50887
Батыс Африка балаларына білім беріп жүрген Лаура
Батыс Африка балаларына білім беріп жүрген Лаура
Туған жылы: 1981 Туған жері: Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Жасөркен ауылы Білімі: Жамбыл техникалық-гуманитарлық университеті Қызметі: Ломедегі британдық мектеп (Батыс Африка, Того мемлекеті)Қазіргі таңда қазақстандық мұғалімдер штаб-пәтері Женевада орналасқан Халықаралық бакалавриат ұйымы (IB) арқылы әлемнің әр түкпіріндегі мектептерде сабақ беру мүмкіндігіне ие. Лаура Майрықова аталған ұйым арқылы Того мемлекетінің (Батыс Африка) астанасы Ломе қаласындағы британдық мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Гвинея шығанағы жағалауында орналасқан Ломеде тұратын Лаураның қызметі мен өмірі жайлы танысу үшін отандасымызға арнайы хабарласқан едік. [caption id="attachment_143970" align="alignnone" width="1024"] Емтихан алу кезінде[/caption] – 2019 жылы елордада өзіңіз қызмет еткен Назарбаев зияткерлік мектебі Халықаралық бакалавриат бағдарламасының стандарттарына сай деп танылып, дипломдық бағдарламасы бойынша мақұлданғанын білеміз. Бұл бағдарламаға қызыққан өзге әріптестеріңіз секілді сіз де Батыс Африкаға барып, бағыңызды сынап көруді ұйғардыңыз ба? – Иә. Жалпы, менің еңбек өтілім – 18 жыл. Еңбек жолымды Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы А.Гайдар атындағы мектепте ағылшын тілінің пәні мұғалімі қызметінен бастадым. Кейін Жуалы аудандық Білім басқармасында әдіскер, кәсіптік мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. 2004 жылы астанаға қоныс аударып, №17 лингвистикалық мектепке жұмысқа тұрды. Сосын үндістердің мұнай компаниясында жұмыс істедім. 2009 жылы елімізде Назарбаев зияткерлік мектебі енді ашылып жатқан тұста арнайы конкурстан өтіп, осында жұмысқа тұрдым. Аталған мектепте он жылдай ұстаздық еттім. Әлемдік білім жүйесінде трендке айналған Халықаралық бакалавриаттың бағдарламасы біздің мектепке енгізілген соң, осы бағдарлама аясында да біраз міндеттерді атқардым. Қазақстанның әр түкпірінде ашылған Назарбаев зияткерлік мектептерінде 20-ға жуық шетелдік ұстаз сабақ береді. Бізге де олар секілді шетелге барып жұмыс істеуге жол ашылды. Сөйтіп, Халықаралық бакалавриат бағдарламасы енгізілген шетелдік мектептерде тәжірибе жинақтауды көздеп, жан-жаққа түйіндемемді жіберіп, құжаттарымды тапсырдым. 2019 жылғы наурызда сұхбаттасу кезеңінен өтіп, нәтижесінде Джакарта, Дели және Ломе қаласындағы халықаралық мектептерден ұсыныс келіп түсті. Басында Джакарта мен Делиде жұмыс істегім келген еді, бірақ пандемия салдарынан аталған қалалардағы білім беру мекемелеріне өзге мемлекеттен қызметкер қабылдауға шектеу қойылды. Ал Того мемлекетінің астанасы Ломедегі мектеп әкімшілігі сол кезде маманға қатты мұқтаж болды. Отбасыммен ақылдаса келе, бұл ұсынысты қабыл алдым. Оның үстіне сол уақытта өзімді маман ретінде дамымай, бір орында тұрып қалғандай сезініп жүрген едім. «Тәуекел ет те, тас жұт» деп 2020 жылғы тамыз айында күйеуім және қызым үшеуіміз осы елге келдік. – Тоғыз айдың ішінде Тогоны тани алдыңыз ба? –Того – Батыс Африка аумағында орналасқан шағын әрі кедей мемлекеттердің бірі. Халқының саны – 8 миллионға жуық. Біз тұрып жатқан ел астанасы Ломе қаласы Атлант мұхитымен шектесіп жатыр. Ломе тұрғындарының шамамен жартысы мұсылман да, қалған жартысы христиан. Бастапқыда осында жұмысқа кеткелі жатқанымды естіген таныстарым «Африка халқы аш-жалаңаш жүргенде қайдағы мұғалімдік қызмет? Қайда барасыңдар?» деп шошыған болатын. Айта