйымдастырамыз, кино көрсетеміз. Наурыз мейрамы сайын мерекелік концертке Қазақстаннан бір күйші немесе бір жырау шақыртамыз. Олар келген кезде туындыларын CD дискіге жазып аламыз. Мысалы, Сыр сүлейлерінің жалғасы Бидас Рүстембековтің жырын, Эльмира Жаңабергенованың орындауындағы бірнеше термені жаздырттық. Сондай-ақ жалпы саны 33 термені ағылшын тіліне аудардық. Жалпы, 12 жылдың ішінде көп қор жиналды. Қазақстандағы білім ордалары оқу құралы ретінде пайдалансын деген мақсатпен екі апта бұрын 1 700 дана кітап пен 5 000 CD дискіні елге салып жібердік. Биыл пандемиядан бөлек, Калифорния штаты үшін қиын жыл болды, өрт шарпыды, жер сілкінді. Сол үшін жеткізу қиынға соқса да, кейінге қалдырмайын деп шештім. Орталыққа Орта Азия елдері өкілдерінен бөлек, америкалықтар, әсіресе зейнет жасындағы профессорлар жиі келеді. Сонымен қатар Орта Азияға саяхат жасап қайтқандар сол аймақтың тарихын, мәдениетін сұрай келеді. Мұнымен қоса, біз Америкада өтетін түрлі фестивальға қатысамыз. Бірнеше жыл бұрын Вашингтонда бір аптаға жалғасқан үлкен фестивальға қатысу үшін Қазақстаннан 18 өнерпазды алдырып, көшпенділер мәдениетін көрсетіп қайттық. Елден екі киіз үй сатып әкеліп, оны күн сайын тігіп, қайта бұзып, әлекке түскеніміз бар (күліп). Оның үстіне киіз үйді екінің бірі тіге алмайды екен. Кітапта киіз үйді жарты сағаттың ішінде екі әйел лезде тігіп тастай алады деп жазылады ғой. Шындап келгенде, бұл біз ойлағандай оңай іс емес екен. Тағы бір қызық айтайын, сол фестивальға Қазақстаннан екі түйе алдыртуымыз керек деп байбалам салдық (күліп). Сол уақытта аталған аймақта эпидемия өршіп тұрған болатын. Сұрастырсақ, Қазақстаннан әкелінетін түйелер бір айға карантинге жіберіледі екен, ал бізде уақыт аз болды. Сөйтіп, күллі Америкадан түйе іздеп, әуре-сарсаңға түстік. Ақырында түйе асырайтын америкалықты тауып, Вашингтонға екі түйесін тиеп келуін өтіндік. Біздің жігіттер әлгі түйелердің тілін таба алмай, қызыққа «баттық». Сөйтсек, Американың түйелері қазақтардың түйені көс-көс деп шақыратын тілін түсінбейді екен. Содан не керек, жыққан киіз үйді түйеге тиеп, Вашингтон төрінде әндетіп, қиқулатып, көшені «басымызға» көтеріп, керуен көшін көрсетіп қайтқанбыз. – Қазақстанда 2018 жылдан бастап шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Десек те, сіздер Америкада одан бұрын Ұлттық домбыра жылын бекітіп, бір жыл бойы осы аспапты меңгеремін деушілерге тегін курс өткізіпсіздер... – Иә, бір жыл бойы домбыра жылын тойладық. Негізі, бұған америкалықтар себепші болды. Орталыққа келгенде домбыраның үнін естіп, елітіп қоя берген олар осы аспапта ойнауды үйретуімізді өтінді. Сөйтіп, арнайы тапсырыспен әзірлетіп, Ақтаудан 10 домбыра алдырттық. Есеп беру концертінде сахнаға америкалықтарды шығарып, күй тартқыздық. Жалпы, америкалықтар Құрманғазы бабамыздың «Адай» күйін ерекше ұйып тыңдайды. Қазақ өнерпаздарының өзіне тарту қиынға соғатын сол «Адайды» америкалықтар мүдірмей орындап шықты. Сосын күйді үйретудің оңай екенін біліп, балаларға үйретуді қолға алдық. Негізі, осы жерде жеке оркестр құрсақ па деген бір ойым болған. Әттең, жастардың қолы тие бермейді. Бос уақытында орталыққа келетін олар оқу, одан қалды жұмыс деп жүгіріп, мәдени шараларға қатыса алмай қалады. Осы 12 жыл ішінде