522
Ұрпақ тәрбиесінде барлық шаруаны шешесіне ысыратынымыз қалай?
Ұрпақ тәрбиесінде барлық шаруаны шешесіне ысыратынымыз қалай?
Қазақ үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. Өйткені адам баласының ой-санасы өсіп, ақыл-ойының кемелденуі үшін де тіршілік нәрі санаға отбасынан кіреді, отбасында көрген жақсы-жаман қылықтардың барлығы бала сезіміне әсер етеді, күллі парасат, пайым отбасынан өрбиді деп ұғады. Сондықтан қазақ салтында отбасы тәлім-тәрбиесі ерекше дәстүр. Әке – отбасының иесі, қорғаны, қамқоры, ал Ана – отты өшірмей, маздатып жағушы жылылық иесі. Осы екі киеден қуат алған ұрпақ әрқашан еліне жақсылық сәулесін себетін айбынды азаматқа айналады.
Л.Ибраимованың отбасы құндылықтарына арналған «Қазақ этнопедагогикасындағы отбасы тәрбиесі» атты еңбегінде: «Отбасы – ынтымақ пен берекенің ұйыған орны, үлгі алар мекені. Сондықтан «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп пайымдайтын қазақ өмірлік ереженің жібін сабақтап, әрі қарай жалғастырып әкетуді – ұрпақтың борышы деп санаған. Яғни, ізгі мұрат – әкеге қарап ұлдың, шешеге қарап қыздың өсуімен ұштасып жатыр. Саналылық та, даналық та, иманжүзділік те, адамгершілік те бала бойына отбасының тәлімі арқылы дамиды, өзгермес қасиетке айналады. Бұл қазақи өмір салтының заңы» делінген.
Әрине, отбасында ана мен әкенің рөлі бірдей. Алайда көп жағдайда бала тәрбиесіне келгенде барлық шаруаны анаға ысырып қоятынымыз қалай? Қарапайым ғана мысал. Жаңа оқу жылы басталуына орай білім ұяларында ата-аналар жиналысы болды. Бір сыныпта 35 оқушы бар. Сонда бір оқушының ғана әкесі келді, қалғаны – аналары. Бұл қалай? Бала тәрбиесіне ана ғана жауапты ма? Әлде әлгіндей ата-аналар жиналысы, т.б. мектептегі, балабақшадағы іс-шараларға тек анасының баруы жазылмаған «заңдылық» па?! Бала – ортақ болған соң, оның тәрбиесіне қатысты дүниенің бәрі де әке-шешенің назарында болуы тиіс. Әсіресе, қазіргі кезде бала тәрбиесін екі жақтап қолға алмаса, айналадағы жағымсыз дүниелерден қорғау қиын. Кейбір әкелер: «Біз күні-түні отбасын асыраудың қамымен жұмыс істейміз. Бала тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыт таппаймыз» деп сылтауратуы мүмкін. Иә, үйленіп, үй болғаннан кейін отбасын бар жағынан қамтамасыз ету – отағасының мойнында. Алайда аналар да ер-азаматтардан кем түсіп жатқан жоқ. Өмірге баланы да әкеп, жұмыс та істеп, отбасын да асырап жүрген аналар жетерлік. Ол ол ма, базбір азаматтар қол қусырып жүргенде, кәсіп бастап, өз ісін ашып жатқан әйелдер ше? Әрине, қырықжанды ана жанталасып жүріп, бәріне үлгеруі мүмкін, бірақ мұндайда бала тәрбиесі ақсап қалмай ма? Егер отбасына бәрі жетіп-артылып жатса, ешқандай мұқтаждық болмаса, ана бала тәрбиесімен айналысып, үйде отырар ма еді, кім білсін?! Өкінішке қарай, қазір ер азаматтарға қарағанда, әйелдердің жұмыс істеуге деген құлшынысы артық сияқты.
