787
НАТО-ның грантын ұтып алған ғалым
НАТО-ның грантын ұтып алған ғалым
Сейтхан Азатұлы – 2004 жылы Қытай елінен көшіп келген қандасымыз. Ол бүгінде Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің (Satbayev university) Химия және биологиялық технологиялар институты директорының ғылыми білім беру қызметі жөніндегі орынбасары және Инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, Нанотехнологиялар және наноматериалдар саласы бойынша PhD доктор, қауымдастырылған профессор. Жану проблемаларының институты жанындағы SinGO су тазартуға арналған сүзгілер өндіріс цехының басшысы.
Қазақстан «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы–2019 жыл» атағының және 2020 жылдың талантты жас ғалымдарға арналған стипендиясының иегері.
С.Азатұлы – ғалым, өнертапқыш әрі кәсіпкер. Ғылымды өндіріске, өндірісті нарыққа шығаратын бірегей маман. Мұндай маман иесі елімізде саусақпен санарлықтай екені белгілі. Ғалымның өзімен хабарласып, осынау үш салаға қатысты әңгіме өрбіткен едік.
[caption id="attachment_145807" align="alignnone" width="533"] @turkystan.kz[/caption]
Сейтхан Азатұлы – 2004 жылы Қытай елінен көшіп келген қандасымыз. Ол бүгінде Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің (Satbayev university) Химия және биологиялық технологиялар институты директорының ғылыми білім беру қызметі жөніндегі орынбасары және Инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, Нанотехнологиялар және наноматериалдар саласы бойынша PhD доктор, қауымдастырылған профессор. Жану проблемаларының институты жанындағы SinGO су тазартуға арналған сүзгілер өндіріс цехының басшысы.
Қазақстан «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы–2019 жыл» атағының және 2020 жылдың талантты жас ғалымдарға арналған стипендиясының иегері.
С.Азатұлы – ғалым, өнертапқыш әрі кәсіпкер. Ғылымды өндіріске, өндірісті нарыққа шығаратын бірегей маман. Мұндай маман иесі елімізде саусақпен санарлықтай екені белгілі. Ғалымның өзімен хабарласып, осынау үш салаға қатысты әңгіме өрбіткен едік.
– Сейтхан Азатұлы, әуелі атажұртқа қалай келдіңіз, әңгімемізді осыдан бастасақ?
– Мен 1986 жылы Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласында дүниеге келдім. Қазақ елі тәуелсіздік алған жылдардан бастап, атажұртты аңсаған ағайынның көше бастағанын бала күнімізден естіп-біліп өстік. Бала арманыма айналған Қазақстанның жоғары оқу орнында білім алу мақсатым орындалды. 2004 жылғы 26 маусымда Алматы қаласына табан тіредім. Сол жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия факультетінің студенті атандым. Менің сол алғашқы жетістігімді естіген ата-анамның қуанышында шек болмады. Атажұртқа осылай, білім жолымен келдім. Қазақ еліне келіп, білім алып, тарыдай болса да жеткен жетістігім болса, ол ең алдымен мемлекеттің жүргізген тиімді саясатының жемісі деп білемін. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетелдегі қандастарды Отанға шақырды. Содан бері миллионнан астам қандасымыз елге оралыпты. Жас бүлдіршіндер мектепке, жастар жоғары оқу орындарында өз талабына сай білім алып жатыр. Мамандық иесі атанып, қоғамның сансалалы саласына қызметке орналасты. Отбасын құрып ұрпақ өсіріп, бейбіт еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Жергілікті ағайынмен бірге қандастарымыз да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып егеменді елдің ертеңі үшін аянбай тер төгіп келеді.
– Өзіңіз атажұртқа не бере алдыңыз? Ғылым жолына қалай түстіңіз?
– 2008 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия факультетін бітірген соң, Қазақстанға ғана емес, шетелдерге танымал беделді ғалым, ғылыми жетекшім академик Зұлқайыр Мансұров өз зертханасына шақырды. Осылай ғылымға деген қызығушылық пайда болды. Сөйтіп, Зұлқайыр Аймұхаметұлы ары қарай магистратурада оқуға ұсыныс жасады. Ғылыми ізденістерімді жалғастыруға жол ашылды. 2015 жылы Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Наноматериалдар және нанотехнологиялар» мамандығы бойынша PhD докторы ғылыми дәрежесін, 2019 жылы «Химия» мамандығы бойынша қауымдастырылған профессор атандым. 2015–2019 жылдар аралығында Назарбаев университетінде Рэй Уитби, Василис Инглезакис қатарлы танымал ғалымдардың жетекшілігімен постдокторлық зерттеу жұмыстарыммен айналысып, зерттеу нәтижелеріміз халықаралық беделді ғылыми журналдарда жарияланды.
