228
Сенат төрағасы Ұлыбритания елшісімен кездесті
Сенат төрағасы Ұлыбритания елшісімен кездесті
Қазақстан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Майкл Джон Гиффордпен кездесті.
Кездесу барысында парламентаралық байланыстар арқылы екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жайында сөз болды. Сенат Төрағасы Қазақстанның Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасуының стратегиялық маңызы бар екенін айтып, еліміз жақсы инвестициялық ахуал қалыптастыруға баса мән беретінін жеткізді.
«Біз өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыра алдық. Былтырғы қараша айында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Парламент Салық кодексіне енгізілген түзетулерді қабылдады. Инвестицияның көлеміне, мерзіміне және жұмыс орнына байланысты инвесторлар 10 жылға дейін корпоративті, жер, қосымша құн салықтарынан және мүлікке салынатын салықтан босатылады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың да нәтижелі дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Палата Спикері британиялық жоғары оқу орындары қазақстандық студенттер мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары арасында жоғары сұранысқа ие екенін де атап өтті. Сондай-ақ, ол былтырғы қараша айында Ұлыбританияда тарихта алғаш рет ағылшын тілінде «Abai. Book of Songs» атты Абай әндерінің жинағы жарық көргенін, бұл ұлы ойшылдың мұраларын дәріптеуде аса маңызды екенін айтты.
Бұдан басқа, Мәулен Әшімбаев Ұлыбритания тарапын осыған дейін өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездеріне қатысқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, англикан шіркеуінің өкілдерін алдағы форумға және оның Хатшылығының жұмысына қатысуға шақырды.
«Біздің еліміздің бастамасымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өткізіліп келе жатқаны белгілі. Қазіргі таңда бұл Съезд әлемдегі рухани көшбасшылардың жаңа замандағы өзекті мәселелерді талқылайтын беделді форумына айналды. Біз Англикан шіркеуінің басшылығына Съезд Хатшылығының жұмысына белсенді қатысып келе жатқаны үшін алғысымызды білдіреміз», – деді Сенат Төрағасы.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Қазақстан Парламентінің Сенаты екі елдің арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін тиісті жұмысты жалғастыра беретініне де тоқталып өтті.