50256
Дамир Темірәліұлы: Жасанды жүрек жайлы болу үшін адам ағзасын зерттеп жатырмыз
Дамир Темірәліұлы: Жасанды жүрек жайлы болу үшін адам ағзасын зерттеп жатырмыз
Дамир Темірәліұлы әлемдік рейтингте үздік ондыққа кіретін Швейцария жоғары техникалық мектебінің зертханасында зерттеуші болып жұмыс істейді. Бұған дейін Цюрихтегі бірнеше зертханада жұмыс істеген ол қазір жасанды жүрек имплантын құрастыру секілді жауапты іспен айналысады. Алдағы уақытта Қазақстанның егін шаруашылығын жетілдіруге септігін тигізетін жобаларды іске асырып, медициналық оңалту бойынша бар білгенін Қазақстан жастарымен бөліскісі келетін Дамирмен хабарласып, сұхбаттасқан едік.
Біздің анықтама: Туған жылы: 1994 Туған жері: Алматы қаласы Білімі: Назарбаев университеті, Цюрихтегі Швейцария жоғары техникалық мектебі Қызметі: Цюрихтегі Швейцария жоғары техникалық мектебінің зертханасы (ETHZ)[caption id="attachment_141731" align="alignnone" width="329"] Зертханадағы жұмыс барысында[/caption] – Робототехника саласы бойынша білім алған маманның медицинаға қатысы жоқ, тек робот құрастырумен айналысады деп ойлайтын едік. Десек те Назарбаев университетінің робототехника факультетінде білім алған сіздің қазір Швейцариядағы жетекші университеттердің бірінің зертханасында жасанды жүрек имплантын құрастырумен шұғылданып жүргеніңізді естігенде таңғалғанымыз бар. Инженер-робототехник мамандығын меңгерген көптеген маман секілді сіз де бала кезіңізден түрлі техниканы құрастыруға әуес болған шығарсыз? – Дәл солай. Кішкентай кезімде істен шығып қалған техниканы, әсіресе радио мен пульттерді шұқылап, жөндегенді ұнататынмын. Велосипедім сынып қалса да, үлкендерге айтпай, өзім жөндейтінмін. Нәтижесінде механика мен электроникаға деген қызығушылығым Назарбаев университетінде робототехника және мехатроника мамандығын таңдауға септігін тигізді. Мұнымен қоса, 7-сыныптан бастап оқытылатын технология пәнінде еліміздің көптеген мектебінде еңбекке баулуды оқытса, ал біздің мектепте бұл пәннен сабақ берген ағай бағдарлама жасақтауды үйрететін. Сөйтіп, түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленгенбіз. Сонымен қатар, университетте 2-курста оқып жүргенде факультетте сабақ беретін профессордың көмегімен зертханаға жұмысқа тұрдым. Сосын 3-курста Шахмардан Есенов атындағы қор ұсынатын грантты ұтып алып, нәтижесінде Цюрихтегі Швейцария жоғары техникалық мектебінде үш ай тағылымдамадан өттім. Сөйтіп, Назарбаев университетін теориямен қоса, практиканы қатар алып жүріп аяқтадым. [caption id="attachment_141732" align="alignnone" width="1024"] Диплом алу сәті[/caption] – Сосын Цюрихтегі Швейцария жоғары техникалық мектебінде өткен тағылымдаманың пайдасы тиіп, 2017 жылы аталған оқу орнының магистратура бөліміне оқуға түсіп, сол елге қайта келдіңіз бе? – Иә. Бірақ оқуға түсерін түсіп алып, бас тартпақшы болдым. Себебі Швейцария – әлемдегі ең қымбат елдердің бірі. Грантта оқысаң да қосымша қаражатың болмаса Швейцарияда өмір сүру оңай емес. Сол кезде өзім жұмыс істеп жүрген зертханадағы шетелдік профессорға оқуға бара алмайтынымды, астанадан жұмыс қарастыратынымды айтқанымда ол кісі «Жұмысқа кірсең де, басшыңа барып, бұл бала оқуы керек деп