27325
Римдегі турнирден қазақ балуандары 11 медаль алды
Римдегі турнирден қазақ балуандары 11 медаль алды
Италия астанасы Рим қаласында Маттео Пелликонаны еске алуға арналған күрес түрлері бойынша халықаралық рейтингтік турнир басталды. Оған 32 елден 350-ден астам спортшылар қатысуда. Қазақстан спортшылары алғашқы күнінен-ақ атойлап алға шықты.
Естеріңізге сала кетейік, бұл жарыста олимпиадалық лицензиялар ойнатылмайды. Жарыстар іріктеу кезінде ескерілетін спортшылардың рейтингіне әсер етеді.
Хорлан Жақанша (55 келі) турнирдің күміс жүлдегері атанды. Финалда Хорлан Ресей балуаны Виктор Ведерниковке 1:11 есебімен жол берді. Грек-рим күресінің шебері шешуші сәтте алтыннан қалай көз жазып қалғанын айтып, жеңілісінің себебін түсіндірді.
«Менің барлық жарыста қайталатын бір қателігім бар. Өзіме тым сенімді боламын да, алдын ала ойша жеңіске жетіп қоямын. Бұл жолы да осы қателік салдарынан сүріндім. Әйтпесе, қарсыласымнан деңгейім төмен емес. Ал жалпы бәсекеге келер болсам, турнир біз үшін жақсы өтіп жатыр. Бір жылдан бері халықаралық турнирлерге қатыспағандықтан, күресті, жарыс атмосферасын сағынып қалыппыз. Бозкілемге сағынып оралдық. Қазақстан біріншілігінен кейін біраз бос уақыт болды. Сол аралықта тынбастан осы турнирге дайындалық. Нәтижесі жаман емес секілді», – дейді Жақанша.
Жансерік Сәрсенбиев (60 келі) кіші финалда америкалық спортшыны жеңіп, үздік үштікке енді.
63 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан балуандары Сұлтан Әсетұлы мен Айдос Сұлтанғали күресуі тиіс болған. Алайда, Сұлтан жасы үлкен командалас ағасы Айдосқа өз жолын беріп, белдесуден бас тартты. Осылайша, Айдос Сұлтанғали турнир жеңімпазы, ал Сұлтан Әсетұлы күміс медаль иегері атанды.
- Біздің спортшылар лайықты өнер көрсетті. Дене дайындығы мен шеберлігі жоғары деңгейде болды. Айта кету керек, финалда 63 келіге дейін салмақта әскери спортшылар Айдос Сұлтанғали мен Сұлтан Әсетұлы жолы түйісті. Турнирдің жеңімпазы Айдос Сұлтанғали, ал күміс жүлдегер Сұлтан Әсетұлы атанды,- деп хабарлады ОСК грек-рим күресінен команданың аға жаттықтырушысы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрым Дүйсенов.
Ал 67 келіде Алмат Кебіспаев қолаға қол созып, түркиялық балуанды ұтты. Осы салмақтың финалында сынға түскен Мейіржан Шермаханбет Венгрия балуаны Мэт Красзнайды 12:2 есебімен жеңіп, ел қоржынына алтын медаль салды.
Сондай-ақ, 97 келідегі Олжас Сырлыбай чехиялық балуанды 9:0 есебімен ұтып, турнирдің қола жүлдесін иеленді.
Осылайша, бірінші жарыс күнінде грек-рим күресінен Қазақстан командасы екі алтын, екі күміс және үш қола медаль жеңіп алды.
Жарыстың екінші күнінің іріктеу кезеңінің нәтижесінде 77 келіде боз кілемге шыққан Асхат Ділмұхамедов пен Тамерлан Шадукаев жарыстың қола жүлдегерлері атанды. Асхат Ділмұхамедов кіші финалда АҚШ өкілі Пейтон Берк Уолшты 8:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты. Тамерлан Шадукаевтың да қарсыласы АҚШ спортшысы болды. Отандасымыз Патрик Харрисон Смиттен 4:0 есебімен басым түсті.
Кезекті жүлдені бұрымды балуандар да салды. Әйелдер күресінен 57 келіде сынға түскен Эмма Тисина мен 76 келіде күрескен Эльмира Сыздықова қола жүлдегер атанды. Осылайша жалпы медаль саны 11-ге жетті.
Айта кетелік, бұл қазақстандық балуандардың бір жылдық үзілістен кейінгі алғашқы жарысы.