Атажұртқа алғаш көш бастаған қандастар

Атажұртқа алғаш көш бастаған қандастар

Атажұртқа алғаш көш бастаған қандастар
ашық дереккөзі
1027
Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар, шетелдегі қандастардың атажұртқа бастаған көшіне де 30 жыл толды. Осынау тарихи сәтке мұрындық болып, үлкен игі іс атқарған тұлғалар көп. Ел тәуелсіздік алған тұста қазақ көшінің бұйдасын ұстаған адамдар жайлы қазір біреу білсе, біреу біле бермейді. Олар  Сағат Зақанқызы және Аятхан Тұрысбекұлы деген азаматтар еді. 1991 жылғы 19 шілдеде Қазақ КСР Ми­нистрлер Кабинетінің шешімімен Алматы қаласында Моңғолия Еңбек министрлігінің өкілдігін ашуға рұқсат беріледі. Өкілдік Қазақ КСР-ның Сыртқы экономикалық байланыстар министр­лігіне тіркеледі. Моңғолия Еңбек министрі Ц.Цолмонның бұйры­ғымен өкілдіктің төрайымына Сағат Зақанқызы, орынбасарына Аятқан Тұрысбекұлын тағайындайды.
Жазушы, саясаткер, экономист «Шапағат» медалінің иегері Сағат За­қан­қызы – 1967-1971 жылдары Мәскеу­дегі Плеханов атындағы Халық шаруа­шы­лық институтында білім алған. Қазақтың көші-қон тарихына қатысты «Ұрпақтар тоғысы» және «Ұлы көш: ақиқат пен аңыз» де­ген кітаптың авторы. Моң­ғолия Үкіме­тінің құра­мын­дағы Баға комитетінде 20 жыл табысты қызмет атқарған ол – 1991 жылғы 20 ақпанда Моңғолия премьер-министрі Д.Бямбасүрэн­нің қабылдауы­на болып, Моңғолиядағы қазақ­тарды еңбек шар­тымен Қазақстанға көшіру туралы өті­ніш айтып, келісімін алады. Осынау тарихи оқиғаның куәгері бол­ған Сағат Зақанқызымен хабарласып әңгі­меге тарт­­тық... – Осыдан тура 30 жыл бұрын, сәуір айы есіңізде болар? Әңгімені осыдан бас­тасақ... – Иә, бәрі де көз алдымда. 1991 жылғы 8 сәуірде Қазақ КСР  Еңбек министрі Саят Бей­сеновтің қабылдауында болдық. Ми­нистр мырза: «Шет елден жұмыс күшін алу­ды Мәскеу шешеді. Өзімізде де жұ­мыс­сыздар көп. Дереу қайтыңыздар» деді. Біз аң-таң болдық та амалсыздан шығып кет­тік.  Министр С.Бейсеновпен болған әңгі­ме­ні Шәңгерей Жәнібеков мырзаға айтып ақыл-кеңес сұрадық. Көпті көрген Шәкең біздің істеп жүрген ісімізге разы болып отырады екен. «Ондай ұсақ-түйек әңгімеге көңіл бөлсеңіздер алға қойған үлкен мақ­саттарыңызға жету қиын болады» деп ақыл айтып, өз қолынан келген көмегін ая­майтынын жеткізді. Бізге бағыт-бағдар бе­ріп, көмектесіп тұру үшін «Отан» қо­ға­мының жауапты қызметкері Әбен Омаров­қа  тапсырма берді. Ал 1991 жылғы 6 сәуірде Моңғолия елі­нің Қазақстанды жауаптанған Ташкент­тегі бас консулы Б.Будқа телефон арқылы хабарласып, Кербұлақ ауданына 96 жұ­мысшы алып келгенімізді жеткіздім. Консул мырза «Сыртқы істер министрінің орын­басары С.Батыршаұлы, Еңбек ми­нистрі­н­ің орынбасары Н.Романовтарға барып жұмыс күшін алып келгендеріңді айтып, ары қарайғы жоспарларыңды таныстырыңдар» деді. Біз алдымен С.