50569
Әсел Мұсабекова: Нобель сыйлығы иегерімен бірге жұмыс істеу – теңдессіз тәжірибе
Әсел Мұсабекова: Нобель сыйлығы иегерімен бірге жұмыс істеу – теңдессіз тәжірибе
Әсел Мұсабекова – Страсбург молекулалық және жасушалық биология институтының жанындағы зертханада жұмыс істеген вирусолог маман. Ол дәл сол зертханада жаңалық ашып, физиология және медицина саласы бойынша 2011 жылы Нобель сыйлығын алған Жюль Хоффманмен бірге жұмыс істеген. Францияда тұрса да былтырдан бері қазақстандық ата-аналарға тегін кеңес беріп, отандық ғалымдарды таныстыру, қазақ тілінде пайдалы ақпарат тарату мақсатында түрлі жоба жүргізіп жүрген Әселге хабарласып, әңгімелескен едік.
– Соңғы бір жылда әлемді дүрліктірген жағдайға байланысты қазір сіз секілді вирусолог мамандардың маңызы қатты сезілді. Вирусология ғылымына қызығушылық қайдан туындады?
– Отбасында төрт ағайындымыз, мұғалімнің баласы болған соң, төртеуіміз де сабақты жақсы оқуға тырыстық. Алайда 8-сыныпта биологиядан үш алып қалдым, сөйтіп анам мені қосымша сабаққа қатыстырды. Оған дейін бұл пәнге мүлде қызықпағанмын, бірақ Мария Кирилловна деген мұғалім биологиямен ғылыми түрде айналысуға болатынына көзімді жеткізді. Екібастұз қаласында орта мектепті бітірген соң, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің биология факультетіне оқуға түстім. Онда бір жыл оқыған соң, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Йорк университетіне (Англия) қабылданып, генетика мамандығын оқып шықтым. Елге келген соң медицина саласында генетик болып жұмыс істегім келді, бірақ төрт ай бойы емханалардың табалдырығын тоздырған мені ешкім жұмысқа алмай қойды. Бізде әдетте дәрігерлер медициналық білімі жоқ биологтарға мұрнын шүйіре қарайды ғой. Дәл сол уақытта Назарбаев университеті ашылып жатқан болатын, сөйтіп, сол жерге жұмысқа тұрдым. Бұл университетте оқу зертханалардың жоспарын бірінші болып құрып, алғашқы студенттерді қарсы алған едік. Тіпті жүгіріп жүріп, зерттеуге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алғанымыз есімде. Мұнымен қоса Қазақстанға танымал биолог ғалым Әлібек Кеннің командасында жұмыс істеп, вакцинаны зерттеумен айналыстым. Сол кезде мені Париждегі Пастер университетіне интенсивті курсқа жіберді, онда вакцина түрлері бойынша әлемнің мықты ғалымдарынан дәріс алдым. Бұл курста түйген-білгенім жұмысыма қатты көмектесті, қазір де көмегі көп тиіп жатыр. Сосын Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де магистратура бөлімінде оқып, онда вакцина жасау үшін биоинформатиканы қолдану бойынша жоба қорғадым. Бұл да маған берері көп жоба болды. Сосын отбасымызбен Страсбургке қоныс аударып, онда докторантурада оқыдым. Бұдан бөлек, молекулалық және жасушалы биология институтының жанындағы зертханада төрт жыл жұмыс істедім. Мен жұмыс істеген бұл зертханада мықты ғалымдар жұмыс істейді. Жалпы, адам бойында туа бітті және жүре қалыптасатын иммунитет бар. Адамның туа бітті иммунитетінің механизмін ашқаны үшін 2011 жылы Нобель сыйлығын алған Жюль Хоффманмен бірге сол зертханада жұмыс істедім. Жуырда ол кісімен сұхбаттасып, қазақстандық сайттардың біріне жарияладым.
–Сіз де әріптесіңіз секілді адамның туа бітті иммунитетін зерттеумен айналыстыңыз ба?