түсінгенім, америкалықтардың үлкені болсын, кішісі болсын біздің өнерді өте жоғары бағалайды. Әсіресе, Димаштың жаңа әнін ести сала, бізге келіп, мағынасын, аудармасын сұрастырып жатады. Сонымен қатар біздің сахнада бірнеше рет өнер көрсеткен «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің өнерін ерекше бағалайды. Айтыстарды тыңдатсақ, рэпке теңеп, суырып салмалық өнерді еркін меңгерген ақындардың өнерін көріп, басын шайқайды. Күй тартысты тамашалағанда, тіпті орындарынан түрегеліп, қошемет көрсетеді. Егде тартқанға дейін домбыраның құлағында ойнаған Дина Нұрпейісқызы туралы видеоматериалдарды көргенде, талқыға салып, таңғалыстарын жасырмайды. – Әлемдегі ең беделді оқу орындарының бірі – Стэнфорд университетіндегі оқытушылық қызметіңіз туралы әңгіме өрбітсек. Аталған университетте ІТ, бизнес жүргізу, мемлекеттік басқару бойынша алдыңғы қатарлы мамандар даярлайтыны белгілі. Осындай сұранысқа ие мамандықтарды игеріп жүрген Стэнфорд студенттерін қазақ мәдениетінің қай кезеңі қызықтырады екен? – Стэнфорд университетінде оқитын студенттер алдын ала дайындық курстарын оқып, көп нәрседен хабардар болатынын білесіздер. Бірақ олар Орта Азия елдерінің мәдениеті туралы бұрын-соңды естімеген. Айта кетерлік жайт, Стэнфорд университетіндегі басшылық маған сабақта мына тақырып туралы дәріс оқы, ана тақырыпты талқыға сал деп еш айтпаған. Әдетте, бізде оқу жоспарын алдын ала министрлікпен бекітіп, нақтылап алады ғой. Менде ондай болмады, студенттерге не айтып, не жеткізгім келеді, өзім білетінмін. Оларға дәріс оқумен қатар, қазақтың киноларын көрсетемін. «Қыз Жібек» фильмін көрмеген студентім жоқ. Одан бөлек, кейінгі буын режиссерлер түсірген киноларды да көрсеттім. Осылайша, студенттерімнің арасында Қазақстанға асқан қызығушылық танытып, біздің ел туралы зерттеу жүргізгісі келетіндердің қатары көбейді. Студенттерімнің көпшілігі менің сабағымда көп мәліметке қанық болған соң, Қазақстанға саяхат жасайды. Тіпті, бір студентім Қазақстанға барып, сонда қалып қойды. Осында орыс мәдени орталығындағы әріптестерім «Сіз америкалықтарды Қазақстанға жіберіп, қазақ қылып жатырсыз» деп қалжыңдайды. Студенттер кинодан бөлек, қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары жайында білгісі келеді. Жалпы, көшпенділер мәдениетінің, оның ішінде қазақтардың дәстүрлі мәдениеті әлі толық зерттелмеген. Студенттерімді сол туралы мәлімет қызықтырды. Сосын мұндағы дінтану факультетінде оқитындар исламның қазақ жеріне таралуы туралы көп білгісі келеді. Көп адам «қазақтар шала мұсылман болды» деген пікірді алға тартатындықтан, олар осы жайында толыққанды мәлімет алғысы келеді. Сосын олар қазақтардың Кеңес Одағы кезінде бастан кешкен қиыншылықтарын жиі сұрайды. Қазір университеттегі жұмысым тоқтап тұр. Көшпенділер мәдениеті туралы сабақ негізгі пән емес, таңдау сабағы болған соң студенттер өздері жазылатын. Қазір пандемияға байланысты оқу жүйесі де өзгерді. Жағдай түзеліп, қайта дәріс оқуға шақырған күннің өзінде де бар күшімді Silk Road House-ге салайын деп тұрмын. Өйткені ешқандай іс-шара өткізуге рұқсат етілмейтіндіктен, орталықтың жұмысы тоқтап қалмасын деп әртүрлі жолдар қарастырып жатырмын. – Көшпенділер мәдениеті әлі толық зерттелмегенін, шетелдіктердің бұл туралы көп білгісі келетінін