1214
9 айлық даярлық толыққанды білім бола ма? Қандастарға арналған білім грантының 50 пайызы ғана игеріліп жатыр
9 айлық даярлық толыққанды білім бола ма? Қандастарға арналған білім грантының 50 пайызы ғана игеріліп жатыр
Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі ЖОО-да білім алуға ниетті қандастардың санын арттыруға байланысты жыл сайын ауқымды жұмыс атқарып келеді. Атап айтқанда, олардың мемлекеттік грантпен білім алуына жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, бұрын 2 пайыз болса, кейінгі үш жылдан бері қандастарға арналған мемлекеттік грант 4 пайызға жетті.
Білім және ғылым министрлігінің №554 бұйрығымен 2014 жылы қа-зан айында еліміздің 20-дан астам жоғары оқу орындарында шетелдік қазақ жастарын оқытатын Foundation факультеті құрылды. Бұл бөлімнің мақсаты – Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлерді жалпы білім беруге дайындау және деңгейін арттыру. Сонымен қатар Қазақстанда өмір сүруге бейімдеу. Шетелдегі қазақ жастарын елге тартудың ең тиімді жолының бірі – білім бағыты.
Осы уақытқа дейін мемлекеттік грант негізінде Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Иран, Түркіменстан, Ауғанстан, Қырғыз Республикасы және Еуропаның біраз елдерінен қазақ жастары келіп, білім алған. Мәселен, 2013 жылы мемлекеттік гранттың арқасында әлемнің 9 елінен келген 1 101 қандас талапкер емтиханнан өтіп, дайындық бөліміне түсті. Өзбекстаннан – 557, Қытайдан – 282, Моңғолиядан – 186, Түр-кіменстаннан – 17, Қырғыз Республикасынан – 10, Ресейден – 2 және Австрия, Түркия, Иорданиядан бір-бір студент келген. 900-дей талапкер оқуға түсіп, оның көбі Қазақстан азаматтығын алып, елде тұрақтап қалған. Яғни,
1 101 талапкердің 900-і ЖОО түссе, бұдан кейінгі жылдарда бұл көрсеткіш едәуір төмендеп кеткені байқалады. Мәселен, 2018-2019 оқу жылы 1 200 грант бөлінсе, 2019-2020 оқу жылына 1 000 орын берілген. Ал 2020-2021 жылғы оқу жылына 1 300 білім гранты бөлінді (дайындық бөлімдеріне).
ҰБТ-ға қандастар арасынан 2 025 талапкер өтініш тапсырып, 909 қандасымыз ЖОО-на арналған білім грантын жеңіп алды. Дәл осы көрсеткіш секілді әр жылдары даярлық бөлімінде оқитын 1 000 - 1 200-дей талапкердің 50 пайызы ғана ЖОО-ға түседі екен. Бірақ кейбір мамандардың пікіріне қарағанда бұл жаман көрсеткіш емес. Өйткені басқа елдің білім беру стандартымен 11 жыл білім алған қандастар небәрі 8-9 ай ішінде Қазақстан оқушыларымен бірдей балл жинау қиын. Өйткені шеттен жаңа келген талапкер кемі білім алудан бөлек, жаңа ортаға бейімделу үшін 3-4 айға жуық уақыт кетеді дейді.
Әйткенмен, нәтижелі жұмыс аз емес. Мәселен, өткен жылы «Отандастар қоры» және Назарбаев университеті бірлесе отырып, қандастарға арналған «Абай грантын» алғаш рет қолға алды. Оған жалпы шетелден 400 талапкер өтініш тапсырған. Оның 53-і ұлты қазақ, яғни шетелдік қандастар. Нәтижесінде алғаш рет ашылған «Абай грантын» 13 қандасымыз иленген. Бір қызығы «Абай грантын» иеленгендердің ішінде АҚШ және Канада елдерінен конкурсқа түскен қандастар да бар екен. Со-нымен қатар Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан қандастар «Абай грантын» иеленді. Өткен жылы алғашқы бастамасы болғандықтан, бұл нә-тиже де жаман емес деуге болады.
