Оңтүстіктегі ілкімді жобалар - Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов есеп берді

Оңтүстіктегі ілкімді жобалар - Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов есеп берді

Оңтүстіктегі ілкімді жобалар - Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов есеп берді
ашық дереккөзі
246
Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Бейбiт Атамқұловты арнайы қабылдаған болатын. Кездесу барысында өңiрдi әлеуметтiк-экономикалық тұрғыдан дамыту, оның iшiнде ауыл шаруашылығы, өңдеу саласы, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерi талқыланып, бірқатар тапсырмалар жүктелгені белгілі. Елбасы қадап айтқан тапсырмаларды орындау барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов облыстық мәслихаттың төртінші сессиясында кеңінен айтып, талаптар мен міндеттермен таныстыра кетті. Бүгінде облыста мемлекеттік бағдарламалар нәтижелі түрде жемісін беруде. Ел игілігіне арналған шаралар әлі де жалғасын табуы заңдылық. Осыған орай, өңірдің алдағы бес жылға бағытталған даму бағдарламасының бекітілуі бекер емес. Бұл істе көшбасында тұрған Шымкент, Кентау, Түркістан, Созақ, Түлкібас, Мақтаарал, Қазығұрт аудандарында ашылған 7 индустриалдық аймақтың табысты жұмыс істеп жатқаны белгілі. Қазір индустриалдық аймақтарда 52 жоба іске асырылып, 4 025 жұмыс орны ашылды. Ал «Индустриалды-инновациалық даму» бағдарламасы аясында 27 млрд теңгеге 16 жоба іске қосылып, 845 жұмыс орнын құру жоспарланса, жыл басынан бері 2 жоба жүзеге асты. Атап айтқанда, «Шымкентмай» АҚ – өсімдік май өндірісін ұлғайту жобасына 1,9 млрд теңге жұмсалып, 26 жұмыс орны ашылды, ал азық-түлікті жылдам әзірлейтін «Lotus Food Company LLC» ЖШС-на 471 млн теңге бөлінген. Бүгінде мұнда 48 адам жұмыс істейді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың сөзіне қарағанда, өңір қай жағынан да алда келеді. Мәселен, бағдарлама аясында бюджетке түскен салықтардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 804 млн теңгеге артып, 5,4 млрд теңгені құраған. 6 айда өнеркәсіп кәсіпорындары 384 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 5,3 пайызға артқан көрінеді. Демек, облыс өсім бойынша да көш бастап тұр. «Өңірдің аграрлы екенін ескере отырып, ауыл шаруашылығының дамуына ерекше назар аударылуда. Саланы қолдауға жалпы 29 млрд теңге бағытталып отыр. Егіс көлемін ұлғайту, иесіз жерлерді игеру, заманауи технологиямен тамшылатып суғару әдісін кеңінен енгізу, жылыжай және қарқынды бау құрылыстары, мал басын асылдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 123 млрд теңгені құрап, 2 пайызға артты. Егіс көлемі өткен жылдан 13 мың гектарға артып, 788 мың гектарға жеткен. Сол сияқты суармалы 466 мың гектар жердің 93 пайызы игерілуде», – деді облыс әкімі. Бір айта кетерлігі, биылғы егін бітік шығып, жер емген шаруалардың көңілі тоқ. Мәселен, дәндік жүгеріден 108,4 мың тонна, көкөністен 811 мың тонна, бақшадан 1 252 мың тонна, картоптан 195 мың тонна, масақты дақылдардан 470 мың тонна өнім жиналды. Алғаш рет бидайдың орташа өнімділігі 22 центнерді құрап, рекордтық өнімге қол жеткізілді. Ал тамшылатып суғару әдісі қосымша 6 мыңға жуық гектарға енгізіліп, жалпы көлемі 49,7 мың гектарға жетті. Әрине, молынан жиналған өнімнің көбі жұмысты жаңаша ұйымдастыру нәтижесінде алынды: қосымша 72 гектарға салынған жылыжайлардан 80 мың тонна көкөніс өнімдері жиналды. Шаруа қожалықтарының кәсібін дөңгелетіп әкетуіне арнайы қаржы ұйымдары тарапынан берілетін несие мен субсидиялардың көмегі ауадай қажет. Осы мақсатта жыл басынан фермерлерге «Ырыс» қаржыландыру ұйымы арқылы төменгі пайызбен 486 жобаны қаржыландырылуға 1,2 млрд теңге көлемінде несие берілді. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша 35 мыңнан аса мал басы сатып алынса, 4 мыңнан астам ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 47 кооперативтер құрылып, 9 МТС ашылды. Елбасы атап өткен инвестиция тарту мәселесі оңтүстік өңірдің экономикалық даму стратегиясы бағдарламасынан түскен емес. