857
Дін мен ділдің алтын өзегі
Дін мен ділдің алтын өзегі
Ұлылардың ордасы атанған Түркістан – еліміздің рухани ошағы.
Елбасы Н.Назарбаев 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығына арналған мерейтойда: «Түркістанды облыс орталығы жасаймыз. Бұл той – Түркістанды орталыққа айналдырудың басы», – деген болатын. Арада 18 жыл уақыт өткенде Елбасының арманы жүзеге асып, қала облыс орталығына айналды.
Түркістан – тағылым мен тағзым ордасы. Тағылымға бай тарихы, тағзым етер киелі орындары туризмге сұранып-ақ тұр. Қыздың жиған жүгіндей әдемі үйлесім тапқан қаланың бүгінгі келбетіне қарап көңіл сүйсінеді.
Мұхтар ҚОЖА,
тарих ғылымдарының докторы,
Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, археолог:
Түркістан жайлы атқаратын іс көп
– Түркістан қаласы туралы ғасырлар бойы жиналған жазба деректердің бізге жеткені саусақпен санарлық. Құнды деректер өткен ғасырда тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткенін тарихтан білеміз. Сондықтан тарихымызға қатысты әрбір жаңа табылған дерек аса құнды. Осы тұрғыдан Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ғалымдары тауып, зерттеп 2020 жылы ғылыми айналымға енгізген «Қисса-дастан Шыңғыс хан» қолжазбасының орны бөлек. Бұл шығарма әлі Қоқан хандығы Түркістан қаласын басып алмаған кезде, 1813 жылы жазылған және «Қисса-дастан Шыңғыс хан» деп жалпы аталғанымен онда Түркістан қаласына қатысты құнды ақпарлар кездеседі. Мысалы қолжазбаны уақытында Түркістанда билік жүргізген соңғы қазақ ханы Тоғай ханның інісі Али Ақпар сұлтан жаздырған. Аталған тарихи тұлғалардың ұрпағы қолында осындай қолжазба барын есітіп оны көргенше асықтық. Оның әр бетін фотоға түсіріп әріптестерім Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, т.ғ.к. З.Жандарбекке жеткіздім. Шығыстанушы З.Муминовамен бірлесіп осы шағатай – ескі түркі үлгісінде жазылған қолжазбаны түркі тілінен қазақшаға аударып көптеген жаңа ақпарларға ие болдық. Мысалы онда мынадай хабар бар: «Жәңгір хан, Тәуекел Мұхаммет бахадүр хан (Тәуке), Шах Мұхаммет бахадүр хан Түркістанда жатыр». Яғни ХVІІ ғасырдың қазақтың атақты ханы Салқам Жәңгірдің Түркістанда жерленгені бұрын болжам ретінде айғақсыз айтылып келсе, енді ол тарихи дерекпен құжатталып отыр. Бұған қоса Шах Мұхаммет бахадүр ханның, яғни Сәмеке ханның (1731-1738) да Түркістанда жерленгені туралы айтылады. Ал әйгілі Есім хан Ташкентте жатқаны айтылады. Түркістанда басқа аттас хан жерленген. Түркістанды астана еткен Тәуке хан туралы да тың ақпарлар бар.
Басқа қолжазбалармен салыстырып, еңбектің құндылығын анықтау жұмыстарын жүргіздік. Бұл – Түркістан қаласында қазақ сұлтаны тапсырысымен жазылған қолжазба. Оны басып шығару оңай болмады. Демеуші іздедік. Тарихи құндылығын Түркістан қаласы әкімі Рашид Аюпов түсініп, 2020 жылы Алматы қаласында кітап болып шығуына көмек берді. Осы қолжазба секілді құнды дүниелер халық арасында сақталуы мүмкін. Оларды іздестіріп, тауып, талдау жасап, зерттеп, ғылыми айналымға енгізу керек.
