444
Елорда – егемендік жемісі
Елорда – егемендік жемісі
Осыдан 23 жыл бұрын 6 мамырда Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Бұл Алатаудан Сарыарқа төсіне бет түзеген қазақ көшіне жаңа серпін, барша қазақ халқына болашаққа деген үлкен үміт сыйлағаны сөзсіз.
Егемендік алып, ел болып еңсемізді тіктей бастаған сәттен ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру мәселесі көтеріле бастады. Алғашқыда астананы жаңа орынға көшіру туралы Президент ойын қолдағандар аз болды деп жазады академик, Мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали сағадиев. «Сол уақытта Президент басшылығымен жұмыс істеген Мемлекеттік кеңестің 1993 жылғы кезекті бір отырысы әлі есімде. Құрамында Салық Зиманов, Шерхан Мұртаза, Иван Щеголихин, Жабайхан Әбділдин, Манаш Қозыбаев сынды басқа да ел ағалары мен қайраткерлер бар Кеңес күн тәртібіндегі мәселелерді қарап, шешім қабылдап, тарауға айналғанда Нұрсұлтан Әбішұлы басқаларға рахметін айтып, бізден – Кеңес мүшелерінен тағы бір мәселе жөнінде пікір алмасу үшін кідіре тұруды өтінді. Біз орындарымызға қайта жайғасқанда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Астананы Алматыдан ел ортасына – Ақмолаға ауыстыру керек деген ойым бар. Егемен еліміздің болашақ дамуын жаңа астанадан бастасақ деймін. Сіздер бұған қалай қарайсыздар» деп сұрады. Біз, кеңес мүшелері, бұрын ойға келмеген, барынша тың, елді елең еткізетін осындай соны пікірге: «Ақмоланың ауасы жақсы, бірақ ойлану керек» деген мардымсыз бір-екі сөзден артық ештеңе айта алмадық.
Осылай десек те, мынау алай-түлей басталған жаңа заманда, елімізде бір жарым жылдай жүріп жатқан нарық экономикасы оң нәтиже бермей, керісінше, экономиканы тығырыққа тіреп, халық тұрмысы күрт төмендеген тұста, қалта бос, қаржы тапшы кезде мұндай ауқымды жобаны іске асыру мүмкін емес қой. Алматы сияқты жылы орнымыздан басқа жерге көшу бұл бір орны жоқ қиял емес пе деген күдік те ойымызда тұрды. Көп ұзамай бұл соны жаңалық халыққа тарады. Ел ішінде, баспасөз беттерінде, депутаттар арасында, әртүрлі басқосуларда астана туралы қызу пікірталас басталды. Мұндай пікірталастар көпке дейін, 1997 жылдың қысында астана Алматыдан Ақмолаға көшкенге дейін жалғасты», – дейді өз естелігінде академик К.Сағадиев.
Кеше ғана Тәуелсіздік күн кешкен халық Астананы Арқаға көшіреміз дегенге илана қоймағаны рас. Бұл идея тіпті орындалмас армандай көрінді. Елбасы Ақмола қаласының тәуелсіз мемлекетіміздің астанасы болып таңдалуына 32 негізгі өлшемді көрсетіп, депутаттар алдында тарихи баяндама жасады. Ең маңызды себептерінің арасында: әлеуметтік-экономикалық, экологиялық, геосаяси, саяси-экономикалық, көлік инфрақұрылымы, инженерлік-коммуникациялық, құрылыс, еңбек ресурстары т.б. мүмкіндіктер бар еді. Осылайша 1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін» деген шешім қабылдады. Бұл ел тарихында-
ғы айтулы оқиғалардың бірі болатын.
Ел астанасын ауыстыруға жоғарыда аталған себептерден бөлек қандай жағдайлар түрткі болғаны туралы Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында: «Қазақстанның жаңа астанасының жобасы кездейсоқ пайда болған жоқ. Тәуелсіздік алған күннен бастап жаңа жағдай, сол жағдай ерекшеліктерін көлденең тартқан мүлде басқа мемлекеттік ахуал қалыптасты. Қазіргі уақыттың шындығы мен бірқатар геостратегиялық факторлар бізді өз геосаяси кеңістігімізді қайтадан қалыптастыру процесіне жаңа көзқараспен қарауға мәжбүрледі» деп жазды.