кетерлігі, мен африкалық мектепте емес, Африкада орналасқан британдық мектепте жұмыс істеймін. Осында келмес бұрын мектеп басшылығына хабарласып, ол жақта тұру қаншалықты қауіпсіз екенін сұрап, біраз мәлімет жинадым. Жалпы, IB шетелдік мамандарға жақсы жағдай жасайды: үймен қамтамасыз етеді, медициналық сақтандыру пакеті тегін, елге бару үшін жылына бір рет әуе билетін сатып әпереді. Мектепте жұмыс істейтін ұстаздардың дені – шетелдік мамандар. Сондай-ақ, африкалықтармен қатар, әлемнің 36 елінен келген оқушылар оқиды. Мен мұнда оқушыларды сыни тұрғыда ойлауға бейімдейтін таным теориясы деген пәннен және ағылшын тілінен сабақ беремін. Кезінде екінші мамандық ретінде биология пәнін оқып алғаным жақсы болды, себебі таным теориясынан сабақ беру үшін биологияның маңызы зор. Оқытушылық жұмысымнан бөлек, 12 және 13-сыныптың кординаторымын. Аталған сыныптардың оқу бағдарламасына, мұны оқыту процесіне жауаптымын. – 13 жылдық білім беру моделі бойынша оқытасыздар ма сонда? – Иә, британдық оқу жүйесіне сәйкес оқушы 13 жыл оқиды. Негізі, осындағы 11,12-сыныптың бағдарламасы Қазақстандағы 10,11-сыныптың оқу моделіне сәйкес келеді. 12 және 13-сыныптарда оқушыны университетте оқуға даярлайды. – Мектептің әлеуметтік желідегі парақшасынан мұғалімдердің оқушыларды сабақ үстінде билетіп, түрлі динамикалық қозғалыстар жасататынын байқадым. Сондай-ақ, ата-аналар да сабаққа жиі қатысады екен... – Негізі, африкалық оқушылар ағылшын тілін француз акцентімен сөйлейді. Бастапқыда олардың не айтқысы келетінін түсіну қиын болды. Қазір француз тілін үйреніп жатырмын. Сондықтан сабақты ара-тұра французша түсіндіруге тырысамын. Ерекше атап айтар бір жайт, бізде оқушыны айналасымен жақсы байланыс орнатуы үшін топтасып жұмыс істеуге қатты көңіл бөледі. Мысалы, Қазақстанда біз тек академиялық білім беруге мән береміз. Ал мұнда олай емес. Ересек өмірге аяқ басар кезде оқушыны жаңылыстырмауға мүмкіндік беретін қажетті дағдыларды дамыту мақсатында мұғалім, ата-ана және оқушы үшеуінің бірлесе жұмыс істеуіне бағытталған көптеген жоба бар. Біздегідей «Мен – мұғаліммін. Мұнда тек сабағымды өткізсем болғаны, басқасында шаруам жоқ» деген әңгіме жоқ. Бастапқыда олар сабақ үстінде топтасып жұмыс істеп көрмегендіктен, британдықтар тарапынан енгізілген мұндай жаңашылдыққа үрке қарады. Партадан тұрғызбай, тапжылмай сабақ оқытқаннан гөрі, түрлі флешмобтар ұйымдастырып, ара-тұра билетеміз. Бір қызығы, қыз балалар билеуге ұялады. Байқағаным, тоголық ата-аналар қыздарын қазақтар секілді қатаң тәрбиелейді екен. Қыздар өте ұяң әрі ұстамды. Сабақ барысында олармен емен жарқын ой бөлісу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаймын. Негізі, өзім сабақты жаңаша форматта өткізгенді құп көремін. Мақтанғаным емес, оқушыларыммен қатар, ата-аналар мен мектеп директоры аз уақыттың ішінде көрсете білген біліктілігіме жиі ризашылық білдіреді. Бірде мектеп директорының «Сіздің методикаңызды басқа ұстаздарға үлгі ретінде көрсетеміз. Олар да сізден үйренсін» деп айтқаны бар. Жалпы, ит арқасы қиянда жатқан Батыс Африкаға келіп сабақ беруімнің өзіндік миссиясы бар деп білемін. Осында келіп, туған-туыстың, елдің қадірін бұрынғыдан бетер түсіндім. Отбасындағы жылулықты да басқаша сезеді екенсің. Бұрын елде жұмыс істеп жүргенімде робот секілді жүретінмін. Үй-жайға, отбасыма қарауға шамам болмайтын. Тіпті анам мен бауырларымның хал-жағдайын сұрауға да уақыт таппайтынмын. Ал қазір барлығы басқаша. [caption id="attachment_143972" align="alignnone" width="1024"] Сабақ беру сәтінен[/caption] – Ал қызыңыздың сабақ үлгерімі қалай? – Қызым қазір 12-сыныпта оқиды. Бастапқыда үш айдай оқудан қиналды, себебі ағылшын тілін жақсы білгенімен, ағылшын әдебиетін оқу қиын. Мұнымен қоса, ол француз тілін меңгермеген. Дегенмен көп ұзамай үлгерімі жақсарып, сыныптастарының ортасына сіңісіп кетті. Жалпы, жергілікті халық бізге қызығушылықпен қарайды. Ресей туралы көбірек хабардар, ал Қазақстан туралы білетіндері аз, сондықтан халқымыздың шығу тегі, мәдениеті, күнкөрісі туралы көп сұрайды. Сосын мұндағы 35-40 жастағылар 50-60 жастағы үлкен кісілер секілді көрінеді. Қырық жасқа тақап қалғанымды айтсам, «Сізді шамамен жиырма бесте деп жүрсек» деп таңғалып жатады. Көшеде кетіп бара жатсам, ілтипат білдіріп, тоқтатып «Суретке түсейікші» дегенде өзімді бір танымал адам секілді сезінемін (күліп). – Африканы теледидардан ғана көрген бізге ол жақтың ауа райы адам төзгісіз сияқты. Мәдениеті де, менталитеті де бөлек. Ондағы ортаға үйренісіп кеттіңіз бе, әлде әлі де жатырқайтын кездеріңіз бола ма? – Басында ортаға сіңісу өте қиын болды. Күндіз-түні аптап ыстық, ауа ылғалдылығы жоғары. Сәл жүрсем шаршап, басым ауыратын. Жалпы, бастапқыда көп нәрсені білмей, әбден әуре-сарсаңға түстік. Қаражатымыздың басым бөлігін желінбейтін тамаққа жұмсадық. Біраз азық-түлік ысырап болды. Үйде өзім ас әзірлеймін, десек те сырттан тамақ ішуге барсақ, даяшыға алдымен тапсырыс бергіміз келетін тамақтың суретін көрсетеміз. Мұнда киім сатып алу да қиын. Елдегідей емін-еркін аралайтын сауда орталықтары жоқ, кішігірім дүкендерге барамыз. Бастапқыда сол дүкендердің бірінен біздің валютамен есептегенде құны 120 000 теңге тұратын бір аяқ киімді сатып алған едім, екі күн киген соң, жыртылып қалды. Киімдердің сапасы өте төмен. Сондықтан бұл елден киім сатып алмаймыз. Елден тапсырыспен алдыртамыз. Тағы бір айта кетерлігі, электр қуатының төлемақысы өте қымбат. Мысалы, бір айда электр қуатын қолданғанымыз үшін 150 000 теңге төлейміз. Үйде әр бөлмеде кондиционер қосулы тұрады, мұны қоспасақ үйдің ішінде жүру мүмкін емес. Десек те жағымды жайттар өте көп. Әсіресе, жергілікті тұрғындардың ашық-жарқын мінезіне қайран қаламын. Көшеде келе жатсаң, бейтаныс адамдар амандасып, ілтипат білдіреді. Олардың кедей тұратынын айтпасам да білетін боларсыз. Ол жақта қандай қарабайыр тірлік кешетінін өз көзіңізбен көрсеңіз, жүрегіңіз ауырып, күйзеліске ұшырауыңыз мүмкін. Бастапқыда мұны көргенде үш айдай күйзеліп жүрдім. Бір таңғалғаным, жоқшылықта өмір сүрсе де, әрдайым жүздері балбұл жайнап, мәз болып жүреді. Бір-бірімен араздасып жатқан ешкімді көрмейсің. Жалпы, Ломеде екі аудан бар, бірінші ауданда ауқатты адамдар тұрады. Біздің мектеп пен үйіміз осы ауданда орналасқан. Бұл ауданнан ешқайда шықпауға тырысамыз, себебі қақпадан ары аттап шықсаң, мүлде басқа әлемге кіргендей боласың. Екі түрлі контраст. Асфальтта ұйықтап жатқан халықты көру қалыпты жағдайға айналды. Көшеде үлкенінен кішісіне дейін қайыр тілеп жүреді. Кейде мұхитқа барып шомылу үшін сол ауданмен өткенде жүректі ауыртатын көріністерді көріп «Қазақстаным бай ел екен ғой!» деп тәубеме келемін. Елде жүргенде қызым «Тараз деген шап-шағын қала ғой» деп айтатын, енді қазір осында келген соң, бір мемлекеттің астанасымен салыстырғанда Тараз мегаполис екен ғой деп жүр. Бір айта кетерлігі, мұнда еркектер жұмыс істемейді. Олар күндерін көшеде топтасып, әңгіме-дүкен құрумен өткізеді. Ал ақшаны әйелдер табады. Сауда-саттықпен, жалпы