айтамын. Швейцарияның қымбат ел екенін білемін, десек те туған-туыстарыңнан қарызға ақша сұра немесе банктен несие ал, сөйтіп, бір семестерге өмір сүруге жететін ақша тап. Бірінші семестерде сабағыңды жақсы оқы. Сосын сол біржылдықтың нәтижесі жазылған қағазды алып, Швейцариядағы зертханалардың меңгерушілеріне «Міне, оқу үлгерімім жақсы. Осында жұмыс істегім келеді. Оқуыммен қатар, жұмысты да қатар алып жүремін. Әйтпесе, мұнда шәкіртақыға күн көру мүмкін емес» деп айтарсың» деп ақылын айтты. Сөйтіп, бірінші семестрді үздік бітіріп, екінші семестрден бастап түрлі зертханалардан жұмыс қарастыра бастадым. Айта кетерлігі, магистратура бөліміндегі оқуым өткен аптада ғана аяқталды. Неге төрт жылға созылды деп сұрасаңыз, оқу барысында санаулы ғана курс алып, бар ынта-жігерімді зертханадағы жұмысқа салдым. Оның үстіне, пандемияға байланысты оқу мерзімі тағы бір жылға созылды. Десек те жұмыс істеу барысында біраз тәжірибе жинадым. Алғашқы жобада арбаға таңылған, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған экзоскелет әзірледік. Олар сол құрылғының көмегімен өздері жүріп-тұра алады. Осы жобаның нәтижесінде адамды оңалту ісіне қызығушылығым арта түсіп, осыған байланысты бірнеше курс оқыдым. Екінші жұмыс орнымда инфаркт салдарынан қан тамырларына, әсіресе қол буынына зақым тиген адамдарға көмектесетін құрылғы жасаумен айналыстым. Негізі, робототехниктер мұндай құрылғылар жасамағанда науқас адамдар терапевт маманның көмегіне жүгініп, түрлі жаттығулар жасау, уқалау-сылау арқылы емделетін еді. Бірақ, робототехниканың басты артықшылығы сол, адам қолымен істелінетін жаттығуларды жеңілдетіп, бұлшықеттерге оң әсер береді. Бұл жобадан кейін де адам денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған құрылғыларды әзірлеуге құлшынысым артып, тынбай еңбектенгім келді. Осы ретте айта кететін жайт, жоғарыда сіз айтып өткендей, көпшілігі робототехника ғылымын тек робот құрастырумен шектейді. Қазақстанға келген кезде туыстарым «Дамир, үй жинайтын немесе ыдыс аяқ жуатын робот жасап берсеңші» дейді. Робототехника – тамыры жан-жаққа жайылған қолданбалы ғылым. Десек те мен бірден медициналық робототехникаға ден қойғаным жоқ. Бұған дейін Назарбаев университетіндегі зертханада жылан робот әзірлегенмін. Мұнымен қоса, EXPO-да туристерге көмектесетін әлеуметтік робот жасағанмын. [caption id="attachment_141734" align="alignnone" width="1024"] Tensegrity роботын әзірлеу кезінде[/caption] – Ал үшінші жобаңыз – жасанды жүрек имплантын әзірлеу жауапкершілігі мол жұмыс екені айтпаса да түсінікті. Бұл жобаға қалай шақырту алдыңыз? – Біздің университеттегі зертханада жүрек имплантын жасауға жауапты жұмыс тобына робототехник маманның көмегі қажет болды. Сөйтіп, мені бұрыннан білетін олар өткен жылдың тамыз айында осы жобаға шақырып, оқуды аяқтасам да, зертханада қалып, жұмыс істеу туралы ұсыныс айтты. Маған мұндай зерттеулер жүргізу өте қызық, себебі өз қолыңмен жасаған құрал-жабдықтың адам өміріне ауадай қажет екенін білесің. Сондықтан бұл ұсынысты қуана қабылдап, осында зерттеуші қызметіне тұрдым. Негізі, аталған жобаның басталғанына екі жыл болды. Жоспар бойынша екі-үш жылда біз әзірлеген жасанды жүректі жануарға