Келісімдер көкжиегін кеңейткен форум

Келісімдер көкжиегін кеңейткен форум

Келісімдер көкжиегін кеңейткен форум
ашық дереккөзі
177
Қазақ халқы ежелден көрші жатқан елдермен тату болуға тырысқан.  «Көршің тату болса, көңілің тоқ болар» демекші, бүгінде әлемдік сахнада өзіндік орны мен беделі қалыптасқан Қазақстан мемлекеті кез келген мәселеде ортақ тіл табысып, өзара ынтымақтаса әрекет етуді көздейді. Яғни, көрші елдермен саяси-әлеуметтік қарым-қатынасты берік етіп қана қоймай, тұрақты стратегиялық әріптестестікке басымдық беріп келеді. Елорда төріндегі Тәуелсіздік сарайында Қазақстан мен Ресейдің ХІІІ Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Оған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин арнайы қатысып, екі елдің әр саладағы жетістігін саралады. Бүгінде Қазақстан-Ресей қаты­нас­тары кез келген сала бойынша қарқынды дамып келеді. Оған екі ел басшыларының ұдайы кездесулері шеңберіндегі келіссөздер мен Үкімет басшылары деңгейіндегі тиімді байланыстар дәлел бола алады. Атап айтқанда, екіжақты және көпжақты  келіссөздер барысында энергетикалық, көліктік, атом және ғарыш саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сауда-экономикалық өзара іс-қимылдар мәселелері, туризм және мәдени байланыстар тақырыбы  үнемі басты назарда ұсталатыны белгілі. Мәселен, Қазақстанда ресейліктермен бірлескен 6 мыңнан астам кәсіпорын сәтті жұмыс істеуде. Мұның қатарында экономика, мұнай мен газ өндіру, өңдеу өнеркәсібі, көлік, байланыс, машина жасау, ғарыштық бағыттағы ынтымақтастық, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану сияқты айтулы құрылымдар бар. Бұл бағытта құны 20 миллиард доллар болатын 60-тан астам жоба мақұлданған. Ал Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2015 жылдың қорытындысы бойынша 14,57 млрд АҚШ долларына жеткені көп жайттан хабар берсе керек. Қазақстан мен Ресей мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік сектор мен іскерлік ортаның 1300-ден астам өкілі бас қосқан, инвестиция және сауда-экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылған ХІІІ форум барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте Ресей Федерациясы еліміздің стратегиялық одақтасы және маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып саналатынын қадап айтты. – Біз кең ауқымды бағыттар бойынша өзара тиімді іскерлік ынтымақтастықты жүзеге асырып келеміз. Оған осы өңіраралық форум да септігін тигізетін болады. Биылғы бірінші жартыжылдықта өзара сауда-саттықтың көлемі 6 миллиард долларға жуықтады. Сонымен қатар дағдарысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 30 пайызға төмендегені байқалады. Көп жағдайда оның қарқыны бәсеңдеуі сыртқы жаһандық ахуалдарға байланысты болып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев өзара іс-қимыл аясын кеңейту мәселесіне баса назар аударды. «Біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында жұмыс жүргізіп отырмыз. Еркін сауда жөнінде Вьетнаммен келісімге қол қойылып, осындай келіссөздер Қытаймен, Оңтүстік Кореямен және Сингапурмен жүргізіліп жатыр. ЕурАзЭҚ-пен ынтымақтасуға Үндістан, Мысыр, Иран, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының мүшелері және басқа да елдер ниет білдіруде. Біз мақсатты түрде барлық өндірушілер мен инвесторлар үшін ортақ айқын ережелер қалыптастырудамыз. Қазақстанның экономикасына қаражат құя отырып, Ресей бизнесі мұнда өздерін «үйіндегідей» сезінетін болады. Еуропа мен Азия арасындағы қуатты көлік-логистика инфрақұрылымын қалыптастыру мәселесінде елдеріміздің ортақ мүддесі тоғысып жатыр», – деді Елбасы өз сөзінде. Сонымен қатар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы жандандыру саласындағы, соның ішінде салық режимін ырықтандыру, ауқымды жекешелендіру ісінің келесі кезеңін жүзеге асыру және Астана мен Алматыда инновациялық екі кластер құру бағытында мемлекет қабылдап отырған шаралар туралы айтып өтті. «Біздегі  салықтық  режим –  либералды. Атап айтқанда, елімізде