620
«Аңсаған сәби»: квотаны неге мамандар емес, тендерлік комиссия бөледі?
«Аңсаған сәби»: квотаны неге мамандар емес, тендерлік комиссия бөледі?
Осыдан 43 жыл бұрын 1978 жылғы 25 шілдеде Ұлыбританияда ең алғашқы «құтыдағы» эко-бала Луиза Браун дүниеге келді. Бұл ғылыми жаңалық сәби сүюді аңсаған миллиондаған ерлі-зайыптының арманын орындап, балалы болу бақытын сыйлады.
Экоұрықтандыруға сұраныс әлем бойынша жыл сайын артпаса, кеміген жоқ. Өткен ғасырдың 90-жылы әлем бойынша «құтыдан» пайда болған балалардың жалпы саны 20 мыңға жетпейтін. 2012 жылы олардың саны 5 миллионнан асса, бүгінде 8 миллионнан асып жығылады.
Әлемдік тәжірибе экоұрықтандыруға 35-40 жас аралығындағы әйелдердің жиі жүгінетінін көрсетіп отыр. Тіпті Испания мен Үндістанда 60-70 жасында бала сүйгісі келгендер болыпты. Ал экоұрықтандыруға көп жүгінетін елдердің бестігіне – Испания, Ресей, Германия, Франция мен Ұлыбритания кіреді.
Бүгінде әйелдер мен ерлер арасындағы бедеулік пен белсіздік дүниежүзінде белең алып отыр. Ерлі-зайыптылардың бала сүйе алмауы отбасылық, әлеуметтік шеңберден асып, бүгінде ұлт дертіне айналып барады. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев былтыр халыққа арнаған Жолдауында өзекті мәселені шешудің арнаулы бағдарламасын ұсынды.
«БҰҰ-ның Орталық Азиядағы көршілерімізбен салыстырғанда Қазақстан халқының өсіміне болжамы көңіл көншітерлік емес. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырамын. ЭКҰ бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек», – деді Президент Жолдауында.
БҰҰ-ның 2100 жылы әлем халқының өсімі қандай болады деген баяндамасында Қазақстан халқының өсімі тоқтауы мүмкін екені болжанады. Ұйымның орташа болжамы бойынша 2050 жылы халық саны 24 млн адам болады. Пессимистік болжам бойынша халық саны 21,9 млн-ға дейін ғана өседі. Ал оптимистік болжам Қазақстан халқының саны 30 жылдан соң 26,1 млн адам болады деп отыр.
Халық саны өсімінің баяу екенін мына көрсеткіштен де байқауға болады. Соңғы 10 жылда халықтың орташа өсімі жылына 1,5 пайыз болған. Мәселен, 2014 жылы 65 жастан асқан тұрғындар 6,8 пайызды құраса, 2018 жылдың соңында 7,5 пайызға жетті. 2050 жылы елде 65 жастан асқан егде жастағы адамдардың үлесі қазіргі 7,5 пайыздан 14,1 пайызға дейін екі есе артады делінген болжамда. Яғни халық санының өсімі егде жастағы адамдармен толығады, өйткені болашақта туу көрсеткіші азаяды деген болжам жасайды.
Жалпы еліміздегі статистика әрбір алтыншы отбасы балалы бола алмайтынын көрсетіп отыр. Қазақстандықтардың 20 пайызға жуығы ажырасуға бала сүйе алмауы себеп екенін айтқан. Жалпы ЭКҰ арқылы балалы болған отбасыларда ажырасу сирейтінін мамандар да айтып жүр. Өйткені перзент сүюді көптен армандаған ерлі-зайыптылар бала өмірге келген соң жағымды эмоциялық сезімдерді бастан кешіп, отбасының беріктігі нығая түседі екен.
Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылдан бастап жүзеге аса бастаған «Аңсаған сәби» бағдарламасы әртүрлі себеппен бала сүйе алмай жүрген отбасыларға үлкен үміт сыйлады. Былтыр ЭКҰ-ға 1000 квота берілген болатын, ал биыл Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен квота саны 7 есе өсіп, 7 000-ға жетті.
