398
Адасқандар әуелі дәстүрді мансұқтап, ғұламаларды жоққа шығарады
Адасқандар әуелі дәстүрді мансұқтап, ғұламаларды жоққа шығарады
Діни жат ағымның жетегіндегі адам ұлттық сипатынан айырылады. Бұл мемлекет тұтастығына қауіп төндіреді, демографиялық ахуалды қиындатады.
БҰҰ жариялаған есеп бойынша Сирияға әлемнің әр түкпірінен 171 400 адам келген, оның 51 910-ы өлтірілген. Ал соғысқан, хабар-ошарсыз кеткендер – 119 490 адам. Сарапшылар Қазақстаннан Сирияға жалпы саны 800 адам аттанғанын айтады.
Жихадшылардың соңында жылап қалған ата-анасы, бауырлары қайғыдан қан жұтып, шарқ ұрды. Тіпті баласын іздеген кейуана мен күйеуінің соңынан соғыс аймағына аттанған әйелдер де болды.
Қазақстан – Сирияның соғыс аймағынан өз азаматтарын алып шыққан жалғыз мемлекет. Отандастарымыз қақтығыс аймағынан үш кезеңнен тұратын «Жусан» операциясы бойынша елге жеткізілді. Атап айтқанда, 2019 жылдың қаңтар айында «Жусан-1» операциясы нәтижесінде Қазақстанның 47 азаматы Сириядан оралды. 17 және 9 мамыр күндері «Жусан-2» операциясымен 231 азамат елге қайтарылды. Оның 159-ы – балалар. Ал 28-31 мамыр күндері жүргізілген «Жусан-3» операциясының шеңберінде 67 әйел мен 171 бала Отанымен қауышты. Елге оралған ересектердің біразы терроризмге қатысы бар деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жалпы Сириядан қайтарылғандардың бәрін ұзақ психологиялық, идеологиялық оқытудан өткізу мәселесі күтіп тұрды. Қазір Қазақстанда Сирия мен Ирактағы қақтығыс ошақтарынан оралған азаматтарды оңалтумен айналысатын ондаған орталық бар. Ол мекемелер Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе облыстары мен Көкшетау, Атырау, Жезқазған, Қаскелең қалаларында ашылған. Құқық қорғау қызметкерлері, теологтар, психологтар мен педагогтар қақтығыс аймағынан келгендерді қоғамға қайта бейімдейді. Жат ағымның жетегінде кеткендердің барлығының көзқарасын өзгерту мүмкін емес шығар. Алайда бір адамның жан дүниесін жаңартып, санасын жат ағымның салдарынан айықтыру – тұтас қоғамның жеңісі.
Бүгінде Дін істері комитеті заңды түрде жұмыс істейтін діни бірлестіктермен ынтымақтастықты нығайтты. Діни ғибадатханалар мен діндарлар арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Имамдардан құралған арнайы топ жат ағым өкілдерімен жеке-жеке әңгімелеседі. Мамандар интернет арқылы ағартушылықпен айналысады. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі туралы ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Қанат Алшынбаевпен аз-кем әңгімелескен едік.
Сириядан келгендердің қоғамға бейімделуіне уақыт керек
– Елімізде жат ағымның жетегінде кеткендердің нақты саны белгілі ме?
– Жат ағымның жетегінде кеткендердің санын нақты айту мүмкін емес. Олардың ішінде ислам дініне тиістісі бар, қатысты емесі де көп. Бізде жат ағым өкілдері деп тек уахабилік бағытты ұстанушылар ескеріліп жатады. Ал олардың саны 10-20 мыңнан асып жығылады.
– Теріс ағымдар мен террорлық ұйымдардың сипаты мен жұмыс істеу тәсілі қандай?
– Зерттеушілердің айтуынша кез келген ағым мен террорлық ұйымдардың негізгі сипаттарының бірі ақиқатты монополизациялау. Бұл дегеніміз, тек өздерін ақиқат жолында санап, қалғандарын адасуда, қателік жасап жүр деп есептеу. Яғни, өздерінен басқасын кәпір санап, Тозаққа кірушілер санатына жатқызады.