салып, эксперимент жасамақшымыз. Өйткені мұны адамға салмас бұрын көп тексерістен өткізуіміз керек. Жасанды жүрек имплантын әзірлеудің маңызы зор, себебі дүниежүзінде жүрек ауруына шалдыққан адамдар өте көп, бірақ донор тапшы. Білуімше, Америкада жүрек ауруымен ауыратын үш жүз мыңға жуық науқас бар, ал сол үш жүз мыңға тек үш жүз донор табылады. Донор табылған күннің өзінде науқас жүрек ауыстыруға кезегін жылдар бойы күтеді. Ал бұл уақыт аралығында жүректің жұмысы нашарлайды. Мұндай жағдайда науқаста екі ғана таңдау бар: ақшасы жетсе, жасанды жүрек салдырту немесе донор табылғанша амалсыз күту. – 2018 жылы Қазақстанда әлем бойынша алғаш рет жасанды жүрекпен жүрген отандасымызға қайта ота жасалып, донордың жүрегі салынған болатын. Сол кезде ғалымдар егер науқас донордың жүрегін салуға дайын болмаса, жасанды жүректі салған жөн. Сол кезде оның жағдайы жақсарады, өкпе артериясындағы қан қысымы да қалпына келеді, содан кейін ол жүректі донор жүрегіне алмастыруға болады деген тұжырым айтқан еді. Соған қарағанда жасанды жүректі бірнеше мәрте алып-салса да мұның зияны жоқ секілді? – Қазақстанда алғаш рет 2017 жылы француздық мамандардың көмегімен сіз айтып отырған науқасқа жасанды жүрек салынған болатын. Донор табылғанша немесе донор жүрегін салмас бұрын науқастың жағдайы түзелгенше салынатын жасанды жүректің атқаратын рөлі орасан. Бізде зертханада «қолданылған» бірнеше жүрек бар. Жоғарыда айтып өткендей, донор жүрегі табылған соң, науқас бұдан бас тартады. Дегенмен жүрек деген алмалы-салмалы ойыншық емес. Оны салу да, ауыстыру да – қатерлі іс. Жасанды жүрегі бар науқасқа көптеген шектеу қойылады. Бұған ерекше күтім қажет. Мысалы, ұшақпен ұшуға болмайды, көп қобалжуға болмайды. Сонымен қатар, олар үнемі жасанды жүректі қуаттайтын құрылғы салынған иыққаппен жүруге мәжбүр. Ал мұның ыңғайсыздық тудыратыны айтпаса да түсінікті. [caption id="attachment_141735" align="alignnone" width="1024"] Дамир әзірлеген, зақымданғанған қол буынын оңалтуға арналған экзоскелет[/caption] – Зертханада өзіңізбен бірге қанша адам жұмыс істейді? – Менімен бірге биомедицина саласы бойынша білім алған мықты маман жұмыс істейді. Негізі, аталған жоба бойынша төрт оқу орнының, атап айтсам, Цюрихте үш, Берлинде бір университеттің зертханасындағы ғалымдар бірлесе жұмыс істеудеміз. Айта кетерлігі, мұнда зерттеу нәтижелерін бірден талдауға болмайды. Өйткені зерттеуіміз адам ағзасының «моторы» саналатын жұдырықтай жүрекке қатысты болғандықтан, дәлелдерді тыңғылықты зерделеп, сараптау қажет. Мысалы, қазір біз жүрек механизміне қатысты зерттеу жүргізудеміз. Зерттеген сайын адамның жүрегін жақсы түсіне бастадым. Әлбетте, жасанды жүректің механизмі адам жүрегіне қарағанда басқаша жұмыс істейді, бірақ екеуінің де сырт келбеті бірдей. Десек те біз денеге көп салмақ түсірмеу үшін жасанды жүректің пішінін адамдікіне қарағанда кіші формада әзірлеудеміз. Қазір эстетика жағынан жасанды жүректен көп шуыл шықпауын, сонымен қатар қуаттаған кезде көп қуат жұмсалмауын қадағалаудамыз. Биологиялық тұрғыда компьютер арқылы жүректің ішіндегі қан айналымын бақылап, қай жерде баяу, қай жерде тез жүретінін зерттеудеміз. [caption