Батыршаұлына бардық. Ол кісі бізді жылы қабылдап, қысқаша әңгімелесті де, кешке «Жерұйық» мейрамханасына шақырды. Дастарқан басында асықпай отырып әңгімелестік. Сөз ләмі «шет елде жүрген ағайындар елге оралса екен» деген ізгі ниетте екенін біліп, марқайып қалдық. – Ал сөйтіп тарихи көш қалай бас­талды? – Біз атажұртқа көшуді Қазақстан Тәуел­сіздігінен бұрын қолға алдық. Халық қатты аңсады «ағайындар елге келсе екен» деп. Бірақ кейбір шенділер «қазір қабылдай алмаймыз, тәуелсіздігімізді алып алайық, содан кейін көшіріп аламыз» деген де әң­гіме болды. Мұндай кедергілердің бәрін ай­налып өтіп, қолдайтын адамдарды тауып, алғашқы көшті әкелдік. Моңғолия­дан Қазақстанға 96 адам көштің алғашқы қарлығаштары болып, бес күн жол жүріп 1991 жылғы 17 наурызда түскі сағат 15-те Тал­дықорған облысы Кербұлақ ауданы Сарыөзек кентіне тоқтады. Көштің бастауы Моңғолияның ас­танасы  Ұланбатыр қаласы мен оның төңіре­гінде қоныстанған қазақтардың өз қаражатымен Қазақстанға қопарыла көшуінен басталған еді.  Олар туып-өскен жеріне, тұрып жатқан үйіне, атқарып кел­ген лауазымды қызметіне де қарайлаған жоқ. «Қазақ еліне жетсек» деген ізгі ниет қана болды. [caption id="attachment_143998" align="alignnone" width="1198"] width= Қазақстан және Моңғолия Еңбек министрлігі делегациясының қатысуымен өткен кездесу. 1991 жылы, 21 шілде[/caption] Ал менің көш бастауыма себепкер бол­ған тағы бір жағдай – Моңғолияның Баға комитет төрағасы Э.Бямбажав бастаған деле­га­ция 1990 жылғы 19 наурызда Ұлан­ба­тырдан Мәскеуге ресми іссапармен барды. Делегация құрамында мен де бол­дым. Сол сапарда енді әр ел өз мүддесі, өз күшіне сенімді болу керегін түсіндім. Кеңес Одағы Баға комитетінің басшысы Н.Глуш­ков, А.Комин сияқты белгілі эконо­мистер біздің жасаған бағдарла­мамызды жоғары бағалады. «Келе жатқан нарықтық қаты­настар бағаның еркін болуын қалауы – заң­дылық» дей келе, енді «Моңғолия тәуел­сіз ел болғандықтан, баға мәселесін өз бе­тімен шешуі керек» деп түйіндеді. Осы ара­лықта мен өз қаражатыммен арнайы рұқсат визам болмаса да жолын тауып, Алма­тыға келіп көш мәселесін талқылап кеттім. Көшті Қазақстанға еңбек күші ретінде «жұмыссыз қалған қазақтар жұмыспен қамтылады» деген сылтаумен бастадық. Өйткені «ұлтшылдар Отанынан қашып кетіп жатыр» деген моңғол ағайындардың өкпе-назына қалмаудың бірден-бір пара­сатты жолы осы еді. Бұған ол жақта да, бұл жақта да көптеген зиялы азаматтар атса­лысты. Біздің бұл жолғы көшіміз, баяғы замандағыдай бейберекет босу емес, бір-бірінен алыстап кеткен ұрпақтарды, ға­сыр­лар тоғысында атажұртта табыстыр­ған жаңа сипаттағы тарихи әрі салиқалы көш бол­ды. Осы көшті ұйымдастыру  біз­дің буын­ға бұйырған қиын да абыройлы мін­деті болса, сол істі бастап жүзеге асыру менің пешенеме жазылған екен. – Қазақ көшіне Кремльдің біршама қырын қарағаны жайлы айтылып жа­тады. Сол қаншалықты рас? – 1990 жылы «Моңғолия қазақтары Қа­зақстанға көшкісі келеді екен» деген