– Мен зертханада көбіне жеміс шыбынын (дрозофила) зерттедім. Жалпы, жеміс шыбыны – генетикалық тұрғыда зерттеу жүргізуге ең қолайлы модель. Мұны зерттеумен айналысқан ғалымдар алты Нобель сыйлығын алған. Біздің туа бітті иммунитетіміз осы шыбынның иммунитетіне ұқсас келеді. Сондықтан оларға эксперимент жасау оңай. Менің негізгі жұмысым вирус денеге таралған кезде жасушаның механизмін зерттеу болды. Зерттеу барысында вирусты анықтайтын жүзден астам молекуланы таптық. Белгілі болғандай, бұл молекулалар шыбында да, адамда да бар екен. Біз оларды зерттеу арқылы қандай препараттар әзірлеуге болатынын түсіне аламыз. Коронавируспен тек үлкендер ғана емес, жастар да ауыратынын білесіз. Денсаулығы мықты жастар да коронавирустан жан тапсырып жатыр. Белгілі болғандай, вирус жұқтыру қаупі созылмалы аурудан бөлек, генетикаға байланысты. Қазір адамның туа бітті иммунитет механизмінің айырмашылығы, генетикалық ерекшеліктері бар екені дәлелденді. Жалпы, бұл – халықаралық жоба. Бұған Австрия, Германия, Дания және Франция зерттеушілері атсалысты. Біз Францияда шыбынның, ал неміс әріптестеріміз адамның, австриялықтар тышқанның және даниялықтар құстың жасушасына тәжірибе жасап, бірлескен түрде зерттеу жүргіздік. Қазір зерттеу нәтижесінің журналға жарияланғанын күтіп отырмыз.
[caption id="attachment_145252" align="alignnone" width="1024"] Зертханада жұмыс барысында[/caption]
– Әлеуметтік желіде медицина мамандарымен сұхбат жүргізіп, пайдалы ақпаратты бөлісіп жүрсіз. Сондай-ақ, журналистердің көбісі сарапшы ретінде сізден жиі пікір сұрайды. Оған қоса, елде жүргізілген біршама жобаға атсалысып жатқаныңызды байқадық. Бұл қажеттілік былтыр басталған пандемиядан туындады ма, әлде?
– Иә. Оған дейін әлеуметтік желіге аса қызықпайтынмын. Үшінші баламды босанып, үйде декреттік демалыста жүргенде әлеуметтік желілерден Қазақстанда коронавирус, вакцина туралы жалған ақпарат тарап жатқанын байқадым. Сондай-ақ, вакцина, вирус, бактерияның не екенін білмейтін адамдар бар. Сол себепті оларға көмектескім келіп, осы тақырыпта кеңінен жаза бастадым. Сосын пандемияның бірінші толқыны басталған кезде елдегі білікті мамандар бірігіп, Medsupport жобасын бастадық. Ғылыми мақалалар көбінесе ағылшын тілінде шығады ғой. Ал біздің дәрігерлерге мұны түсіну қиын. Олар онсыз да күні-түні жансақтау бөлімінде жүрген соң, аударып отыруға қолы тимейді. Оның үстіне деректер күн сайын өзгеріп отырады. Сол себепті біз дәрігерлерге қажетті мәліметтерді күн сайын орыс және қазақ тіліне аударып отырдық. Мұнымен қоса балаларына вакцина салдыртуға қорқып жүрген қазақстандық ата-аналарға кеңес беруді қолға алдым. Біздің елде қазір балалардың көбі қызылшамен ауырып жатыр, тіпті қайтыс болғандар да бар. Сол себепті вакцина алудың не екенін білмейтін ата-аналарға тегін консультация жүргізудемін. Бұдан бөлек, қазақстандық ақпарат құралымен сайтымен бірлесе «Екпе» жобасын жасап жатырмыз. Онда оқырманды алаңдатқан