242
Ресей Қазақстанға тағы 4 млн доза вакцина жеткізеді
Ресей Қазақстанға тағы 4 млн доза вакцина жеткізеді
Ресей Қазақстанға қосымша "Спутник V" вакцинасының 4 миллион дозасын жеткізеді, деп хабарлайды Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі.
Дүйсенбі күні Қазақстан үкіметінің басшысы Асқар Мамин Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Ол Ресей премьері Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында COVID-19-дың таралуына қарсы күрес және екі елдің экономикасы үшін пандемияның салдарын жою жөніндегі бірлескен шараларға ерекше назар аударылды.
Асқар Мамин Мәскеуде Ресей премьері Михаил Мишустинмен келіссөз өткізді
"Спутник V" ресейлік вакцинасының 4 миллион дозасын Қазақстанға қосымша жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді", - делінген хабарламада."Вирустың таралуын жеңу үшін біздің елдеріміздің күш-жігерін, оның ішінде халықты жаппай вакциналау мәселелерінде үйлестірудің жоғары деңгейі қажет", - деп келтірді Асқар Маминнің сөзін баспасөз қызметі. Үкімет басшылары, сонымен қатар, сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, энергетика және ғарыш салаларындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын одан әрі арттыру мәселелерін талқылады. ЕАЭО форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды. Бұдан бөлек, осы жылдың екінші жартысында Көкшетауда өтетін "Экология және жасыл өсім саласындағы ынтымақтастық" тақырыбына арналған XVII Аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық мәселесі талқыланды. Айта кетсек, Қазақстанға 1 ақпан жаппай вакциналау басталардың алдында Ресейден "Спутник V" вакцинасы бірінші компонентінің 22 мың дозасы жеткізілді. Бүгінде препарат толығымен пайдаланылды.