Нұрымбет САҚТАҒАНОВ: Абай Семей мен Жидебай арасында жүріп-ақ «Абай» болған

Нұрымбет САҚТАҒАНОВ: Абай Семей мен Жидебай арасында жүріп-ақ «Абай» болған

Нұрымбет САҚТАҒАНОВ: Абай Семей мен Жидебай арасында жүріп-ақ «Абай» болған
ашық дереккөзі
807
Семей – еліміздегі тарихи маңызы ерекше қаланың бірі. Өткен ғасырдың басында Алаш көсемдері осы шаһарда бас қосып, келелі кеңестер өткізгендіктен сол кезде зиялылар шо­ғырының көбірек жиналғаны да жұртқа белгілі. Мемлекет басшысы 2019 жылы Семей қаласына іссапары барысында қаланы дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдар­ла­масын жүзеге асыру жөнінде өңір басшылығына тапсырма берген болатын. Біз тарихи тамыры тереңдегі қалаға арнайы ат басын бұрып, Президент тапсырма­сының қалай орын­да­лып жатқаны жайлы қала әкімімен әңгіме өрбіттік.  width= – 2019 жылы Семей қаласына іс­са­пары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді одан әрі дамыту үшін 2020-2025 жылдарға арналған жо­баны даярлап, тыңғылықты жүзеге асы­руды тапсырған болатын. Қазіргі таңда ха­лықтың әл-ауқатын көтеретін, қала­ның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде нақты қандай шаруалар тын­дырылып жатыр? – Мемлекет басшысы біздің алдымызға Се­мей өңірінің әлеуметтік-экономикалық да­муының өзекті мәселелерін шешуге ба­ғытталған халықтың өмір сүру деңгейін кө­теру жөнінде нақты мақсаттар қойып отыр. 2020-2025 жылдарға арналған жоспар ая­сын­да Семейде әлеуметтік-экономикалық кешен да­муда, оның тарихи-мәдени объектілері жаңа талаптарға сай жаңғыртылуда. Биылғы қаң­тар-наурыз айлары аралығында өнер­кәсіп өндірісінің көлемі 58,7 млрд теңге бол­ды, бұл 2020 жылғы осы уақытпен салыс­тырғанда 10,3 пайызға немесе 5,4 млрд тең­геге артық. Қаланы дамыту бойынша жүрі­летін жұмыстың барлық бағыты бойынша жоспарды уақытымен орындап отырмыз. Мәселен, бізде бір қабатты үйлер салынып жатқан «Шығыс» деп аталатын бағдарлама бар. Осы бағдарлама аясында өткен жылы 10 үй салдық. Биыл біз дәл сондай үйлердің са­нын 125-ке жеткіземіз. Бұл үйлер көп­ба­лалы аналарға, тұрмысы төмен отбасыларға, әлеу­меттік жағынан аз қамтылған азаматтарға ар­налған. Барлығын көпқабатты үй қылып сала бергеннен гөрі кейбір жерлерге осындай шағын жері бар бір қабатты үйлерді салып берсек, онда қоныстанған азаматтарға мал ұстауға, шағын бау-бақша өсіріп, өнім алуы­на мүмкіндік болады. Онда ауызсу мен жа­рық жүйесі тартылды. Енді жол төселеді. Бұл үйлер жалға берілетін баспаналар жүйесі жо­лымен үлестіріліп отыр. Мұндай жұ­мыс­тар қала маңындағы кенттерде, барлық ау­дан­дарда жүріп жатыр. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлермен де келісіп осындай баспана сал­дыру жоспарымызда бар. Биыл мұндай үйлердің санын 200-ге жеткізуіміз мүмкін. 