477
Ине ұшындағы иммунитет
Ине ұшындағы иммунитет
Былтыр қарашада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия әлем халқының шамамен 70 пайызы вирусқа қарсы вакцина алған кезде аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Елімізде вирусқа қарсы вакцина егу 1 ақпанда басталды. Бірақ процесс өте баяу жүргені сонша, Мемлекет басшысының сынына іліккен еді.
Елімізде 1 ақпаннан бастап Ресейден әкелінген препаратпен жаппай вакциналау басталды. Ең бірінші болып бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният вакцина салғызды. Ал өзімізде өндірілген «Спутник V» вакцинасы 15 ақпаннан бастап қолданыла бастады.
Жоспар бойынша жыл соңына дейін 10 миллион адамға вакцина егу көзделген, соның ішінде 2 миллион адам бірінші жартыжылдықта вакцина алуы керек еді. Ақпан айында – 100 мың, наурызда – 150 мың және сәуірде 600 мың адамға екпе егіледі деп меже қойылды. Бірақ алғашқы екі айда халықтың 0,1 пайызға жетер-жетпес бөлігі ғана коронавирусқа қарсы вакцина алды. Бұл басқа елдермен салыстырғанда өте баяу көрсеткіш болды. Сол себепті бұл мәселеге Мемлекет басшысы араласып, нақты тапсырмалар берді.
Осыдан кейін ғана вакцина егу науқаны қарқынды жүре бастады. Денсаулық сақтау министрлігінің 18 сәуірдегі статистикалық дерегіне сәйкес, елімізде 679 709 адам коронавирусқа қарсы вакцина алған. Оның ішінде 118 517 адамға вакцинаның екі компоненті де егілген. Яғни елімізде халықтың 3,87 пайызы вакцина салғызыпты, оның 0,65 пайызы толық екі компонентті де алды.
Өңірлер бойынша Алматы қаласында 131 631 адамға вакцина егілген. Екпе салдыртқандар саны бойынша Алматы облысы екінші орында: вакцинаның бірінші компонентімен 90 мыңнан астам, екінші компонентімен 11 мыңға жуық тұрғын егілді. Үшінші орында 60 мыңға жуық тұрғыны вакцина алған Шымкент қаласы тұр. Ал Нұр-Сұлтан қаласында 57 мыңнан астам адам вакцина салғызған, оның 10 мыңы вакцинаның екінші компонентін де алды.
Ал әлем бойынша Израиль вакциналаудан көш бастап тұр. 20 сәуірдегі деректерге сүйенсек, елдің ересек тұрғындарының 73 пайыздан астамы індетке қарсы егілген.
Қазіргі уақытта қоғамда вакцина мәселесі қызу талқыланып жатыр. Байқайтын болсақ, халық арасында күдік басым. Оған жан-жақтан толассыз келіп жатқан ақпарат ағыны басты себеп болып тұр. Оған қоса, мәжбүрлеп вакцина егу туралы да ара-тұра жазылып, айтылып жатыр. Қай мәлімет рас, қай мәлімет шындыққа жанаспайды – анықтау қиын.
