2062
Балалар әдебиеті: есейген қаламгер ме, балалар ма?
Балалар әдебиеті: есейген қаламгер ме, балалар ма?
Балалар әдебиеті – әдебиеттің ең бір елеулі саласы. Халқымызда ежелден балалар әдебиетінің бай фольклорлық үлгісі болды. Ертегі, жаңылтпаш, мазақтама, жұмбақ, т.б. Мұндай қызықты нәрселердің көбін ойын балалары бірінен-бірі немесе үлкендердің айтуы бойынша жаттап алатын. Шын мәнінде, ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қазақта балалар әдебиеті деген ұғым қалыптаса қойған жоқ. Сондықтан қазақ (жазба) балалар әдебиетін Ыбырай Алтынсариннан бастаймыз. Іргетасы ХІХ ғасырда қаланған балалар әдебиеті ХХ ғасырда С.Дөнентаев, С.Көбеев, Б.Өтетілеуов, Т.Жомартбаев шығармалары арқылы дамыды. 20-жылдардың аяғында І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ө.Тұрманжанов секілді қаламгерлер балалар әдебиетіне қалам тартты. Бұдан кейін М.Әлімбаев, Б.Соқпақбаев, Қ.Мырзалиев, М.Бегалин, Қ.Баянбаев, Ж.Смақов, С.Омаров, Ж.Әбдірашев, М.Қабанбаев, т.б. қаламгерлердің тұсында қарыштай түсті.
Ал 90-жылдардың басы, ел нарық кезеңіне кірген тұста балалар әдебиеті ғана емес, жалпы әдебиетке деген қызығушылық бәсеңдеді. «Байтал түгіл бас қайғы» заман келді. Қазір жаңа технология дамыды, түрлі гаджеттер пайда болды. Кішкентай оқырманның баяғыдай балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымдарға жазылуы азайды. Сөйтіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жеткенде «елеулі» саланың елеусіздеу қалып қойғанын түсіндік. Олай дейтініміз, қазіргі кітапханалар мен кітап дүкендерінде бүгінгі балалардың талғамына сай көрнекі құралдар мен әсем безендірілген көркем туындылардың аз екені байқалады.
Мемлекеттік қолдау
Бұған дейін әдебиеттің бұл саласы туралы талай мәселе көтеріліп келді. Дей тұрғанмен соңғы жылдары балалар әдебиетіне деген қызығушылық қайта жандана түсті. Сөйтіп, балалар әдебиетін дамыту – өзекті мәселе екені жоғары мінбелерден айтыла бастады. Өткен жылы Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар үшін 2020 жылға 821 млн 615 мың теңге бөлу жоспарланса, оның 46 млн 848 мыңы балалар әдебиетіне арналғанын, осыған қарап, басылып шығаруға жоспарлаған кітаптар ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы төмен екенін атап айтты. «Таралым саны да, сапа жағы да көңіл көншітпейді. Кейбір авторлар кітаптарын өз қаражатына шығарады. Баспа ісі, журналдар балаларға арналған материалдарды қызықты етіп жеткізудің жан-жақты жолын қарастыруы керек», – деді депутат. Биыл Президент өз мақаласында балалар әдебиетін тілге тиек етті. Президент айтпаса қозғалмайтын біздің шенеуніктер ұйқысынан енді оянғандай күй кешті. Осыдан кейін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ақын-жазушылармен кездескен жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында айтылған балалар әдебиетіне ерекше мән беріп: «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларымен бірге, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары. Осы орайда министрлік 2021 жылды «Балалар әдебиеті» жылы деп жариялайды. Бұған сіздердің де қосатын үлестеріңіз зор деп білемін. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар бойынша министрлік 1 ақпан мен 1 мамыр арасында құжаттар қабылдайды. Қазір кітап шығару және қаламақы төлеу мәселесі жолға қойылды. Осыған белсене қатысуға Сіздерді шақырамын» деген болатын.Не бар, не жоқ?