Осы тұста газетімізге сұхбат берген балалар хирургиясының атасы Камал Ормантаевтың сөзінің жаны бар. Ол: «Әсіресе, ана баласымен туғаннан бастап бірге. Ауруханаға бір, екі жасар баласын құшақтап әкеледі, өмір бойы құшақтап өтеді. Ана бала десе жанын беруге әзір. Ананың рөлі ерекше. 9 ай, 9 күн көтерген баласы науқастанып қалса, құрақ ұшып жүреді. Табиғаттың заңы солай ма, әкесі аптасына бір мәрте келеді, болды. Әке анасы сияқты қатты жаны ашымайды. «Балам өлсе, мен де өлемін» деп басын соққан талай ананы көрдім» деген еді. Бұл пікірде шындық жатыр. Күн сайын баласын емдетуге әкеліп, жазылып кеткенше жанын қоярға жер таппайтын талай ананы көрген белгілі дәрігер біліп айтады. Шын мәнінде, баланың басына түскен қайғы-қасіретті ана ғана көтере алуы мүмкін. Тіпті, баласы мүгедек болып қалса да, қашан аяғынан тік тұрып кеткенінше емхана мен аурухананың табалдырығын тоздырып, соңғы үміті қалғанша аянып қалмайтын да – ана. «Әйелдің қырық жаны бар» деген осы шығар. Алла тағала сабыр мен төзім, мейірім мен махаббатты үйіп берген жанның балаға деген сүйіспеншілігі де алабөтен. Демек, ана баласының жолында өзін құрбандыққа шалуы мүмкін, ал әке ше? «Әкенің жақсысы жездедей-ақ» дегенді айтқан да қазақ емес пе еді? Осындайда шиеттей бала-шағасын тастап кетіп жатқан опасыз әкелердің іс-әрекеті де талайды ойға салады. Бірақ, бұл басқа мәселе.
Ал шынында да, ата-аналар жиналысына әкелер неге бармайды? Қашан көрсең аналары сабылып жүреді. Неге?
Лимана Қойшиева, психолог:
– Жалпы, бала анадан мейірімді бойына сіңірсе, әкеден қаталдықтың үлгісін көреді. Әсіресе, өмірдегі белгілі бір жағдайлардан шығу кезінде әкенің ақылына жүгінетін балалар бар. Алайда қазір көп жағдайда ананың ғана тәрбиесін алып жатқан балалар бар. Бүтін отбасы болса да, көбіне бала өзін мазалаған мәселені анасымен ақылдасады. Мәселен, мектепте бір жағдай орын алса, бірдеңе сатып алғысы келсе, достар арасында кикілжің болса, бала анасымен кеңеседі. Бұл дұрыс емес. Егер бала әкесінің жанында екенін білсе, пікірімен бөліссе, болашағына сенімді болады. Ішкі рухы мықты болады. Мысалы, кейбір дене тұрқы үлкен баламен тілдесе қалсаңыз, оның ішкі рухы төмен, әлсіз екенін аңғарасың. Неге? Бұл бүкіл мәселесін тек анасымен ғана шешіп жүрген бала. Бұл дәлелденген жағдай. Жақында ата-аналар жиналысына бардым. Байқасам, кілең аналары, әпкелері жиналды. «Сыныпта ұл балалар көп сияқты. Бұл оқушылардың әкесі қайда?» деп едім, көпшілігі «Әкелері жұмыста, уақыты жоқ» деді. Меніңше, ер баланың өмірінде әке үлкен рөл алуы керек. Мысалы, алдында бір бала осындай мәселемен алдыма келді. Оған: «Сенің өміріңді кішігірім фильм деп алсақ, отбасыңда негізгі образды сомдайтын кім?» десем, көбіне басты рөлде анасы ойнайды. Әкесі ара-тұра эпизодтарда ғана көрінеді. Таңертең немесе кешкі тамақ ішетін көріністе кездесіп жатады. Демек, отбасының үлкен қуаты бар десек, соның ішінде ананың қуаты басым. Себебі баланың өмірінде ананың рөлі жоғары тұр. Бәрін шешетін анасы. Ал басқа ұлттармен салыстырсақ, айталық орыс халқында баланың тәрбиесіне кішкентай кезінде 70 пайыз анасы, 30 пайыз әкесі жауапты болады екен. Бала 12-13 жасқа келгенде тәрбиесіне әкесі мықтап кіріседі. Сол сияқты Еуропа халқын алсақ, баланың өсуіне, дамуына бар жағдай жасағанмен, балаға, ата-анаға деген мейірім жағы әлсіз. Себебі бала туған күннен бастап бөлек жатады. Олар бала дүниеге келмес бұрын «бала қайда жатады?» деген мәселені шешіп алып, бала әкелуді жоспарлайды. Мұның жақсы да, жаман жағы да бар. Кемшін жағы – бала қырқынан шықпай жатып анасынан бөлек төсекте жатқандықтан, ана мен баланың қарым-қатынасы суық болады. Ал мұсылман халықтарында керісінше, бала бес, алты жасқа келгенше бауырына басып, омыраумен тамақтандырады. Ана мен баланың жаны бірге дегеніміз осы.
