51169
Túrkistan-ға сұхбат берген кәріс қызға Президент алғыс хат жолдады
Túrkistan-ға сұхбат берген кәріс қызға Президент алғыс хат жолдады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Хангук шет тілдер университетінің қызметкері, қазақ-кәріс сөздігін құрастыруға көмек сұраған кәріс қызға алғыс хат жолдады.
Нұрай деген екінші есімі бар Ён Сонға Президенттің алғыс хатын Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев табыс етті. Сонымен қатар, аталған іс-шараға Хангук шет тілдері университетінің вице-президенті Шин Жоң Хуан мен Сеулде Ён Сонға қазақ тілін үйреткен профессор Әлия Құрышжан қатысты.
Алғыс хатта «Сенің «Түркістан» газетінде жарияланған сұхбатыңды ықыласпен оқып шықтым. Қазақ тілін жетік меңгеріп, өзгелерге, әсіресе жастарға жақсы үлгі көрсеткенің үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақ-кәріс сөздігін әзірлеу туралы игі бастамаңмен танысып, еліміздің Сыртқы істер министрі мен Білім және ғылым министріне тапсырмамды бердім. Қазақ тілін үйреткен ұстазың – Әлия апайыңа да сәлемімді жеткіз. Алдағы әрбір ісіңе сәттілік тілеймін. Талабыңа нұр жаусын, Нұрай!», – делінген.Естеріңізге сала кетейік, Túrkistan газетінің 2021 жылғы 18 ақпан күнгі санында (№07) «Қазақ-кәріс сөздігін құрастыруға көмектесетін маман іздеймін» деген тақырыппен Хангук шет тілдер университетінің қызметкері Цой Ён Сонның сұхбаты жарияланған болатын.