382
Түркістандық дәрігерлер асқазан көлемін кішірейту отасын жасады
Түркістандық дәрігерлер асқазан көлемін кішірейту отасын жасады
Түркістандық дәрігерлер салмағы 135 кг келетін науқасқа ота жасады. 47 жастағы азамат семіздіктен басқа, артериялық гипертензияға шалдыққан. Қосымша шағымдары да көп. Дәрігерлердің айтуынша, отадан кейінгі он күн ішінде науқас 10 келі салтақ жоғалтып, өзін әлдеқайда жақсы сезінеді.
Асқазанын кішірейткен науқас 15-80 кг-ға дейін салмақ жоғалтады. Алайда дәрігерлер бұл ота соңғы шара, деп түсіндірді. Басқа амалдар таусылған кезде ғана пышақтың астына жатудың мағынасы бар. Түркістан облыстық клиникалық аурухананың жоғары санатты хирург- дәрігері Жеңіс Серғазиннің айтуынша, салмақ жоғалту операцияларының бірнеше түрлері бар. Асқазанды кішірейту операциясы, яғни лапароскопиялық бариатрия пациент жасына, ағзасына байланысты жасалады. Сәйкесінше, нәтижелері де әртүрлі. Соңғы жылдары семіздікке шалдыққан азаматтардың саны артуда.
«Семіздікке шалдыққан науқас бірден операцияға жіберілмейді. Бұл емдеудің қатаң көрсеткіштері болуы керек. Әдетте, алдымен диета және дене шынықтырумен айналысу керек. Кейде психокоррекция қолданылады. Егер мұның бәрі көмектеспесе, онда хирургияға жүгінуге болады. Әдетте операция дене салмағының индексі 35-тен асатын науқастарға жасалады. Бұл көрсеткішті формула бойынша есептеуге болады», - дейді хирург.