Биыл Денсаулық сақтау министрлігі елімізде 9 467 әйел адам бала көтере алмайтындардың тізімінде тұрғанын мәлімдеді. Алайда баласы жоқ жұптарды тіркеудің электронды базасы жасалмайынша, олардың қанша екенін нақты біле алмаймыз дейді биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова. – «Бедеу жұптардың қаншасына ЭКҰ жасауға болатынын да шамамен ғана айтамыз. Бедеулік жанға бататын ауру емес, адамның өміріне қауіп жоқ. Бедеулікпен 100 жасауға болады. Қатерлі ауру болмағандықтан да нақты тіркеу базасы жоқ. Бедеу жұп біресе жеке меншік клиникаға, біресе мемлекеттік емханаға қаралады. Сөйтіп әр жерде тіркеуде тұрып уақыттан ұтылады. Орталықтандырылған тіркеу болмайынша қанша жұптың бедеу немесе ЭКҰ жасауға қабілетті екенін біле алмаймыз», – дейді маман.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша кезекке тұрғандар арасында тіркеуге қатысты мәселе туындап отыр. ЭКҰ жасалатын жұпты тіркеу ашық түрде жүргізілмегендіктен, «бармақ басты, көз қыстылыққа», тамыр-таныстыққа жол беріліп жататын көрінеді. Кейде тіпті екі баласы бар болғандықтан квота бермейміз деп тіркеуден алып тастайтын жайттар да кездеседі екен. Репродуктолог мамандар бұл жағдайды заңнамалық реттілікке келтіру керек деп санайды.
Аталған бағдарлама еліміздің ірі қалалары мен аймақтарында қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы ECOMED+ бала өрбіту клиникасының негізін қалаған Салтанат Берденқызы былай дейді:
– «Жобаны жүзеге асыру ақпан айының соңында басталды. Бағдарламаға барлығы 19 клиника атсалысып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынды жүріп жатқанын айта кетуіміз керек. Өзім жетекшілік ететін ECOMED+ орталығының Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Атырау қаласындағы клиникалар бірінші жартыжылдықтың жоспарын 80-90 пайызға орындап қойды. Алайда бағдарламаның жетілдіретін тұсы да бар. Мысалы, квотаны өңірлерге сала мамандары емес, тендерлік комиссия мүшелері бөледі. Бұл пациенттерге қиындық тудырып жатыр. Мәселен, ерлі-зайыптылар ЭКҰ-ны өзі тұратын Атырауда жасатқысы келеді делік. Бірақ Атырауға бөлінген квота саны аз, ал кезектегілер саны көп. Жергілікті жерде квота саны жетпегендер Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент секілді ірі қалалардың біріне бір айға бару керек. Көп отбасының алысқа баруға жағдайы келмейді. Ол үшін Алматы не Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер жалдайды. Оған ішер асы мен дәрі-дәрмегіне жұмсалатын қаржыны қосыңыз. Одан бөлек жұмыстан сұрануы керек, ақысыз демалысқа шықса жалақысы кесілетіні тағы бар. Мұндай шығынды кез келген отбасының қалтасы көтермейді. Кей аймақтарға квотаның аз бөлінуі осындай мәселе туындатып отыр. Клиниканы пациент таңдайды деп басында айтылған сөз іс жүзінде орындалмай отыр. Бірнеше жыл кезекте тұрып квотаға қолы әрең жеткен жұпты басқа қалаға мәжбүрлеп жібергенде нәтиже болса жақсы. Нәтиже болмаса ерлі-зайыпты психологиялық стреске түседі. Келесі жылы квота бұйыра ма, жоқ па, ол да белгісіз. Сондықтан квота көп бөлінгенімен, осындай себептерге байланысты бағдарлама көп адамға қолжетімді болмай отыр», – деді маман.
Сондай-ақ бөлінген квота саны жеткілікті болғанымен, оны алуға өтініш білдіргендердің 30 пайызы ғана ЭКҰ талаптарына сай келеді екен. Аталған бағдарламаның баршаға бірдей қолжетімді болмай отыруының тағы бір себебі осы. Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 15 желтоқсанда шыққан №272 бұйрығына сәйкес 42 жасқа дейінгі пациенттердің өтініші қаралады. Содан кейін аналық бездер қоры жеткілікті немесе орташа деңгейде болуы шарт. Сонда ғана пациенттерге квотаға кезекке тұруға мүмкіндік беріледі.
