Талабыңа нұр жаусын, Нұрай!

Талабыңа нұр жаусын, Нұрай!

Талабыңа нұр жаусын, Нұрай!
ашық дереккөзі
1227
«Сүйінші! Túrkistan газетіндегі сұхбатымды оқып, Қазақстанның Президенті маған, Кореяға хат жолдады. Өңім бе, түсім бе, сене алар емеспін!» дейді Нұрай қыз, редакция ұжымымен қуанышын бөлісіп. Міне, жаңалық! Қияндағы корей елінде жүріп, қазақ тілінің жоғын түгендеген бойжеткеннің сұхбатын газетке жарияларда ұжымымызбен оның ниетіне сүйсініп едік. Мемлекет басшысының өзі ерекше ықылас танытып, қолдау білдіргеніне тіпті қуанып қалдық. Еске сала кетейік, газетіміздің 2021 жыл­ғы 18 ақпандағы санында (№07) «Қа­зақ-кәріс сөздігін құрастыруға кө­мектесетін маман іздеймін» деген та­қырыппен Хангук шет тілдер уни­вер­ситетінің түлегі әрі қазіргі қызметкері Цой Ён Сонның (қазақша есімі – Нұ­рай) сұхбаты жарияланған болатын. Онда Оңтүстік Кореяда жүрегін емдет­кен қазақ баласының орыстілді аудар­ма­шыны түсінбей, қиналғанын естіген Ён Сон қазақ тілін жетік меңгеріп, ау­­­дармашы болуға бел буғанын, со­ны­мен қатар, қазақ-кәріс сөздігін құрас­ты­руға көмектесетін маман іздеп жүр­генін айтқан еді. Міне, осы сұхбат­ты оқыған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрайға арнайы хат жолдады. Ал Президенттің аманатын еліміздің Оңтүстік Кореядағы елшісі Бақыт Дүйсенбаев жеткізді. Мемлекет бас­шысының хатында «Сенің Túrkis­tan газетінде жарияланған сұх­ба­тың­­ды ықыласпен оқып шықтым. Қазақ тілін жетік меңгеріп, өзге­лерге, әсіресе жастарға жақсы үлгі көрсет­кенің үшін ризашылығым­ды білдіремін. Қазақ-кә­ріс сөзді­гін әзірлеу туралы игі бас­тамаңмен танысып, еліміздің Сыртқы істер министрі мен Білім және ғылым ми­нистріне тапсырмамды бердім» – деп жазылыпты. Бәрекелді! Түсіне білгенге, қазақ тілінің жана­шыры болып жүрген өзге елдің аза­матына құрмет көр­сеткен Президент ана тілін білмейтін көп қазаққа ой са­лып отыр. Оның үстіне, Мемлекет басшысының билік пен бұқара ара­сындағы дәнекер – бас­пасөзге шыққан әрбір өзекті мәселені назардан тыс қалдырмай, ерекше көңіл бөліп отыратыны да біздің атқа­мінерлердің талайына үлгі. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлының ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған ел тағдырына қатысты қайсыбір шетін мәселеге өз пікірін білдіріп, қайғыда да, қуанышта да ел­мен бірге екенін үнемі сездіріп оты­ра­тыны қуантады. Бүгінде Оңтүстік Кореяда білім іздеп, ем алып, нәпақасын тауып жүрген отан­дастарымыз баршылық. Тілі бө­лек, жат жерде қазақтарға көмекші құрал болсын деп, қазақ-кәріс сөздігін құрастыруға талап­та­нып жүрген Нұрайдың ниеті шы­нында ізгі. Президент Нұрайға жазған ха­тында «Талабыңа нұр жаусын, Нұрай!» деп ақ тілегін білдірген екен. Біздің де тілек осы.

Қазақстан Президентінен хат алуым өмірімдегі ерекше сәт болды

Цой Ён Сон, Хангук шет тілдері универси­тетінің ғылыми қызметкері:  width=
– Бастап­қы­­­да Қазақ­стан­­­ның Оң­түс­тік Корея­дағы елшілігі­нің өкілдері хабарласып, маған Ақордадан арнайы хат келгенін айтқанда сенбедім. Қа­зақ­стан Пре­зи­дентінен хат алуым мүмкін емес деп ой­ладым. Мен туралы естіп-біл­се де хат жазбайтын шығар деп топ­шыладым. Сол себепті бұл туралы алғаш естігенде Қа­зақстан Президентінен хат алатындай ерлік жасаған жоқпын ғой деген ойда бол­дым. Сосын Қазақстанның Корея­дағы елшісі маған қазақ тілін үйреткен Әлия апай мен университетіміз­дің вице-президентінің алдында хатты дауыстап оқып, ресми түрде табыстаған кез­де ғана сендім. Өмірімдегі ерекше сәт болды. Қуа­нышымда шек болмады. Өте риза болдым. Сонымен қатар, хатында жаз­ғандай Президенттің қазақ-кәріс сөз­дігін құрастыруға көмек көрсетуді Қа­­зақ­станның Сыртқы істер, Білім жә­не ғылым министрліктеріне тапсырғаны ме­ні қуантты. Менімен қоса ата-анам да қат­ты қуанды. Олар да мен секілді бас­тапқыда сенген жоқ. «Қызымыз басқа елдің Президентінен алғыс хат алды» десе, көпшілік сенбейді ғой. Ата-анам қа­зақ тілінде ештеңе түсінбесе де, менің қа­зақ тілінде еркін сөйлей алатынымды мақ­тан тұтады. Екі жыл бұрын Қазақ­стан­ға бірге саяхат жасағанбыз. Сол кез­де олар Қазақстанның табиғатын қат­ты ұнатқан еді. Жалпы, Қазақстан Пре­зиденті жолдаған алғыс хатында тек ма­ған емес, сонымен қатар мені тәр­биелеп өсірген ата-анама да ризашылық білдірді деп түсінемін. Осы ретте қазақ тілін дамытуға де­ген бастамамды қолдап, арнайы хат жол­даған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға алғыс айтамын! Со­нымен қатар, менен сұхбат алған Túrkistan газетінің ұжымына да айтар ал­ғысым шексіз!

