329
Омар ҚЫЙҚЫМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Ата-баба аманат еткен дәстүрді сақтап келеміз
Омар ҚЫЙҚЫМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Ата-баба аманат еткен дәстүрді сақтап келеміз
– Наурыз – қазақ үшін ұлы мереке. Жыл ішінде болатын мерекелердің ішінде ең әуелі ардақ тұтатыным Тәуелсіздік күні болса, екінші асыға күтетінім – әз-Наурыз. Наурыз – мен үшін жақсылықтың, жаңалықтың бастауы.
Кеңес Одағы кезінде Қазақстанның кейбір өңірлерінде Наурыз мерекесі тойланбаған екен. Ал мен туып-өскен Алматы облысы Кеген ауданында біз ес білгелі бұл мейрам атаусыз қалған емес. Бала күнімізде ата-әжелерімізден көріп өскен әдет-ғұрыптарымызды кейін отбасылы болған соң кейін өз шаңырағымызда жалғастырып, Наурызды тойлау дәстүрін сақтап келеміз. Наурыз көже дайындап, ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңға дәм татқызу – жылдағы айнымас дәстүріміз. Күзде соғым сойған кезде жолдасым міндетті түрде наурыз көжеге арналған етті бөлек сақтап, көктемге дейін сүрлейді. Әбден бапталған еттен дайындалған асты мейрам күні үлкен де, кіші де сүйсіне ішеді.
Наурыз көже десе, бала күнімдегі әдемі естеліктер ойға оралады. Мейрам қарсаңында көршілер кезектесе наурыз көже беретін. Бала біткен бір-бір кесемізді көтеріп, жылғадан аққан қар суын аттап-пұттап, дәмді астың иісі шыққан үйге қарай асығушы едік. Үлкен қазанға мол етіп дайындалған наурыз көже бүкіл ауылға жететін. Шақырылған, шақырылмаған қонақ деген болмайтын.
Осыдан біраз жыл бұрын Алматының «Ақсай» ықшамауданында тұратын кезімізде көршілерімізбен бірлесе өткізген аула Наурызы да ерекше естелік болып қалды. Қала бойынша мұндай дәстүрді алғаш рет біз бастаған екенбіз. Ауламыз жайлы газет-журналдар жазып, тіпті телеарналар мерекелік шарамызды арнайы келіп түсіріп кеткен еді. «Ақсайдан» көшкенше ынтымағы жарасқан көршілерімізбен бірге Наурызды тойлау дәстүрін үзген жоқпыз. Ұлттық ойындарымызды жаңғартып, түрлі жарыстар ұйымдастырып, жеңімпаздарды анықтау үшін өз ішімізден комиссия құрып, әуре-сарсаң болып жататын күндерді еске алсам, жаным жадырап сала береді.