Жалпы Түркістан қаласы түркі елдерінің рухани астанасы болып бекітілгені – Қазақстан үшін зор жетістік. Түркістан қаласындағы күллі түркі әлемі үшін маңызды рухани тұлға – Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесі бар. Ясауи осы қалада саналы өмірін өткізіп рухани құндылықтарды насихаттады, өз ойларын кітап бетіне түсірді. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз шығармашылықпен айналысқан жерасты бөлмесі, шәкірттерімен зікір салған құрылыстар сақталған. Мұндай тарихи орындар басқа қай қалада бар? Қожа Ахмет Ясауи бабамызға ХІІ ғасырда салынған кесене қалдығын көруге болады. XIV ғасырдың аяғы мен XV ғасырдың басында Әмір Темір бұйрығы-
мен тұрғызылған алып, бойы қазіргі заманғы 10 қабат үймен тең сәулет ғимараты – әлемдегі кереметтердің бірі. Онда 35 бөлме бар.
Негізі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ескі кітаптар, жәдігерлер көп болған. Ресей және Кеңес зерттеушілерінің жазғандарына қарағанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде көне кітаптар арнайы жасалған ағаш қобдишаларда сақталған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін ескі, 1882 жылғы сызбасында ғимараттың бір бөлмесі «кітапхана» деп белгіленгені де тағы бір тарихи айғақ. Бұл бөлме Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты басқа да ескі сызбаларда осылай белгіленген. Атақты археолог Кемел Ақышев студент кезінде ленинградтық ғалым А.Бернштам экспедициясы құрамында жұмыс істеп, 1949 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болғанда екінші қабаттағы бір бөлме көне кітаптарға толы екенін көзімен көргені («одна из комнат верхнего этажа была битком забита старинными книгами, исчезнувшими впоследствии») айтылады. Орынбай Дастановтың 1967 жылғы жазған кітабында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің «кітапхана» деп аталатын бөлменің екі қабаты да түрлі діни кітаптарға иін тіресіп тұрғаны баршаға мәлім. Олардың біразы 1975 жылға дейін сақталып келгенін, сол жылы КГБ өкілі өртеп жібергенін архитектор А.Ордабаев жазады.
Қазір кесенеде болған біраз кітап Алматыдағы Ұлттық кітапханада сақтаулы тұр. Бұған қоса Түркістан қаласында жеке адамдарда көне кітаптар қоры болғаны туралы қосымша мәліметтер әдебиетте кездеседі. Мысалы, 1866 жылы саяхатшы П.Пашино Түркістан қаласында бір дін иесінің үйінде болып «оның кітапханасында парсы тіліндегі Аристу мен Афлатун (Аристотель мен Платон) кітаптары барын атап өтеді.
Түркістан тарихына қатысты әр жерден там-тұмдап жиналған жазба деректер тарихқа жаңаша қарауға септігін тигізіп отыр. Түркі елдерінің ғалымдары соңғы кезде бірлесе отырып Түркістан тарихына қатысты біраз жұмыстар атқарды. Өзбек ғалымы У.Султонов пен қазақ ғалымы Ә.Муминов Санкт-Петербор қаласындағы Шығыстану институтында Кун қорында сақтаулы тұрған құжаттар ішінен қазақ хандарының кесенесінің шырақшылары, шайхыларын тағайындағаны туралы жарлықтарының көшірмесін тапты. Кезінде Түркістандағы кесене шырақшыларының қолында түрлі құжаттар болған. Олардың біразы сақталмаған, көпшілігі жойылып, қалғаны әр мемлекетке тарап кеткен. Біз осыған дейін Сығанақ қаласының діни басшысын тағайындау туралы Тәуке ханның жарлығының болғанын білетінбіз. Ал Санкт-Петербордан табылған құжаттар ХVI ғасырдың соңына тиесілі. Біз көбіне Түркістанның тарихын Есім ханнан бастаймыз. Ал жаңадан табылған құжат Тәуекел ханның хижра бойынша 1006, яғни 1597-1598 жылы Камал ад-дина Асад-Шайха и Му’мин-Шайха деген кісілерді Ясауи кесенесінің шайқы мен мутавалли етіп тағайындағаны туралы жарлығының көшірмесі бар екен. Бұл қазір бізге белгілі болып тұрған қазақ хандарының Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қызметкер тағайындау туралы алғашқы тарихи құжат. Ал қазақ ханы Әбілғазы Сұлтан Тұрсын Мұхаммед баһадүрханның (1613-1627) һижра бойынша 1033 ж. сапар айында, ягни 1623 ж. қараша-желтоқсан айында шығарған жарлығында бір кісіні шайх ал-ислам етіп, ал екінші адамды Қожа Ахмет Ясауи мазарының мутавалли етіп тағайындауы туралы айтылады. Қазақ хандарының кеңселерінен шығып бізге аман жеткен тарихи құжаттар – хан жарлықтары тіке Ясы-Түркістан қаласына қатысты болып отыр.
