544
Карантин құрсауы кәсіпкерлікке ауыр соққы болды
Карантин құрсауы кәсіпкерлікке ауыр соққы болды
Елімізде коронавирус қайта өршіді. Республика аумағында вирустың мутацияланған түрі анықталғалы бері індет жұқтырғандардың тәуліктік өсімі күннен-күнге артып келеді. «Қызыл» аймаққа енген өңірлерде шектеу шаралары қайта күшейтілуде. Ұзақ уақыт бойы жұмыстары тұралап, енді ғана ес жиып, еңсесін тіктей бастаған нысандардың қызметі қайтадан шектелді. Кейбірінің есігіне қара құлып біржола салынды.
Шағын және орта бизнес тығырыққа тірелді
Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің 30,8 пайызы – шағын және орта бизнестің үлесінде. Бұл салада елдің 3,3 млн тұрғыны жұмыспен қамтылған. Бұл – еңбек етіп жүрген қазақстандықтардың 37 пайызы. Демек, шағын және орта бизнес қалай дамыса, ел экономикасы да сондай қарқынмен алға баспақ.
Өкінішке қарай, пандемия нәсібін жеке кәсіптен тауып жүрген талайдың тауын шақты. Мамандардың айтуынша, індеттің кесірінен елімізде 13 бизнес түрі қызметін тоқтатуға мәжбүр болған. Әсіресе, банкеттік залдар, фудкорд сынды қоғамдық тамақтану орындары әлі күнге жұмысын бастай алмай отыр. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, кәсіпкерліктің бұл сегментінде 95 мыңнан астам бизнес нысаны тіркелген. Кесірлі кесел салдарынан соның 50 пайызы мүлдем жабылып қалған.
Finprom сарапшыларының есебінше, елімізде белсенді шағын кәсіпорындардың ең көп саны 2020 жылдың шілдесінде тіркелген: 164,3 мың. Одан кейінгі кезеңде бұл көрсеткіш құлдырай берген. 2021 жылдың қаңтарындағы дерек бойынша Қазақстанда 159,7 мың белсенді шағын кәсіпорын болды. Бұл өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда 2,8 пайызға аз. Яғни, жарты жыл ішінде белсенді шағын кәсіпорындар саны 5 мыңға қысқарды.
Белсенді шағын кәсіпорындар санының қысқаруымен қатар уақытша белсенді емес кәсіпорындар саны өсуде. Мәселен, бір жыл ішінде олардың саны 23,3 пайызға, 120,5 мың бірлікке дейін ұлғайған. Көп өңірде карантин күшейтілгенін ескерсек, бұл көрсеткіш тағы өсе түсетіні анық.
Кәсібі тоқтап, нәсібінен қағылғандар шарасы таусылып, жер-жерден Президенттің атына үндеу жолдауда. Наурыздың соңында алматылық кәсіпкерлер Мемлекет басшысынан қаржылай қолдау көрсетуді өтінді. Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев қолдауды тәулігіне 2 млрд теңгеге бағалады. Бұл қаражат тоқтап тұрған кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын сақтауға және жалдау ақысын төлеуге көмектеседі дейді ол. Максим Барышевтың сөзінше, Алматыда бүгінде 250 мың адам жұмыс істейтін 50 мың кәсіпорынның қызметі тұралап тұр.
«Жұмысы тоқтаған кәсіпорындардың қызметкерлері несие, салық, пәтерақы сияқты ай сайынғы міндеттемелерін өтей алмай қиналуда. Ішерге ас таппай отырғандар да бар. Біз жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес, карантин салдарынан Алматыдағы кәсіпорындардың табысы бірнеше есе төмендеген, қоғамдық тамақтану орындарының кірісі 90 пайызға дейін азайды. Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 59 пайызының жалдау және коммуналдық төлемдерді өтеуге, 54,2 пайызының жалақыға, 37 пайызының салық төлеуге қаражаты жоқ», – дейді
М.Барышев.
