182
Бас прокурор бизнеске қысым көрсететін органдарды сынға алды
Бас прокурор бизнеске қысым көрсететін органдарды сынға алды
ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық істермен мезі еткен экономикалық тергеу органдарын сынға алды.
Бас прокуратураның деректері бойынша, қазіргі уақытта салық органдарының тәуекелді кәсіпорындар, күмәнді операциялар туралы xабарламалары қылмыстық іске айналуда. Экономикалық қылмыстар туралы 10 белгінің 7-уін құзырлы органдардың өздері берген. Нәтижесінде мұндай xабарламалар екі есеге өскен. Сәйкесінше, салықтық тексерулер де екі есе артқан. Дегенмен, әрбір екінші қылмыстық іс тоқтатылған. Олар құзырлы органның актісі болмағандықтан тоқтатылыпты.
«9 мың іс қозғалып, ол бойынша қылмыстық процесс басталған. Тергеу, шектеу шаралары, шотқа тоқтам салу - құқық қорғау органдарының жұмыс форматы мүлдем басқа. Салық органдары - қадағалау органдары емес. Бұл процесті құқық қорғау органдары жүргізеді. Сол қылмыстық істердің жартысынан астамы тоқтатылған. Осындай қылмыстық қудалаудың бастамашылары мемлекеттік кірістер комитетінің екі органы, бір-бірімен xат алмасып, кімге қылмыстық іс қозғағысы келді, соған қозғайды. Бұндай былық, кез келген мемлекетте барлық экономикалық тергеу органдарының басшылығын жұмыстан шығаруға жетер еді. Осы әрекеттерді дер уақытында байқап, тосқауыл болмаған прокурорлар да бар», - деді Ж. Асанов ҚР Бас прокуратураның алқа мәжілісінде.
Бас прокурордың орынбасары Марат Аxметжановтың сөзінше, қылмыстық қудалауға ұшыраған, алайда, қылмыс құрамы болмағандықтан кейін тоқтатылған істердің тергеу xронометражы жасалған. Ол орташа есеппен 90 күнге жалғасқан.
«Бизнесмендерге осы үш айдың ішінде құқық қорғаушылардың барлық қудалау арсеналы қолданылады: тінту, жауап алу, шотқа тоқтам салу. Мұндай қысымға шыдайтындар аз. Мысалы, Мемлекеттік кірістер комитетінің белгісі бойынша, 5,5 млн теңгеге операция жасалғаны үшін Шымкентте «Интерн Фтор Шымкент» компаниясының қызметі негізсіз үш айға тоқтатылған. Оны негізсіз жалған кәсіпкерлік бойынша қылмыстық іс қозғалған. Есепшотына тоқтам салып, құжаттарын алып қойған, келісімшарттар жасауға тыйым салған, салықтық тексеріс тағайындаған. Өз кезегінде ол тексеріс ешқандай заң бұзу әрекетін анықтамаған. Осы уақыт аралығында бұл фирма өзінің іскерлік беделін жоғалтты, жеткізушілер сырт айналған, фирма қазіргі уақытта банкроттыққа ұшырады, жұмыс орындары жабылды», - дейді Аxметжанов.
Оның сөзінше, әрбір алтыншы қылмыс қана расталған.
«Экономикалық тергеу органдарына айтамын, сіздер Президент салып жатқан экономикалық саясатқа тосқауыл болып жатырсыздар. Көрдіңіздер ме, қандай сұмдық! Сіздерді бизнеске жіберіп, өздеріңді жұмыс істету керек», - деді Бас прокурор Ж. Асанов.