небары 13 салық түрі ғана бар. Дүниежүзілік банктің Doing Business жаһандық рейтингінде салық салу көрсеткіші бойынша Қазақстан 189 тәуелсіз мемлекеттің арасында 18 орын алады. Айта кетелік, Ресей бұл ретте 47 орында тұр!». Шынында, Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізудің жеңілдігі бойынша әлемдік рейтингінде Қазақстан 41-орынға көтерілсе, Ресей 51-орында екен. Ал Ресей Президенті Владимир Путин қарқынды даму үстіндегі Астана қаласының талай игі істерге ұйытқы болып келе жатқанына тоқтала келіп, ауқымды шараның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылып отырғанына екпін түсірді. Оның айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды одан әрі дамыта түсуге мүмкіндіктер мол. «Қазақстан Ресейдің ең сенімді серіктес елі. Біздің елдердің экономикасы өзара бір-бірімен тығыз байланысқан. Ресей Қазақстанмен көпжоспарлы сауда және инвестициялық қарым-қатынасқа басымдылықпен қарайды. Біз өндіріс пен энергетика, ауыл шаруашылығындағы ауқымды жобаларды бірге жүзеге асырып келеміз. Технологиялық коопе­ра­цияны қолданып, ортақ көліктік инфрақұрылым құрылуда», – деген Ресей Президенті Қазақстанның ТМД мемлекеттері арасында екінші сауда әріптесі екеніне екпін түсірді. «Қазақстанда бүгінде 9 млрд доллар ресейлік капитал жинақталған. Ал Ресейге Қазақстаннан 3 млрд доллар инвестиция салынған. Бірлескен 6 мыңнан астам кәсіпорын құрылған. Ең бастысы, экономиканың барлық секторларында бірлесе іс-қимыл жасау жүйелі жолға қойылған. Қазақстан Ресейдің ТМД елдері арасындағы сауда әріптестері ішінде екінші орын алады. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ілгері жылжытуға әбден болады», – деді Владимир Путин. Бұдан бөлек, Ресей басшысы екі мемлекеттің өзара әріптестігін нығайта түсетін шаралар көп екенін, барыс-келіс пен ынтымақтаса жұмыс істеудің тәжірибесі мол екенін айта келіп, өткен жылдың өзінде Қазақстанға ресейлік кәсіпорындардың 150-ге жуық делегациясы іссапармен келгенін жеткізді. Ресей басшысының сөзіне қарағанда, екіжақты ынтымақтастықты ұлғайту мақсатында Ресей субъектілері мен Қазақстан әкімдіктері үлкен рөл атқарып отыр. Қысқасы, сөз соңында РФ Президенті В.Путин Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы арта түссе, екі елдің де ұлттық экономикасы ілгерілеп, халықтарының тұрмысы жақсара түсетініне сенім білдірді. Форум қорытындысында, ресми мәлімет бойынша жалпы құны 3 миллиард долларды құрайтын 56 екіжақты құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Жамбыл облысындағы Қаратау фосфорит бассейнін игеру және осы өңірде минералдық тыңайтқыштар шығаратын зауыт салу туралы меморандум бекітілді. Сондай-ақ, ресейліктер Ақмола облысында индустриялдық мойынтірек (подшипник) өндірісін, Алматы облысында лубриканттық-майлағыш материалдар өндірісін жолға қою ниеттерін қағаз жүзінде бекітті. Солтүстік көршінің ірі компаниясы Қазақстанның Ақтөбе облысындағы Құндызды кен орнында ашық кеніш ашып, мыс және мыс-мырыш кенін өндіруге кіріспек. Бұған қоса, ресейліктер «Тараз химиялық паркі» АЭА аумағында зауыт тұрғызып, онда дыбыс және жылу оқшаулағышын – «тас мақтадан минералды-мақта изоляциясын жасауды» бастамақ. Екі ел Қазақстан аумағында (Семейде) ресейлік автобус техникасын құрастыруды дамыту, ЛИАЗ 5292 типті, дизель және газға негізделген қозғалтқышы бар қалалық үлкен автобустарды өнеркәсіптік құрастыру туралы мәмілеге келді. Мұның сыртында Астана әкімдігі, «Алатау» инновациялық технологиялар паркі және РФ-ның «Сколково» технопаркі Smart Astana жобасын жүзеге асыру, елордада интеллектуалдық логистиканы дамыту, жалпы инновациялық инфрақұрылымды құру бойынша ынтымақтастық туралы келісімді бекітті. Ал ресми шарадан кейін екі ел басшысы  А.Бектің «Волоколамск тас жолы» шығармасы негізінде түсірілген, оқиғалары Панфилов дивизиясы атқыштар батальонының командирі Бауыржан Момышұлының атынан әңгімеленетін «Жиырма сегіз панфиловшы» кинофильмінің көрсетілімін тамашалады.  

Серіктес жаңалықтары