Шымкент қаласында дәрігерлер кеңірдегіне түйреуіш тұрып қалған үш айлық сәбидің жанын сақтап қалды,-деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Тыныс алу жолдарына әлдене тұрып қалған сәби ауруханаға жеткізілген. Сәбиді тексерген дәрігерлер оның кеңірдегінде түйреуіш тұрғанын анықтаған. Содан соң хирургтар - Әкім Түлкібаев, Нұрбол Қоянбаев және анестизиолог-дәрігер Берік Тотиков шұғыл түрде балаға ота жасауға кіріскен.
"Фибробронхоскоп арқылы іштегі түйреуішті алдық. Ота тіліксіз өтті. Баланың жалпы жағдайы жақсы, емдеу хаттамасына сәйкес қажетті ем алып жатыр", - дейді дәрігер Әкім Түлкібаев.
Дәрігерлердің сөзінше моншақ, бұршақ, тырнақ, түйме, ине, түйреуіш, сүйек, ұсақ тиын секілді заттарды жұтып қойған балалар ауруханаға көп түседі екен. Мұндай жағдайлар көбінесе ата-анасының қарауынсыз қалған балаларда жиі кездесетін көрінеді.