сы­­быс Кеңес Одағы КОКП Бас хатшысы Ми­хаил Горбачевке де жетеді. Содан мұ­ның жай-жапсарын Кеңес өкіметінің ел­шілігінен сұратқан көрінеді. Елшіліктегілер бұл істі Моңғолиядағы Кеңес Одағы елш­і­лігінің кеңесшісі Қайыр Омаровқа жүк­тейді. Қайыр Рахымжанұлы Баян-Өлгей айм­ағына барып, мән-жайды сұрастырып біліп қайтады. Бірақ Мәскеуге «бұл жаңсақ ақпарат екен» деп жауап беріпті. Баста­бын­да мен ол кісінің бұл жауабына іштей рен­жі­дім. «Көшкелі жатқанымыз рас, Қазақ­стан­мен келісім жасап қойдық, бұл қалай бол­ды?» деп. Бірақ кейін «егерде Қайыр аға со­лай жауап бермегенде көш жолына бө­геттер болуы мүмкін бе еді?» деп ойладым. – Алғаш келісім жасау барысында Тұң­­­ғыш Президент Нұрсұлтан На­зарбаев­­пен неге кездесе алмай кет­тіңіз­­дер? – Біз Еңбек министрлігіне барғанда «сіз­­дер елдеріңізге қайтыңыздар, қазір біз­де ондай мүмкіндік жоқ» дегенді айттым ғой. Ал біз бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев­­қа барсақ, біздің мақсатымызды ол кісіге жеткізбей жолдан қайтарып жі­беруі мүмкін еді. Сондықтан бізге тіке Елба­сына шықпай, жергілікті әкімшіліктегі басшылармен келісу керек болды. Ол кезде Шерағаң, Шерхан Мұртаза­ның беделі зор, өзі газеттің бас редакторы еді. «Егемен Қазақстан» газетіне «Жақы­ның­ды жат етпе» деген мақала жария­лан­ды. Сосын барып кейбір шенділер жұмсара бастады. Осыдан кейін біз Қазақ КСР пре­мьер-министрі Ұзақпай Қарамановтың қа­былдауында болдық. Ол кісі де бізді қол­дайтынын айтты. – Ал Қонаевпен кездесу барысында не айтылды, ол кісі көшті қолдады ма? – Халықтың арқа сүйер беделді аза­маты, халық жазушысы Шерхан Мұртаза­дан алған рухани қуатымызбен қанатта­нып, ата-бабадан жалғасқан салтымыз бойын­ша келесі күні Дінмұхамед Қонаевқа сә­лем беруге өтініш жасап, қабылдауында бол­дық. Қазақ елінің жеткен жетістігінің не­гізін қалап, ұзақ жылдар ел тізгінін ұста­ған абыз ағамыз, бізді өз шаңырағында жы­лы қарсы алды. Атамекенге келер үлкен көш­тің басы болып келіп жатқан қандас­тары­мыздың атынан сәлем беріп, қол алы­сып, ықылас батасын алдық. Алыстағы ағайынның алды Талдықорған облысына келіп орналасып жатқан жағдайын, ары қарай ұлы көшке жол ашуды мақсат етіп жүргенімізді айттық. Үстел басында ағайын­дық шынайы ықыласпен өрбіген әңгіме бұрынғы таныстықты еске алуға ұласты. Бұл 1974 жылдың қараша айы еді. Ұланбатырдың қақ ортасында Кеңес Ода­ғының көмегімен салынған «Профсоюз қо­ғамының мәдениет сарайында» үлкен жиын болды. Бұл Ұланбатыр қаласының 50 жыл­дық мерейтойы болатын. Тойға социалистік елдердің делегацияларын Л.Бре­жнев бастап келді. Құрамында Кеңес Ода­ғы Коммунистік партиясының орта­лық комитетінің бюро мүшесі, Қазақ ССР Орталық партия комитетінің бірінші хат­шысы Д.Қонаев та болды.  