Болмысы биік «Бопай ханым»

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры 14-15 мамыр күндері  «Бопай ханым» тарихи трагедиясының премьерасын қойды. Туынды авторы – Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова. Режиссері – Жұлдызбек Жұманбай. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Композитор – Ғалымжан Секеев. Киім үлгісінің суретшілері – Әсел Лұқпанова, Маржан Әбілдина. Хореограф – Карина Жиренбаева. Хормейстер – Ержан Сансызбаев.

Болмысы биік «Бопай ханым»
ашық дереккөзі
1265

Премьера басталмас бұрын баспасөз конференциясы өтті. Тілшілер тілін безеп, суырылып сұрақ қояр сәт туған. Әйткенмен ешкім сауал тастамайтын тәрізденген соң, өзім қол көтеріп, театрдың әдеби бөлімінің меңгерушісі, жас театртанушы Мирас Әбілден рұқсат алып: «Құрметті Роза апай, бұған дейінгі «Мәңгілік бала бейне», «Сарра», «Фариза» секілді кесек туындыларыңызды жақсы білеміз. Бұл жолы қойылғалы отырған Әбілқайыр ханның жары Бопай ханым жайлы деректердің көбі Ресей архивтерінде сақталған деп естиміз. Ол деректер қолыңызға түсті ме? Тарихи деректер қаншалықты қамтылды?» – дедім. Белгілі жазушы-драматург Роза Мұқанова апайымыз: «Жалпы, тарихи деректермен таныспын. Бірақ Бопай ханым – қазақ әйелінің жиынтық образы деуге болады» деп қысқа ғана қайырды. Осы жауапқа бірден ішім жылып қалды. Өйткені қойылым тізбектелген тарихи хронология аясында шектелмейді деп түйдім. Түйсігіміз алдамапты. Қойылым жалпы көрерменді бірден тартып әкетпейді. Әлқисса, Әбілқайыр ханның өлімі, қара жамылған хан әйелінің қайғырып әңкі-тәңкі күй кешіп отырған сәтінен басталады. Спектакльдің өнбойында абсурд, символика, лирикалық шегіністер және қазақ ұғымына сай аруақтың сыбыры сияқты әртүрлі көркемдік тәсілдерді режиссер мейлінше сәтті қолдана білген. Жұртшылыққа ештеңені оп-оңай бере салмайды. Түрлі иірімдермен ишара етеді. Жалпы алғанда, бұл спектакль аристократтық қойылым деуге болады. Өйткені сол кездегі геосаяси ахуал және отарлаушылардың жазып берген тарихи шындықтарға басқа қырынан қарайтын тұстары көп. Сондықтан екінің-біріне жалынан сипата қоюы қиын... Қазақ әйелдерінің сахналық галереясын жасаған драматург Роза Мұқанованың бұл туындысында да әйел образы сәтті ашылады. Бопай ханымның бойынан ханның ақылды жары, бәсі би-сұлтаннан да биік тұратын адуынды әйел, Ералы мен Айшуақтың анасы және жалпы әйелге тән мінез-құлық көрініс береді. Бірде ақылды хан әйелі болса, бірде Ресейдің әйел патшасы жіберген маталарға да кетәрі емес пенделіктің де нышан беретіні бар. «Әбілқайыр ханды өлтірді» деген Барақ сұлтаннан (бұл драматургтің көркем шындығы) кек алғысы келген Ералы ханзаданы ақыл-айласымен сабасына түсіріп отырады. Осылай ел бірлігін сақтап қалады. «Жүрегімнің түгі сен екенсің ғой, Әбілқайыр» деп толғанады Бопай ханым. «Қыздардың махаббатын ұғу үшiн қыз болып туу керек!» деп ақын Ұлықбек Есдәулет айтқандай, шынмен де әйел жанын әйелден артық кім түсінеді дейсің еріксіз. «Үлкен адамдар» арасындағы тақ талас, бақ талас, өзінен жоғарыға бағынған қуыршақ хан бәрі-бәрі шиеленіске толы. Шиеленіскен шырмауықтың шешімін де шеберлікпен тарқатып отырады. Бұл ретте, бұрын театр актері болып танылған Жұлдызбек Жұманбайдың режиссерлік жұмысының жұлдызы жарқырап, биік деңгейде, жазылған пьесаға сай шықты. Әсіресе, Барақ сұлтанның (Қуандық Қыстықбай сомдаған) ішкі жанайқайын әр қырынан көрсете білді. Тіпті, диуана кейпіне енген Барақ сұлтан шапанын жайып жіберіп, намазға бас қояды да, оқып тұрған Құран сүрелерін ұмытып, ішкі дауысымен қайшыласып кетеді. Құдай алдында, бәлкім ар алдына, жан түкпіріндегі шындығын ақтарып айтады. Немесе Бопай ханымның қойнына тыққан айбалтасы, ақыр соңында бір дұшпанның басын шауап тынатын тұсы. ХХ ғасырда Ұлыбританияда кең өріс алған күрделі көріністерінің қайшылықтарын бейнелейтін символистік режиссураны көргендей болдық. Осы жерде актерлік ойынды да айта кеткен жөн. Лейло Бекназар-Ханинга, Ержан Нұрымбет, Қуандық Қыстықбай үштігінің ойыны бір-бірінен асып түсіп жатты.  Бопай ханым бейнесін (бірінші құрамда) театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Лейло Бекназар-Ханинга сомдаса, Әбілқайыр хан рөлін Ержан Нұрымбет, Нұрәлі ханды Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Жанат Оспанов, Барақ сұлтан рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбай, Жұмбақ рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл шебер сомдады. «Әбілқайыр сен бар қателіктеріңді өліміңмен жуып кеттің де, ауыртпалықты маған арқалатып қойдың»  немесе «Қатын қартайса да кегі қартаймайды» деген драматургтің кейбір сүйекті сөздері еріксіз есте қалып отырды.

P.S. Бұған дейін талай тарихи пьесалар «тірі музей» секілді қойылып келгені жасырын емес. Көне костюмдер, жаттанды мимика, бірсарынды қойылым, бірсыдырғы айқай-сүрен, күңіреніп «елім-жерім» деп аяқтайтын еді. Содан біраз жауыр болып та жүр едік. Бұл жолғы тарихи драма мүлде бөлек, сүйекті шықты. Басында айтқандай, тарихи хронология емес, әйелдің тұлғалануы және ішкі конфликт, оның трагедиясы, қоғам алдындағы орны көрсетілген қойылым ондыққа дөп тиеді.

Бақытбек ҚАДЫР

 width=  width=  width=  width=  width=  width=  width=  width=  width=  width=  width=  width=   width=

Серіктес жаңалықтары