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізіліп келетін «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумының берері көп. Нәтижесінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 2 млрд АҚШ долларынан астам 24 жоба іске асырылды. Ал шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға серпінді түрде үлес қосқан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 6 айда 54 млрд теңгеге 117 жоба мақұлданып, 983 жұмыс орны ашылды. Жалпы бағдарлама қатысушылардан бюджетке 6,7 млрд теңге салық түсіп, өткен жылмен салыстырғанда 409 млн теңгеге артқан. Бұдан бөлек «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» 19 905 кәсіпкерге қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Осындай игі бастамалардың жүзеге асуы жергілікті халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігін көтеретіні анық. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Бейбіт Атамқұловтың баяндамасында күнгейде әлеуметтік салаларға да айрықша көңіл бөлінетіні кең айтылды. «Ең алдымен денсаулық сақтау саласына келсек, биыл 10 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, салынуда, 8 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Таяуда Түлкібас ауданындағы ауылдық емхана іске қосылды. Облыста әлемдік медицинадағы озық технологияларды қолданудың арқасында балалар қан тамыр хирургиясын дамыту қолға алынды. Ал медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында қызметкерлердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлінуде. Бір айта кетерлігі, нәрестелер өлімі 13 пайызға, қан айналымы аурулары 15 пайызға, туберкулез 24 пайызға, ал онкологиялық дертке шалдыққандар саны 2 пайызға төмендеді», – деді облыс әкімі. Әлеуметтік саланың маңызды тармағы – білім беру. Биыл 37 мектепке дейінгі мекеме ашылып, жалпы саны 1 561 бірлікке, балаларды қамту көрсеткіші 82,3 пайызға жеткен. Бүгінгі таңда 42 мектеп, 6 балабақша іске қосылып, нәтижесінде 11 апатты жағдайдағы мен 9 үш ауысымдық мектептердің құрылысы аяқталды. Білім алуға қолайлы жағдай жасалған мектептерде оқушылардың жетістіктерге жетуі де заңдылық емес пе?! Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша, облыстың орташа балы 77,7-ні көрсеткен. Республикадағы ең жоғарғы 125 балды жинаған 19 бітірушінің бесеуі оңтүстік өңір түлегі. Бүгінде облыстың төңірегінде тұратын елді мекендердегі басты түйткіл – жұмыссыздық. Еліміз жұмыссыздықпен күресу үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама да қабылдағаны мәлім. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында жартыжылдықта 33 383 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Нәтижесі жаман емес. Жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызға азайып, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,6 пайызға төмендеген. Мұнымен қоса, облыс әкімі спорт, мәдениет ошақтарының да жай-жапсарын тілге тиек етті. Бұл бағытта да оңды істерге екпін түсірді. «Биыл 5 мәдениет үйі, 1 мұражай пайдалануға берілді. Бұдан бөлек бір спорт кешені іске қосылды. Жыл басынан бері облыс спортшылары чемпионаттар мен біріншіліктерге қатысып, 403 алтын, 392 күміс, 384 қола медальға қол жеткізді. Рио-де-Жанейрода өткен жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына 1 күміс, 1 қола медальді облыстың спортшылары салғаны дүйім жұртқа белгілі», – деді облыс әкімі ризашылықпен. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының кез келген елді мекеніне барсаңыз, бейқам жатқан жанды көрмейсіз. Бәрі де «Еңбек етсең, емерсің» деген тәмсілді берік ұстанған. Егін егіп, жемісін өз ауласынан жеген шаруалардың жағдайы жылдан жылға жақсара түсуде. Бұрын сусыз қалған ауылдарға су құбырлары жүргізілді. 7 елді мекенде (5,6 мың халық) жаңа ауыз су құбырларының құрылысы жүргізіліп, 14 елді мекендегі (59,5 мың халық) тозығы жеткен ауыз су жүйелері жаңартылу үстінде. Сол сияқты құрылысы жүргізіліп жатқан 33 газ нысандарының 12-сі пайдалануға беріліп, жыл аяғына дейін 25 елді мекенге көгілдір отын келеді. Сөз соңында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Атамқұлов мырза Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бірқатар маңызды іс-шараларды өткізу мәселесін де назардан тыс қалдырмады. «Бұл мерейтойды жалпыұлттық сипатта өткізіп, елімізде Тәуелсіздік құндылықтарын нығайтуға баршамыз атсалысуымыз керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Елбасы жүктеген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және «Мәңгілік ел» Ұлттық идеясын толық жүзеге асыратынымызға сенімдімін», – деп түйіндеді ойын әкім.  

Серіктес жаңалықтары