width= Осы салтанатты жиын­да, жұмысы артта қалып жоспары орын­далмайтын ауыр жағдайдағы өнді­ріс­ті алдыңғы қатарға қосып, нәтижелі жұ­мыс атқарғаны туралы басылым бетіне жиі шы­ғып жүрген, Кеңес Одағынан білім алып келгендердің атынан Аятхан Тұрыс­бекұлына сөз берілген еді. Мазмұнды да қысқа-нұсқа сөзімен жи­нал­ған жұртты баурап, ел қошеметіне бө­ленген Аякең демалыс арасында көп жыл­дан бері мемлекттік жоғарғы басқару қыз­метін атқарып жүрген ел ағасы Қабдыл Шәбіұлымен (Моңғолияның 5 аймағында әкім болған тұлға) бірге Д.Қонаевқа барып, жүзбе-жүз көрісіп, сәлем берген еді. Қазақ­ша жөн сұрасып қол алысқан, естен кетпес ерек­ше тебіреністе болған сол бір сәтін еске алғанда Димаш аға: «Иә есімде, сон­дағы жалынды жас жігіт сен екенсің ғой. Бәрекелді, ел азаматы болып енді, міне, ата­ж­ұртқа еліңді бастап келіп жатқаның сүйсінерлік жайт. Алыстағы ағайынды кө­шіріп әкеле беріңдер. Қолдаймыз. Кешікпей мен Талдықорған облысына барамын. Сон­да облыс басшысы С.Тұрсыновқа ай­тып, тап­сырамын» деп ағынан жарылды. Қонаев ақсақал бұл кезде қызметтен енді түссе де, әлі де сөзі өтімді кезі болатын. – Ең алғашқы қазақ көшінің бел ор­тасында болдыңыз. Моңғолия қа­зақ­тарынан басқа ағайындардың қа­лай келгенін білесіз бе? – Жалпы, халықаралық миграция заңын­да барлық елдерге бірдей қағидалары бо­лады. Мысалы, еңбек шарты, білім алу, от­басы жағдайы т.б. Қазақстан көші-қон сая­сатын сол халықаралық нормаларға сүйе­не отырып жүргізді. Біз Моңғолия қа­зақ­тары еңбек шартын таңдадық. Моңғол ағайындар өздері де шет елдерге еңбек шар­тымен жұмыс істеп кете бастады. Біз осы ұрымтал тұсты пайдаланып: «Моң­ғо­лия­дағы қазақтарды Қазақстанға еңбек шар­тымен жіберейік, тілін түсінеді, салт-дәстүрі бір халық» дегендей бұлтартпас мы­салдарды алға тартық. Сөйтіп Моңғолия үкі­метінің келісімін алып, барлығын құжат жү­зінде заңдастырып алдық. Өйткені қан­шама қара орман қазақтың тауқыметін ар­қалап алып бара жатқан соң, қалайда ел жағдайы жақсы болып кету үшін құжат мә­селесі тап-тұйнақтай болуы керек еке­нін түсіндік. Ал басқа жақтан келген қазақтарға кел­сек,  бізден кейін Қытайдан үш-төрт зия­лы азамат келіп көшудің жолдарын сұра­ды. Бұл топты бастап жүргендердің бірі – жазушы Жақсылық Сәмитұлы бола­тын. Біз қалай келгенімізді түсіндіріп айт­тық. Менің білуімше, Қытай қазақтары Кө­ші-қон заңының «туысшылап келу» де­ген бабына сүйеніп келді. Қытайдан 60-жыл­дары келген қазақтар туыстарына ша­қырту жіберу арқылы көш басталды. Сөйтіп, Қытай қазақтары бертінге дейін сол шақырту бойынша келіп қоныстанып жатты. Ал басқа ТМД елдеріндегі қазақ­тар­дың көшіп келуі аса бір қиын болмаған сияқ­ты. Бұрыннан бір-біріне келіп-кетіп жү­ретін, бір жүйеде өмір сүрген халық ре­тінде орналасу, сіңісу алыс шетелдерден ке­летін ағайындарға қарағанда жеңілдеу бол­ды ма деп ойлаймын. – Өзіңіз Ресейде, Моңғолияда лауа­зымды қызметте болдыңыз. Ал елге кел­геннен кейін қандай қызмет атқар­дыңыз? – Мен Қазақстанда 1997 