974
Моңғолияның Қорғаныс министрі лауазымынан бас тартып, генерал шенін қайтарып берген қандас
Моңғолияның Қорғаныс министрі лауазымынан бас тартып, генерал шенін қайтарып берген қандас
Жекей Қалидолдаұлы – 1959 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы Алтанцөгц сұмынында дүниеге келген. Ол 1983 жылы Сүхэбаатар атындағы Әскери жоғары оқу орнын, 1990 жылы Мәскеуде Шекара әскери мамандық жетілдіру курсын, 1997 жылы Мәскеу қаласы Шекаралық әскери басқару академиясын бітірген. Әскери қызметін Моңғолияның батыс шекарасы «Бұлғын» жасағында және взвод командирлігінен бастап, оншақты жылда көшпелі топ жетекшісі, жасақ командирі болады. 2000 жылы әскери ғылым саласында докторлық диссертациясын қорғап, әскери ғылымының докторы, профессор атанды. Сонымен қатар екі рет Моңғолияның парламент депутаты болып сайланған. Моңғолияның жоғары наградалары «Алтын жұлдыз», «Майдан даңқы» орден-медальдарымен марапатталған. 2007 жылы Моңғолия президентінің жарлығымен «бригада генералы» атағы берілді.
2013 жылы атажұртқа қоныс аударған қазақтың саңлақ сардарын әңгімеге тартқан едік.
– Моңғолияда қазақтан шыққан Дәлелхан Сүгірбайұлы, Зайсанов Мүдірісұлынан кейін өзіңіз генерал атандыңыз. Бұл дәрежеге қалай қол жеткіздіңіз?
– Моңғолия қазақтары 160 жылға жуық сол жерді мекен етіп, дербес аймақ орнатып, өзінің тілін, дінін, салт-дәстүрін, руханиятын сақтап келді. Аз ғана қазақ өркениет пен мәдениет көшінен қалған жоқ. Министр деңгейінде 21, парламенттің деңгейінде 80-дей адам, оның сыртында халық батыры, халық қаһарманы, академик және ғалымдар шықты. Қазақ-моңғол өзара тату бірлікте тұрды. Сондықтан да олар қазақтарға кең пейілдікпен қарап келді. Ондағы қазақтарды іштен, сырттан оқытты. Соның нәтижесінде қазақтың мықты интеллегинциясы қалыптасты.
Әскери салада да сондай көптеген қазақ биік дәрежеге жетті. Моңғол елінің тәуелсіздігі мен оның дамуына зор еңбек сіңірді.
Маған «сен қазақ екенсің» деп генерал атағын ойңай бере салған жоқ. Бірінші еткен еңбектің арқасы, екінші орыста бір сөз бар ғой «генерал шен емес, қонған бақыт» деген. Сол айтқандай, тағдырдың маған бұйырғаны болар.
Өзіңіз айтқандай, Моңғолия қазақтарынан үш генерал шықты. Біріншісі, Шығыс Түркістан мемлекеті Қарулы Күштерінің қолбасшысы болған Дәлелхан Сүгірбайұлы. Шығыс Түркістан мемлекеті үш жылдай өмір сүріп, одан кейін әртүрлі геосаяси жағдайға байланысты мемлекеттігін жойып алды. Қазіргі ШҰАР болып Қытайдың құрамында өмір сүріп жатыр. Сол елдің қолбасшысы Дәлелхан Сүгірбайұлы генерал-майор атанған. Екінші, 1947 жылы Моңғолияда он кісіге тұңғыш рет генерал атағы берілді. Соның бірі қазақтың қаһарман ұлы – Зайсанов Мүдірісұлы. Ол Моңғолияның ең алғашқы он генералының бірі. Оның ұшқыштығы, Халхын-Гол шайқасында көрсеткен ерлігі, Моңғолияның батыс шекарасын қорғаудағы қырағылы аңыз болған әуе күшінің генерал-майоры. Ол «Халық қаһарманы» деген атақты көзі тірісінде кеудесіне таға алмай кетті. Мүмкін сол кездегі саяси жағдайға байланысты шығар. Аз ұлттың өкілі қайда жүрсе де шетқақпай көріп жатады ғой. Сондай бір кілтипан болды ма екен деп ойладым. Әйтпесе ол кісі Моңғолия армиясын, соның ішінде әуе күшін алғаш құрып, соған көп еңбегі сіңген адам ғой.