Ал олардың жұмысына келсек, кез келген жат ағымның жұмыс істеу тәсілі бірдей десек болады. Нақты уахабилікті алатын болсақ, кезінде, олар әуелі белді ислам ғұламаларының рөлін төмендетіп, мәзһаб ұғымын теріске шығарды. Осындай әрекет арқылы өздерінің ғалымдарының атын шығарып, соларға еруге шақырды. Әдет-ғұрыптарымызды жоққа шығарды. Діннің негіздерін білмейтін жастарға бұл қызық көрінді. Осылайша жастар соларға ерді. Олар бұл мақсатта әлеуметтік желінің күшін өздеріне тиімді пайдаланды. Барлық мессенджерлер арқылы жұмысын жүргізді. Облыс орталықтарында, үлкен қалаларда орталықтарын ашты, өзге тілден еңбектер аударылды, кітаптары таратылды. Насихат жұмыстарын осылай жүргізді.
– «Жусан» операциясы бойынша елге оралғандар туралы айтсақ. Оңалту жұмыстары қандай нәтиже беріп жатыр?
– Аталған операция аясында елге оралғандармен ҚМДБ қызметкерлері мемлекеттік құзырлы орындармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс атқарып келеді. Әйел азаматтар және балалармен жұмысты оңалту орталықтары жүргізеді. Имамдар теологтармен қатар оларға діни дәрістер жүргізіп, діни оңалту жұмыстарына атсалысуда. Оралғаннан соң темір торға қамалған азаматтармен де теологиялық жұмыс жүргізілуде. Олардың басым бөлігі бұрынғы райларынан қайтып, радикалды көзқарастарынан бас тартуда. Бірлескен жұмыстың нәтижесі бар деп нақты айта аламыз.
– Сирия мен Ирактан оралған әйелдер мен балалардың жағдайын бақылап отырасыздар ма? Олардың еліміздегі қалыпты өмірге үйренуіне қанша уақыт қажет?
– Жоғарыда айтқанымыздай, шетелден оралғандармен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. ҚМДБ өз тарапынан теологиялық көмекпен қатар, қол ұшын созып, қайырымдылық шараларын жасауда. Қайырымдылық аясында ұйымдастырылатын барлық шара, акцияларға қатыстырылып, әйелдер мен балаларға қамқорлық көрсетілуде. Кейбірінің баспаналы болуына да ұйытқы болғанымызды атап өтсек болады. Ал қалыпты өмірге үйреніп кету уақыты әрқайсысының қаншалықты радикалданып, психологиялық соққы алуына байланысты әртүрлі болады. Бұған қоса, оңалту жұмыстарының дұрыс және жүйелі ұйымдастырылуына байланысты екенін де ескеруіміз қажет.
– Елге оралған кейбір ер адамдар адасқан үстіне адасып, райынан қайтпай жатады, ал әйелдерді рухани дағдарыстан шығару оңайырақ дейді. Мұның себебі неде?
– Шынымен де, елге оралған ер адамдар ішінде бұрынғы көзқарастарынан бас тартқысы келмейтіндер азаймай отыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Ал әйелдерді рухани дағдарыстан шығарудың оңайырақ болуы олардың күйеулері сол жақта қайтыс болып, солардың ықпалынан шығуының нәтижесі деп айтсақ болады. Кей жағдайда олар күйеулеріне анық сеніммен «ермеген» болып шығады. Ал елге оралған соң тәуелділіктен шығып, имам-теологтардың, психологтардың, әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби һәм жүйелі де кешенді жұмысының арқасында әйелдер рухани дағдарыстан тезірек шығып жатады.
– Әйелдердің басым бөлігі Сирияға күйеуі шақырғандықтан кеткенін білеміз. Бұдан өзге себеппен кеткен әйелдер бар ма?
– Сирияға аттанғандардың басым бөлігі күйеуінің ықпалының нәтижесінде кеткендер. Десек те, керісінше, әйелдердің күйеулеріне ықпал ету мүмкіндіктерін де жоққа шығармаймыз. Өйткені ондай фактілер тіркелген.
– Экстремизм және терроризм баптары бойынша жазасын өтеп жатқандардың түрмедегі ықпалын шектеу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Ондай азаматтардың түзеу мекемесінде үгіт-насихат жүргізуіне қатаң тыйым салынған. Тәртіпке бағынбаған жағдайда жазаға тартылып, берілген мерзім үстіне мерзім алуы ықтимал. Басқа да жазалау түрлеріне тартылуы мүмкін. Сондықтан аталған баптар бойынша жазасын өтеп жатқандар үгіт-насихат жүргізуден бойын аулақ ұстайды.
P.S.
Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі
2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бар. Оның жалпы бюджеті –
270 миллиард 148 миллион теңге
(696,389 миллион АҚШ доллары).
ҰҚК 2013 жылдан бастап 38 террористік шабуылдың тамырына балта шапты. 380 қазақстандық күмәнді шетелдік оқу орындарынан қайтарылды.