Сағынтаев қаржыны игермеген әкімдерді тезге алды

Сағынтаев қаржыны игермеген әкімдерді тезге алды

Сағынтаев қаржыны игермеген әкімдерді тезге алды
ашық дереккөзі
196
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында мемлекеттік қаржыны игере алмай отырған бірқатар облыс әкімдерінен жауап алды. Ең алдымен, Үкімет басшысы Қостанай облысының әкімі Арxимед Мұxамбетовтен «Нұрлы жол» бағдарламасына қатысты есебін тыңдады. Баяндамадан соң Б.Сағынтаев қаражат игеруде проблема барын еске салды. «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бойынша 4 миллиардтан астам теңге бөлінген деп айттыңыз. Бірақ, менде бар ақпараттар бойынша, бұл қаражатты игеру тек 19 пайызға жүзеге асырылған. Қыс болса жақындап келеді. Осы жөнінде не айтасыз?», - деді Үкімет басшысы. Өз кезегінде А. Мұxамбетов, бұл нысандардың жылыту маусымына ешқандай қатысы жоқтығын айтып ақталды. «Облыс бойынша жылыту нысандарының барлығы дайын. Салынып жатқан нысандар қосымша қуатты арттыруға арналған, сондықтан ешқандай проблема болмайды», - деп сендірді өңір басшысы. «Қысқы маусымға үлгересіз бе, жоқ па - мәселе онда емес. Көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту керек. Ал, сіз болсаңыз игерілмеген ақша жылыту маусымына еш әсер етпейді дейсіз. Ақша бөлінді ме, игеру керек», - деді Б. Сағынтаев. Сонымен қатар, Үкімет басшысы Алматы облысында да қаражат игеру төмен деңгейде, небәрі 22% екендігін ескертті. Бұған қатысты Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Нұрлы жол» бағдарламасының бірқатар бағыттары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша есеп берді және қаржының толық игерілетінін атап өтті. «Атырау облысы, шағын және орта бизнесті дамытуға күш салу керек. Мұнайлы өңір болған соң тұрғындардың көбі сол салада жұмыс істейді. Дегенмен, де біз Елбасы тапсырмасы бойынша, «Бизнестің жол картасы-2020» аясында қаржы бөлудеміз. Инфрақұрылымдарды бизнеске тарту үшін. Сіздің облысқа 692 млн. теңге бөлінген. Осы уақытқа дейін сіздер оны алған жоқсыздар. Сіздерде ниет жоқ па, әлде бизнестерде қажеттілік жоқ па? Тіпті алынбайды да, сұралмайды да. Ол қаражат әлі күнге дейін бізде жатыр», - деді Бақытжан Сағынтаев. «Бақытжан Әбдірұлы, 692 млн. теңге бойынша, қазіргі уақытта келісімшарттар барлығы жасалған. Қажетті істер атқарылып жатыр. Жылдың аяғына дейін бұның барлығын толығымен игереміз», - деді өз кезегінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. Алайда, бұл жауап Премьер-Министрдің көңіліне толмады. «Ол менің ойымша жай ғана сөз. Өйткені, қазан айы басталып кетті. Оны өздеріңізге аударып алғаныңызша, кәсіпкерлерге береміз дегеніңіздерше, байқау өткізгендеріңізше жыл бітеді. Биылғы жылы әрбір облыстан сұранысы бар кәсіпорындар, шағын және орта бизнес ол ақшаны пайдалана алмай қалды деген сөз. Жылдың соңында сізден осы мәселені сұраймыз», - деді Үкімет басшысы.  

Серіктес жаңалықтары