Әлбетте, бұл қуанышты хабар! Әйткенмен балалар мен жасөспірімдерге ұсынатын бізде не бар, не жоғын бір бағамдап көрейік. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы шығарған статистикалық мәліметке сүйенсек, Тіл комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы аясында республика, облыстық кітапханаларға 2017-2019 жылдарда 165 млн теңгеге 83 000 дана таралыммен балалар әдебиетін таратыпты. Сонымен қатар кітап палатасының дерегінше, 2017-2020 жылдары отандық баспалардан 364 кітап балаларға арналған, әрқайсысы 1 000, 1 500 данамен жарық көрген. 364 деген жақсы көрсеткіш. Алайда 1 000, 1 500 дана еліміздегі барлық кітапханаға жетпейді. Сондай-ақ Қазақстан Ұлттық электронды кітапхана қорындағы балаларға арналған кітаптар саны – 5 551. Аз емес! Бірақ сырты ғана қампайып тұрған мақта секілді. Өйткені оның 5 099-ы – мектеп оқулықтары. Оның ішінде, ертегілер – 423, ноталық басылым – 21, энциклопедия мен анықтамалық – 24. Ал Ұлттық академиялық кітапхананың балалар әдебиетіне арналған кітап қорында 13 495 кітап бар екен. Бірақ оның қаншасы балаларға қажетті әрі оқылымды екенін бағамдау қиын. Өйткені балалар ақыны Байбота Қошым-Ноғайдың айтуынша, қазіргі кітап қорындағы балалар әдебиетінің 90 пайызы бұрынғы Кеңес кезіндегі әдебиет, олардың көбі қазір жарамайды дейді. Өткен жылы Ұлттық академиялық кітапхананың шығарған зерттеу нәтижесі бойынша, балалар әдебиеті кітап қорынан үйге кітап берілетін бөлімге сұраныстың күн өткен сайын артып отырғанын растаған. Алайда ондағы көркем әдебиеттің саны 5 362-ні құраса, балалар кітапханасының оқырман саны – 7 908. Бұл статистикаға қарап жас оқырманға қажетті кітаптың әлі де жеткіліксіз екенін байқау қиын емес.Қазіргі балаларға лайықты шығарма жазылып жүр ме?
«Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де қазақ балалар әдебиеті тоқырап, дағдарып қалды деуге болмайды. Көркемдік талаптардың жекелеген параметрлері бойынша ілгерілеу нышандары сезіледі. Солай бола тұрғанымен, ауыз толтырып айтарлықтай тұшымды шығармалардың ұсынылуы сирек», – дейді балалар әдебиетін зерттеуші Нұрдәулет Ақыш. Педагогикалық, психологиялық тұрғыдан алып қарағанда, «бала» деп атап жүрген кішкентай адамдардың өз арасында көп өзгешелік бар. Мәселен, бес жастағы бала мен он жастағы баланың мінезі, ұғымы, дүниетанымы әртүрлі. Соған қарай балалар әдебиеті өз ішінде бірнеше салаға жіктеледі. Зерттеушілердің дерегінше, балалар әдебиетінде 20-дан астам жанр бар. Кезінде академик Серік Қирабаев, одан кейін филология ғылымдарының докторы, профессер Құлбек Ергөбек қатарлы әдебиетшілер балалар әдебиетін зерттеп, әр кезде сыни мақалалар жазып, сол кездегі кішкентай оқырманға қаламгер қауым не ұсынып жатыр, оның сапасы қандай дегенді бағамдап отыратын. Қазір балалар әдебиетінің сыны түгілі жалпы әдебиетте сын жоқ. Балалар әдебиетінің білгірі С.Маршак: «Балалар балалық пен даналықтың екі ортасында өмір сүреді», – дейді. Демек, балалар қаламгері бала да, дана да болуы тиіс. Бұған қоса заман талабы бар. Сондықтан да балалар қаламгеріне жүктелетін жүк жеңіл емес, барынша сергектікті қажет етеді. Сөйте тұра «бізде неге Даниель Дефо, Генри Хаггард, Жюль Верн, Доктор Сюс, Жоан Роулиң секілді жазушы жоқ?» дейміз. Жазушы Дулат Исабеков: «Қазақ қаламгері ерте есейіп кетті» депті бір сөзінде. Бәлкім, есейіп кеткен қаламгер емес, жаңа заман балалары шығар?..Балаларды басқаша қалай қызықтыруға болады?
