300
Мейірімдінің мерейі үстем
Мейірімдінің мерейі үстем
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Нұр Отан» партиясы «25 игі іс» республикалық акциясы қолға алғаны белгілі. Аталмыш акция шеңберінде партияның Маңғыстау облыстық филиалында «Мейірімді жүрекпен» қоғамдық қозғалысы аясында көптеген ізгі шаралар атқарылуда. Мәселен, апта басында облыстық мәслихаттың депутаттары Халила Нұрғалиева, Аббат Өрісбаев және Оспан Қазақбаев мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп, күнделікті ас әзірлеуге қажет азық-түліктерді табыстады.
– Акция аясында материалдық жағынан көмектесіп қана қоймай, тұрғындардың өзекті мәселелерінің оңтайлы шешілуіне атсалысудамыз. Жалпы, партияның облыстық филиал қызметкерлері көмек сұрап келген адамдарға міндетті түрде көңіл аударып, қамқорлық көрсетіп келеді. Бұл акция бір күндік емес, алдағы уақытта да жалғасын табады. Акцияға қатысуға ниет білдірген азаматтар болса, партияға келіп, хабарласуларына болады. Облыс тұрғындарына жақсылық жасаудан жарысайық дегім келеді, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Аббат Өрісбаев.
Жыл басынан бері «Мейірімді жүрекпен» қайырымдылық акциясы аясында облыста 300 отбасы көмек алған. Шараға аймақ бойынша 150 ерікті мен 12 меценат тартылғанын айта кеткен жөн.
– Бүгін көмек қолын созып, күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлікпен қамтамасыз еткен азаматтарға алғыс айтамын. Күнделікті тұтынатын ұн, сүт, қант, сұйық май, күріш, макарон өнімдерін сатып алып, табыстаған шараны ұйымдастырушыларға шексіз ризамын. Мұның өзі біз үшін үлкен көмек. Өзім екінші топтағы мүгедек анамын, ұл мен қызым бар. Әзірге басыбайлы баспанамыз да жоқ, туысқандарымыздың үйін паналап жүрміз. Жағдайымды партиялықтарға айттым, алдағы уақытта емделуіме, баспана мәселесін шешуге көмектесетіндіктерін жеткізді. Қоғамда қайырымды жандардың болғаны қандай жақсы?! Шын жүректен ұйымдастырушыларға аналық алғысымды айтамын, – дейді жүрекжарды лебізін білдірген Нұрсұлу Шамұратова.
Анар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