1732
Елімізде ғылыммен айналысуға кедергі жоқ
Елімізде ғылыммен айналысуға кедергі жоқ
Қоғамда «Жастар ғылым саласына қызықпайды» деген таптаурын көзқарас қалыптасқан. Оған себеп те жоқ емес. Ғылымның болашағына деген күмән, ғылыми институттардың материалдық-техникалық базасының әлсіздігі, жалақының төмендігі мен қағазбастылық талантты жастарымыздың өзге саланы таңдауына немесе шетел асып кетуіне себеп болып отыр. Алайда осындай түйткілді мәселелерге қарамастан отандық ғылымның дамуына ерекше үлес қосып жүрген жастарымыз жетерлік.
Тынбай еңбек етіп, еліміздің атынан халықаралық жарыстарда үздіктер қатарынан табылып жүрген жас ғалымның бірі – Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты, физика саласындағы жоғары жетістіктері үшін төсбелгісінің иегері, «ТМД-ға 100 идея» (Беларусь, Минск) халықаралық инновациялық жобалар конкурсының жеңімпазы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, физика бойынша философия докторы (PhD) Әлия Әлжанова Ермекқызы.
– Әлия, сұхбатымызды ғылым жолына қалай келгеніңіз туралы әңгімеден бастасақ.
– Шынымды айтсам, физик ғалым боламын деп ешқашан ойламаппын. Өйткені мен мектепте математиканы тереңдетіп оқыдым. Болашақта байланыс саласында жұмыс істегім келгендіктен физика пәнін таңдадым. Қабылдау емтиханынан кейін маған ЖОО-ны таңдау түскенде ҚазҰУ-ға бүйрегім бұрып тұрды. Оқуға түскен күннен бастап ғылым жолын таңдау туралы ойлана бастадым. Материалдық-техникалық және ғылыми базасы жоғары оқу орнында білім ала жүріп ғылым жолын таңдамау мүмкін емес. Ал ғылым әлеміне алғашқы қадамымды 3-курста оқып жүргенімде бастадым. Факультетте дәріс берген оқытушыларым ғылым жолын таңдауыма себепкер болды десем қателеспеймін. Ғылымды таңдағаныма өкінген емеспін. Өйткені бұл менің жолым екенін білемін.
– Әлемде физика саласы бойынша жетістікке жеткен әйелдер аз емес. Осы орайда өзіңіздің қазір айналысып жүрген наноқұрылымдар бойынша ғылыми жұмысыңызбен таныстыра кетсеңіз.
– Менің бүгін айналысып жүрген тақырыбым іргелі ғылыми зерттеулерге бағытталған. SiO2/Si және Si3N4/Si құрылымдарын, жылдам ауыр иондармен сәулеленуін зерттедім. Аталған зерттеу аясында 2 монография жазып, өнертабысқа 2 инновациялық патент алып, жоба жетекшісі ретінде 2 халықаралық грантты иемдендім. Сондай-ақ нөлдік импакт-факторы бар рейтингі жоғары басылымдарда 30-дан астам мақалам шықты. Зерттеу жұмысым газ сенсорларына арналған белсенді элемент ретінде болашағы зор саналатын кремнийге аса сезімтал жаңа наноматериал әзірлеумен тығыз байланысты. Алдағы уақытта іргелі зерттеулер кезеңін аяқтаған соң зерттеу нәтижелеріне сай прототип жасау және монеталандыруды қолға алмақпын.
– Елімізде ғылыммен айналысатын әйелдерге қандай да бір тосқауылдар бар ма?
– Ғылымдағы әйелдердің кедергіге тап болған кезін көрген жоқпын. Бұған саясаттағы толеранттылық бағыттың зор ықпалы бар деп санаймын. Менің ойымша, қазір ер мен әйелдің сан жағынан әйелдер ерлерден қалыспайды, тіпті кейбір салада әйелдердің көш бастап тұрғанын байқаймыз. Ғылымға қызығушылығы бар адамның еңбек етуіне, ізденуіне ештеңе кедергі бола алмайды.
– Кезіндегі студент Әлия бүгінде жастарға дәріс беріп, жол сілтеп, ғылымға бағыт беріп жүр. Осы орайда қазіргі жастардың ғылымға қызығушылығы қандай екенін сұрағым келеді.
– Техникалық ғылым саласына қызығатын талантты жастар өте көп. Олардың ізденімпаздығы, жан-жақтылығы, кең көлемде ойлай алатыны ұстаз ретінде мені қуантпай қоймайды. Техникалық ғылымның ерекшілігі де сол, студенттердің ең батыл, ең мықты деген инновациялық жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Жастардың ғылым жолына бет бұра бастауына соңғы жылдары мемлекет тарапынан ғылымға көңіл бөліне бастауы себеп болып отыр деп ойлаймын. Жылдан-жылға ғалымдардың мүмкіндіктері көбейіп, грант саны мен қаржыландыру көлемі артып, жастардың шетелде ғылыми тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттыруына жағдай жасалып жатыр. Жалпы, ғылыммен айналысамын деген адам қолда бар мүмкіндікті жан-жақты пайдаланады деп ойлаймын.
Бүгінгі басты мәселе ғылымды коммерциализациялау деп жатырмыз. Осы орайда мен талантты жастардың стартап жобаларын қолдау, оны өндіріске енгізу турасында мәселені былай шешуді ұсынамын. Жас ғалымдарға арналған бизнес-тренинг өткізуді енгізу керек. Бұл дегеніміз біздің ЖОО-ға кәсіби бизнес-тренерлер келіп, студенттерге ғылыми әзірлемелері мен жобаларын сәтті стартапқа айналдыруға үйретеді деген сөз. Бұл ретте жастар тайм-менеджментті меңгеріп, жақсы ғылыми презентацияны қалай жасауға болатынын көреді. Байқағаным, осыған дейін аз да болса ұйымдастырылған бизнес-тренингтерге жастардың көзқарасы өте жақсы, олар осы тәжірибені ары қарай жалғастыруды сұрап жатады. Жалпы, еліміздің жас ғалымдары шетел ғалымдарымен бірлесе ғылыми жобаларды жасап, әлемдік университеттердің тәжірибесімен кеңірек танысса деймін.
– Білім және ғылым министрлігі жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі ретінде кеңестің жас ғалымдарды және Қазақстан ғылымын қолдауда атқарып жатқан жұмысы туралы айтып берсеңіз.
– Жас ғалымдар кеңесі сіз айтқан мәселелермен бірнеше жылдан бері айналысып келеді және алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Менің ойымша, аталған бағыттағы жұмысымызды жалғастырсақ, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз.
Өзім Қазақстан Президенті Әкімшілігінің тапсырмасы негізіндегі «Ғылымды дамыту бойынша ұлттық жоба» әзірлемесі бойынша Білім және ғылым министрлігі Ғылым комите-ті жанынан құрылған жұмыс тобының сарапшысымын. Аталған жұмыс тобы аясында бүгінгі күні біз ғалымдардың жағдайын жақсартуға арналған нормативтік-құқықтық актілерге енгізілетін өзгерістерді әзірлеп жатырмыз. Атап айтқанда, арнайы ипотекалық бағдарламаларды енгізу арқылы ғалымдардың тұрғын үй жағдайын жақсарту, олардың жалақысын көтеру, докторантураға түсу шарттары, т.б. бойынша ұсыныстарымыз бар. Бүгінде бұл айтқандарымыз ұсыныс күйінде болғанымен, іске асатын күні алыс емес деп ойлаймын. Ойымыз орындалып жатса, ғалымдардың өмірі жақсы жағына өзгеретіні анық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