Қазіргі технология заманында оқудан гөрі, аудио тыңдауға, олардың көз алдына әкеліп беретін комикс кітаптар, иллюстрация немесе визуалды нұсқалар арқылы балалардың қызығушылығын арттыру қажет дегенді айтып жүргендер көп. Соның бірі – жазушы Өміржан Әбдіхалық: «Балалар әдебиеті – ең ұлы әдебиет. Оны қартайған қария да, әріп танитын жас бала да оқи алады. Бірақ біз әлі күнге соғыс кезінде өткен балалық шақ туралы жазылған «Жусан иісі» сияқты шығармаларды оқимыз. Демек біздің әдеби санамыз 60-70-жылдарда қалып қойған. Біздің балалардың ой-қиялы дамымай қалды. Оларды батырлар жырымен қызықтыру мүмкін емес. Біз мына телефонды керемет жақсы көреміз, соған қолымыз жетсе дейміз. Бұл – көздің өлшемі. Бізде ойдың, қиялдың өлшемі жоқ. Баяғыда радиодан кітап оқушы еді ғой, бұдан шығудың бір жолы ретінде енді соның теленұсқасын жасау керек пе, білмеймін. Адамдарға көздің ар жағында да көз бар екенін түсіндірсек дейміз», – дейді. Осы ретте Balapan арнасының төрайымы, ақын Мақпал Жұмабайдан «балаларға кітап, журнал оқыту насихаттала ма?» деп сұрап көрдік. Ақын балалар телеарнасы қазір балаларға әдебиеттің визуалды нұсқасын ұсынып отырғанын айтады.Балаларға арналған үздік 10 кітап
Қазір елімізде балалар әдебиетін тұрақты түрде басып шығарумен «Фолиант», «Аруна», «Алматыкітап», «Мектеп», «Балалар әдебиеті», «Балауса», «Кітап-Дәуір», «Шұғыла» баспалары және «Атамұра» корпорациясы айналысады. Аталған баспалар көбіне дерлік мемлекеттік бюджеттік бағдарламаларға қарайды. Кейбір баспалардың әр өңірде кітап дүкендері бар. Сонымен қатар кейінгі жылдарда мемлекеттік бюджетке қарамайтын, коммерциялық баспалар да балалар әдебиетіне көңіл бөле бастады. Соның ішінде Steppe & world баспасын айрықша айтуға болады. Баспа Жоан Роулиңнің «Хәрри Поттер», Элен Дельфорждің «Мама», Жулия Дональдсонның (Ғалым Боқаш аударған) «Ақын қоян», Жефф Кинниндің «Тентек балақайдың күнделігі» және америкалық жазушы Эрик Карлдың «Қомағай жұлдызқұрт» қатарлы балалар кітабын аударып шығарды. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен биыл балалар әдебиетін қолдау жылы болып жариялануына орай, «Фолиант» баспасы 2020-2021 жылдары жарық көрген балалар әдебиетінің үздік шығармалары топтамасын жариялады. Баспа үйі бұрындары жас ұрпақты біріктірген М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі екенін, қазір ақпараттық технологиялар заманында мазмұнды, тәрбиелік құрал бола алатын кітап таңдау қиынға соғатынын жазған. Отбасылық кітап оқу мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін де атап өткен. Сондай-ақ баспа үйі шетелдің үздік туындыларын қазақ тіліне аударуды қолға алған. «Фолиант» баспасы балаларға А.Гриннің «Алқызыл желкен. Хикаят. Толқын перісі» кітабын оқуға кеңес берді. Одан кейін Жонатан Свифттің «Гулливердің саяхаты» кітабы мен М.Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері» бар. Төртінші сатыда В.Обручевтің «Жұмақ жері» тұр. Ондыққа Эрих Распенің «Мюнхгаузеннің хикаялары» мен А.Линдгреннің «Ұзыншұлық Пипиі» кірген. «Қазақ халық ертегілері» жинағы мен Әлия Беркімбаева жазған «Дәуіт атайдың ертегілері» де үздіктер қатарында. Баспа аударған Тулин Көзікоғлудың «Арман керек адамға» еңбегі мен Баянғали Әлімжановтың «Өлең-Әліппе» жинағы бар. Саят ҚАМШЫГЕР, балалар қаламгері, «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас редакторы:Балалық шақты жазу – балалар әдебиеті емес