Сондай-ақ, 2021-2022 оқу жылына республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдарында жоғары оқу орындарының дайындық бөліміне 1 300 орын бөлінді. Биылғы дайындық бөліміне түскен талапкер қандастар онлайн ҰБТ байқау сынағынан өтіп жатыр. Онлайн ҰБТ байқау сынағына қандастар шетелде отырып та тапсыра алады.
Қуандық ҚҰЛМАНОВ, Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дайындық бөлімінің жетекшісі:
4 жылда 400-дей қандас Еуразия ұлттық университетіне түсті
– Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының дайындық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастыру ережесін бекіту туралы» №554 бұйрығына сәйкес, 2017-2018 оқу жылында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің №1300-с «13» 10.2017 жылғы бұйрығы бойынша дайындық бөлімі ашылған болатын. Алғаш 2017 жылы 47 талапкер білім алды. 2018-2019 оқу жылында дайындық бөлімінде 193 талапкер, 2019-2020 оқу жылында 165, ал, 2020-2021 оқу жылында 146 талапкер білім алып жатыр. Талапкерлер негізінен Моңғолия, Қытай, Өзбекстаннан келген қазақ жастары. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дайындық бөлімінің талапкерлерге бекітілген сабақ кестесі бойынша жоғары оқу орындарына түсу үшін «Оқу сауаттылық», «Математикалық сауаттылық», «Қазақстан тарихы» және таңдау пәндерінен сабақ өткізіледі. Талапкерлер жатақханамен толық қамтамасыз етілген. №6,7 Студенттер үйінде тегін тұруларына жағдай жасалған. Бұл ретте, университетіміздің ректоры Ерлан Бәтташұлының қандастарға деген қамқорлығы зор. Төрт жылдан бері білім беріп келе жатқан дайындық бөлімінде көптеген ауқымды жұмыс атқарылды. Талапкерлер университет қабырғасында білім алып қана қоймай, түрлі мәдени іс-шараларға да белсенді түрде қатысады. 2019 жылғы Жастар жылына арналған «Ел және еңбек», «Байырғы әдеби тіл құндылығы және тәуелсіздік мұраты», «Тәуелсіздік – тұғырым», «Денсаулық – зор байлық», «Салауатты өмір – ұлт болашағы», «Қоғамдағы жастардың діни сауаттылығын қалыптастыру», «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» атты түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, ой-пікірлерін шыңдауда. Біздің дайындық бөлімін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі біледі. Өйткені өткен жылы сәуірде Президент атына Моңғолиядағы қандастарымыздың алғысын арқалаған хат келді. Хатта қандастарымыз осынау қиын-қыстау заманда Қазақстанға білім алу үшін келген қаракөздерге қамқорлық көрсетіп, барлық жағдай жасап отырған мемлекетімізге, осындай жағдайдың жасалуына пәрмен беріп, бақылауда ұстап отырған Президентке ризашылығын білдірген. Ал енді проблемаларға келсек, Қытайдағы жастар құжат тапсыру кезінде аздаған кедергілерге кездеседі. Сонымен қатар, қазіргі карантин жағдайы да біршама қиындық тудырып отыр. Ал жалпы алғанда біздің дайындық бөліміне келген талапкерлердің 90 пайызы ЖОО түседі. Көбі өзіміздің ЕҰУ-да оқуын жалғастырып жатыр. Оның ішінде Қазақстан азаматтығын алып, артындағы іні-қарындастарын елге тартып жатқандары да бар. Бұл ретте біздің дайындық өзгелерге үлгі болып отыр десек артық болмас. Дидар БОЛАТ, «Отандастар қоры» КеАҚ жоба координаторы:Қандастар үшін Қазақстанның 11 жылдық мектеп бағдарламасын игеруге 9 ай жеткіліксіз