Орта ғасырдағы осман тарихшысы Махмуд ал-Кафави (1582 жылы қайтыс болған) ХVI ғасырда Яссы қаласы осы Түркістан билеушілерінің астанасы болды деп көрсетеді. Бұл хабар Яссы қаласының астанаға айналғаны туралы алғашқы хабарлардың бірі. Жоғарыда айтқанымыздай Түркістан тарихын тануға атсалысып жатқан Ресей, Өзбекстан сынды мемлекеттердің шығыстану институттарында Түркістанға қатысты құжаттар болуы керек. Табылған құжаттардың бәрін, бәрін болмаса да көшірмелерін немесе бір бөлігін киелі рухани астана болған Түркістанға қайтару керек.
Қ.Ясауи кесенесін тану үшін де бізден кеткен көптеген құжатты қайтаруымыз керек. Академик В.Гордлевский Ресей империясының құрығы жеткенге дейін Түркістанда теріге жазылған диуани хикмет болған дейді. Оның қайда кеткені белгісіз. Академик О.Смағұлов АҚШ-қа барған сапарында Нью-Йорктағы музейде Қ.Яссауи кесенесінің есігін көргенін айтады. Бірақ өкінішке қарай ол кезде суретке түсіруге рұқсат бермеген дейді. Түркістан қаласындағы мешіттердің бірнеше ұстын, тіреулері Ташкент қаласына музейге әкетілгенін білеміз. Ясауи дүниелері түркі мемлекеттерінен табылуы мүмкін. Шетке кеткен рухани жәдігерлерімізді қайтаруда түркітанушы, шығыстанушы ғалымдар мен тарихшылар бірігіп жұмыс істесе, осы тұрғыда зерттеу жұмыстарын жүргізсе, керемет жаңалық болар еді.
Түркістан қаласының тарихын зерттеуде археологиялық жұмыстардың алатын орны ерекше. Қазақ «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейді. Соңғы жылдары археология саласындағы қаражат игеру мәселесіне археолог емес адамдар араласып кетті. Мысалы Түркістандағы археологиялық жұмыстарды бұрын Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты басқарып келеді. Олар археология саласындағы мамандандырылған мекеме болмаса да (басшысы да археолог емес) қазба қаражаты осыларға бөлініп келеді. Олар жан-жақтан археологтарды тарта отырып, жалдай отырып жұмыс жүргізуде. Өкінішке қарай осы жұмыста шикілік көп. Былтыр Түркістан қаласының ең ежелгі бөлігінен ежелгі ханака деп аталатын сопылық құрылыстың орны табылды деген жаңалық желдей тарады. Барып көрсем, ол байырғы ханака құрылысына мүлдем ұқсамайды.
Бұрын осы аймақтағы археологиялық ескерткіштерді қазумен машықтанбаған кісінің жаңа археологиялық нысанды танып-түсінуі қиын. Археологтар түрлі кезеңдерді зерттеумен маманданады. Оба қазатындар бар, тас дәуірі ескерткіштерін зерттейтіндер бар. Бұлардың қазу тәсілдері де, табылатын жәдігерлері де бөлек.
Біздің Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың арнайы ғылыми-зерттеу археологиялық институты қызметкерлері Түркістан аймағындағы қала қазумен, зерттеумен көп жылдар бойы айналысып келеді. Біздегі мамандар Түркістан аймағы археологиялық ескерткіштер мен қала тарихын, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зерттеп, көптеген еңбек жазып шығарған. Мен өзім Түркістан қаласынын 1500 тойына орай «Яссы – Түркістан тарихы» деген арнайы кітапша да шығарғанмын, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Абылай хан туралы монографияның бір авторымын. Біздің институт қызметкерлер арасында түрік тілін жетік меңгеріп Түркияда білімін жетілдіріп, сол жақтағы озық қазу тәсілдерін игеріп келгендер де бар. Түркістан облысы аймағындағы ескерткіштерді зерттеуге түрік ғалымдарын тартқан жағдайымыз да бар. Өкінішке қарай осындай Түркістан қаласындағы ХҚТУ-дың Археология институтына көне Түркістан ескерткіштерін қазуға тапсырыс бермей саласы бөлек, төл археолог маманы жоқ (тек сырттан археолог шақыратын) мекемеге ақша бөлінетіні қынжылтады.