Нұрайды қазақ тіліне деген құрметі үшін бағалаймын

Әлия ҚҰРЫШЖАН, Хангук шет тілдері университетінің профессоры:  width=
– Túrkistan газетін бұ­рын­нан оқимын. Тек оқып қой­май, студенттерге оқу құ­ралы ретінде сабақта қол­­данамын. Басқа ба­сы­лымдармен салыстырғанда, Túrkistan-ның тілі жатық, материалды беру тәсілі бөлек. Сол себепті өзім сүйіп оқитын газетке шық­қан шәкіртімнің сұхбатын Мемлекет басшысының оқығаны көңіл қуантады. Әлі күнге дейін түгел ұжыммен бірге қуанып, айтып жүрміз. Кеше бұл жаңа­лықты көктемгі семестрді бастап жатқан сту­денттерге айтып бердім. Оларға «Нұрай да бас­тап­қыда сендер секілді қазақ тілінде әріптерді жазып-ай­тып үйреніп жүрген. Нәтижесінде табандылық та­­ны­тып, қазақ тілін жақсы меңгеріп ал­ды. Сен­дер де Нұрай секілді еңбектенсеңдер, осы­лай жемісін көресіңдер» деп жігерлендіріп қой­д­ым. Бастапқыда Нұрай хатта өзімен қоса мені де атап өткенін айтқанда қатты таңғалдым. Негізі, тіл­ді зерттеу, мұны шетелдіктерге оқыту расымен ине­мен құдық қазғандай. Дегенмен күндердің кү­нінде ел Президентінің Сеулде кәрістерге қазақ ті­лін үйретіп жүрген менің еңбегімді бағалап, сәлем жол­дайды деп күткен жоқпын. Сондықтан Нұрай­ды қазақ тілін білуге баулығаным үшін қуаныш­ты­мын. Жалпы, басқа тілдерге үйрететін факуль­тет­тер­мен салыстырғанда біздің факультет онша үл­кен емес. Десек те факультеттердің арасында бәсеке­лес­тік жоғары, сондықтан жұмысымды оңай дей ал­май­мын. Шетелдік студенттерді «Қазақ тілі – әуез­ді тіл, Қазақстан – әдемі ел» деп қызығушылығын ояту үшін талай күш салуым керек. Сосын олардың са­бақ барысында қызығушылығының кеміп қал­мауын қадағалауым қажет. Қырық жыл еңбек өті­лім болса да, қазірге дейін әр сабаққа тыңғылықты дайындаламын, өйткені жыл сайын қатарға қо­сылып жатқан студенттердің талабы басқа, көз­қарасы да өзгеше. Дегенмен студенттерімнің ара­сын­­да өз тағдырын Қазақстанмен байланыстырған, Қазақстан туралы үнемі ойлап жүретін Нұрайдың орны ерекше. EXPO көрмесі кезінде Корея павильонында жұмыс істеуге жастардың арасында конкурс жарияланғанда, тілден емтихан алды. Сол кезде жүзге жуық үміткер қа­был­дау комиссиясының орыс тілінде әзірлеген емти­ханына қатысқан. Ал Нұрай болса, «EXPO Қазақ­станда өтеді. Сол себепті емтиханды Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілінде ғана тапсырамын» деп табандап тұрып алды. Қазақ тілінде нұсқалар әзірлемеген емтихан алушылар сасқалақтап, ертесінде жалғыз Нұрайдан қазақ тілінде емтихан алды. Сол себепті Нұрайды қазақ тіліне деген осындай ерекше құрметі үшін бағалаймын. Со­нымен қатар, еліміздің бейбіт аспан астында өмір сүруіне үлес қосып жатқан Президентімді де ерек­ше құрметтеймін. Мемлекет басшысының әкесінің керемет тұлға болғанын көпшілік жақсы біледі. Ол кісінің зиялы ортада өсіп-өнгені көрініп тұр. Ел басқарумен қатар, қазақ мәдениетіне қызығатын шетелдіктерге көңіл бөліп, сондай-ақ, заман ағымынан қалыспай, әлеуметтік желіге мән беріп жүргеніне өте ризамын.

Қуат ӘУЕСБАЙ

Серіктес жаңалықтары