52050
Франциядағы қазақ дизайнер: «Түркістанды» әлемдік брендке айналдырғым келеді
Франциядағы қазақ дизайнер: «Түркістанды» әлемдік брендке айналдырғым келеді
Қазір Түркістан өте қарқынды дамып келе жатыр. Түркістан атауы түркі халықтарының ілім-білім, рухани бағдаршамы ғана емес, материалдық тұрғыда да брендке айналып келеді. Осы атаумен шетелден шығатын киімдер коллекциясы да үлкен сұранысқа ие. Соңғы уақытта жиі жарнамаланып жүрген «Түркістан» этностиліндегі киімдер коллекциясын әзірлеуші Мәди Сыпатаев – Marino Madi сәнді киімдер брендінің негізін қалаған сәнгер. Ол тіккен киімдерді қазақстандықтардан бөлек, еуропалықтар, әсіресе француздар көптеп сатып алады. Тіпті, «Түркістан» коллекциясындағы киімдерді Монако Премьер-министрінің өзі ұнатып, сатып алған. Қазір Францияның Ницца қаласында тұратын Мәди алдағы уақытта Қазақстанда дүкендер мен өндіріс орындарын ашқысы келеді. Өткен аптада Алматыға жұмыс бабымен келген оған хабарласып, әңгімелескен едік.
[caption id="attachment_147347" align="alignleft" width="370"] Жұмыс барысында[/caption]
– Сән әлеміне бет бұрғанға дейін құрылыс саласында жұмыс істепсіз. Білуімше, дизайнердің оқуын оқымапсыз. Десек те шетелде жеке брендіңізді сәтті дамытып отырғаныңызға қарап, дизайнер дипломыңыз болмаса да, бала кезден әуесқой дизайнер болып, талғамыңыз қалыптасқан болар деп ой түйіп отырмын. Солай ма?
– Дәл солай. Негізі, мен Алматыда математиктер жанұясында дүниеге келдім. Сол себепті жастайымнан есеп-қисапқа әуес болып, республикалық физика-математика мектебінде оқыдым, кейіннен Алматы мемлекеттік университетінде қаржыгер мамандығы бойынша білім алдым. Еңбек жолымды Алматыда шай сатумен айналысатын фирмадан бастадым, онда бір жарым жылдай жеткізуші менеджер болып жұмыс істедім. Сосын «Стройкомплект» құрылыс фирмасына жұмысқа тұрып, онда менеджерден директордың орынбасары лауазымына дейін көтерілдім. Ол жерде бес жыл жұмыс істеген соң, жеке кәсіппен айналысуды ұйғардым. Сөйтіп, 2003 жылы «Адиана Групп» құрылыс фирмасын ашып, спорт ғимараттарын салу, құрылыс техникаларын сату және декоративті материалдар жасаумен айналыстым. Компанияның Қазақстан бойынша филиалдары ашылды, жаңылыспасам, қарамағымызда жүз елуге жуық адам еңбек етті. Негізі, дизайнердің оқуын оқымасам да, бұл салаға бала кезден қызыққаным рас. Тіпті, мектепте бастауыш сыныптан бастап ерекше киінгенді ұнататынмын. Түрлі шаш үлгісін жасап, небір әшекейлер тағып жүретініме сыныптастарым куә. Есейе келе мұнымен кәсіби түрде айналысайын десем, бірде қол тимесе, бірде қаражат жетпейтін. Сөйтіп, Ниццаға қоныс аударғалы бері өз талғамыма сүйеніп, түрлі киімдер тігуді қолға алдым.
– Әдетте дизайнерлер сән әлемінің астанасы – Парижде жұмыс істеуді мақсат тұтады. Ал сіздің дәл Ницца қаласына тұрақтауыңызға не себеп?