кәсіпкерлікпен әйелдер айналысады. Жергілікті халық ең табысты және бай әйелдерді «мама-бенц» деп атайды. Мектеп басшылығы үй шаруашылығын атқаруға көмектесетін үй тазалаушы, бағбаншы, күзетші және көлік жүргізушімен қамтамасыз етіп отыр. Бізден бөлек, көршілеріміз екі-үш үй тазалаушы мен үш-төрт күзетші жалдайды. Жалпы, жергілікті халық қазақтар секілді кешігіп жүреді. Ешкім ешқайда асықпайды. Маған сонысы ұнайды. Елде білім саласында жұмыс істеген мамандар түсінер, Қазақстанда мектепте жүгіріп жүріп, кештің қалай батқанын білмей қаламыз ғой. Жұмысыңды уақытылы аяқтамасаң, басшылықтан сөгіс естисің. Ал мұнда барлығы жайбарақат жүреді. Атқаратын шаруа көп, десек те асықпай-аптықтай жүріп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сосын еркегі болсын, әйелі болсын, гүлдің суреті бар матадан жасалған қызылды-жасылды киімдерді кигенге құмар. Егер біз дәл осылай киініп алсақ, біздің оларды тең көретініміз деп ұғынады екен. Бір қызығы, бастапқыда адамдарының түр-сипатын ажырата алмай, әлекке түсетінмін. Тіпті сыныпта оқушыларды жиі шатастыратынмын. Маған бәрінің түрі бірдей секілді көрінетін. Есімдерін жиі сұрай берген соң, бір күні «біз қара нәсілді болғандықтан ажырата алмайтын шығарсыз» деп айтқаны бар (күліп). Тағы бір айта кетерлігі, бай кісілер тұратын аудан болғандықтан, көшеде күзетшілер үлкен қару ұстап жүреді. Қаланың ішінен қару кезенген, топпен жүретін осындай әскери киімдегілерді көргенде Сирия секілді қауіпті аймақта жүргендей сезінесің. Олардың қару ұстап жүруіне мынадай себеп бар: ауқатты адамдар мінген көліктерін, киген қымбат киімдерін көрсетіп, мақтану мақсатымен ел назарын өздеріне аудартқанды жақсы көреді. Мысалы, біздің мектепте Премьер-министр, министрлердің балалары оқиды. Сол министрлердің балаларын таңертең мектепке алып келуінің өзі бір үлкен рәсім. Назарбаев зияткерлік мектебінде де талай министрдің баласы оқыды ғой. Бірақ олар бұлай мақтанбайтын. Ал мұндағы бай ата-аналар көліктерін тура жолдың ортасына қойып, мектептің алдында балаларымен құшақтасып, сезімдерін білдіріп, бүкіл елді өзіне қаратып, бес-он минуттай «ерекше» рәсім жасайды. [caption id="attachment_143971" align="alignnone" width="1024"] Лаура оқушыларымен[/caption] – Мұндай кезде мектептің алдынан ешкім өтпеу керек шығар? – Иә. Жолды кесіп өтуге болмайды немесе мектепке артқы есікпен кіру керек. Бұл бізге ерсі болып көрінді, бастапқыда «Мұнысы несі?» деп ашуланатынбыз. Сосын олардың көлік жүргізушілері «Мұнда біз тұруымыз керек, қалғандарың күте тұрыңдар» деген сыңай танытып, тоқтаған жерінде қозғалмай, тұрып алады. Сондықтан жұмысқа кешігіп қалмау үшін қазір үйден ерте шығып жүрміз (күліп). Сосын сол бақуатты ата-аналар мұғалімдерге үнемі сыйлық жасайды екен. Бірде «Кәне, далаға шығыңыздар. Ана жерге жиналыңыздар. Бәленшиевтің ата-анасы сыйлық тапсырғалы жатыр екен. Тезірек!» деп түгелімізді сыртқа шығарды. Сыйлық дегенге кітап немесе қорапқа оралған кішігірім зат деп ойласам, әрқайсысымыздың алдымызға 25 келі күріш, үлкен күнтізбе мен бір блок шырын әкеліп тұр. Күрішті кабинетке көтеріп әкеліп берген соң, әріптестерімнен мұның мәнін сұрасам, Қазақстанда жылқының етін қалай қадір тұтсақ, Тогода күрішті дәл солай қастерлейді екен. Мұнда күріш байлықтың, тоқшылықтың белгісі екен. Десек те артынан бір қап күрішті үйімізге арқалап кетпей, бізге сыйлық жасаған ата-анаға тіс жармай, тұрмысы төмен отбасыларға апарып тапсырдық (күліп).
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