Аруна Әбдібек, жалғызбасты ана:
– Жұрт қатарлы отбасы құрып, бақытты ана атануға қанша рет тырысып көрдім. Күйеуіммен дәм-тұзымыз, ажырасып тындым. Неге дейсіз ғой? Біздің ортақ бір ұл, бір қызымыз бар. Тұңғышым – ұлым апасының бауырында өсті. Оның тәрбиесінде әкесінің мүлдем шаруасы болмады. Жанына кеп, еркелейін десе, «апаңа барсайшы» деп зекіп тастайтынды шығарды. Қысқасы, баласын маңайына жолатпады. Ұлым өсе келе маған да сөз қайтара бастады. Баласының тәрбиесіне көңіл бөліп, әкелік мейірімін төкпеген адамнан күдерімді үзе бастадым. Күні бүгінге дейін екі баламның керек-жарағын түгендеп, мектептегі үлгерімін қадағалап, тәрбиесімен өзім айналысып келдім. Бұдан әріге шыдай алмадым. Баланың бүтін отбасында тәрбие алғанын құптаймын. Алайда әке әкелік міндетін атқармаса ше? Қазір баламның құлағына «Отбасында әкенің рөлі жоғары болу керек» деп құйып келемін. Себебі ертең ұлым да әке болады. Ал оның өз баласына немқұрайлы қарағанын қаламаймын. Балам осы айтқандарымнан нәтиже шығарса екен деймін. Өкінішке қарай, әке тәрбиесін алмаған бала бұл үдеден шыға ма, жоқ па, белгісіз. Ол да өз баласына суық қараса ше? Мұның бәріне әкесі ғана жауапты.
Әнуарбек Әуелбек, «Алматы ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары:
– Мектепте жеті балам оқыды. Барлығын да бірінші қыркүйекте бірінші сыныпқа өзім жетелеп алып барғанмын. Оның себептері де бар еді. Қазақпыз ғой, өмірі алдын ала құжаттарын өткізу дегенді білген емеспіз. Сол бірінші қыркүйекте бірінші сыныпқа құжаттарымен қоса, бірге алып барып жүрдім. Ол кездері (1990-2000 жылдары) нарық қысып тұрса да, заман да, адам да жайдарылау ма екен, бірден қабылдап алатын баланы.
Осы жеті бала мектеп бітіргенше мектепке жеті рет бардым ба, жоқ па, білмеймін. Неге? Неге десеңіз, ол кездері мектепте бәрі қат болатын (Маған әлі де солай сияқты көрінеді де тұрады). Жиналысқа бара қалсаңыз, негізінен қаржы жетіспеушілігі, ақша жинау туралы сөз болатын. Сосын үзілді-кесілді: «Енді жиналыстарға келмей-ақ қояйын, қаншадан жинайтындарыңызды қағазға жазып немесе айтып жібере салыңыздар. Баладан беріп жіберіп тұрамын», – деп, бәріне өзім өтініш айтып жіберетін болдым. Солай жасадым да. Ақша жинау үшін алтын уақытыңды кетіріп не керек? Кейінірек, сол ата-аналардың өтініші бойынша осы «Түркістан» газетіне «Мектеп салығы және чаепитье» деген мақала жазып, біраз дүрліктіргенім де бар. Мақаланың ішінде «Ағылшынға – 50, полға – 50, пианиноға – 100 теңге беріп жіберіңіз» деген тұрғыдағы мұғалімнің ата-анаға жазған үшбу хатының суреті де беріліп еді.
Содан кейін сол мектепте ақша жинау күрт тыйылған болатын. Сол кездер «газет сөзіне құлақ асу» дегеннің соңғы «сағаттары» екен ғой! Ер адамдар мектептегі осындай ыңғайсыздықтардан қашқақтайтын болар деп ойлаймын. Қулық-сұмдығы жоқ, аңқылдап жүріп, мұғалімдер не айтса да көне беретін әйелдердің өздері баратын шығар.