–«Стройкомплектте» жұмыс істеп жүргенде өмірімде бірінші рет ұшаққа мініп, Ницца қаласына іссапарға бардым. Басшылық бояу түрлерін зерттеп, қайсысы тиімді екенін білу мақсатында мені арнайы сонда жіберген болатын. Ол кезде жиырма жастамын. Шетелге бірінші рет шығып тұрған соң, Ницца қаласы көңіліме өте жақты. Кейін жеке кәсібімді ашқан соң, Еуропа, Орта Азия елдері мен Қытайды көп араладым. Бірақ әлемнің ешбір қаласы Ницца секілді әсер қалдырмады. Кейін декоративті бұйымдар әзірлеу ісіне көп көңіл бөліп, нәтижесінде Мәскеу, Прага қалаларында филиалдар аштық. Еуропа нарығына шыққан соң, мұнымен тыңғылықты айналысу мақсатында Прагаға көштім. Сол кезде Ниццаға жұмыспен жиі барып тұратынмын. Сосын отбасыммен ақылдаса келе, жоғарыда айтып өткенімдей, бұл қала маған қатты ұнағандықтан, 2014 жылы кәсібімді дәл осы Ниццада жүргізуді ұйғардым. Сөйтіп, 2015 жылы бұған дейін айналысқан барлық кәсіпті қойып, Marino Madi деген сауда маркасымен жеке фирма аштым. 2016 жылы алғаш рет коллекция әзірлеп шығардық.
–Сән индустриясындағы қадамыңызды теңіз стиліндегі киімдер тігуден бастаған сіз соңғы кезде қазақы нақыштағы киімдер коллекциясын көптеп шығарып жүрсіз. Елден біреу қолқа салды ма, әлде өзіңіз арнайы әзірледіңіз бе?
– Иә, әу баста тек теңіз стиліндегі киімдерді тігумен айналыстым. Жалпы, өзім теңізді жақсы көремін. Кішкене кезімде Жюль Верннің кітаптарын оқып, теңізшілер мен саяхатшылар туралы мәлімет біліп, олардың киімдерін елестететінмін. Киім тігуді шындап қолға алған уақытта Ницца қаласына көшкенім бар, оның үстіне бұл қала теңіз жағалауында орналасқан, сөйтіп, теңіз шабытыма шабыт қосып, барлығы дөп келе қалды. Тіпті, біздің брендтің атауын да теңізбен байланыстырып қойдым. Marino деген сөз француз тілінен аударғанда порт деген мағынаны білдіреді. Көп ұзамай өзім Қазақстан үшін арнайы коллекция әзірлегім келді, сөйтіп бастапқыда Қазақ елі және Caspian Navy Forces деген атпен миниколлекция әзірледік. Бұл киімдер елде қысқа мерзім ішінде сатылып кетті. Әдепкіде бұл коллекцияларымыз осыншалықты сұранысқа ие болады деп ойламадық. Негізі әрмен қарай тек теңіз стиліндегі киімдерді тіге беремін деп ойлағанмын. Бірақ елдегі дүкен иелері «Қазақстан үшін тағы да коллекция әзірлеп шығарсаңшы» деп ұсыныс білдірді. Сөйтіп, Limited edition нұсқасымен қазақстандықтарға арналған коллекцияны тұрақты түрде шығара бастадық. Сосын 2018 жылы бұл тауарларды Еуропа нарығына шығару қадамы өз жемісін берді, өйткені Еуропада қазақтар көп тұрады, әрі еуропалықтар да қазақы нақыштағы киімдерге қызығады.
[caption id="attachment_147339" align="alignnone" width="1024"] "Түркістан" коллекциясы[/caption]
–Қазір коллекцияңыздағы «Түркістан» этностиліндегі киімдер үлкен сұранысқа ие екені белгілі. Мұндай стильдегі киімдер тігу идеясы қайдан туындады?