Ал одан кейін тура 63 жылдан соң генерал шені менің иығыма тағылды. Мен генерал болғанға дейін әскери сала бойынша докторлық қорғадым, профессор атандым. Одан кейін Моңғолия парламентіне екі рет сайландым. Моңғолия парламентінің 7 тұрақты комитетінің екеуіне төрағалық жасадым. Моңғолияның мемлекеттік шекарасын басқардым. Ең төменгі сатыдан бастап, көп жыл еңбегімді, жас өмірімді арнадым. Оның сыртына Моңғолияның батыс шекарасын ондағы қазақтар көзінің қарашығындай қалт жібермей қорғап, Моңғолияның шекара қауіпсіздігіне үлкен септігін тигізді. Осының бәрі жиналып келіп, менің генерал атануыма себеп болған шығар деп ойлаймын.
– Моңғолияның парламентінде екі мәрте депутат, екі тұрақты комитеттің төрағасы болдыңыз. Осынша биік деңгейге көтерілген елден неге аяқастынан кетіп қалдыңыз?
– Иә, мен Моңғолияның көп жақсылығын көрдім. Ал атажұртқа көшемін деген шешім аяқастынан болған жоқ. Бері көшкенге дейін 4-5 жыл бұрын мен Моңғолияның қауіпсіздік және қорғаныс саласынан босатылып, шетелге шығуға болады деген рұқсат алдым. Сөйтіп, 2013 жылы тарихи Отаныма көшіп келдім. Бұл – менің жеке азаматтық таңдауым.
Моңғолияға берер еңбегімізді бердік, жақсылығын көрдік. Саясатта биіктерге жеткен шығармыз, шен-шекпен алған болармыз, бірақ мен үшін осының бәрінен күллі қазақтың жалғыз Отаны – тәуелсіз Қазақстан артық болды. Біз болашағымызды атажұртпен байланыстырдық, осындай сенім мен сезім жетелеп әкелді. Балаларымыздың бәрі әлемнің әр түкпірінен оқыды. Олар осы елге дайын бір-бір кадр болып оралды.
Мүмкін сол елдің азаматтары менің кетіп қалғанымды теріс деп түсінетін шығар. Ол әр адамның өз жеке түсінігі ғой.
– Дейтұрғанмен, сіз ол елдің лауазымды тұлғасысыз. Оның үстіне көптеген маңызды салаларды басқардыңыз. Бері көшер кезде неге ашық жарияламадыңыз? Үн-түнсіз кетіп қалғаныңыз жұртқа күмән туғызады деп ойлаған жоқсыз ба?
– Әрбір елдің заңы әртүрлі. Жоғарыда айттым ғой, ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс т.б. маңызды мекемелерде қызмет атқарып жүріп, сырт елге шығатын болса, қызметкер межелі мерзімінен бұрын рұқсатын алып, жұмысынан босатылады. Мен соңғы 4 жылда «сыртқа шығуға болмайды» деген фактордан алыстаған болатынмын. Барлығы заңға сәйкес. Сондықтан көшемін деп ешкімге жар салғам жоқ. Жай қарапайым халықтың бірі болып кете бердік.
– Моңғолияда атқарған елеулі еңбектеріңізге қысқаша тоқтала кетсеңіз...
– Қорғаныс және шекара саласында көптеген еңбек атқардық. Оның сыртында парламенте отырғанда тек өз басым 40-тай заңның жобасын әзірлеп, оны жүзеге асыруға атсалыстым. Кеңес Одағы тарағаннан кейін онда көптеген заңды қайда жазу керек болды. Конституциядан бастап, бүкіл заң жаңадан өзгертілді, реформа жасалды. Соның бәрінің ішінде болдық.
– Сіз Моңғолияның Қорғаныс министрі болудан бас тартыпты деген сөз бар. Сол рас па?
– Екінші рет 2008 жылы Парламентке сайландым. Жаңадан үкімет жасақтайтын болдық. Партия фракциясы бірауыздан Қорғаныс министріне мені ұсынды. Ертеңгі мәжілісте депутаттар мақұлдаса, министр болуыма бір-ақ қадам қалған. Сол жолғы депутаттар арасында менен басқа да әскери адамдар болды. Бірақ 76 мандаттың басым көбі менің партияластарым (Моңғол халық революциясы партиясы) ие болған еді. Содан кешкісін интернеттен ақпараттарды оқып отырсам, менің атымды министрге ұсынылғаны жайлы ақпарат шығыпты. Бір-екеуін ашып оқыдым, төменде анонимді пікір қалдырғандардың сөзі мені біршама ойландырып тастады. «Қорғаныс саламызды өзге ұлт өкіліне басқартамыз ба?» деген сыңайда біраз нәрсе жазылыпты. Жұрттың бәрі солай ойламайтын шығар, дейтұрғанмен адамның көңіліне тиетін, тіпті өз ұлтыңа тиетін сөздер болды. Содан әрі ойланып, бері ойланып, таңертеңгі жиыннан бұрын өз еркіммен министр болудан бас тарттым. Әйтпесе обалы не керек, сол кездегі үзеңгілес жүрген саясаткерлер мені сол лауазымға ұсынған болатын.