Factcheck: жалған ақпарат жұртты адастырады
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцина тек адамның жеке келісімімен ғана салынады. Вакцинадан бас тартқандар әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екпе егердің алдында сіз арнайы параққа қол қою арқылы вакцинадан бас тартуға немесе салдыруға келісім бересіз. – Вакцинаны 18-60 жас аралығындағы адамдар алады. Ешкімге де еркінен тыс екпе салынбайды, мәжбүрлеу болмайды. Ал айтылған жыл соңына дейін вакцина алуы тиіс 10 млн адам – вакцина қабылдауға мүмкіндігі бар адамдардың болжалды есебі. Қалған мәселелерді жауапты мамандар әлі де тексеріп жатыр, – дейді ведомствоның баспасөз хатшысы. Енді вакцинаның ағзаға қалай әсер ететіні, қаупінің бар-жоғына тоқталсақ. Екпе адамның иығына екі кезеңмен салынады. Алғашында 0,5 миллилитрлік дозамен бірінші компонентті салады. Одан кейін 21 сағат өткен соң, екіншісін егеді. Оның көлемі де 0,5 миллилитр. Егер бірінші компонентінен кейін адамның жағдайы нашарласа, екіншісі салынбайды. Мамандардың айтуынша, кез келген вакцинаны салған кезде адам ағзасы иммунитет қалыптастырады, аз уақытқа дене қызуы көтеріліп, екпе салған орын қызарады немесе ісіну секілді жағымсыз өзгеріс болуы мүмкін. Жасы үлкен адамдарда бұл вакцина қанда тромб түзуі мүмкін екені де мамандар тарапынан жоққа шығарылған жоқ. Ал «Екпе адамның ДНҚ-сын өзгертеді екен» деген секілді ақпарат шындыққа жанаспайды, себебі ДНҚ-ны осылай қарапайым тәсілмен өзгерту ғылыми тұрғыда әлі мүмкін емес екенін factcheck.kz жазған екен. Оған қоса вакцина арқылы халықты «чиптейді» екен деген мәлімет те желіде қызу талқыланды. Осыған қатысты Денсаулық сақтау министрлігі вакцина бойынша жалған ақпаратпен күрес жұмыстарына аса көңіл бөле бастады. «АҚДМ-мен бірлесіп вакциналаудың маңызы және жалған ақпаратты теріске шығару туралы халық арасында ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында. Денсаулық сақтау министрі арнайы медиа-жоспар іске асырылып жатқанын айтты. «Ол үшін ақпараттық ресурстардың барлық әлеуеті, соның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер жұмылдырылған. Вакцинаның маңызына назар аудара отырып, барлық телеарна мен баспа басылымдарын тарту, оң мысалдарды көрсету үшін пікір жетекшілерін, сарапшылар мен медиа тұлғаларды тарту, теріске шығару және жалған ақпаратпен күресу үшін сенімді ақпарат жариялау жоспарланып отыр», – деп атап өтті Алексей Цой. Ал чиптеу мәселесіне келсек, бұл да әлі ғылымда ашылмаған жаңалық, мүмкін емес нәрсе екені айтылды.Вакцинаны кімдер салдырмайды?
Адам соңғы алты айдың ішінде коронавируспен ауырып шықса, вакцина салудың қажеті жоқ. Бұдан бөлек, жүкті әйелдерге, ауыр аллергиясы мен вакцинаның құрамындағы заттарға жоғары сезімталдылығы бар адамдарға, 18 жасқа толмағандарға және 65 жастан асқандарға салынбайды. Сонымен қатар, бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары, эндокриндік жүйенің бұзылуы (қант диабеті), қан түзілімі жүйесінің ауыр аурулары, эпилепсия, инсульт және басқа да орталық жүйке жүйесінің аурулары, жүрек-қан тамыр аурулары, иммун тапшылығы, аутоиммунды аурулар, өкпе аурулары, демікпе және өкпенің обструктивті аурулары, метаболиттік синдром мен диабет, аллергиялық реакциялар, атопия мен экзема, қатерлі аурулар, соның ішінде қан ауруларымен ауыратын адамдар вакцина алмайды. Егер дене қызуы 37 градустан жоғары болса, вакцинация кейінге шегеріледі. Кез келген препаратты салмас бұрын медицина қызметкері пациенттің аллергиясы бар-жоғын сұрайды. Егер адамның ауыр аллергиялық ауруы бар болса, онда оған екпе салынбайды. Сол сияқты екпенің аллергиялық әсерін алдын ала білу мүмкін емес екен. Себебі әр ағза әртүрлі. Шұғыл әрекет ету мақсатында азаматтар екпе алғаннан кейін 30 минут бойы медициналық бақылауда, яғни, медициналық мекеме ғимаратында болғаны жөн. Осы уақыт ішінде вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін. «Алдыңғы күні №15 клиникадан вакцинаның бірінші компонентін алдым. Екінші екпені мамыр айында аламын. Негізі қызуыңыз көтерілуі мүмкін деп ескерткен еді, бірақ өз басым ондай еш әсерін байқамадым. Тек сол күні кешкісін вакцина салдырған қолым сәл ауырсынғаны болмаса, бәрі жақсы болды. Дәрігердің айтуы бойынша, қарт кісілерден гөрі жастарға көп әсер етіп жатыр екен. Иммунитетің жақсы болуы керек. Вакцина алуға келіп жатқан адамдар көп. Мен алған кезде кезекте 10 шақты адам болды. Менен кейін де келіп жатты. Кейбіреулері ендігі екінші компонентін алуға келген екен. Олар да жағдайлары жақсы екенін айтып жатыр», – деп вакцина салдырған Бақытгүл Жүкенова өзінің екпеден кейінгі жағдайын айтып берді.Екпе жайлы тағы нені білу керек?
