Жаңа орда құратын ұрпақ тәрбиелегіміз келеді

Жаңа орда құратын ұрпақ тәрбиелегіміз келеді

Жаңа орда құратын ұрпақ тәрбиелегіміз келеді
ашық дереккөзі
548
Парасат ТАНЕН, Orda Gen жобасының директоры: Тәуелсіздіктің ақ таңында дүниеге келген сәбилердің емін-еркін ойланып, жан-жақты дамып, қазақы мінез қалыптастыруына ертегі арқылы жол ашу – Orda Gen жобасының басты мақсаты. – Әңгімемізді Orda Gen жобасының мақсаты қандай деген сауалдан бастасақ. – Негізі жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарды, аңыздар мен ертегілерді жаңа технологиялар форматына икемдеп, өскелең ұрпақтың бойына сіңіруді мақсат тұтамыз. Жоба аясында сұрыпталған, сүзгіден өткен 25 автормен жұмыс істейміз. Олар адами, ұлттық, танымдық және қоршаған орта құндылықтарын басты назарда ұстайды. Адами құндылықтың өзі 11 бөлімге бөлінеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбек жасауға ұмтылу, адамгершілік қасиеттерді дәріптеу. Ұлттық құндылықтары да 11 бөлімнен тұрады. Жалпы жобада 33 құндылық бар. Автордың өзі бір тақырыпты кеңінен ашып түсіндіреді. – Жобаны неліктен Orda Gen деп атадыңыздар? – Жобамыз арқылы 20-30 жылдан кейін орда бұзатын емес, біздің берген дүниелерден жаңа орда құратын ұрпақ тәрбиелегіміз келеді. Ал gen ұрпақ дегенді білдіреді. Сол себепті жобаның атын Оrda Gen деп қойдық. – Жобаны жасауға не түрткі болды? – Қазақ баласының өз ана тілінде емін-еркін сөйлей алмауы – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бала жыламасын деп,  кейде алдансын деп мультфильм қосып береміз. Өкінішке қарай, қазақи мультфильмдерге бала алданбайды. Сондықтан шетелдік мультфильмдерді қазақ тіліне аударып көрсетеді. Ертегінің анимациясы сапалы және кейіпкерлердің дауысы тартымды болса, баланы қызықтырады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген.  Ана тілін, тарихын білетін, елін, жерін сүйетін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, қоршаған орта құндылықтарын бойына сіңіріп өскен ұрпақ тәрбелеу ниетінде осындай жобамыз дүниеге келді. – Orda Gen-де қанша ертегі бар? – Қазіргі таңда 600 – ге жуық ертегіміз бар. Басқа жерде жоқ 400 жаңа заманауи ертегіміз бар. 100 фантастикалық әңгіме және ең қызықты деген шетелдік 100 ертегіні қазақ тіліне аудардық. Оған қоса, ай сайын 100 ертегі қосып, 100 аудио нұсқасын салып тұрамыз. Әзірге ұзақтығы 1 минуттық 2 мультфильміміз бар. Команда 5 минуттық мультфильм жасауды қолға алып отыр. Жалпы Orda Gen мобильді қосымшасындағы барлық ертегінің аудио нұсқасы бар. Яғни ертегіні оқуға, суретін көріп және аудио нұсқасын тыңдауға барлық жағдайы жасалған. – Заманауи ертегілерді таңдағанда не нәрсеге мән бересіздер? – Біз ертегі таңдағанда бірінші кезекте адами құндылықтарға баса назар аударамыз. Одан кейін ұлттық құндылықтар, елін жақсы көру, отансүйгіштік қасиеттер болса, үшінші танымдық құндылық – еңбек етуге ұмтылу. Яғни армандау, мақсатқа әрекет ету, жаңалық ашуға ұмтылу, қоршаған ортаны аялау және табиғатты қорғау. – Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып берсеңіз. – Барлық ертегіні мобильді қосымшаға саламыз. Ең көп тыңдалған, оқырман ұнатқан ертегіге қазақи сапалы анимациялық мультфильм жасағымыз келеді. Биылғы жоспарымыз бойынша 5-10 минуттық 50-70 мультфильм шығару. «Неге бірден мульфильм жасауға кіріспедіңіздер?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Біріншіден, біз балаларға ұнайды деген мультфильм керісінше оларға ұнамай қалуы мүмкін. Сондықтан халықтың таңдауына қарай мультфильм түсіреміз деп шештік. Қазақ бүлдіршіндерінің тілі қазақша шығып, ертегіні жақсы көріп, мәдениетімізді арттырса деген арманым бар. – Жоба инстаграм арқылы пайда көзін тауып отыр ма? – Инстаграм пайда табатын құрал емес, біз оны ақпарат көзі ретінде пайдаланып отырмыз. Инстаграм арқылы өз жобамыз туралы ақпарат беріп отырмыз. Біздің қалталы қолдаушыларымыз жоқ. Егер жақсы бастамамызды қаржылай қолдайтын жандар болса, бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Осы күні жобамызға тегін көмек қолын созып жатқан дикторлар табылып жатыр, бұған қуанамыз. Ал табыс көзіне келетін болсақ, мобильді қосымшадағы бір ертегіні тыңдау құны 500-700 теңге болады. – Orda Gen мобильді қосымшасы онлайн форматта жұмыс істейді. Алдағы уақытта оффлайн форматта жұмыс істейсіздер ме? – Балалар кітап оқуды әдетке айналдырса екен деген ниетпен кітап шығаруды қолға алып жатырмыз. Біздің бірінші шығарған жинағымызға 33 заманауи ертегі енгіздік. Әр ертегіге 2 анимациялық сурет салынған. «Мың бояулы ORDA» екінші кітабымыз қазақи құндылыққа толы. Ішінде барлық ертегінің аудионұсқасы бар және кітаптағы QR-code арқылы ертегі кейіпкерін бояуға болады. Биыл 24 кітап шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазақстан бойынша 17 серіктесіміз бар. Серіктестеріміз арқылы кітаптарды ауыл-аймақтарға таратып, өз жобамызды насихаттаймыз.

Қызғалдақ ОМАР,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Саясаттану және журналистика факультетінің  4-курс студенті

Серіктес жаңалықтары