2017 жылы «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жас ғалымы» атағының иегері, сонымен бірге университет дамуына қосқан үлесі үшін «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталдым. Жану проблемалары институтының «Үздік жас ғалым–2019» конкурсының жеңімпазы және еліміз бойынша «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы–2019» атағына ие болдым. Қазіргі уақытта ғылым мен өндіріс және шәкірт тәрбиелеуді қатар алып жүрмін. 4 докторант, 40-тан астам магистрант және студенттердің дипломдық жұмыстарына жетекшілік жасадым. Ғылым жолындағы шәкірттеріме білгенімді үйретіп, тәжірибемді бөлісіп келемін.
Бүгінгі күнде Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің (Satbayev university) Химия және биологиялық технологиялар институты директорының ғылыми білім беру қызметі жөніндегі орынбасары және Инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі және жану проблемаларының институты жанындағы SinGO су тазартуға арналған сүзгілер өндіріс цехының басшысы болып жұмыс атқарамын. Жалпы, ғылыми бағытым нанотехнологиялар және наноматериалдар, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы проблемаларын шешуге бағытталған.
– Болашақ жастарды ғылымға қызықтыру үшін не істелуі керек деп ойлайсыз?
– Адамның қызығушылығы ауысып отырады. Мен кішкентай кезімде жазушы, журналист болуды армандадым. Бірақ мектеп қабырғасында химия-физика пәндерін жақсы оқыдым. Мұғалімдеріміз бізді химия және физика кабинетіндегі лабораторияны көрсетіп, сабақты қызықты қылып өткізетін. Сол кезде ол құралдарды білуге, оны түсінуге талпынатын едік. Менің ғылымға деген қызығушылығым сол кезде оянған шығар деп ойлаймын. Сондықтан орта мектептерде материалдық техникалық құрал-жабдықтар болуы керек, балалар оны кішкентайынан көріп өссе, оған деген қызығушылығы оянады. Өйткені химия, физика секілді пәндерді оқушы бір сәт көзбен көріп, қолмен ұстап сезінбей оны түсінуі қиын. Жас ұрпақты ғылымға, өнертапқыштыққа қызықтыру үшін мектептердің лабораториясын жақсарту керек деп ойлаймын.
– Елімізде нақты ғылымдар саласында көптеген жаңалық ашылды дегенді естіп жатамыз. Сол ашылған ғылыми жаңалықтардың өндіріске айналуы қалай?
– Бізде «анау жоқ, мынау жоқ» деген әңгімелер айтылып жатады. Әсіресе, ғылым-білімге қатысты. Өйткені біздің қоғамда ғылым-білім жайлы ақпарат аз тарайды. Мысалы, өткенде Білім және ғылым министрінің есеп беру баяндамасында: «елімізде 22 мыңға жуық адам ғылыммен айналысады» деді. Сол 22 мың адамның еңбегін бір-ақ сөзбен жоққа шығара алмаймыз ғой. Белгілі бір халықаралық көрсеткіштерге сай айтылмаса, құр «ғылым жоқ» деу әбестік болар еді. Мәселен, кешегі 90-жылдардың тоқырауы болған қиын кезеңде ғылымды тастамай, бүгінге жеткізген ғалымдар болды. Біз оларға алғыс айтуымыз қажет.
– Өндірілген тауарлардың нарыққа шығуы, халыққа жетуі және сапасы туралы айта кетсеңіз?
– Мен химик болған соң, химия саласы бойынша айтайын. Мысалы, бізде академик Абдурасул Жарменов деген ғалым өзінің ғылыми жобасына шетелден 3 млрд доллар инвестиция тартқан. Ал енді біздің жұмысымызға келер болсақ, бұл су тазарту сүзгісі бойынша 10-15 жыл жұмыс істедік. Оны өндіріске енгіздік, өндірілген затты нарыққа да өзіміз шығардық. 2015-2017 жылдары ауаны улы газдан тазартуға байланысты Бельгияның патшалық әскери академиясының ғалымдарымен бірге жұмыс істедік. Зертхананың жанынан су тазарту сүзгісін жасайтын цех аштық. Онымен арнайы айналысатын қызметкерлеріміз бар. Олар – өзімізде оқыған технологияның теориясы мен практикасын қатар игерген ғылыми дережесі бар ғалымдар. Бухгалтерлік жұмыстан басқа бүкіл шаруаны өзіміз атқарамыз. Сөйтіп, 2019 жылдан бастап жасаған өнімдерімізді нарыққа шығаруды қолға алдық. Қазір бұл отандық сүзгілерге сұраныс көбейіп келеді. Су тазарту сүзгілері Алматы, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Атырау секілді қалаларға жеткізілуде. Мұндай технология елімізде бірінші рет шығып отыр. Бұл кәсіпкерлер емес, кәдімгі өнертапқыш ғалымдардың қолынан шыққан.
