220
Түркістан облысында жер қойнауын өз бетімен пайдаланғандар анықталды
Түркістан облысында жер қойнауын өз бетімен пайдаланғандар анықталды
Келес ауданында жер қойнауын өз бетімен пайдаланғандар анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес ауданындағы жер қойнауын заңсыз пайдалануға жол бермеу мақсатында Келес АПБ-нің Табиғатты қорғау инспекциясының тәртіп сақшылары мен әкімдік қызметкерлері бірлесіп, тұрақты түрде рейдтік-профилактикалық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осындай тексерістің бірінде Келес ауданында жер қойнауын өз бетімен пайдаланудың кезекті жайты анықталды. Ақтөбе ауылдық округінің Келес өзені ағып жатқан жағалауынан, Келес АПБ ЖПҚ Табиғатты қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Жанболат Сапарбаев, құм-тас артқан үш бірдей “КамАз” көлігін байқап, бірден тоқтатады. Одан ары қажетті құжаттарды сұрағанда, жүргізушілер көрсете алмайды. Осылайша Келес өзенінен заңсыз тас шығарған үш азамат анықталып, ұстады. Аталған жайт ҚР ҚК 334-бабымен (Жер қойнауын өз бетімен пайдалану) тіркеуге алынып, қоршаған ортаға келтірілген шығынды бағалау үшін жинақталған материалдар Экология департаментіне жіберілді.
Одан бөлек, мобильдік топпен тәртіп сақшылары арнайы кран жалдап, өзен жағасында тұрған бес дана “Драглайн” көлігін тәркілеп, заңды шешім қабылданғанға дейін айыптұраққа қойды.
Атап өтер жайт, бұған дейін тұрғындар тарапынан аталған өзен бойынан осы көліктерді пайдалана отырып, түнімен шағал тастарды қазып алып жатыр деген хабарламалар түскенімен, тәртіп сақшылары барғанда қашып кетіп отырған.
Жалпы жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізген полиция қызметкерлері ҚР ҚК 334-бабы (Жер қойнауын өз бетімен пайдалану) бойынша жыл басынан бері үш құқық бұзушылықты анықтап, тәртіп бұзғандар Экология департаментінің шешімімен 500 мыңға жуық айыппұл арқалаған.