екпе түрлеріне қатысты барлық сұрақтарды егжей-тегжей қарастырып, нақты жауаптар ұсынамыз. Сосын қазір елде ғылымның не екенін білмейтіндердің қатары көбейді. Сол себепті қазақстандық ғалымдарды жұртшылыққа таныстыру мақсатында Gylymfaces жобасын жүргізуді қолға алдық. Мақсатымыз – ғалымның жаңалықты аспаннан алмай, өз зерттеуіне сүйеніп ашатынын дәлелдеу, белгілі бір жаңалықты шетелдік ғалымдар емес, қазақстандық ғалымдар ашқанын көрсету. Ғалымдардың сұхбатын қазақ және орыс тілінде жариялап жүрміз. Бұдан бөлек, Factcheck.kz сайтымен де тығыз байланыстамын. Қазақстанда вакцина, вирусқа қатысты шыққан фейк ақпараттарды талдап, ғылыми тұрғыда өз кеңесімді ұсынамын. Осы ретте айта кететін жайт, біздің халық мифке сенуге бейім келеді. Мысалы, WhatsApp арқылы «Бізді қырып жатыр! Бізді әдейі улап жатыр! Шындықты бізден жасырып жүр!» деген хабарлама келсе болғаны, байбаламға салып, бүкіл елді дүрліктіреді. Халық ақпарат дереккөзін тексермейді. Мысалы, жуырда әнші Алтынай Жорабаева Instagram-дағы жеке парақшасында екпенің еш пайдасы жоқ екенін жазып, шу көтерді. Арада екі күн өткен соң, бізде мынадай керемет бір компания осындай өнім шығарады екен, осыны вакцинаның орнына қолданған дұрыс деп жар салды. Ал оның парақшасына үш миллионнан астам адам жазылған, басым бөлігі – ата-аналар. Ең өкініштісі сол, ата-аналар мамандардан гөрі, ән айтып, жарнама жасап жүрген блогер, әншілердің айтқанына имандай сенеді. Маған «Орыстың вакцинасын салдырмаймын» деп жазатындар да бар. Яғни Ресейде шыққанына бола вакцина салдырмаймын деу – білместік қой. Әлеуметтік желіде белсенді түрде қазақ тілінде жазуға осындай жайттар себеп болды. Жалпы, қазақ тілінде ғылым туралы жазу қиын. Бірақ қиын деп отыра бермей, мұны да дамытуымыз қажет. Медицинаға түк қатысы жоқ адамдардың вакцина туралы жазуға қалай дәті баратынына таңым бар. Бізде осындайда ақыл-кеңесін айтып, білген-түйгенін белсенді түрде айтатын, жазатын ғалымдар аз.
– Әдетте ғалымдар көпшіліктің назарына іліккенді ұнатпайтын секілді. Ешкім кедергі келтірмейтін тыныш ортада жұмыс істегенді құп көретін олардың әншілер секілді жарияға жар салғысы жоқ шығар?
– Олар көпшіліктің алдында сөйлей білуді үйренуі керек. Өздері үйренбесе, оларды ешкім оқытпайды ғой. Мысалы, докторантурада оқып жүргенде ғылыми коммуникация сабағын оқыдым. Онда профессорлар бізге үнемі бар білгеніңді халыққа айтуға міндеттісің деп айтатын. Біле білсеңіз, ғылыми зерттеу жүргізудің құны қымбат. Жалпы, ғалымдар өздерінің немен айналысып жатқанын айтуға міндетті. Өйткені олардың зерттеуіне бюджет қаражаты жұмсалады, сол себепті жобасының өзектілігін айтып, көпшіліктің алдында есеп беруі тиіс. Өкінішке қарай, бізде бөлінген қаражатты қалтасына басып жүрген ғалымсымақтар көп. Олардың немен айналысып жатқаны да түсініксіз. Бес жыл қатарынан бір жобаны комиссияға ұсынып, сол бес жыл бойы ақша алып жүретіндер бар. Дегенмен, өз ісіне берілген ғалымдар да аз емес.
