615
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қандастарға арналған агроқалашық салмақ
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қандастарға арналған агроқалашық салмақ
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қандастарға арналған агроқалашық салмақ. Бұл туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қазіргі кезде геодезиялық зерттеулер негізінде жер телімдерінің шекаралары анықталып, оларды нақтылау жұмыстары жүргізілді, жолдар мен басқа да инженерлік желілер салуға белгілер қойылды. Жер телімдері шегінде межелеу жұмыстары қолға алынды. Үйлердің құрылысы осы жылдың 15 мамырында басталады. Біздің алдын-ала есебіміз бойынша, агроқалашықтағы алғашқы үйлер биыл күзде бой көтереді.
Еске сала кетейік, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Н.Назарбаевтың шет елдердегі қазақтарды тарихи отанына әкелу, қазақстандықтардың әлеуметтік қорғалмаған санаттарының тұрғынүй мәселелерін шешу және жаңа жұмыс орындарын ашу туралы тапсырмасы аясында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» КеАҚ бұдан үш жыл бұрын жергілікті тұрғындар мен қандастар үшін «Асар» әдісін қолданып, «Тұрғынүй және жұмыс» қағидасы бойынша Ақмола мен Түркістан облыстарында коттедждік қалашықтар салудың екі пилоттық жобасын ұсынған еді.
Баспасөздің мәліметінше, Ақмола облысының Аршалы ауданында 196 гектар жер сатып алынып, сондай-ақ, Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдіктерінің тиісті құрылымдарымен 1282 (бір мың екі жүз сексен екі) коттедж салуға келісілді. Онда 300 гектар жылыжай, ауылшаруашылық өнімдерін сататын көтерме базар, жылқы, ірі қара мен ұсақ малдарды өсіріп, бордақылау орталықтары болады. Бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласын сапалы және қол жетімді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге үлес қосады. Жобаның бірегейлігі – үйлерді сатып алу мен салуға мемлекет тарапынан ешқандай қаражат жұмсауды қажет етпейді. Жер қазірдің өзінде сатып алынған, үйлерді жер иелерінің өздері «Асар» әдісі бойынша салады әрі бұл тұрғынүй құнын едәуір төмендетіп, сапасын арттырады. Соңынан тұрғындардың барлығы жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, Түркістан облысының Келес аймағында осындай шағын аудан салу үшін 300 гектар жер және ауыл шаруашылығына пайдаланылатын 180 гектар суармалы жер бөлу туралы мәселе шешілді. Дайын инфрақұрылымы бар алғашқы 24 гектар жер жақын күндері бөлінеді. Қазірдің өзінде Өзбекстан тарапымен суармалы сумен қамтамасыз ету туралы келісім жасалды, бұл үшін бұрыннан бар арық арнасын тазарту жұмыстары басталды. Мұнда да қандастарды тұрғынүймен және ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін бағыттағы жұмыспен қамту қарастырылған.
Шекаралас Өзбекстан тұрғындары тарапынан ет пен сүт өнімдеріне деген сұраныстың жоғары екендігін ескере отырып, бұл жоба экспортқа бағытталған және шағын отбасылық мал фермаларын құруға бейімделген. Әр қожалыққа үй мен аула шаруашылығын салу үшін 25 сотыққа дейінгі жер телімдері бөлінеді деп жоспарлануда. Отбасылық қожалық, өнімдерін өңірде үлкен сұранысқа ие халал негізінде өндіретін болады.
Болашақта мұндай агроқалашықтарды Павлодар, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында салу жоспарлануда.