– Атажұртқа келдіңіз, қазір қайдасыз, не істеп жүрсіз?
– Аңсаған атажұртқа келдік. Аман-есен Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатырмыз. Осында қорғаныс саласында жұмыс істеймін. Бұл салада менің әлі де берерім бар ғой деп ойлаймын.
– «Моңғолия президенті туралы заңның 9-бабы 1-тармағына, Әскери міндет туралы заңның 28-бабы 2-бөліміне және Моңғолия президентінің 2018 жылғы 27 наурыз «Моңғолия азаматтығынан шығу туралы» №32 жарлығының негізінде: Моңғолия азаматтығынан шығуына байланысты Жекей Қалидолдаұлына берілген «бригада генералы» атағы қайтарылсын» деген жарлық шықты. Сіз үшін бұл қаншалықты әділетті шешім?
– Генерал ченін беру немесе қайтарып алу секілді заң да әр елде әртүрлі. Мысалы, Моңғолияда бүкіл әскери күштің санына шаққанда небары 16 генерал болуға тиісті. Мен сол 16 генералдың бірі болдым. Кезінде бұл әскери заңдардың көбі өз қолымнан өткен еді. Бұл заң мен кеткенен кейін шыққан болуы керек. Алайда олардың менде, менің оларда еш өкпем жоқ. Қандай жағдай болса да, мен бәрібір қазақтан шыққан генерал болып тарихта қалдым деп ойлаймын. Мұндай шешімге іштей дайын болдым.
– Сіз 2011 жылы лауазымды қызметте едіңіз. 2013 жылы Қазақстанға қоныс аудардыңыз. Бірақ Моңғолия президентінің жарлығы неге 5 жылдан кейін (2018 ж) шықты?
– Бұл енді сол елдің ішкі саясаты ғой. Кім білсін? Менен басқа да Ч.Амарболд, П.Даш, Т.Дашдэлэг деген үш генералдың әртүрлі себеппен шенін алды.
– Бір сұхбатыңызда Моңғолияда өзіңізден басқа «генерал атағына жетіп жығылған азаматтар да бар» депсіз. Олар кімдер еді?
– Ондайлар көп қой. Әуе күші, төтенше жағдай, полиция, қорғаныс саласында. Мысалы, Дәлел Бұқатұлы деген кісі болды. Енді генерал болады деп тұрғанда атажұртқа көшіп кетті. Кейін Қазақстан Қарулы Күштерінде полковник болып, зейнетке шықты.
– Дүниежүзінде сізден басқа қандай қазақ генералдарын білесіз?
– Қытай елінде – 2, Моңғолияда – 3, Өзбекстанда – 1 және Сауд Арабиясы мен Түркияда бір-бір қазақ генерал бар деген әңгіме айтылып жүр. Ал Өзбекстанда генерал-майор атанған Сабыр Рахимов. Өзбекстанның алғашқы генералы. Ол әскери қайраткер, генерал-майор (1943), Кеңес Одағының Батыры (1965) болған адам.
Мен Моңғолия парламентінде депутат болып тұрған кезде бір жолы Үрімжіден Жәкен деген қазақ генералы жайлы естідім. «Сол қазақ генералмен кездесіп, бір естелік суретке түссем» деп, бізді алып жүрген Үрімжінің үшінші дәрежелі басшысына айттым. Ол «қазір шақырып беремін» деді. Біраздан кейін «ол кісі іссапармен бір жаққа кетіп қалыпты» деді. Бір өкінішім, сол қазақ генералмен кездесе алмай кеттім. Одан кейін Қытайда Қасен Рүстемұлы деген генерал болған. Ол кісі жайлы Алтай аймағының басшысы болған Арыстан деген кісі айтып беріп еді.
– Енді екі ел арасындағы бірер мәселеге ойыссақ. Қазақстан мен Моңғолия арасына төте жол ашу жайлы не білесіз, бұл мәселе шешіле ме?
– Жақсы сұрақ. Елбасы Н.Назарбаев екінші рет Моңғолияға жасаған ресми сапарында, Баян-Өлгей қазақтарының жерлестер алқасымен арнайы кездесті. Ол кезде мен генерал едім. Моңғолия президенті Н.Энхбаяр мені бөлек шақырып, Елбасына таныстырды. Сол жерлестер алқасымен басқосқан жиында осы мәселені Елбасына жеткіздік. Біз Моңғолия жағынан бүкіл дайындықты істеп те қойған едік. Өйткені оған дейін сол кездегі Ресей президенті Медведев пен премьер-министр Путин Моңғолияға барған сапарында Моңғолия президенті Н.Энхбаяр мен премьер-министр С.Баяр осы мәселені айтқан болатын. Сол кезде Медведев «болады екен, шешілмейтін шаруа жоқ» деп кеткен еді. Моңғолия тарапы да бұған қызығушылық танытты. Өйткені бұл жол Моңғолия үшін де тиімді. Орта Азияға шығатын ең төте жол болмақ. Екі ел арасында сауда, экономикалық қатынас үшін таптырмас мүмкіндік болар еді. Мұндай жол халықаралық тәжірибеде бар нәрсе. Яғни екі ел арасында арнайы дәліз ашу.