2021 жылдың алғашқы 3 айының қор­тын­дысы бойынша 39 975 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сәуір айының соңы­на дейін тағы 72 азамат тұрғын үймен қамта­масыз етіледі. 2020 жылы 148 азамат баспанамен қам­тылды. Оның ішінде 114 пәтер көпбалалы от­басыға, 37 пәтер жетім балаларға берілді. Биыл жалпы ауданы 124,6 мың шаршы метр 25 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға бері­леді деп жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы не­гі­зінде Семей өңірінің дамуына байланысты 2020-2025 жылдарға арналған бағдар­ла­ма­ның 56 бағыты бар. Осы бағдарлама жүзеге асқан жағдайда Семей қаласы семейліктер ғана емес бүкіл қазақстандықтар мақтан ететін, үлгі көретін қалаға айналары сөзсіз. Бұл жоспарды табысты орындауға барлық мүмкіндік бар. Әсіресе, ішкі мүмкіндіктер көп. Біріншіден, берекесі жарасқан, еңбекқор Семей халқы әрбір бастаманы қуана қол­дайды деген ойдамын. Екіншіден, Семей қаласының орналасқан жері тоғыз жолдың то­рабы. Солтүстік-шығыста Ресей. Мына жақ­та Қытай елі орналасқан. Еліміздің ор­талығынан шыққан теміржол көлігі мен ав­тожол көлігінің жүк тасымалдары біздің қа­ла арқылы өтеді. Мұның барлығы эко­номиканың ілгері жүруіне, алым-берімнің тоқ­таусыз қозғалыста болуына көп әсер ете­­ді. Осы бағытта көптеген жобалар жаса­лып, оның орындалуы мен қаржының бө­лінуі облыспен және республикамен келі­сіл­ген. – Қазір көктем мезгілі. Қар суы еріп, Ер­тіс арнасынан асады. Жыл сайын Се­мей қаласының өзенге жақын орна­лас­қан ауылдарына су қауіп төндіреді. Биыл қалай болып жатыр? – Иә, бізде өзенге жақын орналасқан же­ке үйлер, шаруашылық иелері бар. Өзіңіз ай­­тып отырғандай кей жылдары өзен суы кө­теріліп, үйлерді су шайып кететін оқыс оқи­ғалар болатын. Бірақ биыл біз алдын ала су қаупінің бетін қайтарып, мұндай бірде-бір ке­леңсіз оқиға болған жоқ. Кей жылдары су жи­налып қалған ой жерлерден жүк көліктері де өте алмай қалатын. Бірақ биыл 1 см де су кө­терілмеді. Біз алдын ала өзен арнасын та­за­лап, сеңді ағызып, судың жағаға көте­рілуі­не жол бер­медік. Сонымен қатар қыстай қа­­­ланың қарын да жоспарлы түрде сыртқа шы­ғарып отырдық. Су көп жиналатын жер­лердің қарларын түгел тазаладық. Соның нә­тижесінде ешбір үйге су қауіп төндірген жоқ. Орталық саябақ­та­ғы жөндеу жұ­мыс­тары жайлы айтып отырсыз, кеше ғана ба­рып, көріп келдім. Саябақты жөндеп жатқан ме­кемемен келісімшарт 1 маусымда бітеді. Оған дейін әлі уақыт бар. Қазір қыстан енді ға­на шығып жатыр. Өткен жылы Абай ата­мыздың 175 жылдығы қарсаңында қолға алын­ған шаруа. Бірақ келісімшарттың уақы­ты аяқталғанға дейін барлық жұмыс дұрыс ат­қарылатын болады. – Семейдің өткен ғасырдан қалған та­рихи-мәдени орындары бар. Кезінде рухани орталық болды. Болашақта өңір­ге туристерді көбірек шақыру үшін қан­дай да бір жобаларыңыз бар ма? – Кезінде Абай бабамыз баласы Әбіш ауы­рып жатқанда анау Алматыға да бара ал­мады. Денсаулығы