жылға дейін Моң­ғолия Еңбек министрлігінің ресми өкілі қызметін атқардым. Көші-қон сала­сында көп жыл жұмыс істедім. Көші-қон және демография комитеті құрылды. Бізге сонымен бірлесе жұмыс істеңдер деді. Ал біз 1991 жылдан кейін 2001 жылы, яғни 10 жылдан кейін азаматтық алдық. Әйтпесе әлдеқашан осы жақта да өзіме тиесілі қызмет істер едім. Сондықтан жеке шаруа­шы­лықпен айналысып, жан бақтық. Көш тарихында көпке дейін шешілмеген мәселе азаматтық болды. Бұл мәселені Парла­ментке дейін көтердік. Сөйтіп, көшіп кел­ген қазақтарға жаппай ықтиярхат бері­ле­тін болды. Осыдан кейін азаматтыққа қол жеткіздік. – Ең алғашқы келген көш мал-мүл­кі­мен келген екен. Мұны қалай жүзеге асырдыңыздар? – 1991 жылы Моңғолияның тұңғыш пре­зиденті П.Очирбат мырзаның қабыл­дауында болдық. Көші-қонға байланысты алты мәселе көтердік. Соның бірі көшіп жат­қан адамдардың өзіне тиесілі бүкіл дү­ние-мүлкін және малын алып көшіру бо­латын. Президент алты мәселенің бесеуі­не қарсылық білдірген жоқ. Ал малымен көшіру мәселесі шешілмеді. «Мал моңғол елі­нің қазынасы, оны шетелге шығар­май­мыз» дегенді айтты. Мұны Қазақстандағы басшыларға айтып «қора-қора малымызды қалай тегін тастап кетеміз? Осының ше­шілуіне ықпал етсеңіздер» дедік. Содан екі ел ортақ келісім жасап, шектеулі мал саны көрсетілді. Сол бойынша 1991 жылы біраз от­басы мал-мүлкімен көшіп келді. Моңғо­лия­дан әкелген мал Заринский ет комбина­тына өткізілді. Сосын қай жерге барсаң сол жерден ет комбинатынан алған түбіртекті көрсетіп малын санап алатын болды. Оның кейбірі малдарын ала алмай қалды. Өйткені олар мал алып үлгергенше кейбір барған жерлерде совхоз тарап кеткен еді. Екінші инфляция жүріп кетті де, он жыл­қының орнына бір тай алғандары да бол­ды. Мұны көрген халық одан кейін «малы­мыз­ды әкелеміз» деген де жоқ. Осылайша, Моңғолиядан мал әкелу тоқтап қалды. – Алғашқы көшті бастаған азамат­тарды айтқанда, сізбен бірге Аятхан Тұрысбекұлы деген тұлғаның есімі бірге аталады. Сол кісі жайлы айта кет­сеңіз. – Осы жұмыстардың көбі сол кісінің ар­қасында жүзеге асты. Аятхан Тұрыс­бек­ұлы болмаса жалғыз мен қайда барамын? Қаншама ел-жерді жалғыз әйел адамға аралап жүру қиын ғой. Сонымен қатар, ме­нің туған інім Сайт та болды. Біздің мақ­сат-мүддеміз бір жерден шықты да осы жұмысты бірге атқардық. Аятхан Тұрыс­бекұлы Украинаның Киев қаласында оқы­ды. Ұланбатырда ақша жасайтын зауытта істеген. Көптеген шет елде болып, ақша жа­сау­дың қыр-сырын меңгерген, тіпті моң­ғол­дардың өз ішінен табыла бермейтін ма­ман иесі болды және сол ақша жасайтын ме­кеменің басшысы қызметін атқарды. Бірақ Аякең осының бәрін ысырып қойып, қа­зақтарды атажұртқа көшіру ісіне ара­ласты. Қазақстанға еңбек шартымен келген ағайын Моңғолиянның экономика заңы бойынша елге салық төлеп, сол түскен салық­тан біздің айлық-жалақымыз төлене­тін болып келісілген.  