–Негізі, бұл жайында 2019 жылы ойлана бастадым. Принт арқылы әзірленетін киім үлгісін бұрыннан жасағым келіп жүрген. Десек те киімдерді қазақтың ою-өрнектерімен безендіргім келген жоқ. Өйткені мұндай киімдер еуропалықтарға шектен тыс этникалық сипатқа ие болып көрінеді. Әрі мұны белгілі бір іс-шараға ғана киіп бармасаң, көшеде киіп жүре алмайсың. Қазақстанда мұндай киімдер сұраныста болғанымен, кеңседе қызмет ететіндер мұны жұмысқа кие алмайды. Сол себепті Қазақстанға қатысы бар екенін білдіретін, бірақ тым артық кетпейтін принт іздестіре бастадым. Бірде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің мозаикасын көргенде осы стильде киім тігу идеясы пайда болды.
Бірінші топтаманы сынақ ретінде жасап көрдім. Алғашында кесененің сыртында қашалған өрнек ішіндегі жазулардың не мағына білдіретінінен хабарымыз аз болды. Сосын дін саласында жүргендер бұл мозаиканың ішінде куфи шрифтімен Алланың аты жазулы тұрғанын айтты. Олар мұндай стильде киім тігуге болатынын, бірақ бұл киіммен дәретханаға кіруге болмайтынын айтып түсіндірді. Сосын екінші топтама шыққан кезде ол жазудың орнына сауда маркамыздың атауын қойып шығаруды жөн санадық. Сөйтіп, «Түркістан» аз уақыттың ішінде футболкадан бөлек, пиджак, спорттық киім, күрткесі бар үлкен коллекцияға айналды. Жалпы, бұл коллекциядағы киімдер Қазақстаннан бөлек, Еуропада, әсіресе Францияда бірден сатылып кетті. Тіпті, француздар «Мынау жаңа үлгідегі киім ғой?!» деп қызыға бастап, өндірушінің кім екенін сұрастыра бастады. Негізінен, француздар қазақстандықтарға қарағанда киімнің сауда маркасына мән бермейді. Олар алдымен сапасы мен бағасына қарайды, көңіліне жағып тұрса, маркасына қарамай, сатып ала береді. Ал «Түркістан» коллекциясы сатылымға жіберілген соң, «Мынадай стильдегі киімді кім тігеді?» деп сұрайтындар көп болды. Жалпы, Францияда киім тігумен айналысатын брендтер көп. Бұл елге Еуропа елдері былай тұрсын, Мексика, Африка, Қытай, Оңтүстік Американың дизайнерлері киім әкеліп сатады. Брендтердің көптігінен сатып алушылар киімді кімнің әзірлегеніне бас қатырмайды. Бірақ күтпеген жерден біз жайында сұрай бастаған соң, «Қазақстаннан боламыз» деп түсіндіріп, жан-жақты ақпарат бере бастадық.
Қазір бұл коллекциядағы киімдерді сатып алатын клиенттердің арасында үлкен шенділер де бар. Мысалы, Монако Премьер-Министрі Серж Тель «Түркістан» коллекциясындағы киімдерді сатып алды. Мұндай стильдегі киімдердің өзіне ұнағанын айтқан ол Монако князі Альбер екіншіге сыйлық ретінде сыйлауға бола ма деген ұсыныс білдірді. Сөйтіп, аталған коллекцияның тарихын, Қазақстанға қатысы бар екенін хатқа жазып, көмекшісі арқылы князьге жолдадық. Негізі, коллекциям арқылы Қазақстан туралы ақпарат беруім керек екенін сеземін. Сән әлемінде жүрген соң, Қазақстанды құр сөзбен сипаттаудан гөрі, киім арқылы таныта алатын мүмкіндігім мол. Жалпы, мақтануды суқаным сүймейді. Әлдебіреулер «Қазақстанды киім арқылы танытып жүрсің» деп мақтап жатса, басқа тақырыпқа айналдырып жіберемін. Өйткені бұған көп басымдық жасағым келмейді. Тек шетелдіктердің бізді жапон, кәріс, қытай азаматымен шатастыратыны ұнамайды. Мұндайда «Біз туралы неге білмейді екен?» деп ашуға берілемін. Коллекциям арқылы сәл болса да Қазақстанды танытуды көздегенімнің бір себебі де – осы.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда «Алдағы уақытта ІТ технологияның болашағы зор ма, әлде фэшн индустрияда қалған дұрыс па, осыған бас қатырып жүрмін» деп жазыпсыз. Сонда келешекте жұмысыңызды ІТ саласымен байланыстырмақ ойыңыз бар ма?