– Бүгінде атажұртқа келген этникалық қазақтарды қолдау аясында қандастарды тарихи Отанына шоғырландыру бойынша мемлекет тарапынан көптеген игі істер атқарылып келеді. Ол – шетелдегі қандастарды Қазақстанға шақырудың бірегей жолы – атамекенде тегін білім алуға мүмкіндік жасау. Соңғы өткен Құрылтайда Елбасы шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына жағдай жасау үшін қандастарға бөлінетін квотаны 2 есе көбейту (2 пайыздан 4 пайызға дейін) туралы тапсырма берген болатын. Бірақ жыл сайын квота арқылы берілетін гранттар толық игерілмей келеді. Өйткені, қандас талапкерлер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу біршама қиын. Мәселен, жоғары оқу орындарының дайындық бөліміндегі 9 ай мерзім оқу олардың 11 жылдық Қазақстанның мектеп бағдарламасын игеруге жеткіліксіз екені байқалады. Сондықтан Қазақстанда мектеп қабырғасында білім алмаған оқушыларға тестілеудің талаптары жеңілдетілуі керек. Бұл мәселе көптен айтылып та жүр. Сонымен қатар мұндай халықаралық тәжірибеде бар екенін айтқан жөн. Бұдан бөлек, қазір білім алуға келген қандастардың санын арттыру үшін көптеген жұмыстар жүргізуде. Мәселен, шетелдегі қазақ мектептерінің оқушыларымен, қоғамдық белсенді жастармен «Қандастардың Қазақстанда білім алу мүмкіндіктері» тақырыбында онлайн семинарлар өтеді. Қазақстанның жоғары оқу орындарын шетелдерде жарнамалау секілді ауқымды жұмыстардың бірі – Ұлттық тестілеу орталығының қолдауымен қандас талапкерлер арасында Ұлттық біріңғай тестілеуден байқау сынағын өткіздік. Жалпы, 1 482 талапкердің 1 060-ы сынақты сәтті тапсырып шықты. 24 талапкер поштасы қате көрсетілген және мүлде көрсетілмеген. 398 талапкер әр-түрлі техникалық ақауларға байланысты қосыла алмады. Қосыла алмауына берілген логин мен парольдің қате жазылуы, сервердің тоқтап қалуы, телефон арқылы қосылу, ннтернеттің сапасыздығы кері әсерін тигізді. «Отандастар қоры» КеАҚ ұсынысымен өткен жылы шекараның ар жағында қалған қандастар үшін алғашқы рет ҰБТ «онлайн» форматта өткізілген болатын. Биыл ахуалдың қалай болатыны әлі белгісіз. Осыған орай қандай жағдай болса да дайын болу үшін байқау сынағын өткіздік. Өйткені, жыл бойы дайындалған талапкер ҰБТ кезінде психологиялық тұрғыда дайын болуы үшін. Онлайн байқау сынағын ұйымдастыруға қолдау білдірген шетелдегі қазақ орталықтарына, қазақ мектептері ұжымына, Қазақстандағы ЖОО дайындық бөлімдеріне және Ұлттық тестілеу орталығына «Отандастар қоры» атынан алғыс айтамыз. Ербол ТІЛЕУБЕРДІ, химик, PhD доктор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ЖОО дейінгі білім беру факультеті деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары:Қытайдағы қандастарды онлайн оқытуда қиындықтар бар
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шетел азаматтарына арналған дайындық факультеті 1985 жылдың маусым айында КСРО-ның Жоғарғы және орта арнаулы білім беру министрлігінің № 425 бұйрығымен құрылған. Ал 1995 жылы талапкерлердің сан жағынан артуына байланысты жалпы білім беру кафедрасының оқытушылар құрамын арттырып, жаңа міндеттерді қолға алды. 2011 жылдан бері «жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті» деп аталып, оның құрамына 4 құрылымдық бөлімше қарайды. Факультет құрылғаннан бастап қазіргі уақытқа дейін әлемнің 100-ден аса елінен келген 7 000-нан астам шетел азаматын оқытып шығарды. Олардың ішінде алыс-жақын шетелдерден келген қазақ диаспорасының өкілдері, жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алатын шетелдік студенттер, халықаралық ұйымдар, елшіліктер мен компаниялардың тыңдаушылары бар. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлыттық университеті шетелден келген қандастарға арналған дайындық бөлімінің жұмысын 2001 жылдан бастады. Содан бері 4 000-ға жуық қандас талапкер ЖОО түсу үшін дайындықтан өтті. Еліміз шетелден келген қандастарына құшағын ашып, оқимын деген талапкерге грант және жеңілдіктер (квота) тағайындап, дайындық курсын ұйымдастырып отыр. Бұл өрдес Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік деңгейде жүйелі жүргізіліп келеді. Оған Елбасы және қазіргі Президентіміздің қамқорлығы зор. Сонымен бірге Білім және ғылым министрлігі мен оның қарамағындағы бірқатар университет пен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қорының» еселі еңбегін айта кеткен жөн. Біздің дайындық бөлімде шетелден келген қандастарды оқытудан өзге 2010 жылдан бастап Ауғанстан Ислам Республикасынан мемлекеттік гранттар туралы үкіметаралық келісім бойынша келген студенттер оқытылады. Сонымен қатар 2012 жылдан бастап қосымша жоғары оқу орындарына түсу үшін Қазақстан азаматтары да ақылы негізде білім алып жатыр. Биылғы, яғни 2020-2021 оқу жылында кафедрада 160 тыңдаушы мемлекеттік грант бойынша, 11 тыңдаушы ақылы түрде оқуда. Қазіргі әлемді алқымдаған пандемия жағдайында дайындық курсының жұмысы жалғасып жатыр. Өткен жылғы пандемия басталғаннан бері олар да ел қатарлы онлайн дәріс алады. Соның ішінде қиындық Қытайдағы қандастардың оқуына байланысты болып отыр. Ол жақта ZOOM сияқты шетел платформалары мен байланыс жүйелерін пайдалануға рұқсат жоқ. Сондықтан біздің оқытушыларымыз WeChat деген Қытайдың желісіне қосылып, жұмыс жүргізеді. Жетекшілер ол балалармен тікелей немесе туыстары арқылы байланысқа шығады. Өткен жылы қысқы демалысқа кетіп, қайтар уақытында пандемия салдарынан шекара жабылғанда біздің 63 тыңдаушымыз Қытайдан келе алмай қалды. Еліміз олардың 2020 жылғы ҰБТ-ны тапсыруына үлкен мүмкіндік жасады. Яғни, сол жақта отырып, онлайн тапсырды және солардың бір бөлігі ЖОО-ға оқуға қабылданды. Пандемия жағдайына байланысты атажұртқа жете алмағандар үшін тағы да тұрғылықты елінде отырып құжаттарын өткізіп, онлайн тест тапсыруға жағдай жасалды. Қазір біздің дайындық бөлімінің 36 тыңдаушы шетелден оқып жатыр. Олардың шәкіртақысы да сақталған. Бұрынғымен қазіргі дайындық бөлімінің жағдайын салыстырсақ, 2000 жылдары атажұртқа ат басын бұрған жастардың қарасы қалың болған, бір жылда оқуға 2-3 мың талапкер тапсыратын. Ол уақытта дайындық курсы бар университеттің саны да көп еді. Қазір еліміздің жер-жерінде шеттен келген қазақтардың жоғары оқу орнына түсуі үшін 20-дан астам дайындық бөлімі жұмыс істеп тұр. Кейінгі жылдары дайындық бөліміне бөлген квота (грант) игерілмей қалатын болды. Себебі келіп жатқан жастар аз, яғни дайындық оқуға өтініш сирек түседі. Мысалы, өткен жылы мемлекет дайындық курсына 1 200 грант бөлді, ал оқуға өтініш білдіргені соның жартысындай ғана болды.