Ал Елбасы бізге былай деп жауап берді: «мен елге барған соң бір аптадан кейін Ақтауда Медведевпен кездесем. Сол кезде осы жол мәселесін айтамын, сіздер соны бақылап отырыңыздар» деді. Кездесу болды. Медведев ол жолы да «болады екен» деді. Бірақ іс жүзінде жүзеге аспай қалды. Өйткені Ресей үшін бұл тиімсіздеу болатындықтан шешілмей қалды ғой деймін.
– Шетте жоғарғы билікте болған саясаткер ретінде, сырт көз ретінде қазақ елінен нені байқадыңыз?
– Тәуелсіздіктің 30 жылында әлемнің 30 шақты елінен қандастар атажұртқа келді. Әлі де келіп жатыр. Не үшін? Әуелі тарихи Отанына өз үлесін қосуға келіп жатыр. Тағдыр тәлкегімен жан-жаққа шашыраған қазақ көші әлі де орала бермек.
Қазақстан 30 жылдың ішінде үлкен табыстарға жетті. Дүниежүзі танып, білді. Мысалы, бұрын әлемнің бір жеріне барып «қазақпын» десең немесе «Қазақстан» десең білмейтін. «Стан» деген соң Ауғанстан, Пәкістан, Тәжікстан, Қырғызстан секілді бір ел деп қана түсінетін. Қазір қазақ елі өзінің тәуелсіздігімен, сыртқы саясаттағы беделімен, жекелеген тұлғалардың еңбегінің арқасында жақсы қырынан таныла білді.
Қазақстан 30 жылдың ішінде қыруар еңбек атқарды. Мен өз басым Қазақстанды бастап отырған басшылардың еңбегіне дән ризамын. Олай дейтінім, мен шетелде ең төменгі сатыдан бастап, ең жоғарғы билікке дейін қызметте болғандықтан салыстырмалы түрде қараймыз ғой. Қазақстанда қаншама жолдар төселіп, қыруар құрылыс салынды. Ел астанасы оңтүстіктен арқаға көшірілді. Тарихта астанасын көшіріп, жаңадан салған үш-ақ ел бар, соның бірі – Қазақстан.
Қазақстан бәлен ғасыр тарихы бар елдерді қуып жетті. Мүмкін әріден жалғасқан негізі бар шығар. Үлкен держевалардың арасында отырған елдің сыртқы саясаты деген өте қырағылықты қажет етеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін шекараны шегендеп алудың өзі үлкен жұмыс.
Әлемде мынадай бір қызық көрсеткіш бар. Құқықтық жүйесі қалыптастқан, заңдық нормалары жетілген елде барлығы 3500-дей заң болады. Оған қаулы, үкіметтің бұйрығы, президенттің жарлығы, парламентте бекітілетін заңдар кіреді. Халықаралық статистикаға сәйкес, Қазақстанда осының 1500-дейі бар екен. 30 жылда осындай межеге жеттік. Енді бір жиырма жылда 3500-ге де жетеміз. Баяғы қазақтың «елу жылда ел жаңа» дегені осы. Заңды тұрғыда қалыптасқан ел деген ұғым осыдан пайда болады. Сол межеге жеткенге дейін әртүрлі жағдайлардың болатыны түсінікті ғой. Тіпті бәлен ғасыр болған елдің өзінде әлі қалыптаспаған нәрселер болады.
– Жұбайыңыз Алмахан Нұрмұханбетқызы да әскери саланың адамы екен. Бір ұлыңыз банк қызметкері екені белгілі. Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз?
– Иә, жұбайым Алмахан да әскери адам. Моңғолияның Төтенше жағдай комитетінде қызмет атқарды. Әскери шені – полковник. Мұрат, Бақыт есімді екі ұлым, Айнұр, Алтыннұр деген егіз қызым бар. Екі ұл үйленген, бір қызым Алматыда тұрмыста. Мұрат Моңғолия даму банкінде ең төменгі маман болып бастап, сол банктың басшысына дейін көтерілді өз еңбегімен. Біраз жыл сол банкті басқарып тұрды. Ол да атажұртқа көшіп келді. Қазір «Бәйтерек» басқарушы ұлттық холдингіне қарасты Кazakhstan project preparation fund компаниясын басқарады.
Әңгімелескен Бақытбек ҚАДЫР