Елімізде мұндай су тазартуға арналған шетелдік сүзгілер нарықты жаулап алған. Ал біз енді таныла бастадық. Нарықтағы өрісіміз кеңейіп келеді. Зертханада ашқан жаңалығымыздың, цехта жасаған еңбегіміздің жемісін көріп жатырмыз. Жұмысшыларымыздың бәрі қызметіне қарай жалақысын алады. Сондықтан жұмысшыларымыздың белсенділігі жоғары. Әр тауарды сапалы шығаруға талап қояды.
– Осы жұмыстарыңызға мемлекет тарапынан қолдау болып жатыр ма?
– 2016 жылы су тазарту сүзгілері бойынша «Ғылым қоры» АҚ-ның грантын ұтып алдық, жоба жетекшісі – химик ғалым, Алмагүл Рысқұлқызы. Су тазарту сүзгісіне арналған техникалық құрал-жабдықтарды «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы грант арқылы қаржыландырды. Олар үш жыл мониторинг жүргізіп отырады. Үш жылдан кейін ол құрал-жабдықтар біздің институтта қалады. Осы жобаны жасау, оны шығаруға «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының көп көмегі тиді. Ары қарай сату, жұмыс орнын ашу – біздің міндетіміз.
[caption id="attachment_145808" align="alignnone" width="389"] @turkystan.kz[/caption]
– Су тазарту сүзгісімен қатар, ауа тазарту құралдарын жасаумен де айналысасыздар ғой?
– Иә. Тағы бір айта кетер жаңалығымыз ол – НАТО-ның бейбітшілік үшін жарияланған халықаралық ғылыми конкурсына қатысып, жобамыз («Биомасса қалдықтарын химиялық, биологиялық, радиациялық қорғанысы үшін тиімділігі жоғары материалдарға бағалау» (Valorization of biomass waste into High efficient materials for CBRN protection.) жеңімпаз атанды. 180 мың евро ұтып алдық және содан бері қазір біздің барлық ғылыми шығындарымызды НАТО қаржыландырып, қолдау көрсетіп келеді. Жоба жетекшісі академик Зұлқайыр Мансұров. Жас ғалым Алмагүл Керімқұлова екеуміз бұл жобаның жауапты орындаушыларымыз. Зерттеу тобында сонымен бірге институтымыздың жас ғалымдары, докторанттар және магистранттар да бар. Осы жобамыз ауаны улы газдан тазартуға арналған. Қазір әлемде мұндай улы газдан тазартатын 20 шақты (қауіпсіздігі жоғары) ғылыми зертхана бар. Соның төртеуі Еуропада, біреуі Бельгияда орналасқан. Біз қазір сол зертханалармен бірге жұмыс істейміз. Сондықтан алдағы жоспарымызда ауаны тазартуға арналған сүзгілер жасап шығару ойымызда бар.
– «Болашақта таза су тапшылығы болады, ауа ластанады» деген болжамдар айтылып жатады. Еліміздегі ғылым мұның алдын алуға қаншалықты қауқарлы?
– «Солдатский фильтр» деген құрал болады, сол секілді болашақта жалпы адамдарға арналған жеке сүзгілер жасап шығуға болады. Мысалы, кез келген суды тазартып іше беруге мүмкіндік жасалады. Еліміздің ондай технологияларды жасауға мүмкіндігі бар. Мұның барлығы ғылыми тұрғыда зерттеліп, теориясы жасалып, сынақтан өткен.
– Маңғыстау облысының, яғни Каспий теңізінің жағасында көкөніс өсіретін кәсіпорындар бар. Оларға су мәселесі қиын болып отыр. Болашақта теңіз суын тұщы суға айналдыруға болар ма екен деп армандайды. Бұл мүмкін бе?
– Өте жақсы сұрақ. Осыған байланысты Жану проблемаларының институтында ғылыми диссертация қорғалған болатын. Күріш қауызының құрамынан синтезделіп алынған графен неше түрлі қабаттарға бөлінеді. Осы мембранды технология арқылы теңіз суын тұщыландыруға болады. Бұған қатысты да эксперименттер жасалған, сынақ сәтті өткен. Өндіріске енгізуге дайын технология бар.