– Мемлекет жоғары деңгейде қамқорлық жасамаса балаларымыз шетелдік шығармаларды, басқа елдерден келетін кітаптарды оқиды. Сондықтан бұл істі дереу қолға алған жөн. Мемлекет, қоғамдық ұйымдар, әдеби бірлестіктер демеушілік жасап, балалар әдебиетіне көңіл бөлуі керек. Қазақтың қалталы азаматтарының басын қосып, балалар әдебиеті бойынша проза, поэзия, драматургия, комикс секілді түрлі жанрға әрқайсысына бөлек-бөлек байқаулар ұйымдастырылуы керек. Сол кезде ақын-жазушылар қаламақы үшін жақсы шығармалар жазар еді. Жүлде қоры өте қомақты болмаса болмайды. Сонда ғана қаламгерлер балалардың психологиясын зерттеп, кірісе бастайды. Байқаулардан үздік шыққан шығармалар жинақ болып шығып, ол кітапханаларға тарауы тиіс. Қысқаша айтқанда, мемлекеттен осындай кешенді қолдау болмаса балалар әдебиеті тұралап қалғаны қалған. Қазіргі балалар әдебиетін жазып жүрген қаламгерлердің жасы 60-70-тен асып кеткен кісілер. Ал жас буын өте аз. Саусақпен санарлық. Осы қатарды көбейту үшін бағдарлама қажет. Мәдениет және спорт министрлігі мен Жазушылар одағы тарапынан үздік қаламгерлерді шетелге шығарып, ондағы жүйемен таныстыруы керек. Қазір қаламгер мен баспа, әдеби агент пен оқырман арасында байланыс, Кеңес кезіндегідей жүйе жоқ. Балалар әдебиетіне де мықты әдеби агент керек. Сонымен қатар БАҚ-тың насихаты, ақпараттық қолдауы да кемшін. Жазушылар қазіргі заманға сай жаза алмай жүр. Журналдың жұмысымен үнемі мектептерді аралаймын. Сонда балалардан: «не нәрсеге қызығасыңдар, не оқығыларың келеді?» деп сұраймын. Зерттеу көп жүргіземін. Өкінішке қарай, алдыңғы буын ағалар мен кейінгі балалардың арасында байланыс болмай қалды. Олардың сұранысын зерттеу керек. Сонда ғана балалар әдебиеті өркендейді. Мысалы, өткен замандағы бір жазушының балалық шағы қазіргі баланы қызықтырмайды. Тек қана балалық шақты жазу – балалар әдебиеті емес. Сондықтан қазір қиялды шыңдайтын фентези жанрына көбірек көңіл бөлу керек. Комикс, шытырман жанры бар. Жалпы, әдебиетке көңіл бөлмей болмайды. Бірақ бірінші балалар әдебиетінен бастау керек. Сонда ғана біз келешек оқырмандарымызды қалыптастыра аламыз. Балалар әдебиетіне жазатын қаламгерлер бағаланбайды. Мұзафар Әлімбаевтан кейін Мемлекеттік сыйлық алған ешкім жоқ. Былтыр балалар ақыны Байбота Қошым-Ноғай Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған болатын. Бірақ бермеді. Сондықтан «Алаш» әдеби сыйлығын, Мемлекеттік сыйлықты беретін кезде балалар әдебиетінің өкілдері ескерілуі тиіс. Раиса Сайранқызы ҚАДЫР, Steppe & World баспасының директоры:Әр бала – идеалист
– Балалар мен жасөспірімдерді кітапқа қалай қызықтыру керек дегенде, ең бірінші ойға отбасы оралады. Бәрі отбасынан басталады. Балаға «бүйт-сүйт» дегеннен гөрі, іспен берген тәрбиенің мәні зор. Үйде кітап, газет-журнал болса, ата-ана оны оқып жатқанын көрсе, баланың қызығушылығы сонда оянады. Мысалы, біздің үйде өте көп кітап бар еді. Әсіресе, әкеміз кітапты көп оқитын. Менің кітап оқуыма әкем үлгі болды. Қазір өзім де балаларыма кітап көп алып беремін. Балаларыммен бірге кітап дүкендеріне барамыз. Біз көп жыл Еуропада тұрдық. Сонда аптасына екі рет кітап дүкендеріне баратын едік. Өйткені онда адамға жайлы. Балалар да ол жерде өздерін еркін сезінетін. Олар кітап дүкенінде жүріп, кітаптарды көріп, оқып қызықтайтын. Екінші, мектептегі мұғалімдері де оқушыны кітапқа ынталандыруы қажет. Кез келген кітапты қызық энтузиазммен айтып берсе, қызықпайтын бала болмайды. Сосын ауылдық, аудандық кітапханашылардың балаларға деген қарым-қатынасы, олардың кіріп келгенде немқұрайды қатынасуы, салқын амандасуы, қабағын түйіп тұруы кері әсер