Айтылды – орындалды
Айтылды – орындалды
Ең әуелі – нақтылық
Мысалы, ең алғаш жарияланған жазбада «Жеке куәліктер, дипломдар мен жүргізуші куәліктерінің электрондық нұсқасын енгізу және мемлекеттік органдардың жұмысын цифрландыруды қамтамасыз ету керек», – деген Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан тапсырмасы және оның орындалғаны туралы есеп беріледі. Аталған тапсырма аясында қазіргі уақытта eGov mobile мобильді қосымшасында – жеке куәлік, – жүргізуші куәлігі, – туу туралы куәлік, – неке қию куәлігі, – аты-жөнін, әкесінің атын өзгерту туралы куәлік, – неке бұзу туралы куәлік, – электронды техникалық құжат, – ПТР талдамасының нәтижелері, – студент билеті, – білім алғаны туралы диплом сияқты құжаттардың цифрлық нұсқасы қолжетімді екені туралы ақпарат берілген. Екінші жазбада мемлекеттік органдар тарапынан берілетін құжаттарды цифрландыру процесі төңірегіндегі атқарылған бірқатар жұмыстар туралы айтылады. «Халыққа электронды сервистерді пайдалануға қолайлы жағдай жасап, мемлекеттік қызмет көрсету ісінде де және секторда да биометрияны қолданудың нақты шараларын қабылдаған жөн», – деген Президенттің тапсырмасы аясында мобильді азаматтар базасында тіркелген нөмірге біржолғы хабарлама түрінде құпиясөз жолдау арқылы қызметтерге қол қою тетігі іске асырылғаны баяндалады. Қазіргі кезде біржолғы хабарлама түріндегі құпиясөз арқылы қол қойып, 120-дан астам мемлекеттік қызмет түрін пайдалануға болады. eGov порталында QR код арқылы мемлекеттік қызметке қол қою қызметі іске қосылды. Адамның бет-әлпетін биометриялық сәйкестендіру арқылы қашықтан ЭЦҚ алудың пилоттық жобасы әзірленіп, іске қосылған. Ақпарат берудің мұндай формасы арқылы халық ненің атқарылып, ненің атқарылмағанынан хабардар болып қана қоймай, өздеріне керек, пайдалы мәлімет алып, жаңа мүмкіндіктерді біле алады.Жалпы пандемияға байланысты қатаң карантин шаралары енгізілген кезде электронды сервистер мен оны пайдаланудың жолға қойылмағаны қатты сезілген еді. Ол туралы кезінде жазылды, айтылды. Содан бері бір жылдан аса уақыт өтіп, онлайн өмірге де етіміз үйреніп келеді. Оған қоса, Үкімет тарапынан да түрлі іс-шаралар атқарылып жатқанын байқадық.Тиімділік
Бұл бастама халықпен кері байланыс орнатудың өте тиімді жолы деп айтуға болады. Себебі қазіргі кезде әлем бойынша уақыт тапшылығы қатты байқалады. Ғалымдар мен сарапшылар адамдардың бұрынғыдай ұзақ мәтіндерді оқуға, баяндамаларды тыңдауға уақыты ғана емес, құлқы да аса бола бермейтінін айтуда. Оған ақпараттың көптігі себеп болып отыр. Әкімдер мен шенділердің есеп беру жиындарына көп адам жиналмайтыны жасырын дүние емес. Оған қоса, қазір ақпарат таратудағы әлеуметтік желінің рөлін жоққа шығара алмаймыз. Бұл тұрғыдан алғанда да, бастама өте тиімді деп айтуға болады. Бұл жобаны әрі қарай министрлер, әкімдер де қолға алса, артық болмайтыны анық. Яғни бұл – есеп берудің ұтымды, заманға сай бейімделген кішігірім түрі деп айтсақ, жаңылыспаған болар едік.
Мысалы, Мемлекет басшысы 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан да нығайта түсу маңызды болып отыр. Мұны біз қазіргі дағдарыс кезінде қолға алып жатырмыз, енді оны жүйелі түрде жүзеге асыруымыз керек. 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болады» деген болатын. Айдар бойынша жариялаған мәліметте 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өскені айтылған. Нақтырақ айтқанда, дәрігерлердің жалақысы 246 мың теңгеден 320 мың теңгеге, орта деңгейдегі қызметкерлердің жалақысы 145 мың теңгеден 173 мың теңгеге дейін өскен. 2021-2023 жылдары Президент Жолдауындағы тапсырманы іске асыру үшін бюджеттен 1 141,5 млрд теңге бөлу қарастырылып отырғаны да көрсетіліпті. Қандай уақыт, қандай заман болмасын дәрігерлер мен мұғалімдердің қоғамдағы рөлі мен маңызы, абыройы мен беделі аласармақ емес. Осыған байланысты Мемлекет басшысы мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін көтеру мақсатында бірқатар тапсырмалар берген еді. Келесі есеп-жазбада «Педагогика мамандықтарына түсуге қойылатын талаптарды кезең-кезеңімен арттыру қажет. Мамандықтың беделін биіктету мақсатында болашақ ұстаздардың шәкіртақысын 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көтеру керек», – деген Президенттің тапсырмасы аясында педагог мәртебесін көтеру бағытында атқарылған өзге де игі істер туралы мәлімет берілген. Атап айтсақ, педагогикалық бағыт бойынша оқуға түсу үшін ҰБТ-ның шекті балы 60-тан 70-ке көтерілгені, шәкіртақыны арттыру үшін 2020-2023 жылдарға республикалық бюджеттен 17,6 млрд теңге бөлінгені, докторанттардың шәкіртақысы 104 498 теңгеден 150 мың теңгеге артқаны нақты көрсетілген. Оған қоса, диплом таратумен ғана айналысып кеткен аты бар, заты жоқ қаншама жоғары оқу орнының лицензиясы қайтарылғаны туралы жаңалықты естіп, оқып жүрміз. «Былтыр мен дипломды оңды-солды үлестірумен айналысатын білім мекемелерін жабуды тапсырған болатынмын. Білім беруді табысты бизнеске айналдырған ықпалды адамдардың қарсылығынан бұл жұмыс баяу жүріп жатыр. Бірақ проблеманы шешу керек» деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында. Ақорданың хабарлауынша, 2020 жылы 38 ЖОО-ға профилактикалық тексеру жүргізілген. 14 ЖОО-да жұмысқа орналастыру көрсеткіштері талап етілетін нормативтен төмен болған. Ал 2021 жылы 42 жоғары оқу орнына алдын ала бақылау жүргізу жоспарланып отыр. Жыл басынан бері 53 мыңға жуық студент білім алатын 7 ЖОО жабылған. ЖОО оқытушылары жұмыспен қамтылып, студенттер басқа жоғары білім беру мекемелеріне ауыстырылған.