– Өзіңіз біршама ғылыми еңбектер жаздыңыз, патенттеріңіз бар. Солар жайлы айтыңызшы?
– Нанотехнологияға байланысты «Нанохимия тұжырымдамалары» (2013 ж.), «Күн және жаңартылатын энергияның нанофизикасы» (2016 ж.), «Өндірістік суды тазартуға арналған нанотехнологиялар» (2016 ж.), «Электротехника: принциптері мен қолданылуы» (2017 ж) деген төрт еңбек аудардық. Осы нанотехнолгия және су, ауа тазарту құралдарына қатысты «Өсімдік тектес энтеросорбент («Инго-2»), «Биологиялық белсенді заттарды хроматографиялық бөлу әдісі», «Композиттік сорбент алу әдістері, «Су тазарту сүзгісі», «Күріш қауызынан аморфты кремний диоксидін алу әдісі» деген патенттерім бар. Мұның барлығы өндіріске шығуға дайын тұр деуге болады.
Сонымен қатар, осы сала бойынша «Нанокөміртекті сорбенттерді қолдана отырып фузикокциндерді бөліп алу және оның биологиялық-цитотоксикалық белсенділігін зерттеу» (монография, ағылшын тілінде 2018 ж), «Кремний диоксиді: күріш қауызынан алу әдістерін, алынған материалдың негізгі физикалық-химиялық сипаттамаларын және практикалық қолданылу» (монография, ағылшын тілінде 2018 ж), «Нанотехнологиялар туралы ақ кітап» (Күріш қауызынан кремний диоксидін синтездеу), «Химия және химиялық технология» (күріш қауызынан аморфты кремнеземді дайындау) деген төрт ғылыми монография жаздық, оның екеуі ағылшын тілінде жазылды. Springer, Singapore Stanford publishing house беделді баспаларында, бірнеше монографиямыз ағылшын тілінде шықты. Енді қазақ тілінде бір монографиямды баспаға дайындап жатырмын.
– Тіл дегеннен шығады, қазақ тілі ғылым тіліне айналды ма?
– Ғылымда мынау ғылымның тілі, мынау ғылымға келмейтін тіл деген ұғым атымен жоқ. Кейбір орыс не ағылшын тіліндегі терминді қазақша аударғаннан немесе оны сол күйінде қалдырғаннан ғылымға келіп-кетері жоқ, ғылым өз алдына дами береді. Сондықтан қазақ тілі ғылым жасауға еш кедергі келтіріп отырған жоқ, керісінше ойыңды жетікізуге кез келген нәрсенің атауын беруге, сипаттауға ыңғайлы ғылымға өте бейімді тіл. Тіпті өткен ғасырдың 20-30-жылдардағы қадау-қадау ғылыми еңбектерді алсақ, химия, физика немесе Жүсіпбек Аймауытов жазған психологияны оқыңыз, қандай әдемі, жатық. Ол қазақ тілінде ғылыми еңбектердің енді қалыптасып келе жатқан кезеңі ғой, қазір бұл әбден орнығып, байи түсті. Қазақ тілінде де өте сәтті қойылған атаулар, терминдер көп. Соған қарағанда қазақ тілінің ғылымға сұранып тұрғанын көреміз. Мұны қасақана қазақ тілінің мәртебесін мойындағысы келмейтіндердің шығарып алған сөзі деп ойлай-
мын.
– Жоғарыда бір сөзіңізде «әдебиетке қызықтым» дедіңіз ғой, қазір қандай әдебиеттерді оқып жүрсіз?
– Әдебиетке деген қызығушылығым болды. Әлі де бола береді. Өйткені әлемге әйгілі ғалымдардың ізденісін, қызығушылығын бақылап отырамын. Сонда әсіресе жаратылыстану ғылымымен айналысатын ғалымдардың көбі өз саласына қатысты кітаптардан өзге әдеби кітаптарды жиі оқиды екен. Себебі, әдебиет адамның ой-өрісін, қиялын байыта түседі ғой.
Мен қазір Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романын оқып жатырмын. Сонымен бірге «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» шығарған тарих, философия, социология, психология, антропология, мәдениеттану, лингвистика, инновация, медиа, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік т.б. салаларға қатысты кітаптарды оқып жүрмін. Әсіресе, менеджмент және маркетологияға қатысты кітаптардан көп мағлұмат алдым. Жалпы осы еңбектердің аударылу сапасы өте жақсы, осы ретті пайдалана отырып, баспаға ерекше алғысымды айта кеткім келеді.
Әңгімелескен Бақытбек ҚАДЫР