[caption id="attachment_145253" align="alignnone" width="1024"] Нобель сыйлығының лауреаты Жюль Хоффманмен бірге[/caption]
– Сізді көп басылымда биолог, вирусолог деумен қатар, ғылыми популяризатор деп жазып жүр екен...
– Қарапайым тілмен айтқанда популяризатор дегеніміз – ғылыми стильде жазылған мәліметті түсінікті тілге аударатын аудармашы. Ағылшын тілінен қазақшаға аудару бір басқа, ал мұны қалың көпшілікке түсінікті тілде жеткізу мүлде бөлек. Пайдалы бір мақаланы оқып шығып, оны қызықты етіп, суреттер және мысалдар арқылы жеткізуге тырысамын. Бұл бір жағынан ғалымдарға, екінші жағынан балаларға қажет дүние деп ойлаймын. Себебі балалар арасында ғылымға қызығушылық төмен екені рас. Астанада мектептерді аралап, сауалнама жүргізген әріптестерімнің «Өскенде кім боласың?» деген сұрағына оқушылар «Әкім боламын», «МАИ қызметкері боламын» деп жауап беріпті, ал «Ғалым боламын» дейтіндер жоқтың қасы. Ғалым болғысы келетін балалар санын арттыру үшін мектепте ғылымды насихаттау керек. Бізде биология Кеңес Үкіметі кезіндегі стандарттар бойынша оқытылады, ал 30 жылдың ішінде биологияда елеулі өзгерістер болғаны белгілі.
– Қазақстанда ақпан айынан бастап коронавирусқа қарсы вакциналау жұмысы жүріп жатыр. Сіздіңше, вакцина салу процесі ойдағыдай жүріп жатыр ма?
– Жалпы, бұл процесс Қазақстанда ғана емес, күллі әлем бойынша өте баяу жүріп жатыр. Мысалы, қазір Францияда вакцина алуға мүмкіндігім жоқ, себебі мұнда вакцина аз, оның үстіне екпені тек жасы үлкендерге салады. Ал бізде вакцина алу мүмкіндігі көп, бірақ адамдардың алғысы жоқ. Қазақстанда қолданылып жатқан вакцина түрлерін сөз етсем, ғылыми мақалаларда Спутник V вакцинасының тиімді екені, денсаулыққа зияны жоқ екені жазылған. Сол себепті бұл вакцинаға оң көзбен қараймын. Ал QazVac туралы ештеңе айта алмаймын, осыны салған дұрыс деп те кеңес бере алмаймын. Өйткені мұның нәтижесі туралы ғылыми түрде еш дерек әлі шыққан жоқ. Оған қоса, бұл вакцинаны мерзімінен бұрын жасап шығарды. Вакцинаны ешбір дәлелсіз әзірлей салуға болмайды. Бұл туралы біздің министрлікке үнемі жазамын, өкінішке қарай, еш нәтиже жоқ. Десек те министрлік өкілдері мұның нәтижесі туралы есеп бар екенін айтады, кеше сол есептерін көріп, ішінен анау айтқандай маңызды дерек таба алмадым. Жалпы, вакцина алу мәселесімен білікті ғалымдар айналысқанын қалаймын. Қазір бізде вакцинация саяси мәселеге айналып кетті, ал бұл ғылымның мәселесі болуы керек. «Министр мына екпені салды, демек
бұл – қауіпсіз» дегенді жиі естиміз. Олай болмау керек, министр салса да, бұл оның қауіпсіз екенін білдірмейді. Алдымен нәтижесі, салдары қандай екенін толық зерттеп алу керек. Дегенмен министрліктегілердің шама-шарқы жеткенше індеттен сақтанудың тәсілдерін қолданып жатқанын айта кету керек. Бастапқыдағыдай емес, науқасқа қойылатын талаптар қамтылған клиникалық хаттамасы да жетілдірілген.