айтып қалдыңыз. Өзіңіз секілді сыртта жүріп, көшпенділер мәдениетін насихаттап жүрген өзге мамандар бар ма? – Көшпенділер туралы зерттеулер енді қолға алынып жатыр, тиісінше көшпенділер философияның парадигмасы өзгеріп жатыр. Қазір Кеңес уақытындағы түсініктердің «кісенінен» босап жатырмыз. Дегенмен, арамызда өз мәдениетіміз туралы зерттеулерді қайта қопарғанда мұның бекершілік екенін айтып, артта қалушылық екенін алға тартатындар да бар. Біздің мәдениетті бәсі биік, ертеңгі күннің мәдениеті деп білемін. Көшпенді деген сөзді жағымсыз сипатта түсінбеген жөн. Отырықшы мәдениет – ең көне мәдениет, сол ортадан шыққан қазақтар өркендеп, бірте-бірте көшпенді өмір салтын ұстана бастады. Көшпенділік деген бір жерден екінші жерге көшу емес, ол – ерекше мәдениет үлгісі. Бірақ біз мұның өзіндік ерекшелігі туралы көп мәлімет біле бермейміз. Жоғарыда айтып өткен Вашингтондағы фестиваль кезінде көп адам киіз үйге кіріп көргісі келді. Бірақ ішіне адам сыймайтын болған соң, бір күні тек балаларды кіргіземіз деп шештік. Сол күні бір әйел баласының сырқаттанып жүргенін айтып, бірге кіруін өтінді. Біраздан соң, әлгі әйел киіз үйден жылап шығып, маған қарай беттеп келе жатыр. Бірдеңе болып қалған екен деп, зәре-құтым қашып, қасына жүгіріп барсам, «Жүріңізші, мынаны көріңізші!» деп ішке кіргізді. Киіз үйге кірсек, әлгі бала керегенің қасында ұйықтап жатыр екен. Сосын анасы «Менің балам аутизммен ауырады. Ол у-шуды естісе, мазасы қашып, жүйкесі сыр беретін. Ал балаларға лықа толы мына үйлеріңіздің ішінде пырылдап ұйықтап жатыр. Бұл ғажап нәрсе!» дейді. Бала оянған соң, сол жердегі бір топ ғалымдардан мұның себебін сұрастырдық. Сол фестивальді тамашалауға келген бір мықты дәрігер киіз үйдің ішінде дыбыс қабырғаға соғылып, жаңғырық болып шықпайтынын айтты. Сол себептен де жүйке ауруларына шалдыққан адамдар киіз үйдің ішінде релаксацияда болады екен. Мұны өтірік дейін десек, әлгі баланың жағдайын өз көзіммен көрдім. Осы секілді біз білмейтін заттар өте көп, әлі де зерттей түсу қажет. – Естуімше, америкалықтар асырап алған қазақ балалар да сізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді екен. Оларды өзіңіз іздеп жүріп тауып алдыңыз ба, әлде сіздің орталық туралы естіп-білген ата-аналары өздері ертіп келді ме? – Ата-аналары өздері ертіп келді. Шынымды айтсам, орталық ашылғанға дейін елден асырап алған балалар туралы естімеппін. Біздің орталыққа келген бір топ ата-ананың «Оңтүстік Кореядан, Қытайдан асырап алған балалар өскен соң, асырап алған ата-аналарына «Біздің кішкене кезімізді пайдаланып, өз ортамыздан жұлып алып, мәдениетімізден, тамырымыздан ажыраттыңдар» деп кінә тағады. Балаларымыз өскенде бізді дәл осылай кінәламас үшін оларды осы бастан өз мәдениетімен таныстырғымыз келеді. Бірақ біз бұл мәдениет туралы ештеңе білмейміз. Қандай көмек көрсете аласыздар?» деп көмек сұрағаны бар. Сол себепті оларды жаз сайын арнайы жасақталған лагерьге шақырып, сол жерде көп нәрсені талқылаймыз. Сонымен қатар оларды балалармен бірге біздің орталықта өтетін іс-шараларға жиі қатыстырамыз. Өткенде концерт сайын скрипкада небір керемет туындыларды орындап жүрген Мадина есімді қызымыз «Скрипкада қазақша қандай әуенді орындауға болады?» деп сұрайды. Оның бұл ниетіне риза болған біз өзіміздің