id="attachment_141737" align="alignnone" width="1024"] Дамир әріптесімен бірге[/caption] – Өзіңіз оқыған Назарбаев университетінің зертханаларында да түрлі зерттеулер жүргізілетінін білеміз. Дегенмен өзіңіз сол зертханада жұмыс істеген маман ретінде Цюрихтегі жұмыс орныңыздан қандай басты айырмашылықты атай аласыз? – Назарбаев университетіндегі зертханаларда елге пайдасы тиетін көптеген жоба іске асырылып жатыр. Былтыр екі маман жасанды қолдың имплантын әзірлеп, жаңалық жасаған болатын. Қазір жас мамандар қазақ тілі мен сөзін автоматты түрде тану жобасын іске қосты. Оның көмегімен қазақ тілін цифрлық әлемге белсенді енгізуге болады. Жалпы, аталған университеттегі оқытушылар құрамының 80 пайызы шетелден келген профессорлардан тұратындықтан, зертханада шетелдіктер қызыға қарайтын сапалы зерттеулер көп жүргізіледі. Ал мұның Цюрихте жұмыс істеп жүрген зертханадан басты айырмашылығын сұрасаңыз, барлығы қаржыға келіп тіреледі. Алғашында жұмысқа тұрғанда маған басшылықтың «Өзіңе қажеттінің барлығын сатып ал, сосын чекті бізге жібер» деп айтқанын естігенде таңғалғаным бар. Швейцарияда зерттеуіңе қажетті кез келген құрал-жабдықты сатып алуға мүмкіндік бар, тиісінше сол құралдармен көптеген эксперимент жасап, түрлі жаңалық аша аласың. Ал бізде олай емес, жобаға аса қажет құрылғыны сатып алу үшін құжат әзірлеуің керек, сосын ол құжатты бірнеше ай бұрын тапсыру қажет. Сөйтіп, кеңседен кеңсеге жүгіріп жүргенде биыл бұл құралдарды сатып алуға қаржы қарастырылмағанын айтып, көңіліңді су сепкендей басады. Осылайша зерттеулер жасаймын деп, бюро-кратиялық кедергілерге тап боласың. Сөйтіп жүргенде зерттеу жасауға деген қызығушылық төмендеп қалады. [caption id="attachment_141736" align="alignnone" width="1024"] Арбаға таңылған жандарға арналған экзоскелетті тексеріп жатқан кез[/caption] – Әңгіме басында болашақта Назарбаев университетінде бірге оқыған достарыңызбен бірлесе іске асыруды көздеп жүрген жоспарыңыздың көп екенін айтып қалдыңыз. Бұл жоспар медициналық робототехникаға байланысты ма, әлде басқа бағытта зерттеу жүргізбекшісіздер ме? – Университет қабырғасында жүргенде бірге оқыған достарыммен болашақта Қазақстан агромәдениетіне қатысты жобаларды бірге жүзеге асырамыз деп келіскенбіз. Тек оқу бітіргенде көпшілігі алған білімін қайда қолданарын білмей, жан-жаққа тарап кетті. Дегенмен алдағы уақытта барлығымыз жиналып, осы салаға үлес қосуды мақсат етіп жүрміз. Өйткені, қазір елдегі егін шаруашылығы өндірісінде Кеңес өкіметінен қалған, тоз-тозы шыққан ескі технология қолданылады. Ал егін шаруашылығы – Қазақстан экономикасының маңызды саласы. Сондықтан егін шаруашылығын «дөңгелетуге» мүмкіндік беретін сол жобаларды іске асырғым келеді. Сонымен қатар, осы сала бойынша болашақта компания құрғым келетінін жасырмаймын. Елге оралғанда қазір өзім айналысып жүрген медициналық оңалту ісін де назардан тыс қалдырмаймын. Болашақта елдегі жетекші оқу орындарында бұл туралы дәріс оқу жоспарда бар. Сосын өзім оқыған Назарбаев университетінде робототехникалық медицина мамандығы ашылып жатса, ондағы жастарға бар білген-түйгенімді үйретсем деймін. Мұның бәрі енді болашақтың еншісінде. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