Құлбек
ЕРГӨБЕК,
филология ғылымдарының
докторы, профессор:
Түркістан –
рухани Байқоңырымыз
– Әр ұлт, әр халықтың рухани бас қаласы бар. Ал Түркістан – түрік халықтарының арасын байланыстырушы рухани астана. Бүгінде оны сеніммен айта аламыз. Ал бұрын оның уақыты келмеген еді. Оның себебі біз Ясауидің сопылық поэзиясын түсінбегендіктен қабылдаған жоқпыз. 1959 жылы Бейсенбай Кенжебаев «Қ.А.Ясауиді әдебиет тарихына енгізейік» дегенде Қажым Жұмалиев «Бұл тұнып тұрған сопылық поэзия, оның айналасындағы ағымдардың бәрі сондай, ол бізге жат» деп екі қолын төбесіне қойып қарсы шыға келген. Әуезов те содан аса алмай «Соңғы кезде өзбек халқы әдебиет тарихына енгізіп жүр еді, олар да әдебиет тарихынан шығаруға ыңғайланып келе жатыр» деді. Сол кезде Б.Кенжебаев жеңілсе де, өз пікірінен қайтқан жоқ. Бірақ соңынан қайтадан шабуылдап, бәрібір Ясауиды әдебиет тарихына енгізді. Оны ғана емес, Түрік қағанатынан бері қарай әдебиет тарихын жүйелеп алып келді.
Тәуелсіздік алғаннан бері әлі де баяғы коммунистік рухпен тәрбиеленген біз Ясауидің сопылық поэзиясын, бүкіл түрік халқына тараған ілімін қабылдай алмадық. Ғұламаның мавзолейі біздің жерімізде жатқанына қарамастан ілімін санамызға сіңіре алмадық. Ясауидың орта ғасырдағы түрік халықтарын біріктіруші тұлға екенін түсінбеген жалғыз қазақ халқы ғана емес. Түрік әлеміндегі мұсылмандық дәстүрді орнықтырған ғұлама ұстаз жатқан жер Түркістанды түрік халықтарының рухани астанасы ретінде қабылдауға қырғыз, өзбек, әзірбайжан, түрік, түркімендер де дайын болмады.
Татарлар мен башқұрттар да еміс-еміс қана түсінді.
Елбасы 1991 жылдан бастап Түркістанды Ясауи рухымен сабақтастырып, Түркістан түрік халықтарының рухани орталық рөлін атқаратынын әрдайым айтып келеді. Қалаға келген әр сапарында Түркістанға не арнайы мәртебе береміз, не облыс орталығына айналдырамыз, ол үшін Түркістан ауылдық сипаттан қалалық инфрақұрылымға көшу керек, соған жеткізулерің керек дейтін.