Шымкенттік кәсіпкерлер де тығырыққа тірелдік деп дабыл қақты. Әсіресе, тойхана иелерінің жағдайы мәз емес. Жуырда Кәсіпкерлер палатасында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаевтың, Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаевтың және салаларға жауапты басқарма басшыларының қатысуымен өткен жиында жұмысы тоқтап тұрған кәсіпкерлер өз мәселелерін ортаға салып, өтініштерін жеткізді.
«Той бизнесі саласында жұмыс істейтіндердің 90 пайызы жұмыссыз қалды. Тойхана иелері ғимаратты күтіп ұстау, кейбір қызметкерлерін сақтау үшін шығынға батуда. Орташа шығын 1 миллионнан 3,5 миллион теңгеге жетеғабыл. Сондай-ақ, осы салада жүрген көп кәсіпкердің банктер алдындағы несиелік міндеттемелері бар. Тойхана өкілдері санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң түрде сақтауға дайын. Ғимараттың толымдылығын 50 пайыздан асырмай той-томалақтарды 20.00-ге дейін өткізуге рұқсат берілсе екен. Бұл ең болмаса қызметкерлердің жалақысын төлеуге және ғимаратты күтіп ұстауға сәл болса да көмек болар еді, – деді «Мерей», «Шымкент холл» тойханаларының иесі Берік Өтебаев.
Кіріссіз қалған кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі?
Ел билігі кәсіпкерлердің нендей жағдайда екенін білмейді емес. Бәрін көріп, біліп отыр. Десе де, дәл қазіргі жағдайда той-томалақ жасауға, халықтың көп болып жиналуына рұқсат беру – қылмыспен тең. Экономиканың игілігі үшін ұлт саулығын қатерге тігуге болмайды. Сондықтан мемлекет басшылығы өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, сындарлы кезеңнен сүрінбей өтудің барлық жолын қарастыруда.
Жуырда коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі жиын барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдарға елімізде карантиндік шектеулердің басым бөлігі алынғанға дейін кәсіпкерлердің кредитін төлеу мерзімін кейінге шегеруді жүктеді.
«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнестің кредиттері бойынша төлемдерін кейінге шегеру мүмкіндіктерін пысықтауды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке карантиннен зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес субъектілері үшін жекелеген салықтар мен төлемдерді төлеуді кейінге шегеру қажеттігін айтты.
«Екіншіден, салықтық және кедендік берешектерді мәжбүрлеп өндіріп алуды тоқтата тұру керек. Бұл шаралар шын мәнінде жаппай вакцинациялау басталғанға және шектеулердің басым бөлігі алынғанға дейін қолданыста болуы тиіс», – деп қадап айтты Президент.
Бұл жеңілдікке ұзын ырғасы 500 мыңдай кәсіпкер ие болмақ. Үкіметтің дерегінше, бизнес өкілдерін салықтан және өзге де төлемнен босатқан кезде қазына 67 млрд теңгеден қағылады екен. Бизнесті оңалту үшін жасалатын қадам болғандықтан мұны ел экономикасын жігерлендіру жолы деп түсінген жөн.
Жекелеген облыс, қала әкімдіктері де жергілікті кәсіпкерлерді қолдаудың түрлі тәсілдерін қарастырып, шағын және орта бизнесті тығырықтан шығарудың тиімді жолын іздестіруде. Мәселен, өткен аптада Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бұқаралық ақпарат құралдарына арналған онлайн брифингте аймақтық деңгейде бизнес қоғамдастықты қолдау мақсатында олардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін кешенді шаралардың дайындалғанын айтты. Шаһар басшысының сөзінше, қолдау шаралары бизнес-қауымдастықпен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге талқыланған. Өңірлік және қалалық іскерлік кеңестердің отырыстарында коммуналдық төлемдер, жұмыс істемеген кездердегі жалдау ақысы бойынша қарыздарды жою шаралары ұсынылған.
«Кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі дайындалған іс-шаралар пакеті орта кәсіпкерлік шығындарды, коммуналдық төлемдерді толық субсидиялауды, қоғамдық жұмыс орындарын құруды, мемлекеттік және квазимемлекеттік мүлікті жалдаудан босатуды, базарлар мен ОСО-да орын жалдаушыларына жалдау ақысының 30 пайызын субсидиялауды қарастырған», – дейді Бақытжан Сағынтаев.