– Иә, бұл ойды іштей пісіріп, қорытып жүргеніме көп уақыт болды. Жаз кезінде суытатын, қыста жылытатын, жарық жанып тұратын киімдер ойлап шығаруды ойлап жүрмін. Оған қоса, QR код немесе чип көмегімен ұялы телефон секілді бірнеше функцияны атқара алатын киім тігу де ойда бар. Сонымен қатар, ауа райына байланысты немесе киген киімге байланысты түсі өзгеретін киім тігу де жоспарда бар. Жалпы, 15-20 жылдан соң киім дизайны осы бағытқа қарай ауысып, көпшілік Кремний алқабындағы өнертапқыштармен байланыс орнатады деп ойлаймын. Соған ертерек қамдану үшін осы бастан дайындық жасау керек. Бұл – фирманы дамытудың бір жолы. Ал екінші жолы – классикалық тәсіл бойынша Парижде өтетін сән апталықтарына қатысу, беделді сәнгерлермен танысу, танымал журналдарға жарияланымдар шығаруға тырысу. Десек те, сән әлеміне енді-енді қадам басып жатқандықтан, болашағымыз жарқын болатынына кәміл сенемін. Ә дегенде бұл салаға бас сұққан уақытта тіл білмегендіктен біраз қиналдым. Киім тігуге қажетті заттарды қай дүкеннен аларымды білмей әлек болғанмын, тіпті тапсырыс алудан бейхабар болғанмын. Осы бес жыл ішінде бұл кәсіпті дөңгелетеміз деп азды-көпті тәжірибе жинадым.
[caption id="attachment_147340" align="alignnone" width="1024"] Отбасымен бірге[/caption]
Ендігі кезекте бұл іске байыппен қарап, еуропалық фирмалармен бәсекелес, олармен тереземіз тең болуға тырысып-бағудамын. Отбасылық кәсіп болған соң, алдағы уақытта ұлым мен қызым бұл істі дөңгелетуге атсалысады деп ойлаймын. Қазір он алты жастағы қызым дизайнердің оқуын оқығысы келеді, ал он төрт жастағы үлкен ұлым бизнесті басқаруды үйренгісі келеді. Сондықтан дизайн және маркетинг мамандықтарын өзім оқымасам да, болашақта осы салалар бойынша дипломы бар балаларым кәсібімізді дамытуға көмектеседі деп сеніп отырмын.
[caption id="attachment_147354" align="alignright" width="386"] "Түркістан" коллекциясы[/caption]
– Былтыр Сенат төрағасы қызметін атқарған Дариға Назарбаеваның қатысуымен өткен Парламент отырысына қатысып, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қатысты бірнеше ұсынысыңызды айтқаныңыз есімізде. Сол кезде Сенат төрағасы айтқаныңызды қолдап, қазақстандық әншілер мен спортшыларға, әсіресе Димаш Құдайберген арқылы отандық өнімдерді жарнамалауға ақша мен уақытты аямау керек екенін айтқан болатын...