[caption id="attachment_145250" align="alignnone" width="1024"] Зертханада тәжірибе жасау сәті[/caption]
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықтың 70 пайызы вакцина алса, індет тоқтауы мүмкін деген болжамына сенесіз бе?
– Қазір Қазақстанда вакцина алғандар саны өте аз. Әрине, бізге коллективті иммунитетті күшейтуді қолға алған дұрыс. Мысалы, Израиль халқының 70 пайызы вакцина алды, нәтижесінде ешкімнен коронавирус анықталмаған, ешкім маска тақпайды. Қазір вакцина теңсіздігі дегеннің не екенін ұғып жатырмыз. Мысалы Канада үкіметі тұрғындар санынан бес есе көп вакцина дозасын резервке қойған, ал Үндістанда керісінше вакцина жетіспеушілігінен жағдай ушығып жатыр. Бізде де вакцина жетіспейді. Жалпы, бізге бұл процесті жылдамдату керек.
– Сөз арасында «Елге біз секілді мамандар қажет емес» деп қалдыңыз. Неге олай ойлайсыз?
– Елде мамандық бойынша жұмыс істеуге мұрша жоқ. Күн энергетикасын зерттеумен айналысатын күйеуім Қазақстанға жұмысқа құжаттарын тапсырған. Бірақ, жұмыс табылмады. Сондықтан оған әзірше осы жерде жұмыс істеген дұрыс. Дейтұрғанмен шетте жүрсек те, біздің де елдің дамуына үлес қосқымыз келеді ғой. Ел ішінде жүріп істеуге мүмкіндік болмаса да, мұны онлайн істей алатыныма көз жеткіздім. Қазір ата-аналарға консультация беру, қазақстандық ғалымдарды таныстыру арқылы елге көп көмегім тиіп жатыр деп айта аламын.
[caption id="attachment_145254" align="alignnone" width="1024"] Нобель сыйлығының лауреаты Жюль Хоффманмен бірге[/caption]
– Қазір вакцина туралы екіұдай пікірде жүрген оқырманға не айтасыз?
– Өткенде Алматыда бір уақытта жан сақтау бөлімінде төрт мың адам жатыр деген жаңалықты оқыдым. Күн сайын маған «Мына дәріні ішуге бола ма?», «Әкем ауруханада жатыр, қандай ем алса болады?», «Анам ауырып қалды, не істесем болады?» деген сұрақтар толассыз келеді. Вирустың қарқыны күшеймесе, бәсеңдеген жоқ. Бұл жағдайды ушықтырып алған үндістандықтар тіпті қайтыс болғандарды жерлеуге уақыт таппай, барлығын бір жерге үйіп, өртеп жатыр. Қазір саяхаттаудың, тойлаудың уақыты емес. Сосын айналаңыздағы вакцина салуға тыйым салынған адамдарды да ойласаңыздар екен деймін. Вакцина деген өзімізді ғана қорғау емес, өзгені де қорғау ғой. Коронавирус адамның миына әсер етеді, бұл адамның денесінде ұзақ сақталады. Коронавирусқа шалдыққан адамның денсаулығы жақсарса да, ол постковидтік синдромға тап болып, ештеңеге зауқы соқпай, күйзеліп, күні бойы ұйықтағысы келіп жүреді. Ғалымдар жазылып шыққандардың үштен бір бөлігі бір жыл бойы осындай жағдайда жүретінін дәлелдеді. Тіпті, коронавируспен ауырып шыққан хирургтер ота жасап жатып, орта жолдан тоқтатуға мәжбүр болған, себебі олардың есінде ештеңе қалмаған. Бұл вируспен ойнауға болмайды. Ауырғаннан кейін алты айдан соң, вакцина алу қажет. Антиденеге анализ тапсырудың қажеті жоқ, бұл еш әсер етпейді. Мүмкіндігінше, вакцина алуға тырысыңыздар. Сосын көпшіліктің айтқанына сенбей, алдымен мықты маманмен ақылдасып алыңыздар.
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ Фото авторы: Олег Битнер