Дәрігерлер 35 жасқа дейін тұрмысқа шыққан әйелдер бір жыл ішінде жүкті бола алмаса, күйеуімен бірге гинеколог, репродуктолог мамандарға қаралу керегін айтады. Ал 35 жастан кейін тұрмысқа шықса, жүкті болу мерзімін алты ай ғана күтуі керек. Жарты жылдың ішінде жүкті болмаса, уақыт созбай мамандарға қаралуы керек. Өйткені жас ұлғайған сайын ұрық саны азайып, сапасы төмендейді. Балалы болуды жылдар бойы күтіп жүргендер 40 жаста мүлдем ұрық қалмайтынын түсінуі керек дейді мамандар. Ал 40 жастан кейін ЭКҰ жасаудың өзі нәтижесіз болуы мүмкін. ЭКҰ-ны қырықтан асқандарға донорлық ұрықпен жасайды, ал оған ұрынбас үшін ер мен әйел уақытылы отбасын құруға тырысуы керек.
– Әйел заты 30 жасқа толғанға дейін 1-2 балалы болғаны дұрыс, табиғаттың заңы сондай. Бірақ бүгінде әлеуметтің заңы басқа болып тұр. Қыздарымыз оқу, қызмет, мансап қуып, жағдай жасаймын деп жүріп кеш тұрмысқа шығып, әлеуметтік бедеулікке тап болып жатыр. Бүгінде кеш тұрмысқа шығу, әке болуды кейінге шегерудің зардабын тартып жатқандар аз емес. Жас ұлғайған сайын балалы болу мүмкіндігінің де азаятынын ұмытпаған дұрыс, – дейді Салтанат Байқошқарова.
Биыл қаңтар айында басталады деген бағдарлама тендерлік комиссия отырысының шешіміне байланысты кешеуілдеп, ақпан айының соңында басталды. Бүгінде бағдарлама аясында қанша жұптың өтініш бергені де белгісіз. Осы жылдың нәтижесін тек 2022 жылдың қазан айында білуге болады. Өйткені ЭКҰ ұзақ созылатын емдеу процесі. Бұрын эмбрионды қатыру процесі болмаған кезде ұрық әйелдің жатырына бір айдың ішінде салынатын. Қазір нәтижелілікті көтеру үшін, әйел ағзасын ауыр жағдайларға, асқынуларға жеткізбес үшін эмбриондар қатырылады. Соның арқасында нәтижелілік 1,5-2 есе көтеріледі және ана мен болашақ баланың өміріне қауіп төнбейді.
Сонымен қатар әлемді жайлаған коронавирус та ЭКҰ саласына кері әсерін тигізіп отыр. Мысалы, қатырылған эмбрионды вирус жұқтырғандарға, вакцина алғандарға бірден салмайды. Аурудан жазылғанша күтеді. Бұл өз кезегінде 1-4 ай уақытқа созылуы мүмкін. Осыған қарамастан мамандар жоба аясында алғашқы жүктілікке қол жеткізілгенін айтып қуантты.
Жалпы ер мен әйел бедеулігінің негізгі себебі – қабыну процестері нәтижесінде тапқан аурулар. Әйелдерде жатыр түтікшелерінің өткізу қабілетінің нашарлауы немесе жоқтығы, ер адамдарда қабыну процестерінен соң ұрық сапасының төмендеуі, ұрық жүретін жолдардың бітеліп қалуы, жалпы және жыныстық инфекциялық ауруларды жұқтыруы ұрықтың саны мен сапасын төмендетеді. Сонымен қатар суық тигізу, әйелдердің аборт жасауы да мәселені күрделендіре түседі. ЭКҰ-ға келетіндердің 70 пайыздан астамы кезінде аборт жасатқан, оның соңы қабынуға апарған пациенттер. Бұл аталған себептерден бөлек бедеулікке экологиялық, химиялық, физикалық факторлар, қатерлі ісіктің көп пайда болуы, қоршаған ортаның ластануы, радиациялық фонның күшеюі себеп болып отыр. Өйткені туа біткен бедеулік өте сирек кездеседі, бұл жалпы бедеу адамдардың 3-5 пайызы ғана. Қалған 95 пайызында бедеулік қолдан тапқан ауру деп айтуға болады.