Ақмоланы астана ету туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылы 6 шілде күні қабылданған шешімінен кейін Елордада құрылыс жұмыстары қызу басталып кетті. 1996 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Үкіметі «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» тарихи қаулы қабылдады. Бір жылдан кейін Ал 1997 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасы Президенті «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды.
1997 жылғы 10 желтоқсанда Ақмола қаласы ресми түрде ел астанасы мәртебесіне ие болды. Дәл осы күні Қазақстан Республикасының Президенті, Үкімет пен Парламенттің басшылары Қазақстан астанасы туралы ел халқына жолданған үндеуге қол қойды. Ал жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылғы 10 маусымға белгіленді.
Дәл осы тұста археолог Кемел Ақышев Нұра мен Есіл өзендірінің тармақтарына үлкен зерттеулер жүргізуді бастаған болатын. 1998 жылы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Есіл археологиялық экспедициясы құрылды. Оған К.Ақышев жетекшілік етті. Осылайша қираған қалашық орнында қазба жұмыстары басталып кетті. Астана қаласы маңынан тарихы VIII ғасырдан бастау алатын, XVI-XVII ғасырларға дейін ежелгі Бозоқ қаласы орнының табылуы таңғажайып оқиға болды. Бас қаламыздың тарихы сонау Дешті-Қыпшақ кезеңінде дәуірлеген Бозоқ қаласынан басталатыны дәлелденді.
Бүгінде Батыс пен Шығыс өркениетінің алтын көпіріне айналған шаһар әлемдегі ең сәулетті қалалардың біріне айналды. Астана сонау 1999 жылы-ақ ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атанған болатын. Бұл марапат аз ғана уақыт ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени даму саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткен әлемнің жас қалаларына беріледі. Сондай-ақ Елорда 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі болды. Осылайша айналасы бірнеше жылдың ішінде Астана саяси, экономикалық және мәдени орталық қана емес, халықаралық мәселелерді талқылайтын диалог алаңына, сондай-ақ дипломатияның, бітімгершілік пен халықаралық дамудың басты алаңына айналды. Бүгінде Елорда Еуразия кеңістігінде халықаралық форумдар мен конгрестер өтетін орталыққа айналды. Мәселен, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съездері, Астана экономикалық форумы, ЕҚЫҰ-ның саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері өткізілді. 2011 жылы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдаса, 2017 жылы EХРО-2017 халықаралық көрмесін жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Елбасы Н.Назарбаев 2005 жылы жарыққа шыққан «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде: «Қалалардың да адамдар сияқты өз тағдыры болады. Олардың әрқайсысының өз аты, қайталанбас өмірбаяны, дүниеде ешбір жерге ұқсамайтын өзіндік айрықша мінезі мен белгілері бар. Адамдар сияқты олар да өз тағдырларымен дараланады. Біреулеріне «мәңгі қала» немесе «әлем астанасы» бақыты бұйырса, енді бір қалалардың маңдайына өркениеттен тысқары жетімдік күн кешу, енді біріне жер бетінен құрып кету жазылған. Бүгінгі Астана мен келешек Астана – бұл біздің стратегиялық ойларымыз мен ұмтылыстарымыздың ең басты жемісі» деп жазды.
Елбасы идеясымен іргесі қаланған Елорда аз ғана уақыт ішінде Тәуелсіздік символына айналып, жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болды. Тәуелсіз Қазақстан мен бейбіт заманды бейнелейтін астана бүгінде барша қазақтың көз қуанышына, мақтанышына айналып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев Елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған сөзінде: «Еуразияның қақ ортасында салынған жаңа астананың модернизациялық миссиясы мол. Мұнда жаңа кеңістік, жаңа координаттар жүйесі, жаңа уақыт пайда болды. Бұл жалпы жаңару мен жаңа тәртіптің пайда болуына серпін береді. Бүгінде әлемге оппозиция қажет емес, үйлесім, даму және ынтымақтастық. Сондықтан елордалық шығаратын ізгілік пен қазақстандық құндылықтардың нұры бүкіл планетаға тарайды және ризашылыққа ие болады», – деп атап өтті.
Ұлт мақтанышына айналған елорда – ел тарихындағы айтулы жетістіктердің бірі, Тәуелсіздігіміздің Темірқазығы. Азаттығымыздың алтын тәжіне айналған Елорданың саяси келбеті өзге мемлекеттерге жарқын үлгі болатыны анық.