Ал біз Қазақстанға келгеннен кейін өз күнімізді өзіміз көрдік. Бір­де аш, бірде тоқ жүрсек те көшті тоқтат­пай, жүргізе бердік. Аятхан аға екеуміз бас­таған істі «делдалдық жасап жүр» деп кө­ре алмай, пыш-пыштағандар да болды. Бірақ қазақтың «ит үреді, керуен көшеді» де­г­ен сөзі рас екен, көш тоқтамай жүре бер­ді. – Осы қазақ көшіне тілеулес қам­қор болған, қолғабыс еткен тұлғалар туралы айтып беріңізші... – Осынау тәуелсіздік жылдарында қа­зақ көшіне үлкен қамқорлық жасаған адам, әрине Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Көш аясында жасал­ған көптеген бағдарлама жүзеге асқаны белгілі. Оның игілігін ағайын көрді. Одан кейін бір адам – бұрынғы Талдықорған облысы Кербұлақ аудандық партия ко­ми­тетінің бірінші хатшысы Тілеужан Са­дықұлов. Ол кісі үлкен тарихи оқиғаға мұрын­дық болған алғашқы тұлғалардың бірі. Қазір де аман-сәлеміміз үзілген жоқ. Мен ол кісіні «мұзжарғыш кеме» деп атай­мын. [caption id="attachment_144000" align="alignnone" width="677"] width= Бұрынғы Талдықорған облысы Кербұлақ аудандық партия ко­ми­тетінің бірінші хатшысы Тілеужан Са­дықұлов. Қазір зейнетте.[/caption] Сонымен бірге Қазақ КСР Министрлер кабинетінің орынбасары, Ауыл шаруашы­лы­ғы министрі Балташ Тұрсынбайұлының көшке тиген еңбегі зор. 1991 жылы көшіп келген ағайындарға ерекше жанашырлық танытып қолдау көрсеткен Мырзатай Жол­дасбеков, Шәңгерей Жәнібеков, Шер­хан Мұртаза, Шаяхмет Шайсұлтанұлы, Памир Камалиев, Сайлау Батыршаұлы, Марат Тоқсанбаев сияқты азаматтарды айтуға болады. Әсіресе, «Отан» қоғамының басшысы Шәңгерей Жәнібеков ағамыздың көп қолдауы болды. Сондай-ақ, Әлеуметтік қорғау министрі болған Зәуре Қадырова шетел қазақтарының зейнетақы және әлеу­меттік қамсыздандыру мәселесін ше­шіп берген болатын. Көпке дейін араласты­ғымыз үзілмей жүр еді, кейін елордаға көшіп кеткеннен кейін қол үзіп қалдым.

P.S.

Қазақ көшінің бастауында болып, қандастардың елге келуіне көп көмек көрсеткен қазақтың қайсар қызы  Сағат апамыз бұл күнде аман-есен

80-ге қарай беталып барады. Алматы қаласында тұрады. Әкесі әнші, композитор Зақан Садырбайұлы Қытай елінің Көктоғай ауданында туған. Алтай қазақтары арасында «Саялы өзен» әнімен кең танылған адам. Ал Зақан Садырбайұлының үлкен қызы осы Сағат апамыздан кейінгі сіңілісі Ясира Зақанқызы әке жолын жалғаған белгілі әнші, композитор. Інісі – экономика ғылымының доктор, профессоры Сайт Зақанұлы қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы агротехни­ка­лық университетінің оқытушысы. Ал Сағат апамыз­дың жолдасы – белгілі ғалым, экономика ғылымдарының докторы Дөрбетхан Тотилаұлы 1987 жылы дүниеден өткен. Д.Тотилаұлы Моңғолияның Стандарт және баға жөніндегі ғылыми-зерттеу институ­тын басқарған және Моңғо­лия пре­мьер-министрінің кеңесшісі қызме­тін абыроймен атқарған беделді тұлға болған.

Бақытбек ҚАДЫР

Серіктес жаңалықтары