да жарамаған болар, жер де қиыр дегендей. Бірақ осы Семей мен Жи­дебай арасындағы 180 шақырымда жүріп-ақ Абай болды. Демек бұл жердің өзіндік қа­сиеті бар. Киелі мекен. Сондықтан осы Абай атамыз жүрген жолды «Абай жолы» деп атап, туристердің сол жолмен жүріп өтуіне мүмкіндік жасасақ деген ойымыз бар. Семей мен Жидебай арасындағы жолда жолау­шы­ларға, туристерге қызмет көрсету сапасын да­мытпақ ниеттеміз. Бұл жолда Абай баба­мыз бір жерінде атпен, бір жерінде күймемен, қыста шанамен жүрді дегендей. Шаршағанда қараша үйге тоқтап, демалды. Қаланың шуы­лынан шаршаған саяхатшыларға да осындай жағ­дайда жүріп өтуге мүмкіндік жасап қой­сақ деген ойдамыз. Бұл алдағы уақытта, аман­шылық болса іске асады. Мұның барлығы жү­зеге асатын болса, шағын және орта биз­нестің де белгілі мөлшерде қанат жаюына сеп­тігін тигізер еді. Сосын қала тұрғындары мен қо­нақ­тар­дың Ертіс жағасында шомылуына жағдай жа­сасақ деген жоспарымыз бар. Қазіргі пан­демия жағдайы адамның иммунитетінің мықты болу керегін көрсетті. Сондықтан жаға­жайларды қызмет түрі мен адам дема­луға ыңғайлы орындарды барынша дамыта түспек ниеттеміз. Егер осының барлығы дұрыс жолға қойылса ешкім де шекара асып, демалуға кетпес еді. Себебі бізде табиғаты тамаша өңір көп. Қарағайлы, таулы, сулы табиғаты сұлу өлкемізді туристерге ыңғайлы етіп жасақтасақ деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар біз қазір қалалық жерлерде де­нешынықтыру алаңдарын көптеп жа­сақтадық. Бір өкініштісі, бірнеше жыл тұрған соң олар сынып, алаң тозады. Сондықтан біз осы алаңқайлардың иесі болса деп ойлаймыз. Спортпен шұғылданатын азаматтарға әрбір спорттық алаңды жауапты етіп беріп қойсақ, сосын олар сол маңайдағы адамдар­ды жинап денешынықтыру жаттығуларын өткізіп тұрса, ол жердің иесі болғандықтан алаң­дар тозбайды. Біз алаңға ие болып, ха­лықты спорттық шараға жұмылдырып отыр­ған азаматтарға белгілі мөлшерде еңбекақы қарастыратын боламыз. Ең бастысы, ха­лық­тың дені сау, денесі ширақ болғаны. Сонда ғана бәсекеге қабілетті ұлт бола аламыз.  width= – Кезінде Семей шаһарында өнер­кә­сіп орындары көп болды. Қазір олар­дың жағдайы не болып жатыр? – Бұрынғы тоқтап тұрған «Семей су» зауы­тының орнына тәулігіне 1 000 тонна күн­бағыс майын өндіретін зауыт салынып жа­тыр. Ол зауыт өнімді қалдықсыз өңдеп шы­ғарады. Мәселен, күнбағыстың қабығы-нан мал­дың, құстың жемін жасайды. Бұл зауытта 250 адам жұмыс істейді деп жос­пар­лануда. Зауыт іске қосылған соң өнімді ши­кізат ре­тінде емес, даяр өнім ретінде нарыққа шы­ғара аламыз. Мемлекеттің бізге қойып отыр­ған талабы да осы. Өнімді шикізат түрінде емес, дайын өнім ретінде нарыққа шығару. Тері өңдеу зауыты да қайтадан іске қосылып жа­тыр. «Семей-құс» фабрикасы да биыл қай­тадан жұмысын бастағалы тұр. – Бұлардың қайта іске қосылуы үшін қандай да бір