Есей Жеңісұлы, журналист:
– Жауабы өте қарапайым: əкелер көп жағдайда күні бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Күндіз түскі асқа ғана уақыт табуы мүмкін. Сондықтан сынып жиналысына қатысу, кішкентайды бақшадан алу сияқты жұмыстар отанасының еншісінде. Əке көбінесе баланы үйде қадағалайды. Оның үстіне, ата-аналар жиналысына негізінен əйелдер баратындықтан, ұсақ-түйек үшін болатын тартыстар сол бибілер арасында өтеді. Ол жұмсартып айтқанда, ер адамға ыңғайсыздау. Одан гөрі кешке жарынан естіп, қажет нəрсені алуға ақыл қосып, бой тартыңқырап жүргені жақсы. Бала қалай дегенде де əке қабағынан ығады, оған анасының тым көп ескертпесінен гөрі əкенің қабақ шытып бір қарағаны ауыр тиюі мүмкін. Меніңше, əке тəрбиеге қатысын өз үлгісімен көбірек көрсеткені дұрыс.
Өміржан Әбдіхалықұлы, журналист:
– Қазіргі қоғамда бала тәрбиесіндегі әке рөлі солғындағаны жасырын емес. Әке – отбасын асыраушы деген жаттанды қағидаға қатып қалғанымыз сонша, ер азаматтар тек ақша тапса болды, отбасының өзге ісіне мүлдем қатысы жоқтай көрінеді. Көбі осыған иек артып, бала тәрбиесін әйеліне ысырып қояды. Бұл – жауапкершіліктен жалтару. Отбасындағы әке рөлі – бала тәрбиесіндегі әрбір кезеңнен көрініс тауып отыруы тиіс. Әр бала әкесінің үйге қаражат әкеліп, киіндіріп, ішіндіргенінен бөлек, оның қамқорлығын, бақылауын толық сезінуі тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, әсіресе, балабақша мен мектептегі түрлі шараларда өзіміз қатарлы әкелерді көп көре бермейміз. Қашан көрсең, балаларын жетектеп, әйелдер жүреді. Кейде қарап тұрып, аяйсың. Бұл – отбасындағы ата-ана рөлінің маңыздылығын, жауапкершіліктің екі жаққа бірдей екенін, отбасы дегеніңіз – одақ екенін түсінбеу, жете сезінбеу. Әрі бала бағу, тәрбиелеу, оның балабақшадағы, мектептегі істеріне араласу, қадағалау, қатысу әйелдің міндеті секілді қарау көзқарасы бар. Меніңше, баласының білімді, мәдениетті, жақсы азамат болып өскенін көргісі келетін әр әке бала тәрбиесіне өзі ерекше көңіл бөлуі тиіс. Болашақта баласы өз ойындағыдай азамат болып ер жетпесе, ол баланың емес, әкенің кінәсі болады. Яғни, әке отбасының асыраушысы ғана емес, оның болашағына да басымен жауапты.
Саят Есенұлы, ата-ана:
– Біз мектепте оқыған кезде де ата-аналар жиналысына үнемі анам келетін. Мұғалімдер тәртіпсіз жағымды айтса да, анам: «Балам-ау, мұның қалай?» дегеннен артық ештеңе айтпайтын еді. Өзіңіз ойлаңызшы, жиналысқа әкем келсе, оған мұғалім мені жамандаса, үйге келген соң не болады? Ал әкем жиналыстың жайын сұраса да, анамның жамандығымды жасырып айтатынын білем ғой. Сол сияқты қазір өзім де баламның жиналысына бара бермеймін. Кейде әйелімнің қолы тимей қалған жағдайда болмаса, жоламаймын. Онда да соңғы партада отырып, үнімді шығармай кетемін. Енді ше? Кілең әйелдерге не айтасың? Мектепке ақша жинау, тағы басқа керек-жарақтарын түгендеу мәселесін өздері талқылап жатады. Кейде бір-бірімен сөзге келіп қалады. Мұндайда ер адамның бірдеңе деуі қиын. Сөйтем де, үйге келген соң шешесіне: «Бұдан кейін жиналысқа бармаймын» десем күледі. Әрине, баланың білім алуы, тәрбиесі әке-шешенің қатаң қадағалауында болғаны дұрыс. Алайда әкесі мәселеге анасы арқылы қанық болуы керек сияқты.