– Негізі, бұл отырысқа кездейсоқ шақыртылдым. Қазақстан сән апталығының жетекшісі хабарласып, Сенатта жеңіл өнеркәсіп мәселелері туралы отырыс болатынын, оған депутаттармен қатар, кәсіпкерлер қатысатынын айтып, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген тәжірибеме сүйеніп отырып, өз ойымды ортаға салу туралы ұсыныс айтты. Дәл сол уақытта екі күннен соң өзім де жұмыс бабымен Алматыға барғалы жатқанмын. Сөйтіп, әуежайдан түсе сала бірден сол отырысқа барып қатыстым. Бұл отырыста көп нәрседен хабардар болдым. Негізі, мен оған дейін де елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында мәселелер бар екенін білетінмін, бірақ жағдайдың соншалық ушығып кеткенін білмеппін. Осыған орай өнеркәсіптің бұл түрін қалай көтерсек болады деп ортаға сауал тастаған Дариға Назарбаеваға алдымен депутаттар, сосын кәсіпкерлер өз ұсыныстарын айтты. Кәсіпкерлердің көбі проблемалық жағын айтқан соң, даму, жетілдіруге қатысты жағымды ойлар айтқаным дұрыс болар деп ойладым. Сол кезде елде жеңіл өнеркәсіпті дамыту әбден мүмкін екенін, ол үшін маркетинг жүргізу мәселесін реттеу екенін, үкімет тек қаржы жағынан емес, сондай-ақ шетелде өтетін көрмелерге, түрлі іс-шараларға қатысуға көмектесу керек екенін айттым. Бұдан бөлек, отандық өндірушілер әзірлейтін өнімді өзіміздің әртістер мен спортшылар арқылы әлемге танытуға болатынын айттым. Сол кезде Дариға Назарбаева бұл ұсынысымды қолдап, Қазақстан жұлдыздары бізді қолдауға әзір екеніне сенім білдірген болатын.
– Сол кездесуде Димаш Құдайберген және бірқатар спортшымен коллаборация әзірлеп жатқаныңызды айтқан едіңіз. Бүгінде қазақ мәдениетінің элементі бар киімдеріңізді жарнамалауға қазақстандықтардың арасынан Димаштан басқа қолдау көрсетіп жатқандар бар ма?
– Негізі Димашпен коллаборация жасаймыз деп ойлаған едік. Алайда, Димаштың бізден өзге де компаниялармен жасасқан келісімшарттары жетерлік. Бізге бола бірнеше компаниямен шартты бұзу оған оңай емес. Дегенмен қазір бұл жағдайды қалай шешуге болатыны қарастырылып жатыр. Ал спортшыларға келсек, әзірше кейбір спортшыларға коллекциядағы киімдерді сыйлық ретінде беріп жатырмыз. Спортшылардан бөлек, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетімен де ынтымақтастық орнату ойда болған. Бірақ бұл жоспар да іске аспай тұр. Негізінен, қазір біз «Түркістан» коллекциясына басымдық беріп жатырмыз. Біз әзірлеген киім үлгісін көргенде айнымай танитын брендке айналуды көздеймін. Сосын алдағы уақытта Қазақстанда дүкендерден бөлек, шағын өндіріс орындарын ашсам ба деймін. Бірте-бірте мұндай өндіріс орындарының филиалдарын Орта Азия елдерінде де ашуды мақсат етемін. Тағы бір айта кетерлігі, біз әзірлеп шығаратын киімдердің сапасы люкс болғандықтан, бағасы да қымбаттау.
Ал қарапайым халыққа қолжетімді болу үшін келесі жылы жастарға арналған екінші желі ашуды жоспарлап отырмын. Қазір киімді Италия мен Португалия фабрикаларында тігеміз. Ал жастарға арналған киімдер желісін Қазақстан мен Түркия фабрикаларында тіктіру ойда бар. Осы ретте айта кетерлік жайт, байқап қарасам, Қазақстан жастарының Франция жастарынан бір айырмашылығы – біздің жастар өзгелерге көп еліктейді екен. «Анау сияқты киінгім келеді», «Ана қыздың үстіндегі көйлекті сатып алғым келеді» дегенді жиі естимін. Қала берді, көпшілігі әлеуметтік желі арқылы құрбысы қызыққан киімдерге тамсанып, тапсырыс беріп жүреді. Көшеге шықсаң да, барлығы бірдей киініп алғанын байқайсың. Бір-біріне осылай еліктей беретін болса, оларда талғам пайда болмайды. Сөйтеді де, өзгенің талғамына тәуелді болып қалады. Сол себепті талғамды өзге біреулер немесе әлеуметтік желілер арқылы емес, жан дүниеңе сай қалыптастырған абзал.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