619
Miras қоғамдық кеңесі бас қосты
Miras қоғамдық кеңесі бас қосты
«Nur Otan» партиясы Орталық аппаратында Miras республикалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Басқосуда қазіргі отандық кинематография саласындағы өзекті мәселелері талқыланды.
Кеңес барысында «Nur Otan» партиясының хатшысы Ә.Әлденей мәдениет пен рухани құндылықтар – қазақстандық қоғамды біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылдыратын басты факторлардың бірі екенін ерекше атап өтті.
Партияның мәдениет, өнер саласына қатысты атқарған жұмыстары туралы партия хатшысы Ә.Әлденей:
– «Nur Otan» партиясы ұлттық спорт түрлері – қазақ күресіне, бәйгеге, көкпарға, асыл өнеріміз – айтысқа, жыр, термеге, көркем әдебиетке ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Соңғы екі жылда партияның қолдауымен 14 республикалық ақындар айтысы өткізілді. Оның ішінде, төртеуі телевизиялық және радио форматта ұйымдастырылды», – деді.
Мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері бойынша «Nur Otan» партиясы жанынан құрылған Miras республикалық қоғамдық кеңесі мемлекеттік маңызы бар салмақты ой мен өткір пікір ортаға салынатын алаңға айналды. Құрылғалы бері мәдениет пен өнер саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп келе жатқан қоғамдық кеңестің бүгінгі күн тәртібінде кино саласының шешімін таппаған сұрақтары талқыланды.
Жазушы, кинодраматург, Miras республикалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Смағұл Елубай қазақ киносының жетістіктіктері аз емес, алайда кемшіліктерін түзейтін кезеңнің жеткенін атап өтті. Оның айтуынша кинематография туралы заңды қайта қарау керек. Ең алдымен жыл он екі ай шетелдік идеологияға қызмет етіп келе жатқан прокат мәселесіне тоқталды.
«Біріншіден, прокатқа шығатын фильмдерге лицензия беруді дұрыс жолға қойып, талаптарды күшейту керек. Кинотеатрлар шетелдік киносыз күн көре алмайды. Сондықтан оларға тек касса керек. Ендеше, кассаны көп жинайтын шетелдік фильмдердің табысына көп мөлшерде салық салынсын. Ол салық отандық киноны дамытуға жұмыс істеуі керек. Тиісінше отандық киноны барлық салықтан босатып, прайм-таймда көрсетуді заңдастыру қажет», – деді ол.
Кинематограф балалар киносының назардан тыс қалғанына алаңдаулы. Мәселені шешудің жолы – оны заң жүзінде бекіту дейді.
«Бюджетке жыл сайын сценарийі мықты жазылған бір балалар фильмін түсіруді заңдастыратын мезгіл жетті. Ұлттық киноны қолдау орталығында сарапшылар кеңесін жоғары деңгейге көтерген жағдайда ғана сценарийлер сапалы іріктеледі. Балалар фильміне атүсті қарау болашағымызға атүсті қарау деп білемін», – деп ерекше атап өтті.
Ал Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова мемлекетіміздің аумағына кіргізілген фильмдердің саны, оларды көрсету жиілігі мен басымдылықтарын анықтайтын ортақ база жоқ екенін атап өтті.
Жазушы, әдебиеттанушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаева ұлтқа қызмет еткен ірі тұлғаларды кино қаһарманы ету мемлекеттілігімізді бекітеді деген сенімде. Бірақ тұлғалар туралы фильмдер ұзақ зерттеу мен бірқатар уақытты талап етеді. Алайда жазушы бұл іспен әуесқой, ақша көздеген адамдар айналыспағаны дұрыс, мұндай фильмдердің сценарийіне үлкен дайындықпен келмесе, шала-шарпы, шикі, дүмше, үстірт дүние туады деп санайды.
«М.Әуезовтің, І.Есенберлиннің романдарына экранизация жасалғанда фрагменттік тәсілді қолдану керек. Яғни, белгілі бір кезеңге, маңызды оқиғаларға қатысты сюжеттік желіні ғана бір фильм қылып түсіру қажет. Бұл көрерменді жалықтырмайды. Сондай-ақ қазақ фольклорынан, ертегілерінен анимациялық көркем фильмдер жасауға болады. Бірақ оны да шаблон қылуға тырысатын біліксіздер табылады. Олай болдырмас үшін жабық конкурс жасау керек. Байқау ұйымдастырушылары «бармақ басты, көз қысты» әрекетке бармаса, оң нәтижеге қол жеткізе аламыз», – деді Айгүл Кемелбаева.
Ал мәдениеттанушы, публицист, қоғам қайраткері Серік Ерғали қазақ киносында көркем сынның жоқтығын алға тартты. «Қарапайым түрде алғанда көрерменді тәрбиелейтін, ненің жақсы, ненің жаман екенін нұсқайтын, әрі киномыздың деңгейі мен өресін анықтайтын мониторинг пен сыншылардың пікірі қайда» деп ортаға сауал тастады.
«Бүгінде деректі фильмді ерінбеген етікшілер түсіретін болды. Телеарна журналистері документалист болып кеткен. Маған жыл сайын Наурыз тақырыбына деректі фильм түсіру мақсатымен кемінде 3-4 арна мен ұйымдар хабарласады. Бірақ солардың іске жарар, тіске татыр өнімін байқай алмай жүрмін. Деректі фильмнің ғылыми құндылығы басым, танымдық сипаты мол болса, неліктен тақырыпты білмейтіндер бостан-босқа «тар жол, тайғақ кешіп» жүр? Ондай шала мамандарды шала өнімге неге жегеміз деген заңды сұрақ туындайды. Мен осы орайда түсірілген деректі фильмдер мен түсірушілердің ортақ мәлімет базасын жасап, түсірушілерге арналған арнайы талаптар бекітуді ұсынамын», – деп ойымен бөлісті.
Жалпы қазақ тілі бүгінде аударма саласына тәуелді екені жасырын емес. Сол секілді кино саласы да дубляжға тәуелді. Дубляж саласындағы тіл мәселесі шешімін таппаған мәселелердің бірі.
Серік Ерғалидың айтуынша, телесериалдардағы санаулы әмбебап 3-4 адамның жаттанды дауысы жылдар бойы көрерменнің құлағын сарсытып келеді. Өйткені елімізде сапалы мамандар дайындайтын дубляж студиясы жоқ. Сондықтан «Қазақфильм» жанынан іргелі дубляж студиясын жасақтап, оның өнім сапасы мен санына қазақша кинопрокатты қамтитындай талап қойылсын деген ойын жеткізді.
Кеңес мүшелерінің пікірін тыңдаған Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын және Заңның кейбір тармақтары бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілу мәселесі де қарастырылып жатқанын айтты.
«Осындай отырыстар мен пікір алмасулар нәтижесінде кино саласындағы өзекті әрі шешімін таппай жүрген мәселелер кеңінен және жан-жақты талқыланады. Министрлік кино саласындағы уәкілетті орган ретінде талқылауға әрі бірігіп жұмыс жасауға әрқашан дайын», – деп қорытты мнист А.Райымқұлова.