музыканттардан көмек сұрап, бірнеше туынды тауып бердік. Айта кетерлігі, олар бауырсақты жақсы көреді. Олардың келетінін біліп, бауырсақты молынан пісіріп қойсам да, соңында жетпей қалады, себебі барлығы таласып жейді. Америкалықтар донатс деп аталатын білезік пішінді бәліштерді сүйіп жейді, ал мына балалар бауырсақтың дәмі сол донатстан әлдеқайда өзгеше екенін айтады. Кейде «Бүгін бізге келесіңдер ме?» деп хабарлассам, «Дастарқанда бауырсақ бола ма?» дейді (күліп). Қымыз, қазы туралы естіп алған олар «Қымыз, қазы қашан әкелесіз?» деп сұрайды. Елден кім, қашан әкеледі деп күтіп жүргенше, осы жерде әзірлеп берейін десең, Америкада жылқы союға рұқсат етілмейді. Дегенмен көрші штатта тұратын үндістердің салт-дәстүрін ескерген жергілікті әкімшілік оларға жылқы бағып, оны сойып алуға рұқсат берген. Осында тұратын қазақтар жылқының етін сол үндістерден түнде келіп, алып кетеді. Ал Наурыз мерекесінде көжеге қосу немесе ет асу үшін сүрлеп сақтаған және елден әкелген қазыларды саламыз. – Әңгіме басында қазақ жастарының елден көшуіне алаңдайтыныңызды айтып қалдыңыз... – Жастардың шетелге шығып, ел кезіп, жер көргені дұрыс. Алайда, таяқтың екі ұшы бар деген секілді, мұның да кереғар тұсы бар. Олар қандай ауыр жолға түскендерін байыбына барып түсінбейді. Жас болған соң, оларға барлығы қызық, барлығы тартымды көрінеді. Таныстарымның Google, Amazon компанияларында жұмыс істейтін қазақ балалары берген тапсырманы жоғары деңгейде орындайды, алғыр, ерекше мәдениет өкілдері деп айтқанын жиі естимін. Қазақ балаларды асырап алған ата-аналар да олардың оқуға құмар, қағілез екенін айтады. Бәлкім, өзім қазақ болған соң маған солай айтатын шығар. Дегенмен қазақ «Үйден қырық қадам шыққан адам мүсәпір» дейді. Адам баласының туған жерін сүюі – табиғи заңдылық! Мені алаңдататын жағдай – мұнда балаларға қазақ тілінде оқуға мүмкіндік жоқ, сәйкесінше балалар ана тілін ұмытып қалады. Қазір қазақша сөйлей алмаса да, түсінетін балаларды кездестірсек, соған риза болатын жағдайға жеттік. Ана тілден ажырап қалуға болмайды, ана тілін ұмытқан адам мәдениетінен қол үзіп қалады. Шетелдегі жұмыс бізде де бар, елдегі оқу сапасы шетелдік жүйеден кем түспейді. Қазақстанда да әлем университеттеріне тең білім ордалары жетерлік. Алматы мен Нұр-Сұлтандағы ірі университеттерді айтпағанда, Түркістан қаласындағы университеттің ерекшелігі туралы көп естиміз. Сол университетті бітіріп келген балалар ағылшын, түрік тілін жетік біліп қана қоймай, қазақ мәдениеті туралы көп мәліметтен хабардар. Ал шетелге келіп, шынығамын, тәжірибе жинақтаймын деген қазақ ең болмаса жүрген жерінде қазақ тілінде сөйлеп, қазақ екенін айқындайтын құндылықтарды ұмытпаса екен деймін. Өзге елде жүріп, өз ұлтымның мәдениетін насихаттағаным үшін «Ellis Island Medal of Honor» медалімен марапатталдым. Америкада қазақ мәдениеті туралы көптеген жыл бойы тынбастан насихаттап жүрген жалғыз мен шығармын. Десек те, сыртта жүріп, қазақ халқын әлемге таныту үшін қыруар жұмыс істедім деп мақтанбаймын. Тек еңбегім зая кетпесін деймін. Халқымыз «Маңдайыңа жазылғаннан аспайсың, пешенеңе не бұйырса соны көресің» дейді. Менің маңдайыма жазылғаны осы – шетелде қазақ мәдениетін насихаттау болса керек.
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