Өзім түптің түбінде орта ғасырдың өзінде күллі түрік халқына рух болған Ясауидың сопылық іліміне қол созатын болсақ, оны түсінсек және ұлттық идеологияның құрамдас бөлігі ретінде қабылдайтын болсақ, Түркістанды түрік халықтарына ортақ рухани астанаға айналдыратынымызға менің сонау 1990 жылдардан бастап көзім жеткен. Түрік халықтарының интеграциясы туралы мәселе туындап келе жатқанын ескерсек, осы жолда жетекшілік рөл атқарғымыз келсе, біз сөз жоқ Ясауи ілімін бетке алуымыз керек. Өйткені Ясауи ілімі түрік халықтарын ұйыстыратынына көзіміз жетті және ғұламаның сопылық ілімі түрік халықтарының ынтымақ, бірлігіне апаратындықтан оның жатқан жері Түркістан түрік халықтарының рухани астанасына айналуы тиіс екенін бізге мойындатты. Сондықтан қазіргі жағдайда түрік елдері экономикалық, рухани интеграцияны осы Түркістан арқылы жүргізсе жарасады. Бұл бүгінгі міндет қана. Ал келешек міндетіміз – түрік халықтарының археологтары Ресей жерінде жатқан Алтын Орданың қалаларын, Бату сарайды, Сарайшықты бірігіп қазып, тарихымызды анықтауға, бұрынғыдан да рухани жақындастыра түсуге ықпал ету. Түрік халықтарының рухани астанасы болу деген сөз түрік халықтарының қарапайым азаматтарын түріктік ынтымақ-бірлікке, бір тамырға бастау, тарихтың тереңіне жол ашу. Түрік елдері географиялық, шекаралық тұрғыдан бір-бірінен алшақ жатса да бір кездегі түрік қағанатына бірігіп, ынтымақтасып, өзара білімімізді бір табаға құйып, ортақ дәрежеде түрік қағанатының рухани мұрагері екенімізді дәлелдеу жолында үлкен басқыш деп ойлаймын. Елбасының тарихи Жарлығы, жақында өткен түріктілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Саммитіндегі ортақ коммюнике түрік республикаларын, Ресей Федерациясындағы түрік этностарын түгелімен түріктік тамырға бастайтын алаң екенін көрсетті. Түркістан рухани Байқоңырымыз болуы үшін нақты жұмыстар атқарылуы тиіс.
Елбасы 2007 жылы Нахичеванда өткен түрік тілдес мемлекет басшылары саммитінде «Біз Түркістанда түрік халықтарына ортақ Түрік академиясын ашамыз. Оның қасында музейі, көптілді кітапханасы болады» деген болатын. Түркістаннан ашылуы тиіс Түрік академиясы ақырында елордадан ашылды. Бұл орталық Түркістаннан ашылғанда қаланың түрік халықтары арасындағы беделі арта түсер еді...
Досай КЕНЖЕТАЙ,
дінтанушы, философия ғылымдарының докторы, профессор:
Түркістан – барша түрік халқының темірқазығы
– Түркістан түркі халықтарының ұлттық, өркениеттік, діни және мәдени өркениетін қалыптастырудың негізі. Ислам өркениетінің араб, парсы және түрік әлемі тарихи-философиялық, геосаяси, діни, ғылыми танымдық бастауын Түркістаннан алады. Алғашқы тарихтағы мұсылман ренессансы да осы аймақтан бастау алған. Сондықтан арабтар, «ислам ғылымдарының бесігі» деп («Мауараннаһр», «Фараб» аймағы) осы ұлы Түркістанды айтқан.
Түркістан қаласы деген «Әзіреті Ахмет Ясауи» қаласы деген сөз. Себебі барша әулие бабамызды, тарихта «түріктің атасы», «шайхы», «ұстазы», «құт ал ақтабы», «даналардың данасы», «Ахмади Сани», «пір и Түркістан» деп таныған. Осы тіркестегі пір сөзі түсіп, Түркістан деген атау қаланың да, түріктік болмыстың да, тарихи сананың да, өркениеттік тұғырдың да орталығына айналды.
Түркістанға мемлекеттік деңгейде, саяси тұрғыдан мән беріліп, облыс орталығына айналдырып, жаһандық қысымға төтеп беретін тарихи сана тірегі ретінде үміт артылып отыр. Бұл да тарихқа баға берудің жаңа белесі, жаңа парақшасы. Кешегі Шоқайлар мен Мағжан бабаларымыз армандап кеткен тарихқа тағзымның құжатындай әсер беретіні анық. Түркістан – бүгін де кешегі барша түрік халқының ортақ тарихи санасы мен болмысының темірқазығы екенін жариялап тұр. Осы жолда бізді ұлы мақсаттар мен нәтижелі істер күтіп тұр. Бұл қазіргі жасалып жатқан игі істер жемісін ертеңгі ұрпақ көретін болашақтың іргетасы. Іргетасты Қожа Ахмет Ясауи ілімі, мәдениеті, жолы, тарихи-діни тәжірибесі туралы зерттеулер алады.