етеді. Балаларды үнемі жылы қарсы алатын қандай кітаптар қызықты екенін айтып беретін, жанға жайлы атмосфера қалыптастырып, қызмет сапасын жоғары қою керек. Қазіргі балалардың қызығуы 10 секундтай ғана. Мысалы, бір мультик ұнамаса екіншісіне өтіп кетеді. Сондықтан кітапқа өте шыдамдылық керек. Алғаш кітап оқитын кезде ата-ана бірге отырған жөн. Балама алғашқы кезде кітапты өзім оқып беремін, одан кейін әріп тани бастағанда, кезектесіп оқитын едік. Балаларды қызықтырудың тәсілі көп қой. Біздің баспа көбінде аудармаға мән беріп отырғандықтан, қазір еуропалық және америкалық жазушыларды оқып жүрмін. Қазақстандық қазіргі жас қаламгерлердің көбін тани бермеймін. Менің ойымша, талантты жазушылар бар. Баспагер ретінде менің қаламгерге қоятын талабым, әрине шығарма мықты болуы, бүгінгі баланың ойында не бар, не нәрсеге қызығады, соны өте жақсы білуі керек. Қазіргі коронавирус пандемиясынан кейін қоғамда, отбасында болсын жалғызсырау, күйзелу, үрей көп. Мысалы, қоғамдағы түрлі әділетсіздікті, бай мен кедейдің арасындағы айырмашылықты қазіргі балалар қалай қабылдайды? Қоғамдағы құбылысты балалар да білуі керек, жасөспірімдер қалай қабылдап жатыр, соның бәрін түсіну – бұл өмірдің реализмі. Сосын балалардың идеалы не дегенді білу керек. Өйткені әр бала идеалист болады. «шіркін сондай болса ғой» дейтін өзінің ішкі идеясы бар. Сондықтан реализм мен идеализмнің симбиозын тауып жазған қаламгер ұтады. Қазақстандағы қаламгерлердің іздену аясы тар сияқты көрінді. Екінші тіл – орыс тілі. Одан ары қарай жоқ. Оқыса орысша оқиды. Сонымен шектеліп қалады. Мысалы, Роулиң ханымды айтайын, ол өзінің ағылшын тілін мықты білді, оның сыртында француз, неміс, португал тілдерін еркін меңгерген. Сондықтан біздің қаламгерлер де сондай болса, шамасы келсе шетке шығып, жақсы идеялар әкелсе, жас қаламгерлер сын қабылдай білсе, сосын жазғанын 100 рет өзгертуге дайын болса деймін. Барлық жазушы кітабын шығарып қана қоймай, әр өңірге барып, кездесулер өткізіп, кітабын өзі таныстыруы керек. Бақтыгүл МАХАНБЕТОВА, халықаралық әдеби агент:Біздің әдебиет әлемдік аренаға шықса, оқырман қызығар еді
– Елімізде балалар әдебиетін жолға қою енді басталды. Осы орайда мына нәрсені айтқым келеді. 1953 жылы Швейцарияның Цюрих қаласында Халықаралық жастарға арналған кітаптар кеңесі (IBBY) құрылған. Аталған ұйым әлемнің 80 еліндегі ұлттық бөлімшелері арқылы балалар әдебиетін дамытуда нәтижелі жұмыс істеп келеді. IBBY жыл сайын өзінің жобалары аясында түрлі бағытта әлемдік балалар әдебиетін дамыту шараларын ұйымдастырады. Біздің елімізде биыл алға қойған мақсатты дұрыс пайдаланып, осы ұйымға мүшелікке өтіп, әлемдік үздік технологияларды бірлесе пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізуі керек. Биыл күзде осы ұйымның 37-конгресі Мәскеуде 10-12 қыркүйек аралығында өтеді. Біздің қаламгерлер де сол жиынға қатысып, біраз ақпарат алып, көптеген келісімге қол жеткізуге болады. Балалар әдебиетішілернің арасында жыл сайын өтетін IBBY байқауы және Astrid Lindgren Memorial Award байқауы біздің авторлардың танылуына, шыңдалуына таптырмас мүмкіндік деп білемін. Бір сөзбен айтқанда, IBBY халықаралық сыйлығы балалар әдебиетіндегі Нобель сыйлығы деуге болады. Біздің қаламгерлер соған талпынуы қажет. Өйткені мұндай байқаулар жазушыларды шыңдайды. Ал жүлдеге ие болса ынталанады, кітаптары сатылады. Сол арқылы оқырманның саны артып, оған балалар да қызығар еді. Бұл мәселені көтеріп жүргеніме біраз болды. Бұған мемлекет қолдау көрсетпей болмайды.