Нанның қымбаттауына негіз бар ма?

Нанның қымбаттауына негіз бар ма?

Нанның қымбаттауына негіз бар ма?
ашық дереккөзі
177
Өмірдің өзі қарама-қайшы дүниелерден тұратыны белгілі. Ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, мейірімділік пен қатыгездік. Сол сияқты қоғамда да әр түрлі әлеуметтік топтар бар. Бірінің «қарны тоқ, көйлегі көк», енді бірінің ішерге асы, киерге киімі жоқ. Ал бүгінгідей дағдарыс кезінде қарапайым халықтың көңіліне демеу сыйлайтын жанашыр азаматтардың бары қуантпай қоймайды. Осыдан біраз бұрын Шымкенттегі азық-түлік дүкенінің бірі жұма сайын тегін нан тарататынын естіп, іштей ризашылық танытқан едік. Еркін Ахметов деген азаматтың шағын дү­кеніне жұма күні бет түзейтін жұрт­тың қарасы көп екендігін жер­гілікті ақпарат құралдарынан оқы­ғанбыз. Ал қайырымды жандардың демеушілігімен мұқтаждарға тегін нан тарататын дүкен Алматы қаласында да ашылды. Бұл акция былтырғы жылдың қараша айынан бері тұрақты жүргізіліп келеді.  Еріктінің бірі Елена Козмец ханым Алматы қаласының әйелдер клубымен бірлесіп «Тегін нан ал!» деген қайырымдылық акциясын бастап, әуелгі  кезде тегін нанды қаланың зейнеткерлеріне таратуды қолға алған. «Ақсай-1» ықшам ауданындағы 41 үйде орналасқан «Гном» дүкенінде кез келген азық-түлікке мұқтаж адамға тегін нан беріледі. Сосын бұл акцияға өз еркімен қатысып, қайырымдылық жасаймын деушілерді қуана қарсы аламыз» деген Елена Козмец бүгінде бір бөлке нанға зәру жандардың күн санап артып отырғанын айтады. «Бәлкім, бізде мұнай, газ, алтын, тіпті миллиардтаған қаржы бөлінетін бағдарламалар мен жобалар көп шығар. Бірақ та адамдардың таңғы сағат 6 жарымнан бастап тегін нан алу үшін кезекке тұрғанын көргенде, «мұның игілігі бар ма?» деген ой келеді. Санаулы нан кейде жетпей қалуы да мүмкін. Сондықтан да күн ұясынан шықпай біздің дүкенге ағылатындар көп. Кейбір қарттардың аштықтан сүрең тартқан бет-әлпетін көрсеңіз ғой. Ал кеңестік кезеңнен сүйретіп келе жатқан аяқ киімдеріне қарап жаның ашиды. Әрине, көбінің зейнетақысы коммуналды төлемдерге, дәрі-дәрмекке кететіні белгілі», – дейді ерікті ханым. Бүгінде тегін нан алуға жұмыс­сыз­дар да, кейде көпбалалы аналар да келеді. Алайда мұқтаж жандардың бәрін нанмен қамтамасыз ету қиын. Қазірдің өзінде бұл акцияға үлес қосып жатқан қайырымды жандардың қатары көбею үстінде. Күн сайын 80 бөлке нанды тегін тарататын ұйым­дастырушылар бұл акция әлгіндей мейірім шуағы төгілген адамдардың қолұшының арқасында жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті. Ең өкініштісі, кейбір өңірде нан бағасын көтеріп жатқанға ұқсайды. Мәселен, астықтың отаны – Қызылжар өңірінде бір бөлке нанның бағасы 86 теңгеге шарықтаған. Ал Тараз қаласында бөлке нанның бағасы 55 теңгеден 65 теңгеге өскенде, халық наразылық танытты. Жамбыл облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов ас атасы – нан бағасының өсу себебін былайша түсіндірді. 2016 жылғы 2 ақпаннан бастап бір бөлке нан құны 50 теңге болса, 5 қаңтардан бастап 55 теңгеге қымбаттаған. «20 тамыздан бастан нан 65 теңгеге көтерілді. Бұл тұрақтандыру қорынан қала наубайханаларына  жеңілдікпен жеткізілетін ұн тоқтатылуына байланысты орын алды. Әкімдіктің КӨБ қаланың 200-ден астам дүкеніне  (қала бойынша 600 дүкен) мониторинг жүргізді. Дүкендерде бір бөлке нан құны – 65 теңге. Сауда нүктелеріне жеткізушілер 63 теңгеден өткізеді. Ал дүкендерде нан бағасы 65 теңгеден асқан жоқ», – деді ол. Десе де, қазір өңірде ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің  Жамбыл  облысы бойынша департаментінің қатысуымен арнайы комиссия құрылып, нан бағасының көтерілу себебін анықтауға кірісті. Айта кету керек, Тараз әкімінің өкімімен 2015 жылғы тамыздан бастап әлеуметтік маңызды тауарларға бағаны реттеу бойынша қалалық штаб жұмыс істеп келеді. Бұл штаб дүкендерге, басқа сауда нүктелеріне тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Биыл еліміздің астық қамбасы толатын түрі бар. Себебі бітік шыққан бидайға орақ та түсті. Айталық, 15 қыркүйектегі есеп бойынша 9667,1 мың гектар орылып, 14,4 млн тонна өнім бастырылды. Алдын ала болжам бойынша жалпы ауылшаруашылғы дақылдарының жиын-терімі 22 млн тоннадан асады. ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов: «Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы шамамен 21,7 млн гектарға жетті. Егіс алқабында дәнді-дақылдың үлесі – 15,4 млн гектар, майлы дақылдар – 2 млн, бақшалық өнімдер мен картоп – 426, 7 млн гектар», – деді. Демек, нан бағасының қым­бат­тауына еш негіз жоқ. ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті  жергілікті облыстық әкімдіктерімен бірлесіп, азық-түлік бағасын үнемі қадағалауда ұстауы тиіс. Онсыз қолында билігі бар монополиялардың қулығына құрық бойламайтыны белгілі.  

Динара Мыңжасарқызы

 

Серіктес жаңалықтары