318
Шамалған тұрғындарының шағымы бар...
Шамалған тұрғындарының шағымы бар...
Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылындағы 1976 жылы салынған 4 қабатты үйдің әбден тозығы жеткен. Жауын-шашын күндері төбесінен су сорғалап, үйдің электр жүйесі істен шығады. Осыған байланысты тұрғындар Шамалған ауылының әкімі Ержас Тоқтасыновқа шағымданған. Алайда «еш нәтиже шықпады» дейді шағымданушылар.
Тұрғындарың айтуынша, қазіргі таңда құлағалы тұрған 4 қабатты жатақханада 60-тан астам отбасы тұрады. Олардың арасында зейнеткерлер, мүгедектер, жалғызбасты аналар, жетім балалар және көпбалалы отбасылар бар.
«Біздің жатақхана күз бен көктем айларында, қыс бітіп қар еріген жаңбырлы маусымда жан-жақтан су ағып, мазамызды алады. Әсіресе, 4-қабат тұрғындарын сарсаңға салып, алаңдатып отыр. Өйткені үйдің төбесі шұрық тесік, шатыры жоқ, ешқандай күрделі жөндеуден өтпеген. Он жылдан бері әкімшіліктің табалдырығын тоздырып, өтініш айтумен келеміз. Қаншама шағымданғанымызға қарамастан «баяғы жартас – сол жартас», нәтиже жоқ», – дейді тұрғындар.
Алайда олар әлі де жергілікті әкімшіліктен үміт күтіп отырғанын айтады.
«Тұрғындар бала-шағасын құлағалы тұрған үйге қалдырып, күні-түні күнкөрістің қамымен жүреді. Ешқандай қауіпсіздік шарасы қамсыздандырылмаған. Биылдың өзінде елімізде осындай жағдайда қаншама бала ажал құшып, елдің қабырғасын қайыстырды. Бұл еліміз үшін үлкен трагедия ғой. Біздің де балаларымыздың өміріне қауіп сондай төніп тұр», – дейді олар.
Ол аздай, тұрғындар көпқабатты үйлерде тұтынуға тиым салынған газ баллонын қолданады екен. Өйткені бұл үйге әлі газ құбыры тартылмаған. Бұл да тұрғындар үшін қауіп төндіріп отыр.
Ал бұған жерігілікті әкімшілік былай жауап қайтарды.
Ержас ТОҚТАСЫНОВ,
Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылының әкімі:
Әлбетте, біз бұл жағдайдан хабардармыз
– Қазіргі таңда округіміздегі «техникум» аталып кеткен көпқабатты үйлер аумағының жағдайы баршамызды алаңдатып отыр. Еске салсақ, бұл бұрынғы Үшқоңыр су шаруашылығы колледжінің жекешеленіп кеткен жатақханасы. Қазір мұнда 60 пәтер иесі тұрады. Тұрғын үйдің қазіргі көрінісі өте нашар. Шатырынан су ағып, қабырғалары үгітіліп құлап жатыр. Мекендеушілер пәтерін өз еріктерімен жылытады. Жалпы айтқанда, үй апатты жағдайда! Ауыл әкімі ретінде, әлбетте, біз бұл жағдайдан хабардармыз. Дегенмен, ғимарат жекешеленіп кеткендіктен ешқандай көмек көрсете алмаймыз. Қазіргі таңда бұл үйдің тұрғындары тек кондаминимум арқылы баспаналарын қалыпқа келтіре алады. Тек мемлекет тарапынан бөлінген ақшаны қайтаруға міндетті. Бұған көпшілік келіспей отыр. Өткен айда осы үйді мекендеушілермен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Е.Нәбиев келіп жүздесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал, біздің тарапымыздан аудан әкіміне жағдай толыққанды баяндалған хат жолданды.
Бақытбек ҚАДЫР