Спутник V Аргентина, Армения, Бахрейн, Беларусь, Венгрия, Венесуэла, Гвинея, Иран, Кения, Лаос, Ливан, Мексика, Никарагуа, Біріккен Араб Әмірліктері, Пәкістан, Парагвай, Конго, Ресей, Сан-Марино, Сирия, Сербия, Тунис, Черногория сияқты елдерде қолданылып жатыр. Спутник V-дің басқа вакциналардан айырмашылығы – векторлық технологияны қолдана отырып жасалғанында. Яғни SARS-CoV-2 вирусының генетикалық материалын адам жасушаларына жеткізу үшін аденовирустар тұқымдасы болатын басқа вирустың қабығы қолданылады. Яғни ДНҚ-ның бөлігін вакцинаға оңайлықпен енгізе салу мүмкін емес. Оған тасымалдаушы қажет. Вакцинада бұл қызметті аденовирус атқарады. Ол – табиғатта жиі кездесетін тұмау вирусы. Жасушалар ақуыз шығарады, нәтижесінде иммундық реакция пайда болып, организм вируспен күресуге үйренеді. Елімізде ресейлік вакцина Қарағанды фармацевтикалық кешенінде шығарылады. Дәлірек айтқанда, Ресейден субстанция жеткізіледі, ал Қазақстанда сол субстанциядан дайын зат жасалады. Қазақстандық материалдар мен шикізат пайдаланылады. Елімізде енді вакцина алғаныңды куәландыратын электрондық төлқұжат қолданысқа енбек. Паспорт eGovmobile мобильдік қосымшасының «цифрлық құжаттар» бөлімінде вакцинаның екі компонентін алғаннан кейін қолжетімді болады. Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Марат Шоранов бұл құжатты қолданысқа шығаруда қандай да бір шектеу қою мақсаты жоқ екенін хабарлаған болатын. «Бұл тек иммундық жағдайды анықтау үшін қажет. Ол ешқандай шектеулер қарастырмайды. Бұл вакцина алғандар туралы мәліметтерді нақты есепке алу және ел аумағында вакцина егу көлемін жоспарлау үшін жасалады, өйткені бізге жыл сайын егу қажет болуы мүмкін. Біз кім, қашан, қандай сериямен вакцина алғанын нақты білуіміз керек. Сондықтан бұл көлемді есепке алу мен жоспарлауды ұйымдастыру тұрғысынан жасалады», – деді ол. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева бұған дейін екпе алмаған адамдар үшін басқа елдерде шектеулер болуы мүмкін екенін айтқан болатын. «Болашақта кейбір елдер профилактикалық егулер алмаған адамдар үшін шектеулер енгізуі мүмкін. Бұл – болашақта. Бірақ біздің елімізде қазіргі кезде профилактикалық екпе алмаған адамдардың еркін жүріп-тұруына шектеу қойылмайды», – деді ол. Әлем бұрын-соңды басынан өткерген аса қауіпті шешек, оспа, оба, тырысқақ сияқты індеттердің беті екпе арқылы қайтарылғаны мәлім. Ол кезде адамдар зор тәуекелге бас тіккен. Коронавирус пандемиясы басталған кезде де жаһан жұрты екпеге зор сенім артты. Не десек те, бүкіл әлем күдік аралас үміттің табалдырығында тұр.