Жазбалардың барлығы талқылау, пікір білдіру үшін ашық екенін де қоса кеткен жөн. Жоғарыда бастаманың екі тиімді тұсын айтып өттік. Үшіншіден әлеуметтік желіде кез келген адам өз ойын, ұсынысын немесе келіспеушілігін я наразылығын ашық жазып пікір қалдыра алады. Оған қоса, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін әлеуметтік желіде сағаттап отыратыны белгілі жайт. Айдар бойынша жарияланған жазбаларға айтылған пікірлерді шолып шығып, мәселеге қатысты өз ойын немесе мәселенің толыққанды орындалып-орындалмағанына пікір айтушылар да кездесетінін байқадық. Яғни, бұл жерде халықпен кері байланыс орнату мәселесі де назардан тыс қалмайды. Жалпы еліміздегі ақ жағалылар халықпен кері байланыс орнату мәселесіне аса көңіл бөлмейтіні айтылып та, жазылып та келеді. Ақорданың бұл бастамасы басқаларға да қозғау болады деген үміт жоқ емес. Жазбаларда, сонымен қатар, бала құқығы сияқты қоғамдағы ең басты әрі өзекті мәселелер де қамтылған. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңінде» кәмелетке толмаған балаларға көрсетілген зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылғанымен, проблеманың әлі де болса ушығып тұрғаны айтылды. Сондықтан мұндай қылмыскерлер рақымшылық алу және мерзімінен ерте босау құқығынан айырылып, мейілінше қатаң жазалануы керек екені туралы нақты тапсырма берілген болатын. Ал жазбада мұндай қылмысқа барғандарға қарсы санкция күшейтілгені, қаралатын қылмыстар ауқымы кеңейгені, қылмыскерлер қауіпсіздігі жоғары түзету мекемелерінде жазасын өтеуге міндеттелгені, жеңіл жазаға немесе жазаның өтелмеген бөлігін қысқартуға тыйым салынғаны жазылған. Енді мұндай қылмыс алқабилер сотының қарауына берілмейтін болды. Одан бөлек 2020 жылғы 22 қазанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне берілген тапсырмалардың орындалғаны туралы да мәліметтер жарияланыпты. Президент мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді дамытудың шеберлік-жоспарларын жұртшылықпен жүйелі түрде талқылауды қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Туризм және демалыс орындарын дамыту мәселелері бойынша қабылданатын шешімдердің анықтығын қамтамасыз ету мақсатында қазір 13 ұлттық парктің жанынан Қоғамдық кеңестер құрылды. Алматы облысындағы Шарын, Алтынемел, Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің экологиялық туризмін дамытудың тұжырымдамалары әзірленді. Оның ішінде, туристік бағдарлар мен жолдарды дамытуға; күрделі құрылыс жұмыстарынсыз-ақ туризм нысандарын салуға; заманауи қарсы алып, шығарып салу орталықтарын, қазақ ауылдарын, керуен сарайларын салу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Басқа да ұлттық парктерде экотуризмді дамыту тұжырымдамаларын әзірлеу, бекіту жұмыстары жүргізіліп, тапсырманың орындалып жатқаны айтылған екен. Қазіргі кезде елімізде туризм саласына көп көңіл бөліне бастады. Жақында ғана Түркістан қаласында Керуен-Сарай туристік кешені ашылған болатын. Ол да тапсырманың жүзеге асырылғанының шынайы дәлелі болды.
Билік пен халықтың арасы алшақтамағаны қай кезде де маңызды. Билік халық үшін жұмыс істейді, ал сол жұмысты бағалайтын да – халық. Атқарылған жұмысты таныстырып, нәтижесімен бөлісу, бір жағынан ел алдындағы борыш. Осының барлығын негізге ала отырып, іске асырылып жатқан бастама қай жағынан алып қарасақ та тиімді деп сенімді түрде айта аламыз.