Өткен жылы ұзақ уақыт бойы «қызыл» аймақта болған Павлодар облысының кәсіпкерлеріне де қатаң карантин оңайға соққан жоқ. Шектеу шараларынан өзге салаларға қарағанда қоғамдық тамақтану орындары көбірек зардап шекті. Қоғамдық тамақтану қауымдастығының мәліметінше, облыста карантинге дейін 490 нысан жұмыс істесе, олардың 70 пайызы жабылып қалған. Ал аймақ атқамінерлері жергілікті кәсіпкерлерге қолдан келгенше қолдау көрсетіп отырмыз дейді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айнагүл Байдәулетованың айтуынша, өткен жылдың қорытындысына сәйкес «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша өңір оң динамика көрсеткен.
«2020 жылы 398 жаңа жоба бойынша субсидиялау келісімшарттарына қол қойылды. Бұл – 2019 жылға қарағанда 59 пайызға артық. Бір жыл ішінде 22,5 млрд теңгеге несие ұсынылып, 1,69 млрд теңге субсидия төленді. Ал кепіл беру бойынша өткен жылы 440 жобаға 19,8 млрд теңге несие, 6,5 млрд теңгеге кепіл берілді», – дейді Айнагүл Байдәулетова.
Сонымен қатар, өткен жылы Президент тапсырмасы бойынша зардап шеккен салалар анықталып, оларға қосымша көмек көрсетілген. Нақтырақ айтсақ, 902 жоба бойынша 779 миллион теңге субсидия төленіпті. Біржолғы көмек бұрын бағдарламаларға қатыса алмаған салалар – сауда және қоғамдық тамақтану нысандарына берілген. Өңір басшылығы биыл да мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге қолдау көрсету, әсіресе, індет салдарынан зардап шеккен шағын және орта бизнес нысандарын ынталандыру шаралары жалғасын табатынына сендіріп отыр.
Бизнестің болашағы вакцинацияға тәуелді
Кесірлі кеселдің қашан ауыздықталарын ешкім тап басып айта алмайды. Ұжымдық иммунитет қалыптасып, індет жұқтыру деректері азайғанда ғана карантинсіз өмірге орала аламыз. Бизнестің де тынысы сол кезде ашылмақ. Коронавируспен күресіп жатқан бүкіл әлемді індет құрсауынан құтқарар бір ғана жол бар. Ол – жаппай вакцинация.
Өкінішке қарай, иммундау қарқыны бойынша Қазақстан көшбасшы елдерден біршама артта қалып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елімізде жаппай екпе салу жұмыстары басталған 1 ақпаннан бастап екі ай ішінде халықтың 0,2 пайызға жетпейтін бөлігі ғана вакцина алған. Бұған ең әуелі екпенің жетіспеушілігі себеп.
«Пандемиямен күрестің сәтті өтуі елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі элементтерінің біріне айналып отыр. Кемінде қысқа және орта мерзімде. Әлемдік қалыпқа келу өсімінің жиегінде қалып қоймау, аутсайдер елдер санатына түсіп қалмау маңызды. Ендігі маған өзге мемлекеттердің басшыларымен қосымша вакцина жеткізуге қатысты келісуге тура келеді. Біз жедел жеткізілім үшін тиімсіз коммерциялық және қаржылық шарттарға келісуге мәжбүрміз», – деді Президент коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі жиын барысында.
Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға бір ай уақыт беріп, вакцинациялау қарқынын арттыруды жүктеді. Сәуірдің соңына дейін жағдайды түзей алмаса, орнын босатуға тура келетінін ескертті. Президенттің мұндай қатаң талап қоюы бекер емес.