қаржылық көздерден қа­ра­жат қарастырылған ба? – Біріншіден, бұл зауыттар кәсіп­кер­лер­дің жеке қаржысы есебінен іске қосылады. Ал біз мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында ол өндіріс орындарының коммуналдық шығындарын азайтуға көмектесеміз. Мәселен, электр энер­гиясы, тұтынған суы дегендей шығын­дарға қол ұшын береміз. Сонымен қатар шикізат тауып беріп, кәсіпкерлермен келістіреміз. кә­сіпкерлерді қолдауға арналған Мемлекет тара­пынан берілетін пайызы төмен қар­жы­лай қарыздар бергіземіз. – Ірі өндіріс орындарынан басқа ша­ғын және орта кәсіп иелерінің жағ­дайы қа­лай? – Шығыс Қазақстан облысы республика бойын­ша шағын және орта бизнес өкіл­дері­нің жұмысы жөнінен алдыңғы орын­дар­да жүреді. Семей қаласында 20 831 шағын және ор­та бизнес өкілі бар. Олар тұрақты жұмыс істеп тұр. Біз шаруа қожалық иелері мен жеке кәсіпкерлердің барлығына «Атамекен» бизнесті қолдау орталығы арқылы жеңіл пайызды несилер алып береміз. Бизнесті қолдау орталығы арқылы жеке кәсіпкерлерді қайта оқытып, бизнесті жүргізудің қыр-сы­рын үйретеміз. Екінші деңгейлі банкілер, қар­жы орталықтары арқылы берілетін не­сиелерді, гранттарды ұсынамыз. Кәсіпкер­лерге үнемі хабарландырулар беріп, кәсібін жүргізуге жол көрсетіп, мүмкіндік жасаймыз. Қа­рыз алғысы келетін немесе білімін жетіл­діруге ынталы кәсіп иелері болса әрдайым қолдаусыз болмайды. Облыс әкімі Даниял Кенжетайұлы шағын және орта бизнестің ілгері басуына ерекше назар аударып отыр. Себебі шағын және орта бизнес дамымай, ол өңір де алға баса алмайды. Былтыр және оның алдыңғы жылдары гранттар мен жеңіл пайызды несиеге қол жеткізе алмай қалған азаматтардың құжаттарын жинап, қайта қарап жатырмыз. Не себептен көмек көр­сетілмегенін анықтаймыз. Егер бизнес жоспары тиімсіз деп көретін болсақ, басқа сала бойынша кәсіп жүргізуге жол нұс­қай­мыз. Бір сөз­бен айтқанда, кәсіпкерлікпен ай­налы­са­мын деген бірде-бір адам ескерусіз қал­майды. – Семей өңірінің жері ауыл шаруа­шы­лығын дамытуға қолайлы. Қазір қа­ла шетіндегі кенттер мен ауыл тұр­ғын­дары бірлі-жарым азғантай мал ұс­тау­ға мүм­кіндігі бар ма? Себебі еліміздің көптеген өңірінде жеке қожалық иелері ауылдың іргесіне дейінгі жерлерді жеке меншікке алып қойғандықтан, ауыл халқының малы жайылатын жайылым жер жоқ. – Біз ауыл шетінен шамамен 5 ша­қырым­ға дейінгі жерлерді ауыл тұрғындарының ма­лы жайылатын ортақ жер деп көрсетіп отыр­­мыз. Одан әрі кеткендегі жерлер ірі шаруа қожалық­тарының жерлері. Олар да қожалықтарын ауыл іргесінде ұстағысы ке­леді. Бірақ ауылдың қоғамдық кеңесі, әкім­шілігі бар, барлығы бірігіп дұрыстап ақыл­дасу қажет. Содан кейін ауыл ішіндегі тұрғын неше басқа дейін мал ұстауға болады деген сұрақтарды талқылап, шешуі қажет.

Сұхбаттасқан Бейбіт ТОҚТАРБАЙ, Арнайы Túrkistan газеті үшін Семей қаласынан

Серіктес жаңалықтары