«Вакцинация ісін созбалаңға салу – жәй ғана проблема емес, мемлекеттік маңызы бар міндет. Әңгіме еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты болып отыр. Бұл азаматтарымыздың арасында дертке шалдығушылар мен өлім жағдайының көбеюі деген сөз. Бұл – бизнес кірісінің азаюы, бюджетке салықтың толық түспеуі, жалпы ұлттық байлығымыздың төмендеуі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жасұлан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ,
шағын кәсіп иесі (Алматы қаласы):
Карантиннің аяқталуын
күтуден қайыр жоқ
– Келіншегім екеуміз Алматыдағы Нархоз университетінде кеңсе заттарын сататын, ксерокөшірме жасайтын орын ашып, жеке ісімізді дөңгелетіп жүргенімізге біраз жылдың жүзі болған. Былтыр наурызда елде төтенше жағдай жарияланып, оқу орындары қашықтан білім бере бастағалы жұмысымыз тоқтап, тұрақты табысымыздан қағылдық. Миллиондап таппасақ та, отбасымызды асырауға, ауылдағы ата-анамызға көмектесуге жарап тұрған кәсіп еді. Білім ошақтары қайтадан дәстүрлі оқуға көшсе, жұмысымыз жанданар деп бір жыл бойы күдер үзбедік. Қала ішінде такси қызметін атқарып, интернет арқылы ұсақ-түйек сатып, кәсібіме оралғанша амалдай тұрайын деп ойлағам. Алайда жуырда карантин қайта күшейтілді. Студенттер оқу жылының соңына дейін қашықтан білім алатын болыпты. Демек, енді күтуден қайыр жоқ. Басқа тұрақты жұмыс іздеу керек. Мойнымызда несие, ай сайынғы пәтерақысы бар. Шыны керек, кірісімізден шығынымыз көп. «Былай тартсаң – өгіз өледі, былай тартсаң – арба сынады». Балалар өскен сайын олардың қажеттіліктері де көбейе түседі екен. Карантинде кедергісіз жұмыс істеуге болатын, отбасымыздың барлық мұқтажын өтеуге мүмкіндік беретін қандай кәсіппен айналысуға болады деп бас қатырып жүрміз.Роза ЖАҢАБЕКОВА, тойхана иесі (Алматы облысы): Қызметкерлерімнің көпшілігін қысқартуға тура келді
– Елімізде той-тоймалақтың тоқтауы осы саланы тұрақты табыс көзіне айналдырған жүздеген мың адамды кіріссіз қалдырды. Әншілер мен асабаларда табыстың басқа көздері аз емес. Ал тойханаларда қаншама жылдан бері жұмыс істеген қарапайым аспаз, еден жуушы, даяшы секілді кәсіп иелерінің көпшілігі әлі күнге дейін жұмыс таппай сенделіп жүр. Тойханам аса үлкен болмаса да, көктемнен қара күзге дейін шағын тойлар, банкеттер үзілмейтін. Тойға тыйым салынғалы қоластымда жұмыс істейтін қаншама қызметкерді қысқартуға тура келді. Тойхана ашылғалы бері адал қызмет етіп келе жатқан жұмысшыларым бар, бәрінің бала-шағасы бар, ешкімді жұмыстан шығарғым келген жоқ. Бірақ қаржылық жағдайымыз мәз емес. Ғимаратты күтіп ұстау шығынының өзі қалтаға әжептәуір салмақ болып тұр. Қаншама жыл бар ықыласыңды, жиған-тергеніңді салған кәсіп болғандықтан, есікке қара құлыпты салып кетіп қала алмайсың. Бүгін болмаса ертең індет басылар, тойға қайтадан рұқсат берілер. Сол уақытта тойхананың тоз-тозы шығып тұрмасын деп күтім жасап отырмыз. Әзірге тек асханамызда тапсырыспен азын-аулақ тәттілер пісіріп, үйге жеткізіп беру қызметін көрсетудеміз. Одан түскен табыс аспаз келіншектердің жалақысы мен коммуналдық төлемдерден артыла қоймайды. Өзгелер секілді ұрланып той жасауға арым жібермейді. Індет асқынып тұрғанда қаншама адамның денсаулығын қатерге тіккім келмейді.